МАЙОР ШЕНІНДЕГІ ЖҰЛДЫЗАЙ

0
307

Дана халқымыз ежелден-ақ әйелді ерекше бағалаған. Оларға ауыр жұмыс жүктемей, нәзік жаратылыс деп санаған. Бірақ бүгінгі біте қайнасқан қоғамда сұлу да өжет қыздарымыз түрлі салада жұмыстарын дөңгелетуде. Сондай аруларымыздың бірі – Жұлдызай Қапанова.

Жұлдызай Қапанова ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментінде майор шеніндегі қызметкер. Ол 2004 жылдан бері еліміздің шекара қызметіне сүбелі үлесін қосып келеді.
Жұлдызайдың негізгі мамандығы «педагогика және психология» бағытында болғанымен тағдырына әскери өмірдің қызығы мен қиындығын алып жүру бұйырыпты. Жалпы шекара қорғау саласындағы нәзік жандылардың атқарар жүгі мен міндеті ауыр. Соған қарамастан мойымай күш-жігерін сарқылтып жүрген арулардың еңбегін бағалаған абзал. Себебі ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Отбасы мен жеке өмірден бөлек күн-түн демей Отан қорғауда алдына жан салмай, ер азаматтармен бірге қатар жүрген Жұлдызай өз жұмысын жақсы көретінін айтады.
«Қызмет еткен жиырма жылдың ішінде жұмысым маған төзімділікті, әскери тәртіпті, мұқияттылықты үйретіп, жанқиярлық қасиетті бойға сіңірді. Оқиғаға қарай тез шешім қабылдау қабілетін де меңгердім. Сондай-ақ, атыс қаруын қалай қолдануды да үйрендім», – дейді көрікті ару Жұлдызай Көлбайқызы.
Тынымсыз қызметінің арқасында еңбегі де еленіп, 1,2,3 дәрежедегі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны», «Мінсіз қызметі үшін», «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мерекелік төс белгісі» және басқа да марапаттарды иеленді.
Айтуынша, шекарашы ерлер де әріптес аруларының нәзік болмысын бағалап, құрметтеп, түсіністікпен қарап, әркез қолұшын созуға дайын тұрады. Ал Халықаралық Әйелдер мерекесінде ерлер тарапынан көрсетілетін ілтипаттың мөлшері тіпті жоғарылайды екен. Бұл күні шекарашы қыздарға әсемденіп, түрлі сәнді киімдермен келуге де рұқсат етілген. Жұмысқа келгеннен бастап азаматтар оларды құрметтеп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, сұлу жандардың жүзіне күлкі мен шаттық ұялатуды естерінен шығарған емес.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербете отырып, қызметін де үйлестіріп отырған аяулы Жұлдызай Көлбайқызын 8 наурыз мерекесімен құттықтаймыз! Сізге мықты денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілейміз!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