ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ, ҮКІЛІ ҮМІТІ

0
278

Тамырын тереңге жіберген ағаш та бұтағымен көгеріп көктейді. Ал адамзат баласының өсіп-өнуі, ұрпақ өрбітуі, болашақ жастардың қолында деп сенім артуы, отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің берік ұстанған саясаты. Марқасқа ақын Мағжан Жұмабаев:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін», – деп асқақтата жырлауы, жастар бойындағы қажыр-қайратына сенім артып, жырына арқау еткен.

Қазақ тәмсілдерінде де «кәрі келсе асқа, жас келсе іске» деп жалындаған жастардың тау қопарып, тасты жаратынын, алау оттай қарып түсетініне қарап, тәмсілдеуі тегіннен тегін емес-ті…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастар саясатына қатысты толғақты ойларында: «Жастық шақ! Бұл – адам баласының ересек өмірге көшу кезеңі, экономикалық-қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу мен әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысуға барынша ынталы дәуірі. Мұндай ынта жеке адам мен қоғам үшін ғана маңызды емес, сол елдің дамуы мен елдегі жастар саясатын қалыптастыруда да өзекті. 2016 жылдың 15 шілдесі күні Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған «Дүниежүзі жастары туралы репортажда» бүкіл әлем бойынша жастардың экономикалық-қаржылық жағдайының көңіл көншітпейтіні, саяси істерге қатысуға деген ынта-пейілі төмен екендігі айқын көрсетілді. Аталған репортажда қазір әлемде жұмыссыз жастардың саны 73 миллионнан асқаны, кейбір дамыған елдерде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 50 пайыз, ал табысы орташа немесе төмен елдердегі бейресми секторлардың ұзақ жыл бойы жұмысқа жас мамандарды қабылдамауы өте өзекті мәселенің бірі екені айтылды. Жастардың азаматтық өмірге тиімді қатысу қабілеті өздері өмір сүріп отырған әлеуметтік-экономикалық, саяси ортасына байланысты. Ашық және тегін интернет ресурстарына ие болуы, саяси қозғалыстарға қатысуы, аймақтағы бейбітшілік пен елдегі орнықтылықты сақтау бастамалары қоғамға игі ықпал еткенімен, лайықты һәм тұрақты жұмыстың болмауы, еңбек құқығының жиі бұзылуы мен әлеуметтік шығындарға төлейтін қаржысының жеткіліксіздігі жастарға, әсіресе, олардың азаматтық өмірге белсенді араласу ынтасына кесірін тигізеді. Бұл өз кезегінде жалпы қоғамның дамуы мен әлеуметтік интеграцияға ұзақ мерзім бойына теріс салдар туғызатын жағдай.
Жоғарыдағы құжаттың мәліметі бойынша көптеген ел үкіметінің жастар кәсіпкерлігін ынталандыратыны айтылған. Бірақ жастар кәсіпкерлік процесінде несие мен қаржыландыру тұрғысынан қиындыққа кезігеді, бұл мәселеде олар көбінесе отбасы мен достарының көмегіне иек артуға мәжбүр. Мемлекет жастардың кәсіпкерлігіне қолдау көрсетумен ғана шектелсе, жұмыспен қамтудың кешенді стратегиясы арқылы жұмысқа орналасуына жеткілікті жағдай жасамаса, кәсіпкерлікті ынталандырудан бәлендей нәтиже шыға қоюы екіталай», – деген-ді.
Мемлекет басшысы айтса айтқандай, жастарға қатысты әлем елдерін толғандырып отырған өзекті мәселе Қазақстан жастарын да айналып өткен жоқ. Болашақтың тұтқасын ұстайтын жалынды жастарды ұйыстырып, оларға саяси аренада, кәсіпте, ғылым мен білімде, көтермелеп көрегенділік танытуы алдыңғы толқын ағалар мен билік мінберлеріндегі шенді-шекпенділердің жол көрсетуі ауадай қажет.
Ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Кейінгі жылдарда жастарды мемлекеттік қызметтерге резервтік жүйеге қойып, қызметтер ұсынылып, Парламент мінберлерінен орын беріліп, саяси қарым-қабілеттері ел назарына ілігіп жүр. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік және ілім-білім, ғылымда, денсаулық, мәдениет саласында жарқырай көрінуіне жол ашты. Бұл үрдісте, экс президент Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасын жоққа шығаруға болмайды. Заман ағымына қарай бейімделіп, «ел болып толғанып, ұлт болып ұйысу жолында» жастар саясатына айрықша көңіл бөлген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды қоғамдық үрдістерге белсене қатысуға үндеп келеді. Жоғарыдан бастап, жергілікті билік арасында жастарға сенім арттыруға, мемлекет тірегі жастарды қолдау саясаты қарқынды жүргізілуде. Отанды сүю, ұлтжанды, еңбексүйгіштікке баулуда жастардың рухани бет-бейнесі айқын көрінеді.
«Жетісу жастары» КММ директоры Еркебұлан Ақболатовтың айтуынша, Жетісу өңірінде 14 пен 35 жасқа дейінгі жастар саны статистикалық деректер бойынша 186 895 адамды құрайды (халық санынының 27%). Оның 82 837-і қалалық болса, 104 058-і ауылдық жерде. Өңірде 8 аудан, 2 қала, 115 ауылдық округте жастармен жұмыстарды «Жастар ресурстық орталығы» үйлестіреді. Орталықтарда барлығы 165 маман қызмет жасаса, бұдан бөлек 117 штаттық жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы жұмыс атқаруда .
2024 жыл басынан мәлімет бойынша 15-34 жас аралығындағы NEET санатындағы жастардың үлесі 7,4% құраса, (республика бойынша 7%) жастардың жұмыссыздық деңгейі 2,5% (республика бойынша 3,1%). Жастарға қатысты түйінді түйткілді шешуде әрі Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жетісу облысы бойынша NEET санатындағы 15 419 жастың тізімін ұсынған. Тізімде көрсетілген жастардың әлеуметтік санатын нақтылау мақсатында облыс бойынша атаулы жұмыс жүргізіліп, NEET санатындағы жастар «Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Бүгінгі күні тізімде көрсетілген 8617 жастың қазіргі жағдайы анықталып, байланыс орнатылды. Олар жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, гранттар (жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие, «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Zhasproject») жайлы ақпараттанып, «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне» қатысуда. Қалған 6802 жастың санаттары көрсетілген мекен жайы бойынша тұрмауына, аудан/қалалық ауруханалардың және «Мансап» орталық филиалдарының базасынан шықпағандықтан және иесі жоқ, бұзылған үйлердің мекен жайында тіркелкендіктен анықтау қиынға соғуда екенін тілге тиек етті «Жетісу жастары» КММ директоры Еркебұлан Ешмұхамбетұлы.
Кәсіпкерлікке талпынған жастарды қолдау үшін 2,5 пайыздық жеңілдікпен шағын несиелендіру жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Жетісу облысы бойынша 81 жас өзінің жобасын ұсынған.
2023 жылдан бастап Жетісу және Шығыс Қазақстан облысында ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп Zhasproject орташа мерзімді жоба іске асырылуда. Бұл жоба 2024 жылда жалғасын табуда. 2024 жылы 18 бен 35 жас аралығындағы жұмыссыз жастардан жалпы облыс бойынша – 252 өтінім келіп түскен. Конкурс талаптарына сәйкестігіне қарай техникалық іріктеуден Жетісу облысы бойынша – 45 жас өткен. Конкурстық комиссияның шешімі нәтижесінде Жетісу облысы бойынша 14 үміткер конкурс жеңімпазы деп танылған. Жыл басынан жұмыссыз және NEET санатындағы жастармен 238 кездесу өткізіліп, 180 ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оған 6725 жас қатысса, аталған мерзім ішінде 18 «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, оған 1565 жұмыссыз жас қатысқан. Нәтижесінде, 519 адам тұрақты жұмыс орнына және «Жастар практикасына» 30, «Алғашқы жұмыс орнына» 34, «Ұрпақтар келісімшартына» 2, қоғамдық жұмыстарға 57, әлеуметтік жұмыс орындарына 12, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 315 адам орналасқан. Бүгінгі күні Жетісу облысының әкімі Б.Исабаевтың идеясымен «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» жанынан «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі құрылды.
