ЕСЕПШІ АҚША ЖЫМҚЫРАДЫ, МҰҒАЛІМ ЕСІРТКІ САТАДЫ

0
303

«Естімеген елде көп» кімге сенім артамыз. Шырмауықтай шырмалған жемқорлық індетін жұқтырмаған мекеме қалмады. Мемлекеттік органдардың қай-қайсысын алсаңыз да жемқорлық пен сатылмаған шенді-шекпенді қалмаған. Қыл аяғы орта білім беретін мектептерден бастап, колледж, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен бухгалтерлерінің сатылып жатқанын естиміз. Денсаулық саласы мен білім саласында былыққа батпаған маманды табу «шөп арасынан ине іздегенмен» бірдей болып тұр. Есепші қаржы жымқырады, «экс» мұғалім есірткі саудалайды. Сонда біздің жас ұрпаққа кімдер тәрбие беріп жүр?

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, білім саласында қаржы жымқыру Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы білім бөлімінен бастау алған-ды. «Алтын шыққан жерді белінен қазған» сыбайлас жемқорлықпен күресетін мекеме республика аймағындағы білім мекемелерін жаппай тексеріп, жемқорлықпен желіндеп тұрған бухгалтерлер мен мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен директорларын, бухгалтерлердің қылмыстық хроникасын ашып жатыр. Таусылар емес. Жыл сайын әлгі желіндеген жемқорлар босанып, ішкен-жегендері желкелерінен шығып, тұтылуда. Алдыңғы торға тоғытылғандардың соты аяқталмай жатып, Жетісу облысынан тағы бір жаманат хабар жария болды. Жемқорлықтың ізіне түсіп, індете қазған «Антикор» Сарқан ауданы білім бөлімінің бас бухгалтері ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен тергеліп жатқанын айтты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, ресми өкіл Данияр Бигайдаров мәлім етті. «Агенттіктің білім беру саласында 206 қылмыстық істің тіркелгенін, олар бойынша залал 14 млрд. теңгеден асқанын, жалпы жымқырудың ең үлкен сомасы Түркістан, Жетісу, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында анықталған. Қаржы жымқыруға қатысты Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс прокуратурасының қатысуымен Сарқан ауданы білім бөлімінің бас бухгалтерінің заңсыз қызметінің жолын кесті», – деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған бухгалтер «Білім бөлімі бухгалтерлерінің шотына артық белгіленген жалақыны заңсыз аудару жолымен» аса ірі мөлшерде 1 млрд. теңгеден астам сомада бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу әрекеттері барысында 156 млн. теңге сомасында ақшалай қаражат табылып, тәркіленіп, соттың санкциясымен күдікті қамауға алыныпты. Апыр-ай, сонда біздің қоғамның жемқорлыққа қарсы күшейтілген заңы қай жолда қалды деген сауал сананың шаңын қағады. Қатайтылған заңнан үрікпейтін, қорықпайтын бұл недеген бухгалтерлер мен директорлар деймін де аң-таң боламын. Басқа-басқа мектеп түлектеріне адалдықты, білімді, білікті болуды үйретеді деген мекемеде жемқорлықтың жемсауы бүлкілдеп тұруын немен түсіндіруге болады. Білім ошағының бухгалтерлері мемлекет қаражатына қол сұғады, ал мектептің экс мұғалімі есірткі сатады. Сонда, білім жүйесі криминалға айналып кеткен бе? Бұл енді Жетісу облысына қатысты емес. Алайда білім саласы болған соң жалпы мектепке сөз тиеді. Ақмола облысында есірткіге қарсы күресетін полицейлер, есірткі жасырушыдан ірі көлемде медфедрон тәркіледі, деп хабарлайды «Polisia.kz» сайты. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген осы. Құрыққа түскен күдікті әйел он жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде мұғалім болып жұмыс істегені айтылады. Мұғалімдік жалақы көңілін көншітпесе керек, жұмыстан шығып, есірткі тұтыныпты. Есірткі жасырушыны полицейлер Ақмола облысының Степногорск қаласында қолға түсірген. 