94 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ

0
207

Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында биылдың өзінде 94 нысан тұрғызылады, соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде салынады, сол қатарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт бар. Нысандардың 27-сі блокты-модульді құрылыс болады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2022 жылдан бері өңірде 40-тан астам нысан салынған. Осы орайда 2022 жылы 12, 2023 жылы 22 БМК медпункт тұрғызылған. Ал биыл денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайып, 92,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Соған сәйкес жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Басқарма мамандарының айтуынша, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінген. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетіпті. Мұның бәрі өз кезегінде жергілікті жерлерде дұрыс диагностикалау мен сапалы емдеуге, сырқаттың алдын алуға оң ықпалын тигізбек.
Өткен жылы 3,1 млрд. теңгеге 300 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынса, биыл да осы мақсатқа 4,7 млрд. теңге қарастырылып отырған көрінеді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