ҚЫЗЫЛТАСТАҒЫ ПЕРОГЛИФТЕРДІҢ ЖАЙ-КҮЙІ…

0
259

Тарихи мұраларды мемлекеттік мүдде жағынан қамқорлыққа алып, көздің қарашығындай сақтау бәріміздің парызымыз. Себебі, сан мыңдаған тарихи деректерді бауырына бұғып жатқан археологиялық ескерткіштерде өткен дәуірлердің айғақтары жатыр. Оны ғылыми түрде дәлелдеп, дала мұражайына айналдыру тарихшылардың еншісінде. Өкінішке орай, Тәуелсіздік алғалы жер иеленушілер, бизнеспен айнасылушылар тарихи мұраларға қауіп төндіруде. Аспан астындағы күн көзіне қатталған тас мүсіндер, қашалып жазылған тарихи деректердің жай-күйі дабыл қақтыруда…

Мұндай дабыл 2018-2019 жылдары Кербұлақ ауданындағы «Арқарлы» тауындағы қиыршық тас өндірушілер сол өңірдегі тарихи тастарды бүлдіріп, қиратып жатыр деп ақпарат құралдары дабыл қаққан-ды. Сол кездің өзінде жергілікті билік, қиыршық тас өндірушілер заңды жұмыс жасап жатыр деп жуып шайған-ды. Арқарлы петроглифтеріне қатысты 2017 жылы тамыз айында Кербұлақ ауданының Малайсары ауылынан 4 шақырым жердегі Малайсары сілемдерінде Арқарлы петроглифтерінің барын біле тұра, сол кездегі жергілікті билік көз жұмбайлыққа барып бизнес өкілдеріне қиыршық тасты өндіруге мүмкіндік беріп қойған. Оның кесапаты тастағы археологиялық петроглифтердің жойылып кетуіне шақ қалған-ды. Ақпарат құралдары дабыл қаққаннан кейін бұл іске Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан араласып, Алматы-Талдықорған бағытындағы мемлекеттік маңызы бар жолдың бойындағы Арқарлы асуының қос қапталын алып жатқан жақпар тастардағы петроглифтерге қатысты экс Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа төмендейгідей депутаттық сауал жолдаған болатын.
«Малайсары қыраттарына ұласатын сол сілемдер тұнған тарих. Тастағы суреттерге тіл бітсе ең кемі 3000 жыл бұрынғы дәуірді көз алдыңызға әкеледі. Ең алғаш Арқарлы асуындағы тарихи тастарға назар аударған археолог, профессор Алексей Марьяшев болатын. 2017 жылы археолог сол өңірге арнайы барып, тастағы петроглифтерді өз көзімен көріп, қолымен ұстап, тарихи суреттер қола немесе темір дәуіріне тән екенін, бұл тауларды б.д.д. 2000 жыл бұрын адамдар мекен еткенін, жалпы ғылыми түрде кешенді зерттеуді қажет ететіндігін меңзеген. Алматы облысы әкімдігі сол жылдың тамызында Малайсары сілемдеріндегі петроглифтер мемлекеттік қорғауға алынатынын айтқан, бірақ бұл күні бүгінге дейін жүзеге асқан жоқ. Ал тастағы тарихқа ел назар аударған археолог-ғалым араға жыл салып бақилық болды. Бұдан кейін бұл жерге бір де бір ғалым ат ізін салған емес. Ресми орындардан көңіл бөлініп, қызығушылық болмаған соң өңірдегі белсенді азаматтар өздері бас біріктіріп, тарихи тастарды қорғау жөніндегі еріктілер тобын құруға мүдделі. Өйткені, Алматы облысы Кербұлақ ауданы аумағындағы Малайсары петроглифтері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тарихи суреттер бедерленген тастарды бизнестік бағытта өз мақсаттарына пайдалануда. Ал жергілікті билік, яғни Сарыбастау ауылдық округі аңғардағы кәсіпорындар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Яғни, асудағы шағын зауыт қиыршық тастар мен тақтатас өндірісімен айналысады. Петроглифтер өңірлік атқарушы билік тарапынан арнайы бақылауға алынып, ғылыми институттар тарапынан нақты зерттеу нысанына айналмағандықтан өндірісшілерге ешқандай шектеу жоқ. Өйткені, бұл жерді жеке тұлғалар ауыл шаруашылық мақсатында пайдалану үшін заңды түрде иелігіне алып, кәсібін жүргізіп отыр. Осы күнге дейін тастағы петроглифтердің біраз бөлігі бұзылып, қиратылып кеткен. Қазіргі күні «Integra Construction KZ» ЖШС-ға қарасты Жоламан қиыршықтас зауыты, тақтатас шығаратын «Арқарлытас» сынды жеке фирмалар өңірде өз кәсібін жалғастыруда. Жедел түрде тиісті шешімдер қабылданбаса аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлердің күл-талқаны шығып, үгіліп, бабалар тарихы қиыршық тасқа айналады».
