МҰҒАЛІМ ҚҰҚЫҒЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

0
805

Бүгінгі қоғамда мұғалімнің беделі қалмай барады. Кешегі кеңестік кезеңде мектеп түгілі көшеде мұғалімді көріп қалсақ, алты шақырымнан айналып қашатын едік. Тентектік жасасақ, жазалап та жіберетін. Ешбір бала — мұғалім ұрды деп ата-анасына арызданып бармайтын.

Тәуелсіздіктің дәуірінде мұғалімдердің қабағынан мұң арылмады. Оқушы мұғалімнен емес, мұғалім оқушыдан, ата-анадан қорқатын болды. Мұғалім де мектеп оқушысын ұрайын деп ұрмайтын шығар. Қылығы шеңберден шығып кеткен соң, арсылдап бетіне шауып тұрған соң қол жұмсайтын шығар. Оқушымен мұғалім арасы неге алшақтап кетті? Қит етсе ата-аналар неге баламды жазалады деп мұғалімді сотқа сүйрелеп, жұмыстан шығарып, қудалап жатады?
Бүгінгі қоғамның балалары әлжуаз ба әлде қолдағы телефонның интернет әлеміндегі кереғар көріністердің тәрбиесі ме, оқушы мен мұғалімдердің ара-қатынасы алшақтап кетті. Бар жауапкершілік мұғалімдерге жүктелген. Жүйкесіне ауыр салмақ түскен мұғалімдер оқушыға бір, ата-анаға бір жалтақтайды. Бар жауапкершілікті мұғалімдерге жүктеп қойдық. Мектеп түлегі зорлық-зомбылық көрсе де, аяғы ауыр болып қалса да, екі топқа бөлініп, төбелес шықса да мектептегі мұғалім жауапты болып шығады. Мектептен бұрын отбасында бала тәрбиесіне ата-ана тікелей жауапты екенін біледі. Бірақ, мектеп ауласында емес, сабақтан тыс кезеңдерде болған оқиғаларға мұғалім жауапты, неге? Біз мұғалімдерді «судан таза, сүттен ақ» деп арашалап тұрғанымыз жоқ. Бұлардың арасында да өз ісінің кәсіби маманы көп, сауатсыз жалған дипломмен сабақ берген, бұрын абақты көрген, оқушыға қол жүгірткен, мектеп ұжымы болып екіге жарылып, директормен соттасып жүрген педагогтар жайлы айтып тауыса алмайсың. Ал, енді әлеуметтік желіні ақтарып қалсаңыз, мұғалім мен мектеп директоры, оның орынбасары жазаланды, жұмыстан шағарылды деген ақпараттан басыңыз айналып, көз алдымыз тұманданды. Аңызбен ақиқатқа айналған мұғалімдер жайлы ақпараттарды сүзіп шықтық. Өткен жылы Ақмола облысында оқушыны ұрған мұғалім жұмыстан шығарылыпты. Бұл Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында өткен жылы болған оқиға. Оқушыға қол көтерген мұғалім жұмыстан қуылып, мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облыстық білім басқармасына сілтеме жасап. И.Құтпанұлы атындағы мектепте болған оқиғаның видеосы тараған. Мұғалімнің балаға не үшін қол көтергені ашық айтылмайды. Кеңесте мәселесі майшаммен қаралған тарих пәнінің мұғалімі теріс қылығы үшін жұмыстан қуылған. Ойланып қарасақ, таяқ жеген баланың еш жазығы жоқ сияқты. Шынымен солай ма, әлде тақта алдында тұрған оқушы мұғалімге қарсы қатты сөз айтса ол жағы бізге беймәлім. Мұғалім баланы неге бекерден бекер ұрады деген сұрақ туындайды. Ұстаздың үстінен ПД баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтеді. Экс мұғалім жауапқа тартылды ма, жоқ айыппұл арқалады ма, бас бостандығынан айырылды ма, ол жағы айтылмайды. Егер оқушының еш кінәсі жоқ болса, жұдырығына сенген мұғалімнің өз обалы өзіне. Тағы осы, Ақмола облысы Целиноград ауданының Жаңаесіл ауылында жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары темекі шеккен оқушымен дөрекі сөйлесіп, қол көтергені үшін жұмыстан