«Күй шақыртқы»
Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Күй шақыртқы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.
Жинақты құрастырған ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Талғат Оразаев. Ол кітапқа Қожеке Назарұлының мұраларын зерттеп, қолда бар құнды күйлерінің 50-ден астамын енгізген.
Кеш шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов түрді. Сөз алған басқарма басшысы жаңа кітаптың шығуымен құттықтап, авторға шығармашылық табыс тіледі.
Мұнан соң сөз кезегін дирижер, «Құрмет орденінің» иегері Әли Демегенұлы мен ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін жалғап, «Күй шақыртқы» туындысының тұсауын кесті. Руханият қоржынын толықтырған тың туындының берер пайдасы көп болсын деген ниеттерін жеткізді. Сонымен қатар «Jetisу» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев шашылып жүрген дүниені, сыр сандыққа айналдыра білген Талғат Ілиясұлына алғыс айтып, баба рухына Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен алғысын арнады.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш аясында Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі, ҚР мәдениет қайраткері, күйші Талғат Оразаев пен шәкірттері және жеке орындаудағы әріптестері өнер көрсетті. Олар Қожеке Назарұлының «Сайрам көл», «Күй шақыртқы», «Кеңес», «Шалқайма», «Қамбархан», «Естірту», «Шешеме», «Раушан» сынды тағы да басқа таңдаулы күйлерін орындады.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»