2023 жылдың қыркүйегінен Талдықорған қаласы мектептерінде 31, 2024 жылдың қаңтарынан Панфилов ауданы мектептерінде 37, осы жылдың қыркүйегінен бастап қалған 1 қала мен 7 аудан орталықтарында 48 ментор жұмысқа кіріскен.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Еркебұлан Ешмұхамбетұлының айтуынша, күзгі, қысқы демалыста 320 оқушы 7 ЖОО-на СДУ, ҚБТУ, Нархоз, Тұран, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Сәтпаев атындағы ҚазҰЗУ профориентациялық мақсатпен экскурсияға барған. Жоба аясында қыркүйек айы – «Кіріспе айы» болып бекітіліп, оның аясында менторлар өздерін таныстырып, баяндамаларын оқып, жұмыстарына кіріскен. Оқу үрдісі басталысымен 1200-ден астам оқушының қатысуымен 25 ментор 55 презентация өткізген.
Қазан айы – «Қауіпсіздік айы» аясында жоспарға сәйкес Талдықорған қаласының мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне арнап 30 мектепте 8428 оқушының қатысуымен жалпы саны 119 дәріс өткізілген.
«Республика бойынша 11 ЖОО өкілдерінің қатысуымен 650 оқушыға (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университеті, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Семей медицина университеті, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Алматы технологиялық университеті, АУЭС, Азаматтық авиация академиясы) «Ашық есік күндері» өткізілді.
Республикалық және облыстық деңгейдегі шақырылған қонақтар – министр, депутат, прокурор, әкім, теолог, жазушы, актер, қоғам белсенділері және тағы басқа шақырылған қонақтар, басшылар, тәжірибелі мамандар 9411 оқушының қатысуымен дәріс өткізді.
2024 жылдың басынан төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл әрекеті бойынша профилактикалық кездесу өткізіліп, әртүрлі мәселелерге байланысты оқушыларға жеке кеңестер беріліп, ұл мен қыз балаларға жиналыс өткізіп, зорлық-зомбылық, буллинг және кибербуллинг, жыныстық қолсұғылмаушылық, оқушылар арасындағы құқық бұзушылық, ерте жүктілік бойынша есепте тұрған 65 баламен жұмыс жүргізілген. Жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына құжаттар қабылданды. Бүгінгі күні «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша жалпы 115 жоба қабылданып, Жетісу облысының жастарын әлеуметтендіру, олармен идеологиялық бағыттағы жұмыстарды күшейту бойынша да нақты шаралар қабылдануда», – дейді Жетісу жастары КММ директоры Еркебұлан Ешмұхамбетұлы.
«Jetіsý jastary» КММ-нің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 30 мамыр күні Қазақстан жастары арасында классикалық бал мәдениетін қалыптастыру, Талдықорған қаласының шығармашылық білім беру мекемелерінің имиджін көтеру, жастар шығармашылығын дамыту, көпшілікті классикалық мәдениет – опера, балет, классикалық билермен таныстыру, әлемдік сахнада қазақстандық балалардың әлеуетін және жастар шығармашылығын дамытуға назар аудару, сондай-ақ балға мүмкіндігі шектеулі жастарды тарту, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, қоғам арасында мейірімділікті насихаттау мақсатында «Көктем балы» іс-шарасы өткізілген. Үш ай бойы балетмейстер Денис Московскихтің жетекшілігімен би және этика негізіне дайындалған 35 жұптан тұратын дебютанттарға полонез, вальс, танго билері үйретілген. Арнаулы кеш қонағы ретінде Қазақстанда ең әйгілі Band-тардың ішіне кіретін Breezy Band тобы, сиқыршы-иллюзионист және цирк әртістері өз өнерлерін паш етіпті.
Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы-2023» жастар сыйлығы табысталды. «Көшбасшы» облысымыздың жастарына арналған сұранысқа ие, ең ірі жобалардың біріне айналған. Бұған жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Биылдың өзінде 114 үміткер өтініш қалдырып, 10 үміткер үздік деп танылғанын айтқан, «Жетісу жастары» КММ директоры жастарды жұмыспен қамту бағытына да тоқталды.