шығарылған. Мұнда да жәбірленуші тараптың айғақты фактісі рөл ойнап тұр. Stan.kz-тің жазуынша, мұғалімнің мектеп оқушысымен дөрекі сөйлескен бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған. Желі қолданушылары мұғалімнің әрекетін сынға алыпты. Осы оқиғадан кейін облыстық білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізген. Белгілі болғандай, екінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 7, 9, 10-сынып оқушылары спортзалға волейбол ойнауға барған. Алайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 7-сынып оқушысының темекі шегіп тұрғанын көріп, бірден мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын шақырған, ол оқушымен әңгімелескен. Оқушы спортзалда темекі шеккенін мойындаған. Оқушының бұл жауабы мектеп директоры орынбасарының ашуына тиіп, ол эмоцияға ерік беріпті. Осы оқиғадан кейін білім бөлімінің жұмыс тобы балалармен, ата-аналармен және мектептің педагогикалық ұжымымен әңгімелеседі. Тіпті, кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі педагогке қарсы шағымынан бас тарту туралы өтініш жазады. Алайда, педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында Еңбек кодексінің 52-бабы 14-тармағына сәйкес, жұмыстан шығару туралы шешім қабылданған. Бір қарасаң мұғалімге обал, олда ет пен сүйектен жаралған «неге мектеп ішінде шылым шегесің» деп жазалаған шығар. Бұл жерде кәмелетке толмаған баланың да кінәсі бар, ата-анасы да баласына мектепте шылым шегу ешбір этикаға жатпайтынын, білім ошағын сыйламау әдепсіздік екенін баласына айтса, «ол сені жаман адам болсын демеген шығар» деп, шағым жазбаса педагог жұмыстан қуылмас еді. Қазіргі жастар да, жасамыстар да құдайдан емес, бейнежазбаға түсіріп ала қоятын, оны әлеуметтік желіге жариялап жіберетіндерден қорқатын болды. Бұл жерде баланың құқығы қорғалғаны мен мұғалімнің эмоцияға берілгені үшін ауыр жаза арқалап, мектеп ортасынан аластатылуы аянышты әрине. Мұндай оқиға Батыс Қазақстан облысында да болған. Орал қаласындағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 6 сынып оқушысын ұрғаны жөнінде хабарлама түскенін «Azattyq Ruhy» хабарлайды. Бұл да өткен жылғы оқиға. Ішкі істер бөлімінен хабарлама түсе салысымен, жедел-тергеу тобы Орал қаласының полиция басқармасының басшылығы, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары барып, оқиғаның мән-жайын анықтап, сот-медициналық сараптама тағайындаған. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 140-бабымен кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамау фактісі негізінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, – деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі. «Талай жындыны көріп едім, әкесін арбаға байлап қойып сабағанды кім көрген» демекші, Павлодарда мұғалім оқушыны белдікпен сабаған деген бейнежазба интернетті жарды. Мұғалімнің колледж студентін аяусыз ұрып-соққаны көрсетілген видеоны Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап салды. Белдікпен соққанына қарағанда колледж студенті шектен шығып кеткен шығар. Әйтпесе, мұғалім белдікпен соғардай эмоцияға бармайды. Қалай болғанда да мұғалімді ақтап алғың келеді. Алайда, баланың құқығы қорғалып, мұғалімнің әрекеті теріске шығып, жаза арқалайды, жұмыстан