37 жастағы келіншек полицейлерге есірткіні қайда жасырғанын өзі көрсетіпті. Сірә, қылмысымды мойындасам жазам жеңілдейді деген дәмесі болған шығар. Сұмдық қой бұл анау-мынау емес, мектепте мұғалім болған саналы азаматшаның есірткінің құлына айналуы санаға салмақ салады. Әйелден табылған есірткіні сараптамаға жібергенде 62,5 грамм болатын мефедрон синтетикалық есірткі екенін көрсеткен. Есірткі жасырылған жерлерден 4 доза оралған орам жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары аясында полицейлер жалға алынған пәтерді тексеріп, тыйым салынған зат пен тағы 105 орамды есірткіні өлшеп орауға арналған құрылғыларды тапқан. Экс мұғалім бұл жұмысты өткен жылдың соңында Telegram-нан тауыпты. Жеңіл табыс туралы уәде әйелді қызықтырған және ол жұмыс істеуге келіскен. Куратордың нұсқауы бойынша, Степногорск қаласына есірткіні жасыру үшін келгенде полицейлерге тұтылған. Бухгалтер жемқор, экс мұғалім нашақор, сонда білім ұяларында кімдер жүр? «Балаларға сабақ беріп астыртын қылмыспен айналысып жүрген мұғалімдер барма?» деген күмән ойда тұрады. Жемқорлықтың, қылмыстың жолын кесу үшін құзырлы орган өкілдері түрлі шараларды қолданып көруде. Мәселен, мемлекет қаржысын ұрлаған әйелді, жүздеген директор мен мұғалімнің көзінше соттады. Бұл өзгелерге сабақ болсын деген тәлім. Оқиға Ақтөбе облысындағы 55 мектеп гимназиясының 413 млн. теңгеден астам ақшасын ұрлаған бухгалтеріне қатысты сот отырысы ашық өткенін көгілдір экран көрсетті. Оған облыстағы білім бөлімдерінің қызметкерлері, 403 мектептің директорлары, бухгалтерлері мен педагогтары онлайн режимде қатысты. Бір жағынан жүрегің ауырады. Екінші жағынан дұрыс, өзге әріптестеріне, мектеп басшыларына сес болсын дейсің. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді түрмеге экскурсияға апару тәжірибесі де жалғасып келеді. Сол жерде тергеу кабинеттері, қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған камералар, тұтқындардың серуендеуге арналған орны көрсетіледі. Осыны көрген мемлекеттік қызметшілердің аза бойы, қаза болатын шығар дейсің. Бірақ, айылын жыйып жатқандар шамалы. Жас түлектерге сабақ беріп жүріп, пара алған ұстаздар да әшкере болған-ды. 2023 жылы пара алған сегіз ұстаз жұмыстан қуылыпты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 8 ұстазы 1.5 жылдың ішінде студенттерден 400-500 мың көлемінде пара алып келген. Мұғалімдер алған қаржысына білім алушылар үшін емтихан тапсырып, сессиясын жауып берген. Тест жұмыстарының дайын жауабы мен дипломдық жұмыстарды сатып, өндірістік практикаға жоғары баға қойыпты. Бұл фактіні оқу орнының жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы анықтаған. Шыңғыс Мұхамбетқалиевтің сөзінше, заң бұзушылықтардың басым бөлігі «Таза сессия» іс-шарасы кезінде тіркелген. Анықталған факті бойынша 1 мұғалім сессия кезінде платонус жүйесі арқылы студент үшін емтихан тапсырған, 6 ұстаз пара алған. Тағы 1 мұғалім Еңбек кодексінің 52-бабының 14-тармағына сәйкес, тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер, осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын моральға қайшы қылықтар жасағаны анықталыпты. Заңды тікелей әрі өрескел бұзғаны үшін мамандармен келісімшарт біржақты бұзылып, жұмыстан босатылса, осы іске қатысы бар студенттер оқудан шығарылған. Тізе берсең білім саласындағы былық-шылықтардың ұшы-қиыры жоқ, шортаны да, шабағы да топырлап торға түсіп жатыр. Қазақта «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген тәмсіл бар. Қылмыстың кез-келген түрі ерте ме, кеш пе түбі әшкере болады. Құныққан адам қылмыс жасаған жеріне із қалдырмай қоймайды. Қанша жерден әккі болса да, түбі тұтылады. Сондықтан адам деген атың болған соң, ар-ұжданыңды кірлетпей, абыройыңды төгіп шашпай, адал еңбекпен тапқан табысыңа қанағат еткенге не жетсін. Бір кесе қара су ішсең де бойыңа сіңімді болады. Білім саласындағы қара дақ, қашан ағарып тазаратынын әзірге ешкім жобалап айта алмайды. Бұл 30 жыл бойы жемқорлыққа шыланған мемлекеттің бір пұшпағы ғана. Ал онымен күрес ұзақ жылдарға созылып келеді.

А. БҰЛҒАҚОВ

 


ПІКІР ЖАЗУ