БІЗДЕ САУДА МӘДЕНИЕТІ ДЕГЕН БАР МА?

0
456

Облыс орталығының дәл ортасынан орын тепкен Арбаттағы тротуарды жаулап алған заңсыз сауда қаланың айықпас «бас ауруына» айналғанына көп жыл болды. Жүріп-тұруға ыңғайсыз жағдай тудырып отырса да жаяу жүргіншіге арналған тротуардың екі жағына «сөрені» картон қораптан жасап немесе ағаш тақта орната салып емін-еркін сауда жасап жатқандарға тұрғылықты халық та , сауда мәдениетін тексеретін құзырлы орындар да ( егер ондай бар болса ) үйреніп кеткендей.

Талдықорғанда Арбаттағы жабайы саудамен «күреспеген» әкім жоқ. Күресіп-ақ тырысты. Бірақ нәтижесі жоқ «Нанай» күресіне айналды. Жабайы саудада тұрғындар мен әкімдердің жекпе-жегінде «жабайылар» өз позициясын әлі күнге дейін бермей келеді. Сондықтан ба, қайдам, орынтағы жиі ауысып тұратын қала әкімдері Талдықорғанның Арбатына қолдарын бір-ақ сілтегендей.
Бірақ бұл сауданың заңсыз екендігіне қоса қауіпті жағы да бар екенін ескеріп жатқан адам бар ма екен? Әсіресе, үйден сатуға дайындалып әкелінген қуырылған балық, лағман кеспесі, пластмасса ыдысқа құйылып сатылатын сүт, сапасы күмәнді үйдің сары майы мен шелектегі көкөніс салаттары, түрлі бәліштер қандай санитарлық жағдайда дайындалып, кімнің қолымен жасалды? Ешкім білмейді. Сертификат туралы айтпай-ақ қоялық. Санитарлық-гигиеналық бақылау да жоқ, сатуға тыйым да жоқ.
Көше бойындағы адам жүретін тротуарды сауда орнына айналдырған сатушылар қата-рына көз салсаңыз жеміс-жидектің жанында сиырдың тұяғы мен қарны, ал тауықтың еті шұлықтар мен іш киімдер қасында, салаттардың жанында балық саудасы, тары мен талқанның жанында малдың өкпе бауыры немесе қойдың басы сатылып жатады. Киім-кешек саудасына араласқан тамақ өнімдері саудасын бақылап, оны қадағалап, бөліп-жарып жатқан тағы ешкім жоқ. Тағам өнімдері елдің аяғының астында, яғни тротуардың шетіне картон қораптың үстіне қойылған. Тағы бір жерде өнер туындылары мен кітаптар да сатылады. Тротуардағы сауда орнының жанында қысы-жазы ызғыған машина. Зиянды газдар мен шаң-тозаң жоқ – деп көріңізші?! Кешке қарай жиналатын қоқысты қосыңыз… Не деген керемет базар!
Сатушылар санын ерінбей санап та шықтым. Қабанбай батыр мен Гаухар ана көшелерінің арасындағы Арбаттың тек тротуарында шамамен күнкөріс қамымен жүрген 40 шақты саудагер бар. Саудагер деген сөз алыпсатар дегенді білдіреді ғой. Арбаттағылардың арасында тек күнкөріс үшін сауда жасап жүргендер ғана емес, алыпсатарлар да бар ақша тауып отырған. . .
Бір жылдары экс-қала әкімі осы Арбаттағы саудагерлерге басқа жерден базар да салып берген болатын. Неге екені белгісіз, халық та, саудагерлер де бюджет қаржысына салынған дайын базарға бармады. Осы Арбаттағы өтімділігі жоғары орындарын қимаған болар. Орын демекші, олар осы орындары үшін ақша төлей ме екен? Төлесе оны кімге төлейді? Сұрап көріп едім, ешқайсысы иықтарын қиқаңдатып айтпады, жауаптан қашты. Соған қарағанда, мүмкін, төлеп те жүрген болар. Өйткені біраз жылдардан бері осы жерде сауда жасайтын бір танысымның тұрақты орны бар. Ал салық төлеу туралы бұл жерде әңгіме артық болар. Өйткені тротуарды заңсыз сауда алаңына айналдырып алған әлеумет ол туралы естігісі де келмеді. Бірден билікті кіналап, үлкен саяси тақырыпты қозғап кетті.
