ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

0
326

Сарқан ауданы Тополевка ауылында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жиырма бес орындық шағын орталығы бар 80 орындық мектеп бейімделген мектептің орнына салынған. Ескірген ғимараттың асханасы болмаған еді, спорт залы қажетті талаптарға сай келмейтін. Жаңа мектеп салудың арқасында бұл мәселелер шешілді. Білім ошағында химия, физика, информатика, IT-кабинет, барлығы 18 оқу кабинеті, сондай-ақ 30 орындық асхана, үлкен спорт залы бар. Кедергісіз орта қалыптастыру үшін ғимараттың кіреберісінде көтергіш қойылған, ғимарат ішінде лифт орнатылған.
Ауыл тұрғындарын, мектеп ұжымы мен оқушыларды қуанышты жаңалықпен құттықтаған аудан әкімі Ғ.Маманбаев биыл ауданда екі жаңа мектеп салынғанын атап өтті.
«Тополевка ауылындағы Теректі мектебі ашылып отыр, ал келесі аптада Бірлік ауылында мектеп ашылады. Сондай-ақ бюджеттен 7 мектепті жөндеуге 236 млн. теңге бөлінді, қазіргі кезде барлық құрылыс жұмыстары аяқталды. Биыл ауданның 2650-ден астам бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Қарғалы ауылындағы М.Тынышбаев атындағы мектеп оқушыларын тасымалдау үшін жаңа автобус бөлінді, тағы бір автобус Бақалыдағы К.Қазыбаев атындағы мектеп оқушыларына арнап берілді. Тополевкада жақын арада 300 орындық республикалық балалар лагері салынады, онда 70-тен астам жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысына қажетті жер учаскесі бөлінді» – деген Ғ. Маманбаев аудан меценаты Әбдірахымовтар отбасы жаңа мектепке сыйлық ретінде жалпы сомасы 1,5 млн. теңге болатын музыкалық жабдықтар сатып алғанын атап өтті.
Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарын «Құрылыс-ТБС» ЖШС компаниясы жүзеге асырды. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Жобаның жалпы құны шамамен 1,4 млрд. теңге. Әзірге жаңа мектепте 62 бала оқиды, 15 бала мектепке дейінгі шағын орталыққа барады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