ЖЕКЕ ТЕКТІК МҰРАНЫ САҚТАУДЫҢ МАҢЫЗЫ

0
397

Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының мемлекеттік архив ғимаратында «Тарих. Тұлға. Архив» атты тақырып аясында тектік қор иелері мен әлеуетті қор құрушыларға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге қатысушы жеке тектік қор иелері, мемлекеттік архивтің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері әуелі еліне еңбегі сіңген атақты тұлғалардың шығармашылығынан тізілген құжаттар көрмесімен танысты.
Шара аясында Жетісу облысының мемлекеттік архивінің бас директоры Гүлжихан Жұмаханқызы сөз алып, жиынның негізгі мақсатына тоқталды.
Басқосудың мақсаты – жеке тектік құжаттарды зерттеу, атақты адамдардың өмірі мен қызметіндегі тарихи факторларын зерделеу, қазақ ұлттық интеллегенциясының қалыптасуына, ғылымның дамуына маңызды үлес қосқан тұлғалардың жеке және отбасылық өмірін зерттеуге деген қызығушылықты арттыру. Болашақ ұрпаққа осы құжаттардың негізінде жеке қор иелерін таныстыру және насихаттау болып табылады.
Шарада аға буын өкілдерінің еңбек жолы мен ұрпаққа өшпес мұра қалдыру жайы талқыланды. Сонымен қатар, ұйымдастырушы тарап болашақта Жетісу жеріне еңбегі сіңген ақын-жазушы, өзге де мәдениет қайраткерлерінің құнды құжаттарын тарихтың көзі ретінде сақтауды ниет ететінін баян етті.
Қатысушылар қатарынан жеке тектік қор иелері «Жетісу» газетінің тілшісі, өлкетанушы Қажет Андас, ақын, композитор Төлеужан Нүсіпжанұлы, І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайының директоры Әли Демегенұлы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» Жұматай Шонкенқызы, Қазақ журналистикасының қайраткері Болатбек Бисұлтанұлы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Оразгүл Хасенқызы жүрекжарды ойларын ортаға салса, Б. Римова атындағы Талдықорған қалалық қазақ драма театрының жоғары санаттағы әртісі Алмахан Нұрпейісқызы, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Әміре Әрін өз пікірлерін білдіріп, тектік қорға әдеби мұраларын тапсыратынын айтты.
Шара соңында қатысушылар бір-бірімен сұрақ-жауап алмасып, архив құжаттарының сақталуы, жеке тектік қорға өтініш қалдыру, құжаттарды есепке алу жұмыстарымен танысты, архивке экскурсия жасалды.

Г. ЕРМҰХАНҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