ҚЫЛМЫС ҚҰРЫҚТАЛМАЙ ҚОҒАМ ӨРКЕНДЕМЕЙДІ

0
562

Екі күннің бірінде еститініміз кісі өлімі болды. Қабырғаңды қайыстырып, жүрегіңді сыздатып, қолқаңды суырып алғандай суық хабар кім-кімді болса да бейжай қалдырмайды. Өрімдей жастардың өз ажалынан емес, кісі қолынан қаза табуы, адам қанын мойнына жүктегендердің топтасып адам өлтіруін, аяқтарының астына түскенді баскөзге қарамай тепкілеп, ажал құштыруы жаныңды түршіктіреді. «Адамнан қайыр, қарағайдан шайыр кеткен заман» болды ғой бұл!

Интернет желісін ашып қалсаңыз өртеніп кетті, өлтіріп кетті, өз баласын өзі зорлапты деген негатив жаңалықтардан басқаны оқи алмайтын болдық. Адам баласы неге мұншалық «тас жүрек», «тас бүйрек» болып барады. Қылмыстық хроникалар, әсіресе, жасөспірімдер арасында өршіп барады. Бір-біріне әлімжеттік көрсетуі, жоғары сынып оқушыларының төменгі сыныптан қорқытып, үркітіп, ақша бопсалуы, бермесе бас,көзге қарамай тепкілеуі белең алды. Кейінгі төрт-бес жылда бұл келеңсіз оқиғалар арасында қыздардың да төбелесі жаға ұсататып, бас шайқататын деңгейге жетті. Кім баласын бұзық болсын деп тәрбиелейді. Әсіресе, кейінгі жылдары мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің жаппай төбелесуінің аяғы кісі өлімімен аяқталып жүр. Оқу жылы басталмай жатып Ақтөбе өңірінің біріндегі мектептегі төбелестен ажал құшқан баланың қайғысы, былтыр Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы мектеп түлегінен студент балалардың ақша бопсалап, таяқтауынан аурухана төсегінде өліп кетуі, әлі күнге дейін ата-анасының әділдікке жете алмай мәйітті қайта қаздырып, сараптама жасатуы, сараптама қорытындысы бойынша қатты тиген соққыдан қайтыс болған деген анықтамаға қарамастан кінәлілердің әлі күнге дейін бостандықта жүруін немен түсіндіруге болады? 2023 жылдың наурыз айының басында қайтыс болған Айболат толық медициналық тексерістен өтіпті. Сол кезде дәрігерлер баланың денсаулығында еш кінәрат жоқтығын айтқан. Баласы қайтыс болғаннан кейін ата-анасы Еңбекшіқазақ полиция басқармасына арыз түсірген. Алайда, арада 1,5 жыл өтсе де сиыр құймашақтанған тергеу істі сотқа әлі жібермеген. Мұндайда қылмыстық істің бұрмаланғанын аңғаруға болады. Себебі марқұмның ата-анасы балаларының «өз ауруынан қайтыс болды» дегенмен келіспей, алты айдан соң эксгумация жасатқан. Эксгумация қорытындысы Айболаттың соққы салдарынан асқазан-ішек жолдарында қан ұйып, сары суға айналғанынан қайтыс болғанын көрсеткен. Ал тергеу орындары бұл қорытындыға күмәнмен қарап: «Тағы сараптама күтіп отырмыз», – дейді екен. Ата-ана қолындағы айғаққа қарасаң қылмыстың кісі қолынан болғаны айқын. Алайда, өз ауруынан қайтыс болды деген сараптаманы кім жасағаны айтылмайды. «Өзінен кішілерді бопсалаған студенттер балаларды жинап алып ұрған. Кімнің соққаны айдан анық көрініп тұр. Алты айдан соң эксгумация да жасаттық, оның қорытындысы бойынша да өлім себебі соққы болғандығы дәлелденді. Осыншама дәлел мен дәйекке қарамастан іс алға жылжымағанына, міне, 1,5 жыл болды»,– дейді әкесі Мұратхан Түгелхан. Марқұмның білім алған Әймен орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да Айболаттың сыныптастары үлкен жігіттерден әлімжеттік көргенін сол кезде айтқанын жеткізіпті. «Қазір ата-анасының қолында сол кезде барлық балалардан алынған түсініктемелер бар. Бала ауруханаға түскен соң анасы жылап келген күні біз полицияға барып арыз жазып, балалар түсініктеме берген болатын. Шынымен мектепті бітіріп кеткен балалардың ұрғанын сол кезде бәрі айтты. Студент жігіттердің қорқытқаны, ақша жинаңдар деп айтқан барлық жазбалары бар», – дейді тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші. Міне осындай жазасыз қалғандардың тайраңдауынан Талғар қаласында 16-жасар жасөспірім төбелестің құрбаны болды. Тіпті ата-анасын байлап қойып, көзінше баласын тепкілеп өлтіруі қиянаттың-қиянаты емес пе? Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімінің жоғалуына кім кінәлі? Тек қана халықтың айғай шуынан және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына үндеу жасап жоғарыдан арнайы тапсырмамен жіберілген комиссияның араласуымен қылмыскерлер шетінен тұзақталып жатқа-нын көріп отырмыз. Оған дейін тек қана жеті адамды қамап, қайғы құшып отырған қаралы отбасына қысым көрсетіп үйін өртеп жібергендер: «Балаңның қасынан көр дайындай бер», «Мен Еркошпын ғой, тыныш жүрмесең жағдайың қиын болады», – деп үркіткендердің әлі аты-жөні толық анықталған жоқ. Жоғарыдан келген құқық қорғау органдарының өкілі, арнайы келген комиссия құрамы мұны анықтап халыққа айтатын болады. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданындағы бопсалаудың құрбаны болған баланың да қылмысы ашылатын күн туғандай. Бір жылдан астам уақыт әділдікке қол жеткізе алмаған марқұм баланың ата-анасы ақпарат құралдарына жүгініп, жоғарыдан келген комиссияға үміт артып отыр. Күні кеше ғана Алматы облысының Талғар қаласындағы оқиғаға немқұрайлы қараған деген ішкі істер органдарынан алты адам прокуратура органындағы лауызымды тұлға қызметтерінен босатылды. Қайғыдан қан құсқан әке мен шеше кісі қолынан қаза тапқан 14 жасар ұлдарының қалай ажал тапқанын білмей зар жылап жүр. Жандос деген студент мектеп оқушыларынан ақша талап етіп, қоқанлоқы жасаған. Марқұмның алған ауыр соққылардан ішкі ағзалары езіліп кеткен. Жан сақтау бөлімінде жүрегі 4 рет тоқтап, бесіншісінде мәңгілікке көз жұмған. Сонда құқық қорғау органдары қай ауылдың бандыларын шауып келіп жүр деген заңды сұрақ туады. Неге полицияның беделі мұншалық төмендеп кетті. Жәбір көргендер, балаларынан айырылғандар әділдікті тек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қан құсып, зар жылап жүріп сұрауы керек пе? Неге қалың бұқара, мәжіліс және сенат депутаттары, құқық қорғау органдарына түбегейлі реформа керек деп жақтары талмай айтып келеді? Бірді айтып, тағы бірге кеткендей боламыз. Әскердегі әлімжеттік туралы да аз әңгіме болып жүрген жоқ. Ол жайлы интернет желілерінде, ақпарат құралдарында жарияланды. Болған оқиғаға қатысты неше түрлі алыпқашпа әңігімелер өрбіп жатыр. Осының барлығы Қазақстандағы идиологиялық тәлім-тәрбиенің жоқтығын көрсетеді. Құқық қорғау органдарынан бастап, барлық құрылымда тамыр мен таныстықтың белең алуы әлдінің әлсіздерге әлімжетік көрсетуі, олардың жазадан жалтарып кетуіне жол берілуі халықтың ашу ызасын туғызуда. Тек қана құқық қорғау органдарына ғана емес, идиологиялық ахуалға қатысты да түбегейлі реформа қажет. Заңды темірдей қатайтпай қылмысты құрықтау мүмкін болмай кетті. Әсіресе, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты қылмыс жасалса олардың ата-аналарына айыппұл салу – бұл жеңіл шара. Сондықтан олардың ата-аналары да жазаға тартылып, баласы абақтыға тоғытылса әке-шешесі де сол жазаны арқалау керек. Себебі ата-ана баласы үшін жауапты. Бар жауапкершілікті мектепке, мұғалімге жүктеп қоюға болмайды. Құқық қорғау огандарына қатысты реформа жайлы, жоғарғы соттың экс төрағасы, бас прокурор болған қазіргі сенат депутаты Жақып Асанов «Azattуq RуҺу» сайтында Талғардағы оқиға туралы айта келіп, өзінің «хутор бандасы» атанып кеткен Қасымбаевтарға еш қатысы, әрі туыстығы жоқ екенін айтып, жалған ақпарат таратушылар жазалануы тиіс дейді. Бұл пікірмен кім де болса келіседі. Себебі бүгінгі қоғамда жалғандық та жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай өршіп тұр. Қазір аузым бар екен деп айтқыш, жазғыш, жалған блогер сымақтар көбейді. Төбе шашыңды тік тұрғызатыны қаралы үйге қаратып, не