ЕЛДЕ БОЛСА ЕРІНГЕ ТИЕДІ…

0
378

Диқан қауымы ерте көктемді танапқа тырма салғанда «Ия, Алла көктен жаудырып, жерден өндіріп бере көр» деп жаратқанға жалбарынып дәнді-дақылдарын еккен-ді. Себебі ала жаздай аптап ыстыққа күйіп жер тырмалағандар, тәлімді жерден мол егін алуы үшін Алланың нұрын күтеді. Жаңбыр көп жауса тәлімді жердің де өнімі мол болады.

Ал, суармалы алқаптарға күндері қараған шаруалар судың кезегін күтіп, әуре-сарсаңға түседі. Жылдан-жылға су мәселесі күрделеніп, шаруалар үшін түйіні тарқатылмас тауқыметке айналғалы қашан. Жалпы ауыз сумен егістік көлеміне тартылатын су мәселесі әлемдік аренаға шығып, жылдан-жылға құрғақшылық жайлап келе жатқаны жайлы ғалымдар дабыл қағуда. Су көздерін тиімді пайдалану күн тәртібінен түспей келеді. Халықтың азық-түлік қорының барлығы осы суға келіп тіреледі. Су мен жаңбыр болса егін де бітік, мал да қоңды болмақ. Оңтүстік өңірлер шілде айының соңы мен тамыз айының басында егінге орақ салған-ды. Көктем жаңбырлы болғанымен маусымның аяғы шілде мен тамызда аптап ыстықтан кенезесі кепкен жер ана нәрсіз қалды. Ал, танаптарға егілген егін де бой көтермей, алқаптар мен шабындықтар сарғайып кетті. Бидайға шалғы салған шаруалар қазір әрі-сәрі күйге түсіп, жиналған өнімдерін қамбаларына бастыруда. Жетісу өңіріндегі ауылшаруашылық мамандарының айтуынша биыл да өткен жылдағы көрсеткіштен кем өнім алмаймыз деп жоспарлауда.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, ауылшаруашылық мамандарына ауыздарыңа май демекпіз. Ал, жауырды жаба тоқып жоғарыға жалған мәлімет жүгіртіп, халықты азық-түліктен тарықтырып алсақ, «қуырдақтың көкесі» сонда болмасын деңіз. Себебі жылдан-жылға азық-түлік бағасы көтеріліп келеді. Дәнді-дақылдар егу мен ору кезінде жанармай бағасы көтеріліп кететін көктемде бұл үлкен дау-дамай болған-ды. Қазірге егін орағы у-шусыз өтуде. Алайда, қымбатшылық мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Базардағы баға да күн сайын құбылып тұр. Мың жерден бақылау қойсақта бағаны шеттеп ұстау қисынға келмейтініне халықтың да көзі әбден жеткен. Бұл нарықтық экономиканың қағидасы. Бірде аспандап, бірде тұрақтап қалатын бағаға, әсіресе, халық күнделікті қолданатын азық-түлікке және коммуналдық төлемдерге алаңдайды. Мал шаруашылығымен айналысатын біраз шаруалар мал азығының тапшылығын қыста сезеді. «Қазірдің өзінде қажетті мал азығын дайындап алуға мүмкіндігіміз болмай тұр. Шөптің шығымы биыл өте төмен, сондықтан қолдағы малды сатып, шағын ғана ұстамасақ, қыста қырып аламыз» дейді олар. Биыл жайлаудың да берекесі болмады. Енді күзекке малдарын түсіріп жатқан шаруалар егістік алқаптары босаса малдарын солай қарай өргізбек. Қош сонымен, шаруаның бірі диқан қауымы қазір егін орағының басында жүр. Бүгінгі таңға дейін Жетісу өңірінде дәнді дақылдардың 173,3 мың гектары немесе 53,4% орылған. Сондай-ақ 301,7 мың тонна астық бастырылып, соның ішінде 155,8 мың тонна бидай, 145,0 мың тонна арпа, 907 тонна сұлы қамбаға бастырылған. Орылған дәнді-дақылдардың ор-таша өнімділігі гектарына 17,4 центнерді құрайтынын айтады ауыл шаруашылығының мамандары. Күздік бидайға орақ салған Алакөл ауданының диқандары енді арпа егістігіне шалғы түсіргендерін айтуда. Бұл аудандағы егістіктің ауқымы 46 мың гектарға тең. Қазірдің өзінде 20 мың гектардан астам аумақтың дәнді-дақылдары орып алынған. Биыл өңір диқандары егістіктің әр гектарынан 19 центнерден астық алуда. Атап айтқанда, 6 мың 500 гектарға күздік бидайдың «Одесса 241», «Алексеич» және «Булава» сорттары, 6 мың 200 гектарға арпаның «Арна» тұқымы, 5 мың 800 гектарға жаздық бидайдың «Грани» және «Ульбинка» сорттары өсірілген. Диқандардың арасында астық жинау науқанын «Беков», «Байғұжанов», «Майқынов» шаруа қожалықтары, «Жазылбеков и К» коммандиттік серіктестігі, «Тау – Самал» ЖШС қарқынды жүргізуде. Ал астық ору жарысына «Тоқжайлау» өндірістік ауылшаруашылық кооперативі қатысып, қамбаға құйылған арпаны Текелідегі ашытқы зауытына жібермек. Сондай-ақ, мал азығын дайындауда қатар жүргізіліп