ҚЫЗДЫҢ СЫРЫ – ШӨЛДІҢ СУЫ СИЯҚТЫ
Қозыбай ҚҰРМАН, ақын: – Тағы да жаймашуақ көктем келді. Үт түскен сезім қытыққа мас боп, таңдайға үлбіреп сөз келердей. Тәтті бір күй кешетін кез дәл осы наурыздың басы. Ал сол тәтті қиялдың тап басында кім тұруы мүмкін? Әрине, «бұл өмірдің қызғалдағы, мың жүректің ізгі арманы» деп жырға қосатын қыз тұрады. Ал шайыр көзі, жүрек қылы үшін одан көркем сүгірет пен күй табылса, қанекейіңіз?!
Осы ретте сезімтал, алабөтен лирик ақын Ерлан Жүністің екі тармақ өлеңі еске түседі.
Қызбойжеткен дегенде, қызбойжеткен,
Көктем көктем емес қой, қыз ғой көктем!
Бұдан асырып не айтуға болады? Көктем қандай қызылды-жасылды, көктем қандай байлық пен бояуға, сән-салтанат, нөпір қуанышқа кенен болса, ару да солай! Құдай тілсіз табиғатқа қандай көркемдік сыйласа, адам ата нәсілі, Хауана бүршігі қыздарға да солай үйіп-төгіп реңк берген ғой. Пейзаж дерсіз тіл жетпес. Енді осы тереңдікті ақын тілі қалай кестелеуі керек, оған қанша бояу, қанша сезім, қанша қуатты жүрек күші керек деңізші. Оны да сіз бен біз жаттап өскен атақты Қадыр Мырза Әли былай дүп басып айтады.
Аруларға құрмет бөлек сері елде,
Біледі оны көкірегі керең де:
Қыздың сыры – шөлдің суы сияқты,
Тереңде ғой,
Тереңде ғой,
Тереңде!
Шындығында, «шөлдің суы» сияқты құнды қандай зат бар азамат үшін ақ маңдай арудан асқан?! Қаталап аңқаң кепкен кезді ойласаң, қыз – сыңарсыз кешкен күннің де шөлді айтақыр, құмды түз демей кім айта алар? «Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз, қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!» деген кешегі Қасымның кешуі де сол кешу, сол түйсіну екені анық.
Сөзіміздің сөлін халық әнімен шырындасақ:
«Дарияның ортасында сіз бәйтерек-ай, ау,
Мен келдім бұтағыңа, ау, қонақтауға қой-ау», – деп келуші еді ғой. Мұнда да қол жетпестей биік мүсінделіп тұрған жоқ па қыз бейнесі. Дарияның ортасына тек қанат байлап ұшсаң жетерсің дейді ішкі түйсігіміз. Ал ол қандай қанат? Әрине, ол – жүрек қылын тербеген ең шынайы, тұмадай тұнық сезім тілі болмақ.
Ендеше, біз де өз кезегімізде барша аяулы жан, армандай аппақ аруларды келе жатқан айтулы мерекелерімен құттықтаймыз!