Заңсыз дейміз, жабайы дейміз, яғни кез келген жерде рұқсатсыз сауда жасамау үшін не істеу керек? Арбатта немесе көшенің ыңғайлы жерінде сауда жасау үшін рұқсатты кімнен алу керек? Ол заңда бар ма, көрсетілген бе? Көше саудасын реттейтін заңнамалар бар ма бізде? Түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіледі? Мысалы, мен өз көшемде, үйімнің жанында, қақпамның алдында көкөніс сатқым келеді. Гүл сатқым келеді. Оған рұқсатты қайдан алуым керек? Рұқсатсыз сатсам – айыппұл төлетесіздер ме?
Енді, алушыдан сатушысы көп Арбаттың екінші жағына шықсаңыз жайылған жайма базарға тап боласыз. Үйіліп жатқан қытайдың арзанқол, сапасыз киім-кешектері мен аяқ киімдердің көптігінен аяқ алғысыз, жүре алмайсыз. Өкінішке орай, сатылуға қойылған бір затта да жазылған баға жоқ, не жазылған өлшемі жоқ. Қай размер? – деп сұрасаңыз, «стандарт» дейді сатып тұрған адам. Қай размердің стандарты десеңіз иығын қиқаңдатып, «білмеймін» дегенді байқатады. Сауда мәдениеті дегенді ұмыттық. Әркім өзі біледі иығын қалай қиқаңдатса да…
Көшедегі сауда ғана емес, тіпті сауда үйлерінде де бағалары қойылмаған дүние көп. Бағасы қанша, размері қандай – деп қылқылдап тұрғаның сол. Ол бірден айта қойса жақсы ғой. Айғайлап, Сезім, ана куртканың бағасы қанша еді? – деп екіншісінен сұрап жатады. Немесе сол кезде сатушылар дүкенде ас ішіп отырады да, сенің сұрағыңа кіржиіп-тыржиып жауап беріп жатады. Сен тұрасың сопиып куртканы ұстап күтіп. Тұтынушыға қызмет көрсету сапасы көбіне осындай деңгейде. Бұл да сауда мәдениетінің төмендігінен хабар беріп тұрған жоқ па?
«Шаған» базарының төңірегіндегі сырт киім мен аяқ киім сататын дүкендер аузы мұрнынан шығып, толып тұр. Дүкеннен тротуарға дейін жайылып тұрған калоштардың арасынан зорға өтесің. Дүкеннен гөрі көтерме сауда базасына көбірек ұқсайды. Әсіресе, «Ялянь» дүкенінде.
Кей дүкендерде орын жоқтығынан болар, киімдерді дүкеннің төбесіне жақындатып іліп қойған. Ол үшін бойың екі метрден жоғары болуы керек. Аспандата ілген киімді өзің ала алмайсың. Сатушы-консультантты іздеп жүресің дүкенді шарлап. Бұл да сауда мәдениетінің жоқтығы.
Бізде сауда орындарының тұтынушыға көрсететін қызметін қадағалайтын мемлекеттік құзырлы органдар бар ма? Бар болса қайда? Әлде бізге сауда мәдениеті деген ұғым жат па?
Сауда иесі – жекеменшік иесі. Оны түсінеміз. Оның мақсаты – заттарының өтімділігі. Оның ішкі мәдениетінің қай деңгейде екендігіне үңілмей-ақ қоялық. Дегенмен, қоғамдық ортада тұтынушы талабына сай қызмет көрсету мәдениеті деген ұғым ұмыт болғандай. Жабайыланып бара жатқан жоқпыз ба осы?

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