келеді. «Қыстың қамын жаз ойлаған алакөлдіктер қазірдің өзінде 167,1 мың тонна жем-шөп дайындап, барлық шаруа қожалығы жұдырықтай жұмылып, сүрлем дайындау жұмысын жеделдетіп, 14200 тонна сүрлем бастырып алғандарын мәлімдеді. Қазіргі таңда шабындықтарда шөп шабатын 32 бригада күн-түн демей қызу еңбек майданын қыздыруда. Олардың қарамағында шөп шапқыш, тырма, тайлаушы, тіркемелі трактор секілді 425 дана техника бар. Жетісу өңіріндегі екі ірі аудан бар. Оның бірі Алакөл болса, екіншісі Ұлы Жібек жолының бойындағы Панфилов ауданы. Жазиралы Жаркент өңірінде де агроөнеркәсіп кешені соңғы жылдары бірізге түсіп, өзге аудандармен іс-тәжірбиелерімен бөлісуде. Аудан шаруаларының негізгі тіршілік көзі — дала аруы жүгері. Кешегі кеңестік кезеңде он бес одаққа аты шыққан ірі-ірі колхоздар бүгінде майдаланып, ұсақ шаруаларға бөлінген. Арасында іріленіп жатқандар да бар. Кеңестік кезеңде жүгеріден тау тұрғызған аудан шаруалары кейінгі жылдары қайта қарқын ала бастады. Алайда, мұнда да су мәселесі және өндірген өнімді өткізу мәселесі түйінді күйде қалып келеді. Жүгері өнімдерін алушылар мен саудаласқан шаруалардың бірі тиімді бағаға өткізсе, енді біреулері қоймаларда сақтап, көктемде сатуға икемделіп алған. Жаркенттіктер алдыңғы жылы 155 мың тоннадан астам дән жинаған болса, былтыр бұл көрсеткіш тағы 10 мың тоннаға ұлғайған. Жылдан-жылға егістік көлемін арттырып отырған аудан еңбеккерлері бабын тапқан жүгеріден мол өнім алуға күш салуда. Жеріне шыбық қадасаң шынарға айналған Жетісудың бір бүйрегі Жаркент шаруалары тек қана жүгері емес, дәнді-дақылдардың барлық түрін өсірумен және көкөніс өндірумен де айналысады. Түрлі жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдарынан мол өнім алып отырған жаркенттіктер аудан бойынша 44368 жер игеріп, оған дәнді дақылдар мен жүгері өсіруде. Бұдан басқа 36 гектарға майлы дақылдар, 15146 гектардан астам алқапқа мал азығына арналған көпжылдық шөптер, 3 гектар қант қызылшасының тұқымы, 1620 гектарға бақша, картоп, көкөніс тұқымдары егіліп, бапталуда. Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданымен шектесіп жатқан Айдарлы ауылдық округіндегі «Жаркент-Фрукт» ЖШС 1110 гектар алқап ауыл және аудан халқына үлкен жұмыс күшін беруде. Бұл алма бақтың 1027 гектарына тамшылатып суару тәсілі қоланданылады. Суды үнемдеп пайдалану тәсілін «Көктал-Агро» ЖШС 273 гектар жүгері алқабын тамшылатып суарса, 280 гектар «дала аруын» жаңбырлатып суарып, гектар өнімділігін арттыруда. Өткен жылдан бастап «Ернар» ЖШС де егістік алқаптарына осы әдісті қолдана бастады. Диқан қауымы суарудың жаңа технологиясын қолданумен қатар күзде егінді жинап алған соң алқаптарды суарып алуға бар күштерін жұмылдырады. Күзгі судан құр қалмаған диқан көктемде таудан келетін қар суын күтпей жердің үстіңгі қабаты жылынысымен егінін егуге кірісе береді. Жүгері өнімінің бір пайдасы оның сабағы да мал азығына орылып бастырылады. Жүгері дәні күзде жиналғанда егілген алқаптарынан 28,3 мың тонна сүрлем бастырылады. Сонымен қатар 39,6 мың тонна жүгері жемі әзірленіп, жыл сайын шаруалар жаз маусымында әзірлеген жем-шөбінің 80 пайызын қысқы мал қораларының маңына тасып алуда. Қазір өңірде мал қоралары мен малшы үйлерін жөндеп, қыс маусымына дайындау жұмыстары да қолға алынған. Өңірде жалпы мал қыстайтын 470-тен астам қыстау бар. Жаркенттіктердің төл дақылына айналған жүгерінің егіс көлемі де жылдағыдан кеміген жоқ. Өңірде жалпы 26700 гектардан астам жерге өсірілген «дала аруының» шығымы биыл да жақсы екенін айтады мамандар. Өңірде 15767 мың гектардан астам жүгері алқабы бір рет суарылып, 7 мың гектардан астам алқап үшінші мәрте суарылды. Егін суару жұмыстары Үшарал, Үлкеншыған, Бірлік, Басқұншаң және Пенжім ауылдық округтерінде қарқынды жүргізілуде. Алла бұйырса қазан айынан бастап Жаркент өңірінде жүгері жинау науқаны басталады. Диқан еңбегінің нәтижесі көрінетін осынау жауапты науқанға дайындық шаралары пысықталып, қырмандар тазаланып, жиын-терінге қатысатын техникалар сақадай-сай тұр.
