Іздеуде жүрген 2,5 мың қылмыскер құрықталды

0
194

Қоғам тыныштығын бұзып, елдің берекесін қашыратын қанды қол қарақшыларды да ұстау оңай емес. Олардың алды түлкідей жүрген ізін құйрығымен жауып, қылмыс орындарынан жасырынғанымен қоймай,  шетел асып қашып кететіндері де бар.  

Бұл қылмыскерлердің арасында кісі қанын мойнына жүктегендер, қарақшылар,  бопсалаушы, зорлық-зомбылық көрсетуші, есірткі тасымалдаушы, мемлекеттік қызметте жүргенде бюджет ақшасын талан таражға салғандар, адам саудалағандар, маньяктар тағы басқа қылмыс жасағандар жатады. Мұндай қауіпті қылмыскерлерді дер кезінде тұзақтап, ұстау оңай болып тұрған жоқ. Қылмыс жасаудың айла-шарғысын толық меңгергендер бастарына қауіп-қатер төнетінін, күндердің күнінде жасаған қылмыстарының әшкере болатынын біледі. Сондықтан іздерін жасырып, бас бостандықтарынан айырылмаудың түрлі қам-қарекетін жасап, қараңғыда жортқан қарсақтай қашып жүреді. Облыс, үлкен қалаларда, болмаса көрші республикаларда, одан қалса шетел асып, айласын асырып жүрген қылмыскерлермен күресті құқық қорғау органдары бір сәтке де тоқтатқан емес. Мәселен, 2023 жылдың басынан бері құқық қорғау органдарының жедел уәкілдері 2,5 мың іздеуде жүрген қылмыскерді ұстаған. Оның ішінде, 34 кісі өлтіруші; 17 қарақ-шы; 84 тонаушы; 10 бопсалаушы; 11 зорлықшы; 87 есірткі қылмыскері бары айтылуда. Мәселен, өткен жылы Шымкент қаласында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2018 жылы Дубайда кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адам ұсталған. Сондай-ақ, Таразда 2022 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысының полиция департаментімен кісі өлтіруге оқталғаны үшін іздеуде жүрген екі азамат құрықталғанын ҚР ІІМ криминалдық поли-ция департаменті хабарлаған болатын. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыскерлерді іздеу тек ел аумағымен шектелмейтінін, іздестіру жұмыстары басқа мемлекеттерде  де жүзеге  асырылады дейді. Бұл ретте Интерполдың Ұлттық орталық бюросының мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар ТМД-ға қатысушы елдердің аумағында жылына екі рет «Іздестіру» операциясы жүргізіледі екен. Елде қылмыс жасап, жылыстап кеткендердің ізіне түскен полиция қызметкерлері жыл басынан бері 70 қылмыскерді ұстап, одан бөлек тағы іздеуде жүрген 36 адамды анықтаған. Олар АҚШ, Швеция, Германия, Түркия сондай-ақ, өзге де алыс-жақын елдерде бас сауғалап жүргенде тұзақталған. Мәселен, Қазақстан ІІМ жедел-іздестіру топтары шетелде жүрген 34 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен бір адамды тапқан. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жасап, іздеуде жүрген 374 қылмыскерді тұзақтаған. Қылмыскерлердің ізіне түсу, үздіксіз жұмыс жасаудың нәтижесінде жедел-іздестіру  тобы қараша айында Грузия қалаларының бірінде 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың ақпанына дейін қаржы пирамидасын құрған және басқарған күдіктіні ұстаған. Ол азаматтарға 2 млрд. теңгеден астам шығын келтірген дейді. Мәселен, өткен жылғы 20-30 қараша аралығында заңнаманы бұзу фактілерін анықтау барысында саяжайларды, құрылыс объектілерін, базарларды, шаруа қожалықтарын, жалдамалы пәтерлерді, шалғайдағы және өзге де күмәнді орындарды, үй-жайлар тексерілгенде іздеуде жүрген 219 қылмыскер ұсталған. Құқықтық тәртіп жедел-профилактикалық іс-шарасын жиі өткізудің нәтижесінде 2 657 қылмыс ізі суымай ашылған. Оның ішінде бұрын жасалған 1 019 қылмыс, 1 кісі өлтіру, 3 қарақшылық шабуыл, 21 тонау және 994 басқа да қылмыстық іс анықталғанын, — Egemen.kz. сайты жазған болатын. Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, қылмыс әлеміндегі жаңалықтарды парақтап, жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің жедел қызметтері мен оның бөліністері іздеуде жүрген 58 қылмыскерді ұстағанын — Aiqyn.kz сайты жазған. Қылмыста шекара таңдамайды. Қазақстанға жұмыс іздеп келіп, қолын қанға малып, қашып кеткен көрші Өзбекстан республикасының азаматын өз елінде тұтқындаған. Бұл қылмысты ашу үшін екі елдің құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс атқарған. Елден қашып кеткен қылмыскер 2012 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жұмыс істеп жүріп зейнеткердің үйіне заңсыз кіріп, екі адамды өлтіріп, ақшасын ұрлап кеткен. Елорда полицейлері Қостанайлық әріптестерімен бірлесіп 2020 жылы Астанадағы жобалық тұрғын үй кешенінде пәтерлерді инвестициялау және броньдау сылтауымен 144 үлескердің ақшасын иемденген ЖШС директоры мен құрылтайшысын ұстаған. «Дәнікеннен құныққан жаман» демекші, ақшаға құныққан қылмыскер тағы екі басқа ЖШС басшыларымен бірге 4 млрд. теңгені жымқырыпты. Бөтеннің мүлкіне көз аларту, баса көктеп үйіне кіру, кісі өлтіру, ақша бопсалау, мемлекет мүлкін тонау одан қалса, қылмыстық топ құрып, барымта жасауда қылмыскерлер алдарына жан салмауда. Батыс Қазақстан облысында 62 ірі қараны қолды қылған қылмыстық топ құрықталған. Жайылымда жүрген ірі қараны барымталағандар жан қинамай баюды көздесе керек. Қолға түскен күдіктілердің қорасынан жоғалған малдар табылған. Қылмысты тергеген тергеушілер ұрланған малды базардағы төмен бағамен сатып  алып жүрген мал сатушыны да құрықтаған. Алматы облысының полицейлері ауыр қылмысы үшін іздеуде жүрген шетелдік азаматты ұстаған. Өзбекстан Республикасы Наманган қаласының 54 жастағы тумасы. Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 168-бабы 4-бөлігі бойынша ауыр қылмыс, яғни алаяқтық жасаған қылмыскер Алматы облысында тұтқындалған. Елден қашып, шетелде жасырынған  халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық қылмыскерлер 2022 жылы Германияның Унтершлайсхайм қаласында құрықталған. 22 жастағы және 36 жастағы елдің азаматтары алаяқтық жасағаны үшін іздеуде болған. Өткен жылы ТМД елдерімен бірлескен іздестіру операциясының екі күнінде жылдар бойы іздеуде жүрген 289 қылмыскер құрықталған. Бұлардың арасында – 8 кісі өлтіруші, денсаулыққа ауыр зиян келтірген – 9, қарақшылық шабуыл жасаған – 3, тонауға қатысты – 5, сондай-ақ республикадан тыс жерлерде – 20, (Ресейде – 10, Қырығызстанда – 4, Өзбекстанда – 3, Арменияда – 2, Молдовада – 3, Қырғызстанда – 18, Тәжікстанда – 2, Армения, Әзербайжан, Беларус, Молдова, Түрікменстанда – 1 қылмыс жасағандар бар. Қазақстандық қылмыскерлер ТМД және шет мемлекеттерде қашып жүрсе, көрші мемлекеттердің және шетелдік қылмыскерлер Қазақстанға келіп жасырынған. Мәселен, Ақтөбе облысында 1999 жылдан бері Орынбор облысы бойынша Ресей ІІМ-де іздеуде жүрген 55 жастағы Ресей азаматы ұсталған. Ол Орынбор облысының 2 тұрғынымен бірге топтасып, бұрын жасалған мал ұрлығын жасыру мақсатында кісі өлтірген.

