«ҚАРАШАНЫҢ ЕМЕС, ҚАРА БАСТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАП КЕТТІК»

0
309

Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Төртінші билік өкілдері деп аталатын бұл мамандық иелерінің басты қаруы – сөз, қорғағаны халықтың мүддесі. Осы жолда қалтқысыз тер төгіп келетін майталман журналист Болат АБАҒАННЫҢ жолы журналистикада қалам тербеп жүрген бізге, кейінгі жасқа үлгі. 28 маусым – Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында қаламгер ағамызбен әңгімелескен едік.

АЛАТАУ: – Болат аға, осы салада қызмет етіп келе жатқаныңызға отыз жылдан асты. Көрген-түйгеніңіз мол. Олай болса, әңгімені журналистикадағы жүріп-өткен жолыңыздан бастасаңыз.
Болат АБАҒАН: – Мен журналистикаға кешірек келген адаммын. Мектепті бітірген 1978 жылы Семей қаласындағы педагогикалық институттың (қазіргі Шәкәрім атындағы университет) филология факультетіне түсуді ойладым. Алайда, алғашқы талпынысым сәтсіз болды. Одан кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскерден келген соң жеті жылдан кейін ғана ҚазМУ-дің студенті атануыма қолым жетті. Ол кезде жұмыс істеп жүрген адамдарға жоғарғы оқу орнында күндізгі және сырттай оқуға жағдай қарастырылатынды. Оқуға түсемін деушілерге дайындық курстары болды. Күндіз құрылыста жұмыс істеп, кешке курсқа бардым. Алайда, дайындық курсына ілігудің өзі қиын еді. Арнайы емтихан тапсырып барып өткендері ғана оқыды. Осылайша, 1985 жылы дайындық курсына қабылдандым. Сол кездегі жолымды ашқан ғылым мен педагогика саласына зор үлес қосып, артына мол мұра қалдырған профессор Алма Қыраубаева болатын. Курсқа қабылданар алдында оқытушылармен арадағы әңгімелесуде Алма апайым: «Мына бала әдебиетке жақын екен», – деп жылы лебізін айтып, менің курсқа қабылдануыма себепші болды. Өзім де бала кезден қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандадым. Сондықтан дайындық курсына бардым. Негізінде, дайындық курсы деген жалпылама атаумен гуманитарлық факультеттерді (филология, журналистика, заң) қосып, бірге оқытатын-ды.
Ал енді менің қазақ тілі мен әдебиетті таңдауыма мектепте осы пәндерден дәріс берген Қанипа Бітібаева, Кеңесхан Тәкенов сынды ұстаздарымның әсері мол болды. Осы мұғалімдердің тәлім-тәрбиесін көріп өскендіктен солардай білікті мұғалім болуға ұмтылдым. Алайда, дайындық курсына іріктеу кезінде филологияға үміткер көп болып кетті де, бұрын газет-журналға мақаласы шыққандарды журналистикаға шақырды. Мен көп ойланбай, журналистиканы таңдадым. Дайындық курсында білім алған кезімде де өте мықты оқытушылар: Бектұрғанов, Тасымов, Сейдәлиев, Құныпия Алпысбаевтар сабақ берді. Кешкі алтыға дейін жұмыс істеп, 18:00-ден түнгі 23:00-ге дейін дайындық курсын оқыдым. Сегіз ай бойы білімімді жетілдірдім. Дайындық курсында оқудың пайдасы емтиханнан сүрінбей өтсең жоғары оқу орнына конкурссыз қабылданасың. Мен емтиханның барлығын жақсы тапсырдым. Осылайша, мұғалім боламын деп жүріп журналистикаға бет бұрып кеттім. Аталмыш оқу орнының сырттай бөлімін 1991 жылы бітірдім. Одан кейін де бірнеше жыл құрылыс саласында жүруге тура келді. Себебі маған берілетін үлкен үйдің кезегі жақындап қалған еді. Дей тұрғанмен мемлекеттік емтихан тапсырғанда комиссия төрағасы С.Бердіқұлов ағамыз: «Сендер аудандық газетті басқарып, жұмыс істесеңдер де мынаның білгенін білмей тұрсыңдар»,– деп мені меңзеп, біраз дүниені айтып, зачеткама бестік баға қойып берді. Сол жерде жұмысқа да шақырды. Бірақ мен берілуі тиіс үлкен үйді алып алайын деп бас тарттым. Ол болса: «Үйіңді алғанда, мені шақыруды ұмытпа», – деп әзілдеді. Алайда, үлкен үйге қол жеткізе алмадым.
