«ONAY!»-ДЫ ПАЙДАЛАНУ ӘЗІРГЕ ОҢАЙ БОЛЫП ТҰР

0
413

Заман ағымына қарай жаңа технологиялар іске қосылуда. Мұның оңтайлы тұсы да бар. Ал жеке тұрғындар үшін, яғни қарапайым халықтың қалтасына әжептеуір салмақ салады деп алаңдаған «ONAY!» картасы туралы қыркүйек айында гу-гу әңгіме болған-ды. Жетісу өңірінің жұртшылығы республика бойынша ең төменгі жалақы алатын өңір болғандықтан «ONAY!» картасы көпшіліктің көңілін алаңдатқаны да рас.

Қазан айы басталғалы іске қосылған жаңа жүйеге қала халқы үйренісіп те қалды. Әзірге қала ішінде қатынайтын көлік бағасы көтеріліп кеткен жоқ. Бұл уақытша амал болуы да мүмкін.
«ONAY!» картасын алғандар бұрынғы баға бойынша, ал карта сатып алмағандар 120 теңгеден төлем жасауда. Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жаңа жүйе арқылы қаладағы жол жүру ақысы әзірге қымбаттамайды, егер Абай, Тараз сияқты халық саны екі жүз мыңнан аспайтын қалаларда «ONAY!» тарифы өзгерсе Жетісу облысы да сол тарифке көшеді. Анығын айтқанда, Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардағы «ONAY!»-дың тарифі кішігірім қалаларға әлі енгізілмегендіктен төлем бұ-рынғы көлік бағасы арқылы жасалуда. Қазіргі күнде қала халқының автобусқа төлейтін төлемақы бағасына алаңдауға еш негіз жоқ.
«Алдағы уақытта халық санына байланысты басқа облыстарда «ONAY!»-дың төлем жүйесі бір жүйеге көшкенде, біз де соған көшетін боламыз», – дейді қалалық әкімдіктегілер.
Бүгінде қалада 480-нен астам аялдама, 26 бағыт бойынша тасымалдауды қамтамасыз ететін 228 автобус бар. Одан бөлек 7 тасымалдаушы жұмыс істейді. Қаланың 40 мыңнан астам тұрғыны жеңілдік алатын санаттарға жатады. Қазіргі таңда қаладағы қоғамдық көлік «ONAY!» жабдықтарымен толық жабдықталған. Сондай-ақ, көлік карталары және QR арқылы жол ақы-сын төлеуге арналған, қолма-қол ақшамен төлеуге арналған мобильді көлік терминалдарымен, бақылаушының портативті терминалдарымен қамтамасыз етілген.

Қалада оқушылар, колледж студенттері, 70 жастан асқан зейнеткерлер, көпбалалы аналар, оның ішінде ордендермен марапатталғандар, 1 топтағы мү-гедектер, 7 жастан – 18 жасқа дейінгі балалар дербестендірілген жеңілдік карталарын пайдаланады. Жеңілдікпен жол жүру карталары тек жеке куәлік бойынша берілетін болады. Бұл жүйе пайдаланушылар санын анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, карталар қалаларда «ONAY!» қызмет көрсету орталықтарында, теміржол вокзалдары мен әуежайларда, газет дүңгіршектерінде, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде, тасымалдаушы автопарктер сияқты қолжетімді нүктелерде сатылады. Жеңілдік карта түрлерін алу үшін тұлғаларды тіркеу оқу орындарында, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, сондай-ақ «ONAY!» қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылуда. Республика бойынша жүзеге асып жатқан бұл өзгеріске Талдықорған тұрғындары да мойынсынуға тура келеді. Бұл жүйенің картасын алуда, жеңілдетілген түрі де бар.
Карталарды рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет, жол ақысын қалай төлеу керек, карталарды толтыру туралы ақпарат компанияның сайтында onay.kz және әлеуметтік желілерде @onay.kz үнемі жаңартылып отырады. Мектеп оқушылары да, әлеуметтік осал топ өкілдері де осы қатарға кіреді.
Талдықорған қаласындағы «Оқушы» және «Әлеуметтік» карталары 1 қазанға дейін электрондық билеттеу жүйесін іске қосу аясында тегін негізде шығарылған. Осы жүйені облысқа әкелген «Алматы қаласының «Көлік холдингі» ЖШС (АКХ) директоры Дәурен Сәбитов бұл бастаманың қала инфрақұрылымына тигізер пайдасының көптігін айтады.
Бүгінгі таңда Алматы, Қарағанды, Балқаш, Саран және Теміртау қалаларында электрондық билеттендіру жүйесінің жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Компанияның миссиясы: күнделікті тапсырмалар үшін қарапайым шешімдерді ұсыну екенін айтқан Д. Сәбитов көлік карталарын «ONAY!» мобильді қосымшасы арқылы толтыруға болатынын да тілге тиек етті.
Ал өзіне-өзі қызмет көрсету үшін төлем терминалдары, интернет-банкинг, «Қазпошта» филиалдарына жүгіну тиіс. «ONAY!» мобильді қосымшасында виртуалды көлік картасы жасалды. «Бірыңғай» пластикалық көлік картасын сатып алудың қажеті жоқ (бұл жол ақысын төлеуге арналған стандартты карта, жеңілдіксіз) – «ONAY!» мобильді қосымшасын жүктеп, тегін негізде виртуалды картаны шығарып, толтыру және QR коды арқылы қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу жеткілікті. Талдықорған қаласына енгізілген «ONAY!» жаңа жүйесі көлеңкелі айналымның жолын кеспек.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