ОБЛЫСТА «СПОРТ КҮНІНЕ» ОРАЙ 50-ДЕН АСТАМ ШАРА ӨТУДЕ
Жетісу облысында ҚР-ның бекітуімен дәстүрлі түрде аталып өтетін Спорт күні биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Спортты дамыту және бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының» үйлестіруімен өңірдің барлық қала-аудандарында 50-ден астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Мақсат – халықты салауатты өмір салтына баулу, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, балалар мен жастарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту. Арнайы дайындалған жоспар аясында әр аудан мен қаланың спорт бөлімдері мерекелік көңіл-күймен жүздеген қатысушыларды қамтыған спорттық жарыстар ұйымдастырып отыр.
БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ –
ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
15 тамыз Жетісу облысының барлық спорт ұйымдары, ардагер спортшылар мен жастар өкілдерінің қатысуымен «Спорт күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтеді. Бұл – өңірдің спорт саласындағы жетістіктерін дәріптейтін және үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттайтын маңызды шара болмақ. Сонымен қатар, игі шара биыл да жалғасын тауып Ақсу ауданында дәстүрлі аудандық спартакиада ұйымдастырылып, оған аудан аумағындағы ауылдық округтер мен мекемелерден командалар қатысады. Бұл – жыл сайынғы дәстүрге айналған, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ірі аудандық іс-шаралардың бірі.
Облыстың аудандары арасында да түрлі спорттық шаралар ұйымдастыру қызу қолға алынған десек те болады. Мысалы, Алакөл ауданында Спорт күні мерекесі аясында 15 ауылдық округте бір күнде арқан тартыс жарысы өткізу жоспарланған. Бұл – ұлттық спорт түрін кеңінен насихаттауға бағытталған ерекше бастама. Арқан тартыс – бірлікті, төзімділікті және күш-жігерді қажет ететін дәстүрлі ойын, сол себепті оған әр жастағы тұрғындар белсенді атсалысады.
Жарыстар келесі ауылдық округтерде өтеді: Сапақ, Арқарлы, Қызылащы, Екпінді, Еңбекші, Жанама, Жағатал, Жайпақ, Достық, Қамысқала, Ынталы, Ырғайты, Жыланды, Лепсі, Бескөл.
Сонымен қатар, 13-15 тамыз күндері аралығында Ескелді ауданында оқушылар мен жастар арасында келесі спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылуда:
— Үстел теннисі – Қаратал а/о (13.08, сағат 15:00);
— Баскетбол – Алдаберген а/о (13.08, сағат 19:00) ;
— Шағын футбол – Көкжазық а/о (14.08, сағат 10:00) ;
— Волейбол – Жалғызағаш, Төленгіт а/о (14.08, сағат 15:00) ;
— Асық ату – Қайнарлы а/о (14.08, сағат 18:00) ;
— Тоғызқұмалақ – Алдаберген а/о (14.08, сағат 15:00) ;
— Қол күрес – Қарабұлақ а/о (15.08, сағат 17:00). Бұл жарыстар жас ұрпақты достыққа, әділдікке, жүйелі жаттығуға үйретуге арналған.
Ал Көксу ауданында 3-16 тамыз аралығында ауыл жастары мен мекеме қызметкерлеріне арналған ауқымды жарыстар өтуде:
— Шағын футбол, волейбол – Алғабас, Жарлыөзек, Еңбекші, Айнабұлақ а/о;
— Гір тасын көтеру, кермеге тартылу – Айнабұлақ, Мұқыры а/о;
— Үстел теннисі – Мұсабек а/о (15.08) ;
— Мекемелер арасындағы шағын футбол – Б. Оңғаров атындағы стадион (14.08). Бұл бастамалар ауыл тұрғындары арасындағы ынтымақтастықты арттырып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттайды.
15 тамыз күні Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс өтеді. Аталған турнирге аудан мектептерінен үздік ойыншылар қатысып, өзара бақ сынайды.
Ұлттық және ақыл-ойды дамытатын спорт түрлерінің үйлесімі – салауатты және саналы ұрпақ кепілі демекші Панфилов ауданында спорт мерекесі 11-15 тамыз аралығында келесі форматта ұйымдастырылған:
— Гір тасын көтеру – Ақжазық а. (11.08);
— Үстел теннисі – Атамекен а. (13.08);
— Шахмат – Жаркент-Арасан шипажайы (14.08);
— Асық ату, қол күрес – Үшарал, Шолақай а. (15.08).
Сарқан ауданында тамыз айы – толасыз турнирлер уақыты десек болады. Ауылдық округтерде төмендегідей жарыстар өткізіледі:
— Жеңіл атлетика – Қарабөгет, Лепсі а/о;
— Шағын футбол – Бақалы, Қарашыған а/о;
— Арқан тарту – Қойлық а/о;
— Тоғызқұмалақ – Алмалы а/о;
— Гір тасын көтеру – Көктерек а/о;
— Қол күрес – Амангелді а/о.
Бұл шаралар спортты бұқаралық деңгейге жеткізу жолында маңызды қадам. Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылында да 15 тамыз күні, аудандық спорт мектебінде ересектер арасында волейболдан аудандық жарыс өтеді. Бұл жарысқа ауылдық округтерден құралған командалар қатысып, өзара үздікті анықтайды. Спорттың бұл түрі қатысушылар арасында үлкен танымалдылыққа ие болып отыр.
Талдықорғанда 15 тамыз күні Спорт күніне арналған эстафета мен асық ату жарыстары ұйымдастырылады. Жарыстарға қала мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысады. Текелі қаласында 12-14 тамыз аралығында 2012-2018 ж.т. жасөспірімдер арасында шағын футболдан қалалық біріншілік өтті. Сонымен қатар:
— Дойбы – Жетісу лагері мен Рудничный а. (13.08);
— Эстафета, үстел теннисі – оқушылар арасында жарыстар ұйымдастырылуда.
Редакциядан: Алатау қоғам-дық-саяси газетінің редакциясы барлық спорт сүйер қауымды, спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді және жастарды Спорт күнімен шын жүректен құттықтайды! «Дені сау ұлт – табысты мемлекеттің негізі» қағидасын ұстана отырып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Еліміздің намысын қорғайтын чемпиондар көбейе берсін! Әр отбасыда – спорт, әр ауылда – жарыс, әр жүректе – жеңіске деген жігер болсын! Мереке құтты болсын!
Гүлнұр БАЙМҰХАН