Ақыры, 1994 жылы облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа тұрдым. Бұл басылымға келгенге дейін мақалаларым «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Өркен» газеттеріне жарияланып тұрды. Көбіне сыни мақалалар жазатынмын.

Әлі есімде «Халық кеңесі» газетіне «Үйді салатын біз, алатын кімдер?» деген тақырыппен мақалам жарық көрді. Ал алғаш жазған мақалам Зайсандағы жер сілкінісінен кейін талай үй құлап, үйдің бөлінісіндегі құрылыс материалдарын бөлуде әділетсіздік туындап, сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне «Мұңға толған Мыңшұңқыр» деген атаумен шықты.
Негізінде журналистік жолымды ашқан басылым – облыстық «Жетісу» газеті. 1994 жылдың қараша айында түрлі басылымдарға шыққан дүниелерімді алып газет редакциясына келдім. Ол кезде бас редактор Баймолда Мусин еді. Өте мықты әрі қарапайым, алды кең адам болатын. Қабылдауына кіріп, бірер сағат әңгімелестік. Арманым – газетке тұяқ іліктіріп алу болды. Қолымнан мақала жазу келгенімен, редакцияның ішкі жұмысын аса біліңкіремейтінмін. Екеуара әңгімеден соң Баймолда ағамыз: «Бізге өзің секілді от пен судан өткен, өмір көрген жігіт керек. Ертең жұмысқа келе бер», – деп хатшы қыз Жанатты шақырып, «аға тілші» деп бұйрық шығар деген сөзін естігенде шошып кеттім. Бірден: «Аға тілші емес, корректор болайыншы», дедім. Іле-шала редакциялық ұжымды шақырып, менің жазған дүниелерімді қолдарына ұстатты. Төрт-бес адамдық құрамда: Нұрманбет Қизатов, Ерғали Ахметов, Жұмаш Арғынбаев, Мұғалімбай Жылқайдаров бар. Барлығының пікірі оң болды. Осылай заң және ақпарат бөлімінде Тәуірбек Сұртаевпен бірге жұмыс істейтін болдым. Маған дейін бөлімде Айгүл Аханбайқызы еңбек етіп, «Жас алаш» газетіне ауысыпты. Мені Айгүлдің орнына алды. Содан аға тілші болып журналистік еңбек жолымды бастадым.
1998 жылы газетке бас редактор болып Жақыпжан Нұрғожаев келді. Жаңа басшы да қабілет-қарымымды байқаған болар үш-төрт ай өткенде мені бөлім меңгерушісі етіп тағайындады. Осылай «Жетісудағы» журналистік жолым ары қарай жаңғыра түсті.
АЛАТАУ: – Кешегі және бүгінгі журналистиканың келбеті туралы не айтар едіңіз?
