ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ БАСТАЛАДЫ

0
241

Екінші қазаннан бастап Жетісу облысында тұмауға қарсы вакцинация басталады. Бұл туралы Бейсен Құранбек» атындағы журналистер үйінде өткен брифингте Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров мәлім етті.

«Тұмауға қарсы иммундау – Денсаулық сақтау саласындағы маңызды шара. Бүгінде тұмаудың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі – вакцинация. Жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы контингентке иммундау жүргізуге қаржы бөлінеді. Биыл эпидемиялық маусымда Жетісу облысына 80 700 доза сатып алынды. Жалпы облыс бойынша халықтың 12% вакцинациямен қамту жоспарлануда. Тұмауға қарсы иммундау міндетті түрде дәрігердің тексеріп қарап, денсаулық жағдайы бағаланғаннан және екпеге рұқсат берілгеннен кейін арнайы егу кабинетінде жүргізіледі. Облыс бойынша мақсатты топтарға иммундау 2-ші қазаннан бастап жүргізіледі», – деген
Арман Серікұлы жыл сайын Жетісу облысында жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 50 мың жағдайы тіркелетінін айтты. Ал, сырқаттанушылардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар болып отыр.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев те сөз алып, иммундау үшін «Гриппол+» деп аталатын ресейлік вакцина қолданылатынын тілге тиек етті. Айтуынша, вакцинаның 77 мың дозасы облыс халқының 12 пайызын иммундаумен қамту үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 76 миллион теңгеге сатып алынды. Бұл вакцина облыста соңғы 5 жыл бойы қолданылып келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, алдағы 2023-2024 эпидемиялық маусымында А(H1N1)pdm09, А(H3N2) тұмау вирустары және В тұмау вирусы таралады. Сондықтан вакцинация бойынша ұсыныстарды орындау және аймақтағы ауру мен тұмаудың таралу қаупін азайту үшін алдын алу шараларын сақтау маңызды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