ІНДЕТ ТҮК ЕМЕС,НИЕТ БОЛСЫН-ДЕЙДІ ҚАЗАҚИ ДӘСТҮР

0
593

Бұл әңгіме бұдан 5 жыл бұрын болған еді. Ол жылдары пандемияның зәрені алып тұрған кезі. Әңгіменің басты кейіпкері ол кезде өмірде бар адам еді. Ол кісі ол кезде 85 жаста болатын. Кеңес одағы кезінде бар күш-қуатын социализмнің өркендеуіне жұмсаған «Күміс алқалы» ана. Ауылдың ауыр еңбегінде жүріп шөп шауып, трактор да айдаған, қызылша да қазып, сиыр да сауып, әбден шыңдалып, қиындыққа мойымаған көпшіл адам еді Ақыш Нұрғалиева (Ахметова) апамыз.

Ол кісіні (менің күйеуімнің тәтесін) біз Ақыш апа дейтінбіз. Бірақ мен үшін ол кісі енемдей болатын. Қаталдығы да, жұмсақтығы да бар мінезінде. Қалтасынан ұялы телефоны түспейді. Жан-жақтағы балалары мен қыз-келіндеріне қоңырау шалып, түгендеп отыратын. Бос уақытында қалта телефонындағы ойындарды ойнап тастайтын. Анда-санда көзілдірігін киіп алып кітап, газет оқитыны бар. Ол кісі Көксу ауданында Октябрь ауылында тұратын.
Айтайын дегенім, мына пандемия, яғни індет басталғалы бір-бірімізге қатынас азайды. Адамдар ауырып, жаман статистика болып жатқан кез. Осы пандемия басталды-ау деген кезде біздің шаңырағымызда дүниеге нәресте келді. Уақытынан бұрын, алты айдан сәл-ақ асқан кезде өмірге асығып келген нәрестемізді қалай адам қылсақ екен деген арпалыс басталды. Апамыз болса телефонмен:
– Әй, келін аман-есен қол-аяғын бауырына жинады ма? Шілдехана қашан жасайсыңдар? – дейді.
– Әзірше қоя тұрайық. Бала әл жинасын. Келін де ширасын кішкене. Қырқынан шығарғанда бірақ келерсіңдер – деймін мен. Содан баланың қырқынан шығаратын күн жақындағанда іңдеттің саны өсіп, карантин деген басталды.
Телефонда апамыз:
– Амансыңдар ма? Ия, шілдеханаға дайындалып жатырсыңдар ма? Біз қашан барайық?
– Апа, карантин деген басталды ғой. Үйде өзіміз ырымын жасап шығара саламыз. Әзірге келмей-ақ қойыңыздар, шақалақ ауырып қалмасын деп ешкімді үйге шақырып жатқан жоқпыз деймін.
– Е, жарайды. Біздің ауылда карантин болса да отбасылық қуаныштардың бәрі аталып жатыр. Өзің біл! – деп жақтырмай байланысты үзді.
Осындай телефон қоңыраулары арқылы «әй, қызыңа қашан құтты болсын айтамыз, қашан барайық» деген апаның звоногының бәріне «келмеңдер, келмеңдер, карантин-карантин» – деп құтылып жүрдім.
Содан бір күні апам тағы телефон соқты.
– Біздің ауылда да карантин, ел ауырғанына қарамастан өлген адамға ас та беріліп жатыр, даңғыраған той да жасалып жатыр. Құдалық та, үйлену де, ұзату да – бәрі жасалып жатыр. Сен неге келме, келме дейсің? Мен қыздарды ертіп бәрібір барамын. Келме деп айтпа маған! – деп ренжіген соң амал жоқ, «Келіңіздер» – деп дастарқан жаюға кірістік.
Бұл кезде қызымыз 1 жасқа келген болатын. Талайды жалмап кеткен індеттің екінші кезеңі басталған мерзім еді.
Қонақтарымызбен қорқа-қорқа құшақтасып, сүйісіп, қолалысып – қауқылдасып амандастық. Бәрімен. «Дистанция ұстайық» – деп айтуға батпадым, ұрсып тастайма – деп. Апамыз:
– Кішкентай қайда, бетінен сүйіп батамды берейін – деп жыламсырады. Қызымызды алып келдік. Апамыз күрк-күрк жөтелетін адам еді. Ұмтылып бетінен сүйейін дегенде:
– Бетінен сүймеңіздер, қызымыз ауырып қалмасын, қолынан сүйіңдер – деп қорқып жатырмын баяғы «прямой контактіден». Баланың қолынан сүйіп: «Айналайын, аман бол»! – деген апамыз мені жақтырмай қалды.
Дастарқан басынан 3-4 сағат отырып бірақ тұрдық. Сағынып қалыппыз ағайынды. Әңгіме ағытылып жатыр. Күркілдеген апамыз, қонақ қыздардың бірінің мұрны тұмаудан хабар беріп тұрғанына қарамастан әңгіме қызып жатыр… Түкке қарамастан түкірігімізге шашалғанша бастан өткен қызықтарды айтып, мәз болдық. Індетті де, сақтықты да ұмытып кеттік.
Есесіне апамыздың көңілінен шықтық. Дастарқан жайдық, сыйлықтар берілді. Риза болып қонақтар кетті. Ал менде зәре жоқ… Індет, індет, кет-кет-кет – деп ішімнен Марат Омаровтың әнін айтып қоямын…
П.С. Абырой болғанда ол кезде індеттің көбеюіне қарамастан ешқайсымыз ауырмадық. Қазақи дәстүрдің, шынайы көңілмен келген туыстардың ақ пейілінің күші болар деп жорыдық.

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