болмаса пікір айта қоймадың деп қарғыс жаудырып жатқан бейпіл ауыздарға тоқтау салмаса болмайды. Сенатор Жақып Асановтың айтуынша, құқық қорғау және сот саласына реформа қажеттігін айтыпты. Өмір бойы құқық қорғау органдарына қызмет жасаған аса білікті кадрдың реформа жасаудың қиындығын, кеңес одағынан келе жатқан өкілеттікке таластығы барын айтады. Одан реферма жүйрейді, – дейді. Міне, біздің қоғамның әлі күнге дейін кеңестік жүйедегі бешпетті шешпей жүргенімізді ашық айтып отыр. Сондықтан құрылымдар арасындағы өкілеттікті бір ізге түсірмей реформа қажет деп айғайлауымыздың өзі әурешілік екенін әлі түсінбей жүрміз. Бір ғана Талғардағы қайтыс болған Шерзаттың ата-анасы ғана емес, қиянаттың қамытын арқалап жүрген, әділдікке қол жеткізе алмай жүрген қаншама адам барын айтып тауыса алмайсың. Солардың көбі құқық қорғау органдарынан прокурор, соттан таулары тастай болып шағылған соң телевизиялық «Көреміз», «Астарлы ақиқат» сынды хабарламаға барып мұңдарын шағып жүр. Қорқыту, үркіту, құлдықта ұстау, жезөкшелікке мәжбүрлеу, зорлық-зомбылық көрсету, одан қалса өлтіре салу шыбын өлтіргеннен оңай болды. Осы жағымсыз іс-әрекеттердің барлығы жас ұрпаққа теріс әсер етпей қоймайды, оның жемісін, міне, көріп отырмыз. «Біреу тойып, біреу тоңып, секіріп тұрған заманда конституциядағы ең басты құндылық адам өмірі деп тайға таңба басқандай жазылған. Ендеше, ол заң неге жүзеге аспай жатыр. Неге әлсіздердің құқығы аяққа тапталады? Заң жүзеге асса, әділдік бар болса адамдар да сол заңның аясында жүрер еді. Біздің қоғамдағы тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасу адам тағдырын ойыншыққа айналдырып жіберді. Заңсыздықтар тамыр жайған жерде қылмыс та өрттей қаулайды. Соның жарқын айғағы Талғардағы қылмыстық хроника. Кейінгі жылдары әскердегі әлімжеттікке шегінен шығып кеткен жайлы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Кәмелеттік жасқа толғандар демесең оларда жастар. Мектеп жасындағы жасөспірім-дердің суық қару ұстап жүруі де көңілге қорқыныш ұялатады. Басқа-басқа 16-жасар Шерзатты өлтіргендер арасында бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, соты болғандар барын тергеу жүргізіп жатқан құықық қорғау органдары айтты. Етжақындарының көзінше, аяусыз сабап, пышақтап тастауы, ешкімнен именбеуі қоғамда үлкен резонанс туғызды. Адам құнының мұншалық төмендеп кетуінің салдарын кім талдап, сараптап шара қолданады? Жылма-жыл жөспірімдер арасындағы қылмыс, есірткіге тәуелділік артып келеді деп ақпарат таратылуда. Баласын өлтіргендері аз болғандай, бізге не істей аласың дегендей баспанасын өртеп жіберуі, қылмыскерлердің артында шынында біреулер тұр-ау деген ойға түрткі болады. Оның үстіне түрмеден қоңырау шалып жатса, бұл біздің қоғамдағы адам құқығын қорғайтын заңның қаншалықты жүзеге асып жатқанын көрсетіп тұрған жоқ па? Қашанғы адам баласы үреймен өмір сүреді? Қаралы жандардың қайғысын кім жеңілдетеді? Қылмыскерлер ауыр жаза арқаламай, алшаң басып жүре берсе қарапайым халық кімге арқа сүйейді? Әрине, мемлекетке оның басшысына, заңына арқа сүйейді. Сондықтан халықты үрейде ұстап, қымсынбай қылмыс жасап жүргендердің көзін қоғамнан түбегейлі жою керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» идиология саласына да түбейгейлі реформа қажет. Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі жайлы мәселе майшаммен қаралатын кез әлдеқашан туған. Ал оны жүзеге асыратын құрылымдар бар жауапкершілікті білім ошақтарына жүктеп қойып, қит етсе мектеп директоры мен орынбасарын қызметтен алумен ғана шектеліп жүр. Қоғам жоғарғы биліктен құқық қорғау саласында үлкен өзгерістерді, қатаң реформаларды күтуде. Қылмыс құрықталмай, қоғам өркендемейді.

Айтақын Мұхамади

 


ПІКІР ЖАЗУ