Жалпы, ғалымдар Малайсары сілемдеріндегі тастарда бедерленген суреттердің 3,5 мың жылдық тарихы барын айтады. Сондай-ақ, VІ-VІІ ғасырлардың мәдени ескерткіштері, бергі ХVІІ ғасырлардағы таңбалар бедерленген тастар барын да алға тартады. Ал бұл мәселеге назар аударған кәсіби заңгерлер «Арқарлы асуында тарихи мұраларға қатысты өрескел заң бұзушылықтар орын алып отыр» деп мәлімдеме жасаған болатын.
Депутат сауалынан кейін ғана сол кездегі Алматы облысының әкімі болған Амандық Баталов ұйқысынан оянып, тиісті мекемелерге тапсырма берілген-ді. Осы уақыт аралығында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық қызметкерлері Арқарлы тауындағы ескерткіштердің жәй-күйін бақылап отырғандарын айтады. 2021 жылы орталық қызметкерлері Арқарлы тауында барлау жұмыстарын жасап, белгісіз болған бірнеше петроглифтерді анықтаған. 2021 жылы Арқарлы тауында орналасқан ежелгі тастардағы бейнелерді сақтау және насихаттау мақсатында петроглифтер орналасқан аумақтың 8 жағынан ескерткіштер мемлекеттің қорғауында екендігі және петроглифтер туралы мағлұматтар жазылған қорғау тақталары қойылып, жалпы саны 16 тақта (8 ақпараттық тақта, 8 қорғау тақтасы) орнатқан-ды. Сол жылы Арқарлы сілемдеріндегі 185 ескерткішке құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қорғау аймақтары айқындалған-ды. Арқарлы тауларында қола, ерте темір дәуірі, орта ғасырларда салынған бейнелер мен қорғандар, қоныстар бар. Жалпы, Жетісу өңірінің таулы аймақтарының қай-қайсысын алсаңыз да тарихи деректерге тап боласыз. Сарқан, Ақсу, Текелі, Қаратал, Көксу, сонау Қорғас шекарасына дейінгі аралықта дала қойнауындағы жақпар тастардан аң-құстардың, жануарлардың бейнесімен тасқа қашалған түрлі жазуларды көзіңіз шалады. Тағы бір дабыл қағылған археологиялық мұра Талдықорған қаласындағы «Қызылтас» саяжайындағы ескерткіш тастарға қатысты болып тұр. Мұнда да жеке бизнес өкілдері 2020 жылы Талдықорған қаласының солтүстігінде «Темір» карьеріне баратын грунттық жолды салу барысында жолдың бойында орналасқан археологиялық қорғандардың сақталуына қатер төнгені белгілі болып тұр. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың араласуымен ескерткіштерге зиян тигізетін жұмыс түрлері тоқтатылды. Біздің қоғам әуелі бизнес өкілдері қолданысқа сұрап отырған аймақты жете зерттемейді. «Ол маңайда тарихи мұралар бар ма, зертеуді қажет ететін дүниелер кейін шығып қалмай ма?» деген барлау, бағамдау жұмыстарын жүргізбей жерді бизнес өкілдеріне пайдалануға бере салады. Оның арты айғай-шуға ұласып, қоғам белсенділері, блогерлер, жергілікті тұрғындар тарихи дүниелер бүлінетін болды деп әлеуметтік желіге ақпарат тарағанда атқа қонады. Жоғарыда аталған Кербұлақ ауданының Арқарлы тауындағы тарихи мұралар мен Талдықорған қаласындағы «Қызылтас» саяжайындағы таңбалы тастар сөзіміздің айғағы бола алады. Әйтпесе «Темірбетон» ЖШС-не бұл жерді игеруге жол берілмеген болар еді. Мәселен, «Темірбетон» ЖШС жерді игеруге 2019 жылы рұқсат берілген. Ал, 2020 жылы «Темірбетон» ЖШС тапсырысы бойынша «Қазархеология» ЖШС 2019 жылдың 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Заңының 30-бабы бойынша жол өтетін жерлермен «Темір» карьерінің аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізеді. Нәтижесінде «Темір» карьеріне апаратын жолға жақын орналасқан қорғау аймағына кіретін 32 археологиялық ескерткішке 2021 жылы қазба жұмыстары жүргізіліп, сол жылы «Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ тарапынан Қызылтас ескерткіштеріне 2 (екі) ақпараттық тақта қойылады. 