қуылады. Мұғалімді сол деңгейге жеткізген түлектің ата-анасына баласына неге шара қолданбайды деген ой санаға салмақ салады. Тіпті колледж бастығы ата-ана мен студенттен кешірім сұрапты. Сонда білім басқармасы өздерінің беделін қорғап, мұғалімді құрбандыққа шалып тұр. Әйтпесе, оның бұған дейінгі атқарған жұмыстары мінез-құлқы сараланып, ұстаздық өтілі неге ескерілмейді? Бұл жаза арқалаған барлық мұғалімге қатысты. Белдікпен соғуда шектен шыққандық, мұғалімді ақтап тұрғанымыз жоқ. Бұл нені көрсетеді. Идеологиялық тәлім-тәрбиенің тасада қалғанын көрсетеді. Отбасындағы тағлымның ақсауы, кішінің үлкенге деген құрметінің құлдырауы, бала тәрбиесіндегі ахуалдың ақсауы білім ошағында көрініп тұр. Бәрімізде бала тәрбиелеп отырмыз, күніне баламызға «жаман әдепке барма, жинақы жүр, үлкеннің бетінен алма, ұстазыңа құрметпен қара, мектеп – сенің екінші үйің» деп баланың құлағына құйып отыратын ата-ана қайда? Қит етсе мұғалімді кінәлап құзырлы органдарға шабады, шу шығарады. Мұғалімдер жайлы ақпаратты сүзіп отырып, ұстаздардың да жүйкесі жұқарып, сіркесі су көтермейтін жағдайға жеткенін аңғарасың. Мақаланы дайындау барысында бірнеше мұғаліммен сөйлестім. Сұқбат беруден ат тондарын ала қашады. Аты-жөндеріңді атамаймыз, қызмет жасап жүрген мектебің де көрсетілмейді деп өтініш айтып ем екі мектептің мұғалімі өз пікірін айтты.
БАЛАУСА, әдебиет пәнінің мұғалімі: «Негізі бала тәрбиесі отбасынан беріледі. Үйде ата-ана мұғалімді сыйла, ол саған білім береді, көңіл-көкжиегіңді ашады деудің орнына, мұғалімді қоса жамандап отырады. Соны көрген бала қайтеді мектепке келгеннен кейін ата-анасынан естігенін істейді. Өзіміз де бала болдық. Мұғалім ұрсып жатса да бір бала үйіне айтып бармайтын. Көшеде мұғалімді көрсек қорқатынбыз. Бүгінгі қоғамда мұғалімнің мәртебесі, беделі біртіндеп жойылып барады. Бұл мүмкін мұғалімге де байланысты шығар. Неше түрлі мұғалімдер бар. Қалай болса солай сөйлей салатын, өз беделін өзі жоятындар бұл жалпы мұғалімдерге шашылған топырақ емес. Мұғалім көбіне өзінің сабағын беруге тырысады. Сабақ үстінде тәртіп бұзған оқушыға ескерту жасауы мүмкін. Қазір балаға дауыс көтеріп сөйлеуден қорқамыз. Бір жағы ұялы телефон да кері әсерін тигізуде. Не болса соны көрсетеді. Бала мектепте сыныпта болып жатқан оқиғаны түсіріп үйіне айтып барады. Бұл бірінен-біріне тарайды. Бұрындары мектепте ақша жинау болды. Мектеп ақша жинамаса да бала ақша жинап жатыр деп өзіне керектісін алуы мүмкін. Қазір мектепте ешқандай ақша жиналмайды. Оқушыдан да, ата-анадан да. Бұл бір кездердегі болған оқиға, мұғалімнің беделін түсірді. Мәселен, бала түймедейді түйедей етіп айтып барса, ата-ана мектепке тұра шабады. Менің балама мұғалім «үй депті, бүй депті» дейді. Бұл жерде мұғалімді жығып береді. Кей балалардың өрескел бұзықтығына, мұғалім дауыс көтерсе, ұрса, мұғалімге ескерту жасалады. Неге бұл жерде ата-анасына айыппұл салынбайды. Салынады деп айтады, бірақ, ешқашан айыппұл арқалапты деген ата-ананы естіген жоқпыз. Мұғалім сөгіс алады, не болмаса жұмыстан қуылады. Бұған бір тосқауыл болуы керек. Мұғалімнің мәртебесі туралы заң бар. «Алты алаш түгел жыйылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев бекер айтпаған шығар», – дейді.