Болат АБАҒАН: – Кезінде журналистика деген сұрапыл еді. Тіпті журналистикада елді елеңдететін дара есімдер болды. Мәселен, Нури Муфтах деген өткір тілді журналист, заң саласының бүге-шігесін жатқа білетін еді. Адам құқығының бұзылуы, әлеуметтік құқық сияқты қоғамдағы ең өзекті мәселелерді ашық жазды. Оның есімін ел ес тұтып, билік сескенетін-ді. Одан кейін заңгер журналист ретінде мойындалған Шарафаддин Әмірді де бөле-жара айта кеткен жөн. Бұл журналистердің аты бар болатын. Кезінде өзіміз де заң бөлімінде жүргенде кез келген генералға (Шпекбаев, Қасымовтарға) тікелей шыға беретінбіз. Өйткені олар біздің жазуымыздан сескенетін. Біз талап қоя білетінбіз. Менің түйсігімде қандай жағдайда болмасын журналист кез келген саладан хабардар болуы тиіс. Соның ішінде өзінің қолайыңа жаққан салада маман болуы тиіс. Сөйлескен адамыңды тосылтып, састырып, қаштырып жіберетіндей болу керек қой…
Өз басым журналистикаға барынша адал болуға тырыстым. Өзгелерге қолұшын созу арқылы қара халықтың мәселесін шешкен кезде содан бір рахат сезімге бөленетінмін, жаным жайланып, үлкен бір істі бітіргендей болатынмын. Осы жасыма дейін мамандығымды пайдаланып біреуден бірдеңе сұрап көрмеппін, қара басым үшін өзгеден ештеңе дәметпеген жанмын. Өмірдегі ұстанған принципім – ісіме адал болу. Сол бағытта еңбек еттім. Талай мәрте арыз тексеруден кейін жазылған мақалаға байланысты соттасуға тура келді. Алайда, тазалығымның арқасында биік қалпымда қалдым деп ойлаймын. Әлі күнге дейін мені іздейтіндер қатары көп. Өткенде ғана Көксу ауданынан жер мәселесіне қатысты журналист ретінде араласуымды өтініп келген екен. Бірақ мен денсаулығыма байланысты мұндай даулы дүниелерге қазір бармайтынымды айттым. Ол болса бүгінгі таңда осындай даулы мәселелерге араласатын азулы журналист қалмағанын тілге тиек етті. Осыдан кейін қазіргі журналистиканың келбеті жайлы не айтуға болады?!
Бұл жағдайға қалай түстік десең, оның да нақты жауабын беру қиын. Мұны тұрмыстың әлегі дейтін болсам, біздің кезімізде бұдан бетер қиын болған еді. 1994 жылдары журналистикаға келге-німде айлап жалақы алмайтын кезеңдер болды. Бірақ біз мамандығымызды тек табыс қана табатын кәсіпке айналдырмадық. Берілген тапсырмаға аса бір жауапкершілікпен қарап, діттеген жерге жаяулатып болса да барып, жазып келетін едік.
Шыны сол, ол тұстағы кадр да мықты еді. Мәселен, «Жетісуда» Салиха Сәмбетова, Әміртай Бөриев, Мұғалімбай Жылқайдаров, Жанайдар Бұралқиев, Ілияс Жүніс, Төлен Қаупынбаев сынды мықты деген журналистер болды. Мұғалімбай аға газеттегі ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Сол тұста ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары Жылқайдаров жүрген жерде тосылып, сөйлей алмайтын. Неге десең ол кісінің жазу дәптерінде бұрынғы жылдардағы ақпарат тізіліп тұратын. Мәселен, егін туралы мәселе қаралса, соған қарап жіберетін де, өтірікті аймандай ететін. Баяндама жасаған басшыға: «Сен неге өтірік айтып тұрсың, өткен жылы олай болған жоқ қой», – деп дәптеріндегі деректерді сөйлететін. Осы кісілерді көріп өскен біз де талай дүниені үйрендік. Кейде біз ақпаратты телефон арқылы аламыз, сол кезде: «Сендер аяқпен баруға ерініп, ақпаратты телефон арқылы аласыңдар. Бұл құрғақ болады. Қандай жағдайда болмасын мәліметті көзбе көз жолығып, сөйлесе отырып алған жөн», – дейтін. Қазір соның бәрі сұйылды. Телефонмен алу былай тұрсын, интернеттен ала салатын болдық қой.
Сонымен қатар, «Жетісуда» қолтаңбасы қалған Светлана Буратай, Жанкүміс Жәмеңке, Нүсіпбай Әбдірахым, Нұржамал Әлішева секілді мықты қаламгерлер баспасөздің мерейін арттырып тұрған нағыз журналистер болды. Ал қазір журналистерде есім жоқ. Есім жоқ жерде сес те болмайды. Бүгінгі журналистикада жүргендер де, келгендер де нағыз мамандығының иесі еместей көрінеді.
Журналист – қашанда «халықтың партиясы сияқты» билікке сәл-пәл болса да оппозицияда болуы керек. Ойымды бір сөзбен қайырсам, бүгінгі журналистика алдыға емес, артқа кетіп бара жатқандай көрінеді. Қазір қарашаның емес, қара бастың қамын ойлайтын журналистер көбейді.
АЛАТАУ: – Белгілі қаламгер Қали (С) ағамыз айтқандай, сіз де «қазіргі баспасөз бөспесөзге айналды» дегіңіз келе ме?
Болат АБАҒАН: – Баяғыда «Айтылған сөз, атылған оқтай» дейтін едік. Қазір «айтылған сөз оқ емес, боқ болып қалды». Мұныма ешкім ренжи қоймас… Мүмкін қазір жеріне жеткізіп, намысты оятатындай жаза алмай жатқан шығармыз, кім білсін?! Рас, Қали ағаң жөн айтыпты, бөспесөзге және мал табудың құралына айналғандай.
Қазір салалық журналистика ізім-қайым жоғалды. Біздің тұста салалық журналистиканың дәурені озып еді. Сондықтан да болар қазіргі баспасөздің бөспесөзге айналғаны. Әр кезеңнің, әр адамның, әркімнің бір өз шындығы бар ғой.
АЛАТАУ: – Қоғамда журналистика күнкөріс құралына, оңай кәсіпке айналып кетті деген пікір басым екенін өзіңіз де айтып қалдыңыз. Кәсіби журналист ретінде бұған алып қосарыңыз?..
Болат АБАҒАН: – Тағы да қайталап айтамын. Қазір қоғамда есімі бар журналистер жоқ, бар дегеніңізбен, некен-саяқ. Соңғы жылдарда журналистиканы нантабар кәсіпке айналдырып алғанымызға ішің қан жылайды.
Кезінде журналистер даярлайтын жалғыз ұстахана ҚазМУ-дің журналистика факультеті еді. Журфакқа оқуға түсу үшін бірнеше сынақтардан өтетінсің. Өте сапалы журналистер даярлады. Ал қазір Қазақстанның әр түкпірінде журналистер даярлайтын бөлімшелер шаш-етектен. Ал енді олардың дайындаған мамандарының сапасына кім жауап береді? Мұнан кейін дайындалып жатқан келешек журналист мамандардың сапасы туралы не айтуға болады?
Мәселен, өзімді университетке сабақ беруге қаншама мәрте шақырды. Бірақ мен бірден бас тарттым. Алайда, қазір журналистикада кім көрінген сабақ беріп жүр… Бүгінгі журналистикада жүргендердің басым бөлігі қабілет-қарымы болмаса да нәпақа табу мен танымал болудың жолын көксейді.
Сонымен бірге, қазір арамызда жағымпаздық оты жанып тұр. Бұрын болған жоқ деуден аулақпын, бірақ соңғы жылдарда тіптен өршіп, асқынып кеткендей. Бұл оттың ұшқыны журналистикаға да дендеп енді… Негізінде, бюджетке телмірген, үкіметтің ығына жығылып, оған жағымпазданған баспасөзді халық сыйламайды. Біреудің құлақты кесті құлына айналған баспасөзден қандай шындықты күтуге болады?
Дей тұрғанмен де баспасөздің халықтың сенімді серігі болуын шын ниетіммен қалаймын.
АЛАТАУ: – Алаш қайраткері М.Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген еді. Бүгінгі баспасөздің қоғамдағы алар орны туралы не дейсіз?
Болат АБАҒАН: – Қазіргі қоғамда газетке үміт артпайтын болды ғой. Журналиске емес, керісінше, блогерге сенетін заман туды. Мұнымен журналистиканың атына нұқсан келтіргім жоқ. Дегенмен, бұл – өмір шындығы.
Есімінен ел сескенетін журналистің бірі – Сандуғаш Дүйсенова туралы өткен жылы ел ішінде түрлі әңгіме тарап, қамауға алынды. Сандуғаштың атына кір жағып, небір қитұрқы әрекеттер орын алды. Жұмыс істемеген журналист қана қателеспейді. Сол кезде үн қатқан журналистердің қатары некен-саяқ болғанымен, ауызбіршілік танытып, арнайы топ құрудың арқасында бостандыққа шыққанына қуандық.
Қазір бізде баспасөз де, сөз де мықты болмай қалды. Сөз бостандығы бар дейміз, бірақ оның арты жақсы болмай жатыр емес пе?! Қазір құрғақ сөзбен бағалайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Қоғамда белең алып жатқан мәселелерді зерттеп жазуды қойдық, журналистиканың азусыздығы көрініс беруде. Білім саласында орын алған сұрықсыз дүниелер де жабулы, ешқандай қозғалыссыз жатыр. Мәселен, облыста ай сайын түрлі келіссөздер жүргізіліп жатады. Бірақ осылардан нәтиже шықты ма? Бұл тұрғыда әкім уәде берді ме, соның орындалуын қадағалап, келесі жылғы есебінде елдің алдында ұялмайтындай болуы тиіс қой. Бірақ ешкімге ештеңе керек еместей қалып танытып келеміз. Біздің тұсымызда мақала жазғанда ретін келтіріп, елдің мұңын айтатын, жоғын жоқтайтын сөздерді де кіріктіріп жіберетін едік. Қазір жазбай жатыр демеймін, бірақ соны құлаққа іліп, керек етіп жатпаған соң, тиісті деңгейде шара қолданбағаннан соң бәрі бекер… Қазір журналистердің жағдайы анағұрлым жақсы. Алайда, жазғандарына қарап журналистика жолда қалып қойғандай күй кешесің. Бұрын облыс басшылары басылымның бас редакторымен санасатын-ды. Қазір керек етпейтін дәрежеге жеттік. Журналист қолбалаға айналды.
АЛАТАУ: – Журналистикада жүр-ген жолыңызда көңілге не түйіп үлгердіңіз?
Болат АБАҒАН: – Түйгенім – журналистикада бұра тартпауға, көңіл-күйге қатты ерік беріп, жеке бастың пайдасын ойлауға болмайтынын түсіндім. Сөзімде айттым ғой, журналистік жолда мені бірнеше мәрте сотқа бергендер болды. Соның бәрінен тазалығымның арқасында жеңіп шықтым.
1999 жылдың ақпан айында Ұйғыр ауданынан олимпиадаға келген бес бірдей бала жанып кетті. Олимпиадаға алып келгенде қараусыз қалдырып, қайтарда ескі «жигули» мәшинесіне мінген оқушылардың көлігі бензовозға соғылған. Сол кезде облыстық «Жетісу» газетіне шырқыратып мақала жаздым. Ақыр аяғы айғай-шуға ұласып, үстімнен 36 беттік арыз түсті. Сонда әлгі балалардың ата-анасы мен ауданның прокуроры Боранәлі Ақпанбет деген азамат соңына дейін мен жақта болып, қорғап қалды. Әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Бұл сол кездегі журналистиканың азулы болғанын көрсетсе керек.
Журналистикада ең бірінші мамандығыңды жақсы көріп, адал болуың шарт. Бұл жолда әрдайым өзіңді емес, өзгені ойлауың керек. Дәрігерлерді адам жанының арашасы деп жатамыз. Олар жанды аман алып қалса, рухани дүниедегі жанашырлықта журналистер алдыңғы орынға шығуы тиіс. Соны ұғынғанда ғана журналистиканың шамы жарық болады.
АЛАТАУ: – Әңгімеңізге рақмет. Мерекеңіз құтты болсын!

Әңгімелескен –
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