ФИТОСАНИТАРИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА

0
620

Ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзекті, күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – шегірткеге қарсы күрес жүргізу.

Егіс алқабын жайпап жатқан бұл жәндік Жетісу облысын да айналып өтпеді.
Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Саят Сақмолдин және республикалық фитосанитариялық диагностика
және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының басшысы Бақберген Атантаев Журналистер үйінде өткен брифингте мәлім етті.
Баспасөзө мәслихатында белгілі болғандай, биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы 109, 416 мың гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланған.
«Химиялық өңдеу жұмыстарын «Авиасила» ЖШС 4 ұшақ, жер үсті бүрку тәсілімен «Защита растений — К» ЖШС 7 жер үсті бүріккіш және жеке кәсіпкер «Бағжан» 7 жер үсті бүріккіш техникаларымен атқаруда. Аса қауіпті зиянкестердің ішінде облысымызда ауыл шаруашылығына ең қауіптісі – шегіртке тектес зиянкестер (Азиялық шегіртке және Итальяндық прус). Жалпы алғанда шегірткенің жаппай таралып, ауыл шаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіруі көптеген факторға байланысты. Атап айтсақ, көп жылдық талдау негізінде, даму ерекшеліктеріне байланысты шегіртке тектес зиянкестердің жаппай таралуы әр 10-12 жыл ішінде байқалады. Сол кезең қазіргі уақытқа келіп тұр. Сондықтан қаншалықты қиын жағдай қалыптасса да, ауыл шаруашылық жерлерін шегіртке тектес зиянкестерден қорғап қалуға барлық жағдайды жасауға міндеттіміз», – дейді жауапты мамандар.
Жетісу облысы бойынша жоспарланған 109 мың гектардың 108 мыңы өңделгенін де тілге тиек етті.
Облыс әкімінің Өкіміне сәйкес бекітілген іс-шаралар жоспары бойынша жергілікті атқарушы органдар шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шараларын ұйымдастыруға белсенділік танытып, қомақты үлесін қосып отыр. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде облыс көлемінде ауыл шаруашылық егістіктер, шабындықтар мен жайылымдарға шегіртке тектес зиянкестерден зиян келгені анықталмады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