«Қазақтың тойы бітпесін» қойылымы хақында…

0
374

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры тағы бір премьерамен толықты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, драматург Жәнібек Әлікеннің шығармасы бойынша қойылған пьеса да өзгешелігімен көптің көңілінен шықты.

Премьера алдында театр директоры Ерлік Жуасбек, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Данияр Базарқұлов, драматург Әлікен Жәнібек, қоюшы-суретші Александра Рычкова, жарықтандыру бойынша суретші Арсений Макаровтардың қаты-суымен баспасөз мәслихаты өтіп, қойылым туралы тұшымды ойлар ортаға салынды.
Спектакльдің қоюшы режиссері Данияр Базарқұловтың айтуынша, драматург Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» қойылымының атауы қазақтың тойы бітпесін дегенді алға тартып «Қазақтың тойы бітпесін» деп өзгертілген.
«Бұл спектакль оқиғалар туралы емес, қазіргі күндегі адамдардың басынан өткен проблеманы, отбасылық мәселелерді тілге тиек етеді. Яғни, рухани құндылық туралы, қазақ қызының шетелдікке тұрмысқа шығуы сөз болады. Мұндай жағдайда біз қызымыздан қол үзіп қана емес, тұтас ұлттан айрыламыз. Драмада осы жайт айтылады. Сондай-ақ мұнда ұлы қазақ даласындағы қандас бауырлардың да жайы қозғалады. Қойылымда біз – еліміз, жеріміз, жалпы әлем игілігі үшін еңбек ету керектігіне шақырамыз. Мұның мағыналық идеясы – қазақ рухын ояту, бірлікке шақыру болып табылады», – дейді режиссер.

Бұдан соң сөз тізгінін жалғаған драматург Жәнібек Әлікен ойын былайша өрбітті.
«Драматург деген көп қыз өсіріп отырған әке секілді ғой. Қандай жар таңдайды, оң жақта отырып қала ма деп алаңдайсың. Ал жақсы режиссерін тапқан пьесаң – күйеуде жолы болған әйел сықылды ғой. Сол қырынан алғанда Құдайға шүкіршілік етемін. Себебі менің «қыздарым» жақсы орынға, текті жерге барды деп санаймын. Данияр Базарқұловты бұрыннан жақсы білемін. Оның жасаған барлық жұмысымен де етене таныспын. Сондықтан, сөзімде «текті орынға келді» деп айтқанымдай, пьесаны көрмесем де ішімде сондай бір сезім болып отыр. «Күйеу бала» деп жазған шығармамның атауы «Қазақтың тойы бітпесін» деп өзгеруі де өзіме қызық болып тұр. Осы қызықты дүниені өздеріңізбен бірге тамашалау да мен үшін үлкен бақыт деп есептеймін».

Қоғамда орын алған аралас неке тақырыбын негіз еткен қойылымда ауылдағы ағайынның бұл мәселедегі қарсылығы сөз болады. Сонымен қатар автор жас ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ауылдың азып-тозуы, шетелден қоныс аударған қандастар тағдыры, экономикалық мәселелер сынды өзекті тақырыптарды қозғайды.

Шынында да қазақ халқы ежелден-ақ тектілікті, қан тазалығын тәрбиенің негізі деп білді. Алайда өзге ұлттың жігітінен қолдау мен махаббат іздеген қазақ қыздарының шетелдіктердің пайдасына таңдау жасауы, олармен некеге тұрып, басқа мәдениетке ыдырап кетуі – бүгінгі қоғамның шынайы келбетінің көрінісі болып отыр…

Премьера барлық көрерменге терең ой, эмоционалды әсер қалдырды. Әсіресе, қойылымдағы жарқын, ерекше клоундық костюмдердегі әртістердің ойыны спектакльді көрігін одан әрі қыздыра түскендей. Мұнан өзге сахналық безендіру, қоюшы-суретші А.Рычкованың, сондай-ақ жарықтандырушы-суретші А.Макаровтың жұмыстары драманың идеясы мен мәнін толық жеткізетіндей әдемі көрініс тапты.

Жақсы қойылымдар ұсынып келетін театр ұжымына респект!

Іңкәр НҮСІП,
М. Арын атындағы №24 мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы.


ПІКІР ЖАЗУ