ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Қазан айының 7-10 жұлдызы аралығында Талдықорған қаласында «BIKEN FEST – 2024» Халықаралық театр фестивалі өтті. Өнер мерекесіне елімізбен қатар Қырғызстан, Грузия, Түркияның театр ұжымдары қатысты.
Салтанатты шараның алдында еліміздің танымал тұлғалары мен алыс-жақын шет елдерден келген сарапшылар құрамы журналистермен жүздесіп, өнер тақырыбында сүбелі сұхбаттарын берді. Басқосуда өнер майталмандары өздерінің жылы тілегін де білдірді.
Бикен Римова атындағы драма театрдың киелі сахнасындағы салтанатты шара кино мен театр өнерінде өшпес қолтаңба қалдырған, ана, әйел образын ерекше сомдаған Би апаның түскен фильмдерінен көрсетілген арнайы дайындалған бейнефильммен бастау алды.
Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы қатысқан Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ақжарма тілегін жаудырды. Ерекше талантымен ел есінде қалған Халық әртісі Бикен Римова апамыздың атындағы бұл шара биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырғанын айтқан облыс басшысы Жетісу облысы ғана емес, еліміздің рухани өмірі үшін де фестивальдің орны бөлек деді.
«Бұл өнер мерекесі – шығармашылықтың, мәде-ниеттің және ұлттық дәстүріміздің жарқын көрінісі. «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер», – деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, шынымен бекзат өнерге бас иеміз, жүрегімізді нұрландырып, жан дүниемізді байытамыз.
«Өнерде шекара жоқ». Бұл шараға алыс-жақын бауырлас елдерден Түркия, Грузия, Қырғызстан мемлекеттерінен келген және еліміздің айтулы театрлары қатысып, барлығы 8 театр өз өнерлерін көрсетеді. Шәкен Айманов: «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деген екен. Сіздердің тамаша өнерлеріңіз көрерменді рухани кемелдендіріп, ерекше ләззат сыйлары сөзсіз.
Ортақ өнердің мерейін асырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Баршаңызға шығармашылық табыс, фестивальда сәттілік тілеймін», – деді Б. Исабаев.
Аймақ басшысының жүрекжарды сөзінен соң облыстық Д. Рақышев атындағы филармония өнерпаздары өнер көрсетті. Мұнан соң сахна төріне байқауға қатысатын театр ұжымдары арнайы шақыртылып, көрерменге таныстырылды.
Төрт күн бойы көрерменді тағылымды қойылым-дарымен сусындатқан дүбірлі додада Грузияның В. Гуния атындағы Поти мемлекеттік драма театры, Түркияның Эрзурум мемлекеттік театры, Қырғызстаннан Қ. Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театры, сол сияқты Қазақстаннан С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театры, Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Б. Омаров атындағы «Жас сахна» театры, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрлары өнер көрсетті. Қойылымдар Талдықорған театры мен Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның ғимараттарында өткізілді. Осы орайда өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов төрағалық ететін сыншылар алқасы жұмыс істеп, қойылымдарға кәсіби талқылау жасалды. Оның мүшелерінің сапында елімізбен қатар Татар және Грузин мемлекеттік театрларының белді өкілдері де болды.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»
Суреттерді түсірген – Ж. ЫСҚАБАЙ.