2022 жылы Талдықорған қаласында анықталған және құжаттандырылған 30 археологиялық ескерткіштерге қорғау тақталары орнатылғанын айтады. 2023 жылы «Темірбетон» ЖШС-не қарасты карьерде жүріп жатқан жұмыстар кесірінен тарих және мәдениет ескерткіштері қирап жатыр деген ақпарат әлеуметтік желілерге шығады. Тура, Кербұлақ ауданындағы «Арқарлы» тауындағы балбал-тастар бүлініп жатыр деп ақпарат құралдары шулаған болатын. Содан тәлім алмаған жергілікті билік тағы да әлеуметтік желі шулаған соң атқа қонады. Осыған байланысты «Темір» карьерінің айналасында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қ. Сүлейменовтың төрағалығымен көшпелі жиын өтіп, «Қазархеология» ЖШС директоры Ж.Смайловқа «Темір» карьерінің айналасын қосымша толықтай зерттеп шығуды тапсырады.
2023 жылғы 5 желтоқсанда Қызылтастағы петроглифтер және «Тасбақа» деп аталып кеткен табиғи тасқа байланысты мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы келіп зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жиын өткізді. ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының ақпараты негізінде (2023 жылғы 5 желтоқсан, № б/н ) комиссия ұсыныстарына сүйене отырып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы анықталған петроглифтерді басқа жерге көшіруге келісім береді.
Қазіргі уақытта археологиялық ескерткіштер орналасқан Қызылтас саяжайындағы «Темір» карьерінде жарылыс жұмыстары мен аталған карьерде орналасқан петроглифтерді көшіру жұмыстары тоқтатылған.
«Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде «Темір» тау кен карьерінде облыстың қоғамдық кеңесінің мүшелерімен, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирновамен, облыстық мәслихат депутаттарымен, қоғам белсендісі, «Алтын адам. Жетісу шеберлері» ҚБ төрағасы Динара Бакировамен, «Охотники за петроглифами» ҚБ басшысы Ольга Гумировамен, «Темірбетон» ЖШС өкілдерімен, журналистер мен блогерлермен кездесу өткізіп, онда Қызылтас петроглифтерін одан әрі сақтау бойынша жұмыстар талқыланды.
Кездесудің барлық қатысушылары археологиялық ескерткіштерді сақтау бойынша ынтымақтастық туралы өзара шешімге келді. Сондай-ақ депутаттар тарапынан «Темірбетон» ЖШС-нің карьер мәселесін шешуге жәрдемдесетін болады.
«Темірбетон» ЖШС бұрын пайдаланылған карьер мерзімін ұзарту туралы өзінің құқық белгілейтін құжаттарын қалпына келтіру туралы сотқа талап арыз бергенін, сот шешімі шыққанға дейін барлық жұмыстар тоқтатылғанын баяндады. Бүгінгі күні облыстық бюджеттен Қызылтас шатқалының археологиялық ескерткіштеріне (петроглифтеріне) егжей-тегжейлі құжаттандыру (паспортизация) үшін қаржы (10 млн. теңге) қарастырылып, ҚР Мемлекеттік сатып алу Заңына сәйкес конкурс өткізе отырып, паспорттау (Қызылтас, Дауылбай археологиялық ескерткіштеріне)жұмыстары жүргізіледі» – дейді «Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы» КММ директоры Оспанов Ғалымжан Айданақұлы.
«Қызылтастағы» археологиялық ескерткіштерге қатысты журналистер үйінде өткен басқосуда онлайн трансляцияға экономика ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Мұқтар Тайжан, Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков, Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысты.

Айтақын Мұхамади


ПІКІР ЖАЗУ