Жетісу облысы аграрлық сала болғандықтан сегіз аудандағы халықтың күн көрісі дала жұмыстары мен мал шаруашылығына тиесілі. Соның бірі – Ақсу ауданы. Бұл аймақта да егін алқабы пісіп-жетіліп, төкпей-шашпай жинап алу қамына кірісіп, кейбір ауылдық округтер дәнді дақылдарын қырманға түсіріп те үлгерді. Бидайларын ұшырып, тазалап, кептіріп қамбаға салып жатыр. Ауа-райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланған шаруалар жер қара, күн жылыда егіндерін бастырып, қыстың қамына кіріспек. Аудандағы «Аяла» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Абылай Қанатұлының шаруа қожалығы 2018 жылы әкесі Қанат Абдрахмановтың басшылығымен құрылған. Әу баста шаруашылықта ешқандай техника болмағандықтан техникасы барларды жалдап, егін еккен шаруа қожалығы егін алқабын жыл сайын көбейтіп, содан алған өнімнің нәтижесінде екі «КамАЗ» автокөлігі мен жер жыртатын бес трактор сатып алғандарын айтады. Оның үшеуі «МТЗ – 82», екеуі үлкен техника «МТЗ – 12», 21 тракторы. Биылға 800 гектарға егін ексе, оның 250 гектары бидай, 550 гектары арпа, 30 гектарға дәндік жүгері еккен. Ендігі міндет – егін орағы науқанын лайықты атқару. Бұл үшін барлық қажетті техника күші жұмылдырылған. Сарқан ауданынан екі комбайн көмекке келіп, екі «КамАЗ» автокөлігімен қырманға жөнелтуде. Әзірге әр гектарынан 20 центнерден өнім алса, суармалы алқаптардан 25-27 центнерден шығуы мүмкін екенін айтады шаруа қожалығының иесі Абылай Қанатұлы. Болашақта жүгері алқабын 150 гектарға, бидайды 600 гектарға, ал арпаны тағы да 550 гектарға көбейту де ойында бар.
«Нан болса, ән болады» демекші, қазір Жетісу өңірінің барлық ауданында егін орағы қарқын алған. Әрі мал азығының қыстық қоры дайындалуда. Жер тырмалап, төрт түлікпен күнелтіп отырған ауыл халқының ала жаздайғы еңбегі еселі болғанға не жетсін. Өңірдегі әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы науқанға 9,7 мың трактор, 993 комбайн жұмылдырылып, бір лицензияланған астық қабылдау пункті, жалпы сыйымдылығы 501,3 мың тонна болатын 380 астық сақтау қоймасы мен 81 механикаландырылған қырман және басқа да қажеттіліктер дайындалған. Күзгі дала жұмыстарына облысқа жалпы 7924 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, шаруашылықпен келісімшарт жасалып, жеткізу жұмыстары басталды. Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 85 шаруа қожалығына 1,7 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелер, соның ішінде, «Кең Дала» бағдарламасымен 800 млн.теңге, «АгроБизнес» бағдарламасы арқылы 900 млн.теңге берілді, делінген мәлімдемеде. Биылғы ауа-райының құбылуына қарамастан жоғары өнім алуды көздеген жетісулықтар бар өнімді ысырап жасамай, жинап алуға күш жұмылдыруда. Тәлімді алқаптар үшін жаңбырдың сирек болуы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермеді. Әйтсе де «қазан аузы жоғары», өткен жылғыдан көрсеткіш төмен болмайды деген ауыл шаруашылық мамандары енді тәтті түбір қызылша жинау науқанына жұмылуға дайын. «Балапанды күзде сана» демекші, шаруалар үшін де «бейнеттің зейнетін көретін мезгіл» осы күз айы ғой…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