ҚАСЕН: «Бүгінгі қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін аяққа таптап отырған қысым жасау ата-аналар тарапынан болады. Бұл ата-аналар тәуелсіздіктің ата-аналары. Себебі кеңес үкіметінің ұшқынын көрген ата-аналар түсіністікпен қарайды. Жиырма жылдың көлеміндегі ата-аналар неге мұғалім үйтпейді, бүйтпейді деп талап қояды. Олар бәрін мұғалімге жүктегісі келеді. Мұғалімдерді айыптайды, баласына ескерту не болмаса қатты ұрысқаны үшін жұмыстан босатуға дейін талап қояды. Бір ғана мұғалім жазаланбайды, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары мен мектеп басшысы да қоса жазаланады. Мұғалімнің мәртебесін жоғары деңгейге көтермесе, ата-аналар да, оқушы да мұғалімді басынып алған. Карантин кезінде бір оқиға ойға түсіп тұр, мектебімізден бір бала үйінде қайтыс болды. Соған мектеп қайда қарап отырсыңдар, неге сендер баланы түгендемейсіңдер дейді. Бірақ, мен жасалған жұмысымның бәрін көрсеттім жазадан аман қалдым. Соның өзінде мектеп дұрыс жұмыс істемеген деп түсініктеме жаздырып алды. Карантин кезі, індет өршіп тұрған кезең бала үйде онлайн оқиды.
Қазіргі жас ата-аналар баладан тек сен не үйрендің, не көрдің, мектеп қандай тәлім беруде деген сұрақ қоймайды. Не іштің, не жедің, кім саған ұрысты, неге сенің бағаңды төмен қойды, неге ана бала сенен жоғары баға алды, сен одан кем емессің деп болмайтын дүниеге шүйлігеді. Егер баласы жан-жақты, білімге құштарлығы артып тұрса мұғалім оны көтермелемесе, төмен түсірмейді ғой. Менің ойымша ата-аналар балаға дұрыс тәрбие беру керек, балаға қатал талап қоя білуі тиіс. Мектепте смартфон телефондар ұстайды. Осының не керегі бар, баланың білімі жоғары деңгейде болсын десе, баланы не болса соған әуектетпей, мұғалімді қадірлеу керек. Кейбір ата-аналар сабақ уақытында баласына қоңырау шалады. Ұялы телефонды мектепке кіргізбеу керек. Үшінші мәселе, тәртіп бұзған оқушыны да, оның ата-анасын да жазалау керек. Неге бәріне мұғалім жауап беру керек? Неге мұғалім жазалануы керек? Мұғалім артық кетсе, оған бірінші ескерту жасалуы керек, «айттым бітті, кестім үзілді» деп жұмыстан қуа берсе, кім мұғалім болады?!.».
Көрдіңіз бе күн ашық, ай жарықта мұғалімдер үркіп отыр. Кімнен? Ата-аналардан. Сонда, мұғалімнің құқығын кім қорғайды? Таңның атысы, кештің батысына дейін мектепте жұмыс жасайтын ұстаздардың бір сыныптағы 30-35 баланың қас-қабағын бағу, оқуын қадағалау, тәрбиесіне көңіл бөлу ауыр жұмыс. Әр сыныпқа кіріп сабақ береді. Оқушылардың да арасында неше түрлі бала бар. Мектептегі жалпы бала тұрмақ, үйдегі екі баланың бабын таппай, жылап жүрген ата-ана бар. Биылғы жылдың өзінде әлеуметтік желіде мұғалімдер туралы жылы сөзден гөрі күстаналау басым. Тағы да сол мұғалім оқушыға қол көтерді деген шуды көзің шалады. Мәселен, Шымкентте мұғалім оқушыларды сабаққа арнайы киім алып келмегені үшін қол көтеріпті. