ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖӨНІНДЕГІ СОРАҚЫ ҰСЫНЫСТАР

0
513

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын азайту немесе тіпті доғару керек деген ұсыныстар келіп түсіп жатқан көрінеді.1 қарашада журналистермен болған кездесуде министр ханым бұл ұсыныстарға түсініктеме берді деп хабарлайды Ұлыс медиа.

– Қазір зейнеткерлердің көбісі жұмыстан кеткісі келмейді, тәжірибесі сұранысқа ие болған соң олар жұмысында қала береді. Сондықтан олардың зейнетақысын доғара тұрсақ, одан үнемделген ақша 55 жасында зейнетке шыққысы келетіндерге бағытталуы мүмкін. Бұл, әрине, тек талқылау сатысындағы дүние. Мысалы, менен зейнетке шыққан соң жұмыс істейсіз бе деп сұрайды. Әрине, жұмыс істеймін. Ғылыммен айналысып немесе сабақ беруге мүмкіндігім бар. Онда мен зейнетақысыз тек жалақыға өмір сүретін боламын. Бұл ұсынысты қолдау-қолдамау әрине, азаматтардың өздері шешетін мәселе, – дейді министр ханым.
Мұндай ұсынысты кім берді? Неге берді? Мемлекеттің қоржынын осы жолмен үнемдеу үшін елді қырқыстырып қояйын деген жымысқы оймен бе, әлде расымен де осылай етсе қоғам гүлденіп, капиталымыз өсіп, тұрмысымыз түзеліп, тапшылықтан арылып өркендеп кетеміз деген мысық дәме ме екен? Миллиондап жалақы алатын министр ханымға ұсыныс айтып жатқандар зейнетақысы тиын-тебеннен тұратын көпшіліктің зейнетақысына көз сүзе бастаған ба? Әлде жоғары зейнетақы алып,оған қоса істеп жатқан жұмысында жақсы жалақы алып қалтасы да, қарны да толып жүргендерге «ши жүгірту» ме?
Қалай десек те, жалақысы айына 1 млн.-нан асып жығылатын министр ханымның журналистерге берген жауабына қарасаңыз, ол әлгі ұсынысты жөн көретін сыңайлы… Қазіргі алып жүрген жалақысымен министр ханымның зейнетақысы да жоғары болатыны анық. Зейнетке шықса ол анау-мынау жұмысқа тұрмайды, әрине, жалақысы жоғары жұмысты табады. Онда министр ханымға түсіп жатқан ұсыныс жүзеге асып жатса, министрлерге зейнетақысынан айырылу оншалықты уайым бола қоймас…
Ал, Жақыпова ханым айтқандай, «ұсынысты қолдау-қолдамау әркімнің жеке шаруасы» демекші, ұсыныс қолдау тауып, заң қабылданып жатса ше? Бізде зейнетақы да, жалақы да төмен деңгейде екені айтпаса да белгілі ғой. Тек біздің статистика ғана миллиондап жалақы алатындар мен төмен жалақы алатындарды сапырып, орташа айлықты көтеріп көрсетіп жататыны жасырын емес.
Дүниежүзі халықтарының өмір сүру сапасы мен қаржылық жағдайын сараптайтын Numbeo базасының деректері бойынша 2024 жылдың қыркүйек айында жалақы жөніндегі рейтінгіде Қазақстан 97 мемлекеттің ішінде 67 орынды иеленген. Бұл дегеніңіз орташа жалақы Қазақстанда $582,4 яғни 300 мың теңгеге жуық деген сөз. «Жалақы 300 мың теңге болуы керек», – деп зарлап жүрген Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың айтқан деңгейіне келтіріп тұр ғой сонда. Мен солай ойладым. Ал бізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге екені белгілі… Ұлттық компаниялардың топ-менеджерлерінің айлығы 1,5 млн. теңге. Министрлер де миллионнан асырып алатын жалақылары бар. Мемлекеттік бюджет есебінен жүйелі түрде алып отыратын жалақысына қосымша үстемелер және сыйақы, материалдық көмек, түрлі бонустар алып жатады. Қыруар жалақы алып жатқан министр енді келіп ұсыныстар түсіп жатыр деп, жұмыс істеп жатқан зейнеткерлердің зейнетақысы есебінен қазынаны байытқысы келе ме екен?
Дегенмен, жақында қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қызметкерлерге бұдан былай сыйақы берілмейді – деп хабарлаған болатын. Олай болса, елдің зейнетақысына жабысқанша мемлекет үшін қаржы үнемдеуді министрлердің сыйақысын шектеуден бастағаны дұрыс-ақ. Тіпті жалақысын азайтса да ел үшін жасалып жатыр ғой дер едік.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, анда-санда қарапайым қазақстандықтардың зейнетақысы мен алатын жалақы мөлшері Орта Азия елдері ішіндегі ең жоғары деп елді жұбатып қоятын деректер жарияланып жатады. Рас, зейнеткерлерге жылда қаңтар айында зейнетақы қосылады. Қосылады дегені болмаса, аз алатындарға аз, көп алатындарға көп қосылады деуге болады. Соның өзіне «зейнетақы өсіп жатыр» деп мәз боламыз. Қосылған сайын зейнетақыны инфляция жеп жатыр. Нәтижесінде жұрт несиеге батты. Кедейлер көбейді деген ақпарат та айтылып жатыр.
Мысалы, зейнетақысы 80 мың теңге зейнеткердің зейнетақысы күнкөріске жетпегендіктен қоғамдық тамақтандыру орындарында ыдыс жуып қосымша табыс табуға кірісті. Табатын табысы күніне 5-7 мың теңге. Бір айда табатын табысы орта есеппен 100 мың теңге. Тапқан табысы жаңағыдай ұсыныс қолдау тауып жатса, сонда оның 80 мың теңге зейнетақысы доғарылуы керек па? Ол зейнетақы оның жылдар бойғы төккен маңдай терінің өтемі емес пе? Елімізде 2 млн. 300 мыңдай зейнеткер бар екен. Олардың бәрі жоғары зейнетақы алып отырмаған болар. Бәрі бірдей зейнетке шыға салып жұмыс істеп жатпаған болар. Сонда министр ханымға келіп түскен ұсыныстар іске асып жатса, сорлайтын баяғы төмен зейнетақы алып, ары қарай қызмет жасап жүргендер болып шықпай ма?
Ел қамын ойлайтын, мемлекеттік мүддені көздеп, халықтың тұрмысының нашарлап кетпеуі үшін кең ойлап, мол пішетін қайраткерлік қасиет жоқ па біздің мемлекттік шенділерде? Министр ханым әлдекімдердің ұсыныс айтқанын жалпақшешейлікке салып, «қолдау – қолдамау әркімнің жеке ісі» деп бойын аулаққа салып отырғаны қалай? Тіпті ондай ұсынысты талқылауға, ортаға салғанның орнына бірден қабылдамай тастауға болмай ма? Ол халықты әлеуметтік жағынан қорғауға міндетті тұлға емес пе, сол орынтақта сол үшін отырған жоқ па?
P.S. Министр ханымның бұл хабарламасы талай зейнеткерді алаңдатып қойды. 6 қарашада Үкіметтің баспасөз орталығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өз жауабында: «Журналистер сөзімді толық бермеген», –деп жауап берді. Министрдің айтуынша, қазір зейнеттегі, жұмыс істеп жүрген азаматтар зейнетақысын да, айлығын да ала береді.

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