ЖҮЗІНЕН НҰР ТӨГІЛГЕН – НҰРГҮЛ

0
349

«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген мағыналы сөздің жаны бар. Әйелдер, ең алдымен, аяулы ана, сүйікті жар, әрбір шаңырақтың ұйытқысы. Сондай-ақ, аруларымыздың арасында өз жұмысын жақсы атқарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізетін жауапты қызметкер атанып жүргендері қаншама. Оған президентіміздің «Ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды» деген сөзі де дәлел.

Қазіргі қоғамда әскери салада тек ерлер ғана қызмет етпейді. Нәзік жанды аруларымыз да өжет мінезінің арқасында ер азаматтармен теңдей түрлі әскери лауазымды игеруде. Барлығының міндеті – қызметін адалынан атқару. Сондай арулардың бірі – майор Нұргүл Амангелдіқызы. Ол ҚР Жетісу облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің қызметкері болып жұмыс істейді.
– Негізгі мамандығым неміс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болғанымен, әскери салада қызметкер болуды армандадым. Бағыма орай оқу бітіргенде ҰҚК Әскери институтында бір жылдық курсқа қыздарды даярлау туралы жарияланған ақпарат арқылы ойланбастан берілген мүмкіндікті пайдаландым. Қазіргі уақытта ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша Департаменті басқармасының аға офицер лауазымында қызмет етудемін – дейді Н. Амангелдіқызы.
Оның сөзінше шекарашы арулар өздерінің лауазымдық міндеттерін ер адамдардан кем орындамайды. Кейбір жағдайларда әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетіп те жатады. Жұмыс барысында ер, әйел деп бөлу олар үшін жат әрекет. Барлығы өзіне жүктелген жұмысты бірдей тиянақты орындауды мақсат етеді екен.
Нұргүл Амангелдіқызы шекара қызметінде өткізген 21 жыл аралығында «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны», «Мінсіз қызметі үшін», «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мерекелік төс белгісі» медальдарымен және мақтау грамоталарымен марапатталды. Әскери қызметпен қатар үй іші ошақ қасының да жұмысын қатар алып жүрген сүйікті жар, аяулы ана.
Жаны нәзік болса да жауапты міндетті атқарып келетін шекарашы Нұргүл ханымның еңбегіне толайым табыс тілейміз. Мерекеңіз құтты болсын!

Г. БАЙМҰХАН.


ПІКІР ЖАЗУ