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімінен бірнеше рет таяқ жеген шәкірттердің бірі телефонға түсіріп алған – деп жазады qazaqstan.tv. Ата-аналардың айтуынша, мұғалім бұған дейін де ұл балаларды бірнеше рет оңашада ұрған көрінеді. Тіпті мұғалімнің теріс әрекеті мектеп директорына да айтылған. «Ескерту беремін, бұдан кейін ондай оқиға қайталанбайды» деп ант су ішіпті. Алайда әскери пәннің мұғалімімен қатар мектеп директоры да еңбек заңдылығына байланысты сөгіс арқалаған. Бұл жазаға қанағаттанбаған ата-аналар құжаттарын жинақтап, айғақты дәлелдерімен мұғалімді жұмыстан шығаруға әрекет жасаймыз дейді. Жарайды, мұғалім еңбек заңдылығын бұзды, әрекеті құптарлық емес. Ал мұғалімді сыйламаған әскери дайындық сабағына оқушылар неге арнайы форма киіп келмейді? Бір емес, бұл оқиға неге қайталана береді? Бұл мұғалімнің жеке басы немесе мектеп дирекциясының шығарған шешімі емес. Біз де мектепте оқығанбыз, әскери дайындық сабағына форма киіп баратынбыз. Оқушылар өздері тәртіпті бұзып тұр. Әр сабаққа тиянақты барса, мұғалім оқушыға қол көтеріп жын ұрып па? Ата-аналар мұғалімді мектептен қуғысы келеді, ал мұғалімді сыйламаған, әскери форма киіп келмеген балаларын қызғыштай қориды. «Таяқтың екі ұшы бар» десек, бұл жерде таяқ жеген баланың да кінәсі бар ғой. «Балалар сендердікі дұрыс емес, неге сабаққа тиісті форма киіп келмейсіңдер, неге мұғалімді осы дәрежеге жеткіздіңдер» деген бір ата-ана жоқ. Өзінің қол астындағы сарбазын мұғалімінің құқығын мектеп директоры да қорғап қала алмаған. Қашанғы мұғалімді жүндей түте береміз. Тағы бір оқиға Маңғыстауда мұғалім оқушыны таяқпен ұрып, тәртіпке салмақ болған. Павлодарлық мұғалім белдікпен, маңғыстаулық мұғалім таяқпен жазалайды. Парадокс оқиға биылғы жылдың қаңтар айында болғанын «newsroom.kz сайты mangystaumedia.kz-ке» сілтеме жасайды. Ұрды дегенге баяғының молдаларындай шыбықты суға салып қойып майлы жерден сабамаған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан мұғалімнің қолына таяқ ұстап, сынып ішін аралап, біртіндеп ұл балалардың алақанынан ұрған. Өзін қатал ұстаз ретінде көрсеткісі келген шығар. Оқушыларды жазалаймын деген мұғалім өзі жазаланып, қатаң сөгіс алып жұмыстан қуылғанын облыстық білім басқармасы хабарлайды. Оқытушы төрт ай жұмыс өтілі бар жас маман, бастауыш сынып мұғалімі болған. «Өгіз өліп, арба сынған» еш нәрсе жоқ. Жас маманның іс-тәжірибесі әлі жетілмеген. Жас маманға қатаң сөгіс жариялап, мектепте қалдыруға ешкім араша түспеген. Тәртіптің кеңес ұйғарымы қатал. Болашағын ұрпақ тәрбиелеймін деген жас маман жанбай жатып сөнді. Әрине, ағаттық өзінен. Қателік жасамайтын адам жоқ, сүрініп қайта тұруына неге бір мәрте мүмкіндік берілмеді екен деген ойға шомасың. Онсызда біздің қоғамда кадр тапшылығының орны ойсырап тұр. Мұғалімдерді біресе аяйсың, бірсе істеген ісіне күйінесің, қатаң жазаланғанын қалайсың.
