ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ – ЖАЙБАСАРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

0
308

Жылдың төрт мезгілінде де табиғат апаттары болып тұрады. Мың жерден тосын оқиғаларға сақадай саймыз деп айтқанымызбен табиғаттың тосын мінезіне шара қолдана алмаймыз. Әлгіндей оқиғалар болған кезде бұрын ТЖБ мен жергілікті органдардың төтенше жағдайларға байланысты алдын-ала атқардық деген жұмыстарынан шикілік шығады. Оның айқын көрінісін биылғы Солтүстік, Батыс өңірлерінде болған төтенше жағдайлар айқын көрсетті.

Өзен арнасындағы бөгеттер, су тоспалары табиғат апаттарына даяр болмай шықты. Жылма-жыл болып тұратын дала өрті де өзекті өртейді. Ауа райының қатты ысуынан немесе жауын-шашынды күндері найзағай түсіп, отқа оранып жатқан жасыл-желек ормандарымызды қалпына келтіруге қаншама жыл кетеді. Құдай да сақтанғанды сақтаймын деген ғой. Табиғи апаттардың алдын алуда жергілікті билік органдары мен ТЖБ-ның сан соғып жататынын немен түсіндіруге болады?
Қоғамдағы экологиялық ахуал, табиғаттың тосын мінезі, ауа райының құбылуы кейінгі он-он бес жылда адамзат баласын әбігерге салып келеді. Қоршаған ортаға немқұрайлы қарау, табиғатты аялаудың орнына тамырына балта шабу, экологиялық жағдайларды адамзат баласының өзі ушықтырып жіберді. Оның үстіне түрлі көзбояушылықтар, бөлінген қаржының тиімді пайдаланылмай, талан-таражға түсуі, жемқорлықтың желіндеуі, ел мүддесін емес, қара басының қамын күйттеген шенді-шекпенділердің теріс әрекеттері әшкереленіп жатыр. Биылғы қыс солтүстік өңір түгілі оңтүстіктің тұрғындарын біраз әбігерге салды. Қалың түскен қар көбесі ерте көктемнен жер тоңы жібімей жатып, тасқынға ұласты. Ал солтүстік өңірлердің шенділері Мемлекет басшысын, Үкімет мүшелерін төтенше жағдайларға жүз пайыз дайынбыз деп сендірді. Күн көзі күрт жылынғанда Ақтөбе облысының шалғай елді мекені тұрмақ, қала ішін еріген қар суы басып қалды. Ел-жұрт ұлардай шулады. «Бақсам бақа екен» демекші, бұл үрдіс ақтөбеліктер үшін жылда болып тұратын құбылыс екенін халық айтты. Өзен арналарының тереңдетіп қазылмауы, тазаланбауы, жағалаулардың берік бітелмеуі, сел тасқыны бола қалған жағдайда артық суды құйып ала қоятын су қоймаларының салынбауы, барының өзі күрделі жөндеулерден өтпеуі, алапат тасқын кезінде көзге шыққан сүйелдей бақырайып көрініп тұрды. Қаннен қаперсіз жүрген әкім-қаралардың жайбасарлығынан ауылдарды су басып, малдары суға кетіп, халқы суда қалып, төтенше жағдай жарияланып, құрылымдық күштер мен техника жұмылдырылды. Бұл іске Мемлекет басшысы өзі араласып Үкімет мүшелерін кабинетте отырғызбай, тасқын болған аймақтарға аттандырып, суда қалған ел-жұртты көшіріп, бюджеттен, қордан қаражат бөліп, әупірімдеп елді аман алып қалды. Қара күзге дейін баспаналары жарамсыз болып қалғандарға баспана сатып алынып, үйсіз қалғандарға кілттері табысталып жатыр. Табиғат апаты тек қана Қазақстанда болып қойған жоқ, көрші Ресейде, Еуропа елдерінде де болып жатыр. Алайда, айтпай келетін табиғи құбылыстарға төтенше жағдайды қадағалау мекемесі мен жергілікті биліктің көзі қырағы болуы керек еді. Олай болмай шықты. Тасқынның салдары әлі толық зерделеніп болған жоқ, тексерілуде. Бұл бір күннің ішінде бола қойған оқиға емес-ті. Жылда ана жерді су шайып кетті, мына жерді тасқын жырып кетті деп айтылып жүрді. Су тоспалары қадағалаусыз қалып қойғанын, көптеген шикіліктің бетпердесі ашылғанын, биылғы көктемде болған қар суы мен табиғат апаты көрсетіп берді. Жергілікті мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар департаменті Мемлекет басшысы мен Үкіметке жалған ақпарат беріп келгенінің куәсі болдық. Оны солтүстік пен батыс аймақтарында болған су тасқыны дәлелдейді. Абырой болғанда, бұл келеңсіз оқиғадан Жетісу облысы дін-аман шықты. Өңір басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев облыс тізгінін қолына алғалы, әсіресе, төтенше жағдайға баса мән бергенін аңғардық. Тіпті іргеміз тиіп тұрған Алматы облысында болған су тасқыны, еріген қар суы бізде болмады. Анығын айтқанда, былтыр, алдыңғы жылдары көктемгі су шаю оқиғалары Ескелді, Кербұлақ, Алакөл аудандарында қылаң берген болатын. Міне, сол сәттен бастап өңір басшысы төтенше жағдайларды жіті зерделеп, өзендер арнасын тазарттырып, қауіпті деген аймақтарды бақылауға алып, тиісті шараларды жүзеге асырды. Оны ақпарат құралдарына жариялап отырды. Су қоймаларына қадағалау жасады. Себебі 2010 жылы наурыз айының 11-інен 12-сіне қараған түні Қызылағаш су қоймасының емеуірінен асып, су торабын бұзып, бүкіл ауылды басқан тасқын 46 адамның өмірін жалмаған-ды. Бұл жетісулықтар үшін үлкен сабақ болды. Талап пен тәртіп бар жерде жұмыстың нәтижесі көрінеді. Жалпы облыс көлеміндегі төтенше жағдайлар туралы атқарылған жұмыстарды «Алатау» қоғамдық-саяси газеті назардан тыс қалдырмайды. Елдің мүддесі, тыныс-тіршілігі жайлы ұдайы айтып, жазып келеді.
Ал төтенше жағдайларға байланысты Ескелді ауданында 2023 жыл қандай жұмыстар атқарылды және 2024 жылы қандай шаралар жүзеге асырылуда?
«Жергілікті атқарушы органмен бірлесіп Ескелді ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі Көкжазық ауылдық округіне қарасты Теңлік ауылының маңында орналасқан Қаратал өзенін, Қарабұлақ ауылында Қаратал өзенінің арнасын түзеп, жағалауына нығайту жұмыстарын жүргізді. Айтулы елді мекендердің Қаратал өзенінің бойын мекендеп отырғандықтан бұл қырағылық аса қажет. Әрі, аудан Текелі қаласымен иық тіресіп тұр. Табиғат апаты, әсіресе, жер сілкінісі Текеліде жылда қайталанып тұрады. Сондықтан сақтық шарасын ұмыт қалдыруға болмайды. Тасқын тек қана көктем айларында ғана болып қоймайды. Күннің көзі күрт ысығанда Текелі тауларындағы қар көбесі сөгіліп, Қаратал, Көксу өзендерінің арнасына құйылса, жаңбыр мол жауып, қара нөсерге ұласқанда таудан аққан лай тасқын күш бермей кетуі бек мүмкін. Осындай қауіп-қатерден халықты әрі егістік алқаптармен жайылымдары, мал-жанды аман сақтау үшін жергілікті атқарушы органнан жұмыс қызметінде қолдану үшін құрал-жабдықтар сұралып сатып алынды», – дейді Ескелді ауданы ТЖБ басшысы Нұрдәулет Нұргелдіұлы Жақсыбаев.
Бұл өткен жылғы атқарылған жұмыстар болса, биыл Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Абай, Ешкіөлмес және Кірпіш зауыты ауылдарында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында «Құсақ» каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. ЖАО, аудандық ПБ мен бірлесіп күнделікті суға шомылуға тыйым салынған орындарда және орман шаруашылығының аумағына тиесілі жерлерде өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша рейдтер жүргізілген. Маусым айы бастала сала өзен-көлдерді жағалайтын ауыл балалары үшін тағы бір қауіп бар. Ол тыйым салынған суға шомылу орындары, әрі өрт қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Баланың аты бала, тыйым салынған жерге баруға болмайды десең де елеп-ескере бермейді. Қауіп-қатердің судан болатынын аңғармайды. Ал оның арты орны толмас өкінішке ұласып жатады. Сондықтан ауданның ТЖ бөлімі суға шомылу маусымы аяқталғанша қырағалықты көзден таса қылмайды.
«Өзен бойын жағалаушыларға ұдайы қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат беріп тұрамыз. Қоршаған ортаны таза ұстауды, өрт апатын болдырмауды ескертеміз. Ол –біздің міндетіміз. Алайда, бәрі біз айтқандай бола бермейді. Тосын оқиғалар болмайды емес, болып тұрады. Оның бәрі балалар мен өзен бойында демалушылардың, суға шомылушылардың абайсыздығынан болады. Ал өрт қауіпсіздігі қоғам мен мемлекет үшін үлкен күш жігерді қажет етеді. Дала өрттері бола қалған жағдайда оны сөндіру де оңайға соқпайды. Қураған шөп, тоғай өрттері ырық бермей кетеді. Бұл үлкен күш-жігерді, әрі техниканы қажет етеді. Жеке тұрғын үйлердегі өрттің әңгімесі бір бөлек. Бұл жылыту маусымы басталғанда қатты отын тұтынатын, жеке тұрғын үйлердегі тұрғындардың пештің мұржаларын тазаламаудан ысқа уланып жатады. Газ балондарын тиімді пайдаланбаудан, электр желілерінің тұйықталуынан да болады. Бұл тек қана тұрғын үйлерде емес, сауда үйлерінде, базарларда кішігірім кәсіпорындардағы төтенше жағдайлар», – дейді Ескелді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрдәулет Нұргелдіұлы.
Жыл басынан бері қанша төтенше жағдай орын алды деген сауалымызға бөлім басшысы ағымдағы жылдың мамыр айына дейін 44 төтенше жағдай тіркелгенін айтты.
Жыл басынан бері 15 мобильді топ құрылып, қазіргі таңда 17 рейд өткізілген. Сондай-ақ, «Жетісу» телеарнасында 1 сюжет көрсетілсе, өрт қауіпсіздігі бойынша басылымдарға 14 мақала, әлеуметтік желілерде 78 мақала жарияланған.
Төтенше жағдайға қатысты ұдайы оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп, заманауи техникалар тартылуы тиіс. Өйткені кез келген қауіп-қатердің алдында кеуде тосып төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрады. Төтенше жағдайлар туралы дабыл қағылғанда от пен судың ортасында жүретіндер де осылар. Қауіп-қатерге басын тігіп, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жүріп қаза тапқан қаншама қызметкерлерді жақсы білеміз. Табиғат апаттарынан болатын төтенше жағдайларға түсіністікпен де қарауға болады. Ал адам баласының қолымен қасақана жасалып жатқан өрт немесе немқұрайлықтан болатын төтенше оқиғаларды ақтауға болмайды. Ол мемлекет үшін үлкен шығын, экономикаға келетін зауал.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