«Жетісу облысының жұмыспен қамту органдарына жастар арасынан 12440 адам жүгінді, олар үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 9544 белсенді шаралары көрсетіліп, 6577 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 3931 жас тартылды. Қоғамдық жұмыстарға жастар арасынан – 1544, әлеуметтік жұмыстар орнына – 117, жастар практикасына – 629 түлек, алғашқы жұмыс орнына – 331, ұрпақтар келісім-шарты бойынша – 25, қысқа мерзімді кәсіби оқытуға – 242, ЭЕБ онлайн оқудан өткендер – 640, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 1735 жас жіберіліп, грант алғандар – 82, шағын несие – 268 алғанын айтты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы бюджеттік несиеге республикалық бюджеттен 206 маманға 1,1 млрд. теңге, көтерме жәрдемақы бойынша жергілікті бюджеттен 335 маманға 115,6 млн. теңге бөлініп, көтерме жәрдемақыны 66,6 млн.теңгеге 193 маман алған, (білім саласы мамандары – 93, денсаулық сақтау – 52, әлеуметтік қамсыздандыру – 6, мәдениет – 9, спорт – 12, агроөнеркәсіп кешені – 11 және мемлекеттік қызметшілер – 10), бюджеттік несие бойынша 191,5 млн. теңге игерілді», – деген ол «Дипломмен ауылға» жобасы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарды бекіту мәселелерін шешуге оң әсерін тигізіп жатқанын да айтты.
Аймақтағы жастардың қам-қарекетін нақтылау бағытында КӨКСУ және ЕСКЕЛДІ аудандарындағы жастар филиалының атқарған жұмыстарын да саралауды жөн көрдік.
КӨКСУ жастары филиа-лының жетекшісі Қуаныш Мүсілімұлының айтуынша, статистикалық деректерге сәйкес Көксу ауданында 2024 жылға халық саны 42 200 адам, осының 10303-і 14 пен 35 жасқа дейінгі жасты құрайды. Ал аудан бойынша нақты елді мекенде тұрып жатқан жастар саны 8993 болса, қалалық жерде 1310 тұрады.
Жалпы жұмысшы жастар саны – 776 адам. Олардың 112-і мемлекеттік қызметкер, 664 бюджеттік қызметкер, кәсіпорындарда қызмет ететін жастар саны – 218, шаруа қожалықпен айналысатын жастар саны – 691, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар саны – 1019 адамды құрайды, – дейді Қуаныш Сайлаубай.
Білім бөлімінің ғимаратында орналасқан Жастар ресурстық орталығында 4 маман қызмет атқаруда. Мұнда жетекшіден бөлек мамандар бар. Сонымен қатар, аудандағы 10 ауылдық округ бойынша 10 жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылары жұмыс жасайды. Аудан жастарымен 264 іс-шара ұйымдастырылған. Мәселен, ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай мектеп оқушыларымен 22 кездесу, «Қайырымдылық» іс-шарасы аясында 30, сыбайлас жемқорлық бойынша 23, «Дін және дәстүр» бағытында 13, NEET санатындағы жастармен жұмыста 30, нашақорлыққа қатысты 34, суицид жөнінде 5, «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» атты спорттық іс-шара 18, жалпы мерекелік 37, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 29 іс-шара жүзеге асырылған.
2024 жылдың 1 тоқсанына бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көксу ауданы бойынша NEET санатындағы 994 жастың тізімін ұсынған. Тізімде көрсетілген жастардың әлеуметтік санатын нақтылау мақсатында аудан бойынша атаулы жұмыс жүргізіліп, «Ауыл жастары» – ауыл жастарын әлеуметтендіру және қолдау мақсатында жүзеге асырылатын жоба аясында қолөнерді дамыту, шығармашыл, та-лантты жастарды қолдау, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекет тарапынан ұсынылған өзге де қолдаулар туралы ақпараттандырылатын платформа құрып, белгілі кәсіпкерлерді менторлыққа тарта отырып ауыл жастарына бизнес дағдыларын үйрету, ауыл шаруашылығы саласындағы жеңілдіктер мен субсидияларды алу мүмкіндіктері түсіндірілген. Туризмді дамыту мақсатында туристік жорықтар мен тау спорт түрлерін насихаттау жұмыстары бағытында аудан жастарына арналған 2 шара өткізілген.
