ЕЛ ҮШІН ТЕР ТӨККЕН – ЛАУРА ХАНЫМ

0
258

Елдің қамы үшін аянбай еңбек етіп, отбасы, үй шаруасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүру әрбір нәзік жан үшін оңайға түспейтінін айтады ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті шекаралық бақылау басқармасының аға офицері Лаура Сакибаева.

Ол 1982 жылдың 6 мамырында Алматы қаласында дүние келген. 1989 жылы Алматы қаласындағы Боралдай әскери қалашығындағы №23 орта мектепті, кейіннен №17 орта мектепте оқып, оны үздік бітірді.
Лаура Ерланқызы әкесінің жолын жалғастырып ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтына оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Павлодар қаласындағы 2033 әскери бөлімінің «Шарбақты» (автокөліктік) және «Шарбақты» (теміржолдық) шекаралық бақылау бөлімшесінде бастады. Кейіннен Алматы қаласындағы 2458 әскери бөлімнің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, 2086 әскери бөлімінде шекаралық бақылау бөлімінің аға офицері, ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасының аға офицері лауазымдарын абыроймен атқарды.
Шекарашылар отбасынан шыққан Лаура Ерланқызы ҚР бірінші генерал әйел рөлін сомдап, Қазақстан Республикасының алғашқы әйел-генералдың рөлінде гран-при иегері атанды. Алматыдағы жоғары оқу орындары арасындағы өткізілетін КВН ойындарында және Ыстықкөл жағалауында Қырғызстан, Өзбекстан, ТМД мемлекеттерінің арасында өткізілген КВН-ның командалық ойындарында жүлделі болды. Сонымен қатар өз жұмысын абыроймен атқарып, толағай табыстарға қол жеткізіп, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының құқығымен ҚР Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және Мемлекеттік шекарасын күзетудегі ісіне қосқан елеулі үлесі, жауынгерлік қызметтік іс-қимылда қол жеткізген оң нәтижелері мен мінсіз тәртібі үшін 1,2,3 дәрежедегі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны», «Мінсіз қызметі үшін», «Шекара қызметінің үздігі», «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мерекелік төс белгісі» сияқты марапаттарға ие болды.
Қазіргі таңда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті шекаралық бақылау басқармасының аға офицері лауазымында қызмет етіп келетін Лаура Ерланқызының еңбегі көпке үлгі.
Таңның атысы, күннің батысына дейін ел қамы үшін тер төгіп қана қоймай, ошағының отын өшірмей келетін аяулы ана, сүйікті жар – Лаура Ерланқызын шұғылалы көктем мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып мәңгі жасай беріңіз!

З. БЫЖЫБЕК.


ПІКІР ЖАЗУ