Алматы облысының Қарасай ауданында Өзбекстан Республикасының 34 жастағы азаматы ұсталған. Ол – Самарқанд қаласында болған қарақшылық шабуыл үшін Өзбекстан ІІО-да іздеуде болған, келтірілген залал 40 мың АҚШ долларын құраған. Қарағанды қаласында Ташкент қаласының ІІББ іздеуде жүрген 33 жастағы Өзбекстан азаматы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін ұсталған. Ол 2021 жылдың шілдесінде Тәжікстан азаматтарын табыс табуға жіберген және оларға жалақы төлемеген. Түркия Республикасының Секе қаласында 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде Іле ауданы Байсерке кентінің маңында, Алматы – Қонаев тас жолында темекі өнімдерін тасымалдаған жүк көлігінің жүргізушісін өлтірумен ұштасқан қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген Алматы облысының 40 жастағы тұрғыны ұсталған. Сондай-ақ Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының кәмелетке толмаған тұрғынын зорлағаны және өлтіргені үшін 2008 жылдың қараша айынан бастап іздеуде жүрген 42 жастағы қазақстандық Ресей Федерациясының Краснодар қаласында ұсталды. 2023 жылғы сәуірден Қостанай қаласында іздеуде жүрген 23 жастағы Қазақстан азаматын Қостанай облысы ПД іздестіру тобы армян әріптестерімен бірлесіп Армения Республикасында ұстады және жалпы салмағы 9,8 грамм болатын психотроптық затты тәркіледі. Ал Павлодар облысының ПД аса ірі мөлшерде есірткі сақтағаны үшін іздеуде жүрген 21 жастағы Павлодар облысының тұрғыны Ресейдің Томск қаласында ұсталды. Сондай-ақ, алаяқтық жасағаны үшін Жамбыл облысы ПД-да іздеуде жүрген 50 жастағы Қазақстан азаматы  Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында құрықталды. 2019 жылдың тамызында аталған азамат өзін адвокат ретінде көрсетіп, күдікті адамды жауапкершіліктен босатуға уәде беріп, үлкен ақшаны иемденген. Сондай-ақ, әйел адамды өлтіріп, 25 жыл шетелде жасырынып жүрген қылмыскер құрықталған. Қоғам тыныштығын бұзып, адамдар өміріне қауіп-қатер төндіретін қылмыскерлердің жолын кесуде полиция өкілдері аяусыз күресіп келеді. Қызметтік бабында, қанды қол қарақшылардың қолынан қаза тапқан, ерліктерімен ел жадында мәңгі қалған құқық қорғау органдары ел тыныштығын күзетуде тынымсыз еңбек етіп келеді.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