Павлодарда оңалту орталығында мұғалім мүгедек баланы ұрған. Мұғалімнің бұл қылығын қалай ақтап аласың. Денсаулығында кінәраты бар балаға қол көтеру деген қатыгездік қой. Баланы ұрып, соққан видеосын таратқан «EL.kz» ақпарат агенттігі. Сабақ беру кезінде мүмкіндігі шектеулі балаға күш көрсеткен. Оның ерсі әрекеті ғимараттағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Мүгедекті жәбірлеген мұғалімді аяудың қажеті жоқ. Бұл жерде жәбірленген мүгедек баланың ата-анасы мұғалімнің жаза арқалағанын қалайды. Егер бұл оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалмаса бұл қайырымсыз әрекетін мұғалім жалғастыра беретін еді. Басқа-басқа мүмкіндігі шектеулі балаға қолдау көрсетпей қорлаған мұғалім барып тұрған безбүйректің өзі. Алматы облысында да мұғалім мен оқушы арасындағы даулы видео желіні шулатты. Химия пәні мұғалімі мен оқушы арасындағы дауды Tengrinews.kz порталына 8-сынып оқушысының анасы жолдаған. Іле ауданындағы ауылдық мектептердің бірінде химия сабағында мұғалім оқушыны үйде дәптерін ұмытып кеткені үшін айғайлап, қол көтерген. Дәлел ретінде әйел мұғалімнің оқушыға дауыс көтеріп сөйлеп жатқанын, оның қолынан ұстап, итеріп жіберген видеосын жіберген. Сабақтан кешігіп келгені үшін де сыныпқа кіргізбей қойған. Химия дәптерін ұмытып кетеді. Мұғалімнің итеріп жібергені дұрыс емес. Бала неге сабаққа кешігіп келеді, себебі не, алыстан аңдымай ма? Неге сабаққа тиянақты дайындалып келмеген, неге дәптерін үйде қалдырады? Біресе сабақтан кешігеді, біресе дәптерді үйге қалдырады, ата-ана баласына араша түседі. Балаға сенікі дұрыс емес деп ата-анасы айтпайды. Бүкіл мектеп мұғалімді қорғайды. Баламның жүйкесі жұқарғаны сонша, денесі бөртіп кетті. Мұғалімдердің қол көтеруге құқығы жоқ деп есептеймін. Қол көтеруге құқы жоқ, дұрыс айтасыз, мұғалімінің жүйкесіне тиген кім? Мұғалімге қатаң сөгіс жарияланған. Мұғалім қашанғы «отырса опақ, тұрса сопақ» бола береді? Неге педагогтар жайлы заң қатқылданып, мектепте шылым шегетін, мұғалімді менсінбейтін, сабағына дайындықсыз, әрі кешігіп келетін балалар мен олардың ата-аналарына қарсы заң неге қабылданбайды? Мұғалімнің қадір-қасиетін оқушы алдында неге жығып береміз. Оқушылар туралы жаға ұстататын сұмдық ақпаратты оқып, апыр-ай, ұрпақ тәрбиесі қайда кетіп барады деп қамығасың. Қарағанды облысында оқушылар мектептерде порнографиялық және есірткі сататын сайттарды еркін пайдаланған. Бұл үрдіс облыстың барлық мектебінде анықталғанын прокуратура органдары айғақтайды. Бұл бір ғана Қарағанды да ғана емес, жіті тергейтін болса республиканың барлық мектебінде шығуы мүмкін. Міне, оқушылардың тәлім-тәрбиесі. Бұғанда мұғалім кінәлі ме? Ұялы телефонды мектепте мұғалім де, оқушы да еркін пайдаланды. Сабаққа көңіл бөлмей, порнография мен есірткіге есілдерті ауып отырған оқушыға мұғалім зекісе, не тиіп қалса, басы бәлеге қалады. «Баламды медресеге біл деп бердім» деген хакім Абай. Балаңызды білімге бердіңізбе, тәрбиесіне қоса жауаптысыз. Бәрін мектепке итеріп қойып, мұғалімді жазалай беру кімге пайда, кімге зиян? Сондықтан балаңыздың сөзін емес, мұғалімнің сөзін сөйлеңіз. Мұғалім шектен шықса, ол жазасыз қалмайды. Балаңыз шектен шықса, оған мұғалім дауыс көтерсе, баланың сөзін сөйлемеген абзал. Ал, бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