Галереяда Қастеевтің екі-ақ эскизі бар

0
260

 Биыл қазақ өнерінің дара тұлғасы, қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің  туғанына – 120 жыл. Ол жазиралы Жаркент өңіріндегі Шежін ауылында дүниеге келген (1904-1973). Айтулы суретшінің қыл қаламынан туындаған алуан түрлі кескіндеме, график суреттер суретшінің көзі тірі кезінде-ақ жоғары бағасын алған.

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі де бірегейі Әбілхан Қастеев еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастап, Мәскеудегі көркем сурет студияcында Н. Хлудов пен И. Бродскийден сабақ алған(1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеп, мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге әкелген. Қолөнер шебері, суретшінің анасы Айғанша – кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым, ши жасауға шебер адам болған. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп жүріп, мүсін және сурет өнеріне ден қойған.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп ақиық ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, Жетісудың елі-жұрты биыл суретшінің 120 жылдық мерейлі мерекесін кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр. Бұл айтулы күнге дайындық өткен жылдан бастау алып, облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев суретшіге деген халықтың құрметін елеп-ескеріп, оның ескерткішін облыс орталығы Талдықорған қаласына орнатуды әрі Панфилов ауданындағы Әбілхан Қастеев көркемсурет галереясын күрделі жөндеуден өткізуге  41 млн. теңге қаражат бөлуді көздеген. Бұл галерея 2004 жылы суретшінің жүз жылдығына орай бір мәрте күрделі жөндеуден өткен. Одан бері арада 20 жыл өтті. Ғимараттың өзі 1885 жылы татар көпесінің үйі болған. Ғимараттың тарихы тым әріде жатқанын аңғарсақ, араға жиырма жыл салып қайта жөндеу жұмыстары жасалмақ. Себебі, ескінің аты ескі, оған аялы алақан болмаса, мың жерден жамап жасқасаң да шашау шығып тұрады. Сондықтан Әбілқан Қастеевтей нар тұлғаны тек мерейтой кездерінде ғана елеп-ескеріп қана қоймай, шебердің туған жеріндегі галереясының аясын кеңейтсе, құба-құп болар еді.

Суретшінің мерейлі мерекесі қарсаңында «Алатау» қоғамдық-саяси газеті «Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы» Панфилов аудандық филиалы меңгерушісі Берік Абылхановтан суретші атындағы галереяның мәдени қызметтік тыныс-тіршілігі жайында және болашағын айқындауға байланысты түйілген ойлы ұсыныстарын сұрап білдік. Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан шекаралық аймақтағы ауданға келушілер легі бір толастаған емес. «Қорғас» бекетінде иығы тіресіп тұрғандықтан арлы-берлі өткен саудагерлер де, туристер де Жаркент қаласына аялдамай өтпейді. Қаланың көрікті жерлерін аралап, Уәлибай мешіті (қазіргі атауы Жаркент) сәулет-көркемөнер музейі орталық базар мен іргелес орналасқан Юлдашов пен Гаппаров көшелерінің қиылысында орналасқан. Шегесіз кіл ағаштан салынған. Сондай-ақ, Ш. Уәлиханов пен Түркебаев көшесінің қиылысындағы (Православ көне шіркеуі) Еңбекші ауылына баратын жолдың бойындағы «Әулиеағаш» Әбілхан Қастеев галереясын және суретшінің туған ауылы «Шежінді» көргісі келетін жолаушылар мен туристердің жиі келетінін галерея меңгерушісі Берік  Абылханов айтуда. Биыл суретшінің 120 жылдық мерейлі мерекесіне орай Әбілхан Қастеевке арналып біраз игі шаралар жүзеге асырылмақ. Оған облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың өзі бас-көз болады.

Талдықорған қаласындағы галерея алаңына ескерткіш мүсіні қойылып, аудандағы галереяға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мерейтойы кең көлемде аталып өтпек. Қастеев Жаркенттің төл тумасы әрі кіндік қаны осы жерге тамғандықтан, туған жеріне ақпарат іздеп, галереясы бар екен деп әдейі атбасын бұратын жаһандық саяхатшылардың, отандық және шетелдік суретшілердің, өнер сүйер қауымның, түрлі теледидар түсірілімдер жасаушылардың және әлеуметтік желі иелері блогерлердің назарына ұсына қоятын ұлы тұлғамыз жайлы ақпараттардың мардымсыздығына көңіліміз құлазиды. Галерея суретшінің есімімен аталғанымен, мұнда тек қана қылқалам шеберінің екі ғана эскизі бар. Қалғаны жергілікті суретшілердің жұмыстары мен туындылары. Несін жасырамыз келушілердің көңілдері толмай қынжылатыны жиі орын алып тұрады. Қолда бар ұсақ-түйек картиналармен олқылықтың орнын толтырғандай, жамап жасқап келе жатқанымыз өтірік емес. Осы тұрғыда Алматы қаласындағы мемлекеттік «Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі» мен Жетісу облыстық «Көркемөнер галереясы» сияқты жоғары дәрежелі маңызды мекемелер тұрғанда біздің қор жиынтығымыз шамалы шағын мекемені галерея деп атау үй ішінен үй тіккендей әсер қалдырады. Осы келеңсіздіктің орнын толтырып, галерея жұмысын барынша жандандыру алдағы уақыт үлесінде.

«Суретшінің 120 жылдығына орай  «Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы» Панфилов аудандық филиалының атауын өзгертіп, «Ә.Қастеев атындағы өнер шаңырағы» немесе «Ә.Қастеев шапағаты» атты керуен сарайы сияқты жалпылама атаумен аталатын өнер орталығына айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді галерея меңгерушісі Берік Абылханов.

Түбегейлі өзгеріс жасап, жоғары талғамды заман талаптарын енгізу арқылы жетістіктерге қол жеткізуге болатыны жайлы облыс пен жергілікті басшы қауымға айтып та, жазып та келеміз. Мәселен, жоғарыда айтылған менің 30 жыл бұрын көре жүріп, араласқан кәсіби тәжірибемде орын алған Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі (Жамбыл, Шымкент, Атырау облыстары) бұқара халықтың тарихи құндылықтарға деген көзқарасы мен өз қаражаттарына жасаймыз деген ынталары бір бөлек, өзге өңірлерге үлгі боларлық тәжірбиелері бар. Қазіргі таңда аталған өңір өзінің жеке азаматтарының ықпалымен-ақ тарыдай шашылған тарихи деректерін жинап, түгелдеп, етек жеңін жинап алған.  «Ұлы Жібек Жолы» керуен жолында жатып, талай оқиғаларға куә болған Жаркент шаһарымызбен осы топырақта туып өскен тұлғаларымызды ұлықтауға қатысты көзге көрінер, қолға ұстар тіршілігіміздің мардымсыздығын жою мақсатында ойға қайта-қайта оралатын үлкен мәселе. Орта Азиялық мемлекеттері ішіндегі Өзбекстандық Самарқант, Хива, Хорезм сияқты тарихи қалалардың жаһандық саяхатшылар назарына көрсетіп жатқан сан түрлі кісі қызығарлық іс-шараларына сүйене отырып, Жаркент қаласы аумағынан үлкен, заманауи өнер орталығының  құрылысын көтерсек деген ойдың ортаға салынғанына біраз жыл өтті.  Осы жобаға сай қысы-жазы бірдей жұмыс жасайтын өте көлемді куполды шаңырақ астында жасыл желекті уазистік микроклиматты ұйымдастырып, дәл ортаға қазақтың он сегіз қанатты киіз туырлықты ағаш үйін қойып, барынша ұлттық нақыш пен салт дәстүрге сай әспеттесек және жан-жағын айналдыра халқымыздың тыныс-тіршілігін айшықтайтын дәстүрлі төрт түлік пірлері Шопан ата, Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара деп аталатын  кіші сәулеттік мүсіндерін атамекендік бағзы заман куәгерлері балбал тас макеттерін жасап қою арқылы безендірсек және сол орта аясында жас жеткіншектерге қолөнер мен көркемсурет құпияларына жол ашатын әсерлі сабақ берген болар еді. Осылай әсерленген куполды шаңырақты айналдыра орналасқан аркалық дәліз желісінде қол-өнер шеберлері зергерлердің, темір соғып, ағаш шапқан ұсталардың, тоқыма тоқып, ши өріп, ою ойған ісмерлердің көрмелерін жайқалтып жайып, сатылымға ұсынуға және түрлі шеберлік сабақтар өткізуге жағдай жасалса, бұл да Әбілхан Қастеев алдындағы ұрпақ борышының өтелгені болар еді. Дәліз бойы жайылған көрмелермен қатар, тысқары орналасқан шеберханалар да шалғайдан келіп, күндіз-түні қона жатып тіршілік жасайтын шеберлерге жатар орын мен қоймалары пайда болады және қосымша табыс көздері анықталып, өнердің сан қырлы салаларына қан жүгіріп, жайқалары айдан анық.

Мінеки, бұл айтылған жобалық ойларды ойдағыдай толықтырып іске асырсақ, әлем жұртына танымал болған Әбілхан Қастеевтей тұлғамыздың өз жұртына беретін шапағаты болар еді. Аталған бағыттарды қолға алумен бірге, Қазақстан суретшілерінің меккесі атанған жазиралы Жаркент өңірінде қазақ халқының тұңғыш кәсіби қылқалам шеберін ұдайы ұлықтауға бағытталған жаҺандық және отандық кәсіпқой суретшілердің қатысуымен дәстүрлі ұйымдастырылатын пленэрге және Шежін ауылында жоспарланған отандық әрі шетелдік саяхатшыларға жан-жақты қызмет көрсететін ұлттық үлгідегі киіз үйлі қонақжайлар, қымызхана, асханалармен қамтылған маусымдық лагерлер жасалса, оған бас-көз болар едік.

«Жоғарыдағы жан-жақты талқылап, айтылған ұсыныс жобаны жаҺандық өзгерістерге сай жүргізу және басқару үшін «Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы» Панфилов аудандық филиалы негіздерін қайта түлетіп, түрлендіріп, дербес қаржыландырып, өз алдына жеке (МКК) мемлекеттік коммуналық кәсіпорын жасап пайдалану керек деп есептейміз» — деді галерея меңгерушісі.

Бұл мәселе бүгін қозғалып отырған жоқ. Бұған дейін де суретшінің жүз жылдығында басталып, өзекті мәселеге арқау болған-ды. Шежін ауылында Қастеевке арналып саябақ ашылып, ағаштар отығызып, тас мүсіндер қойылған. Алайда, ол сабақтың аты бар да, заты жоқ, бүгінде қурап, қараусыз қалғанын айтқан меңгерушінің назына құлақ түріп, Панфилов ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Қанат Досмайыловқа қоңырау шалдық. Әкім орынбасары Шежіндегі саябақтың мән-жайын былай түсіндірді.

Саябақты ашқан кезде оның мәніне терең үңілмеген. Су жүйесі тартылмаған. «100 жылдығына» орай ұранымен аша салған. Ол ешбір мекеменің балансына беріл-меген, күтімге алынбаған. Сондықтан бұл мәселені біз қазір қайта қарастырып жатырмыз. Шежіннің көрнекті жерінен лайықты жер телімін бөліп, саябақты қалпына келтіріп, су жүйесімен жабдықтап,  суретшінің 125 жылдығына орай қолданысқа берсек деген жоспарымыз бар. Ал мына саябақты қалыпқа келтіруге қаржы сұрамадық. Себебі саябақ қолайсыз жерде, – деді.

2015 жылдан бері Әбілхан Қастеев  көркемсурет галереясының меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Берік       Абылханов бұрынғы Алматы облысының әкімдігі мен жергілікті билікке толассыз жазған хаттары мен ұсыныстары елеусіз қалып қойғанына қынжылады. Айтса айтқандай-ақ, өзге өңірлердегі ашық  далада  кең көлемде мұражай салынса, ол заманауи үлгіде болса, әрі Әбілхан Қастеев есімімен аталса, бұл әруақ алдындағы ұрпақ парызының өтелгені болар еді. Ауданда  Алтынсарин  мектебімен іргелес шолақ көше Әбілхан Қастеев есімімен аталады. Бұл жөнінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев ардагерлермен бас қосуында Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеев суретшінің есімін ұлықтауда Жаркенттегі «Жібек жолы» даңғылын Әбілхан Қастеевке берілсе деген өтініш тілегін айтқан-ды. Бұл мәселе шешімін табар, алайда  көркемсурет галереясында Әбілхан Қастеевтің бар жоғы екі ғана эскизі тұруы, есім сойы Әбілхан Қастеевтің атымен аталған соң, неге суретші қолынан шыққан туындылармен толықпағаны көңілге қаяу салады. Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Ә. Қастеев көркемсурет галереясы меңгерушісі Берік Абылқанов, аудан әкімі Марат Сағымбековпен бірлесе отырып галереяға қатысты экспонаттар төңірегінде толық мағлұмат алар деген үміттеміз. Ал, галерея меңгерушісінің ұсыныстарын болашақ еншісіне қалдырып, суретшінің 125 жылдығына орай инвестициялық жоба арқылы жүзеге асып жатса, құба-құп.

                                                                        Айтақын МҰХАМАДИ

 

 


ПІКІР ЖАЗУ