ЕСКЕЛДІ ауданы бойынша жастарды маусымдық жұмыспен қамтуда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшылары 2024 жылы маусымдық жұмыспен 60-қа жуық жасты қамтуды жоспарлаған. Ауданда тоқсанына 1 рет бос жұмыстар жәрмеңкесі өткізілсе, қаңтар, наурыз айларында 2 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 97 жұмыс орны ұсынылып, 57 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың жарты жыл қорытындысы бойынша 24 жас маман жұмысқа орналасса, қоғамдық жұмыс орнына жыл басынан 34 жас жіберіліп, Жастар практикасы бойынша осы жылға 60 жастың 24-і жұмысқа қабылданған.
Алғашқы жұмыс орнына жыл басынан 23 жас жұмысқа жіберіліп, ұрпақтар келісімшартына сәйкес жоспар бойынша 3, тұрақты жұмысқа 160 адам орналасса, онын ішінде 55-і жастар санатынан болған. Аудан көлемінде «Жасыл ел» жобасы аясында жастарды маусымдық жұмыспен қамту бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшылары 2024 жылы маусымдық жұмыспен 60-қа жуық жастарды қамту жоспарлануда, – дейді Ескелді жастары филиалының жетекшісі Серік Жолдыбаев.
Жастар саясаты жастарға қандай мүмкіндіктер ашты? Бұл туралы Серік Сағадиұлы өз ойын былайша жалғады.
«Бүгінгі қоғамның негізгі тірегі – жастар. Ертеңіне көп үміт артылған жас буынның жағдайы да мемлекет қолдауынан тыс қалған емес. Биылғы жылға ауқымды «Ескелді ауданы әкімінің кубогы – 2024» атты аудан тұрғындары мен жастар арасында волейбол турниры, 4Е «Eskeldi erlikpen enbektin eli» атты фестивалі, «Жайдарман-2024» жастар ойыны өткізіліп тұрады. Жастардың құқықтық мәдениетін арттыруда «Eskeldy jastary» орталығы «СТОП Қылмыс» жобасы бойынша «Түнгі тыныштық» атты аудандық ювеналды (ОДН) полиция тобының қызметкерлерімен бірлесіп түнгі рейдтер және кездесулер ұйымдастырылды. Осы ауқымды шаралар негізінде жастардың бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, олардың бос уақытын тиімді пайдалануға үлкен мүмкіндіктер береді. Денсаулықты сақтау және нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жұмысқа орналасу мен жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау, жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамытуда және отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, дарынды жастарды дамытуға жәрдемдесу, мәдени бос уақыт пен демалыс үшін жағдайларды қамтамасыз ету бағытында жұмыстартар жүзеге асырылуда».
Ауданда 2013 жылы ашылған «Eskeldy jastary» орталығында 3 қызметкер, 1 жетекші жұмыс істейді. 2014 жылдан бастап 11 ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар қызмет етуде. Ресми статистикалық мәлімет бойынша ауданда 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 13 385 адамды құрайды. 2009 жылдан бастап қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 650 жас маман көтерме жәрдемақы алса, 349 жас үй алуға несие алды. Ал ауыл шаруашылығы саласында жүрген жастар ауылды көркейту, дамыту жолында үлкен үлес қосып жүр. Ауданда 100-ден астам жас ауыл шаруашылығында қызмет етуде. Одан бөлек «Ауыл аманаты бағдарламасы» және 2,5 пайыздық шағын несиеге қатысты түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 2023 жылы 11 жас грантқа ие болған.
«Береді жастарға үлгі, кәрі де ақыл, Кемеңгер әрі шешен әрі батыр» деп жетісудың жезтаңдай ақыны Әбен Дауренбеков жырлағандай, Жетісу өңіріндегі өркен жайып келетін Жетісу жастарының жұмыстары, міне, осындай.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