ӨЗІМ ҮШІН ӨМІР СҮРУГЕ ХАҚЫМ БАР

0
35

Жақында Дубайға демалып барып қайттым. Жарқыраған зәулім ғимараттар, адам сенгісіз инфрақұрылым, шетелден ағылған туристер… Бірақ мені бір нәрсе қатты таңғалдырды – демалып жүрген бір қазақты кезіктірмедім. Қайда қарасам да орыс ұлты немесе Батыс елдерінен келген туристер. Ойға қалдым: Біз неге жоқпыз мұнда? Жоқ болуымыздың себебі тек ақшада ма, әлде бұдан да тереңде жатқан дүниелер бар ма?

МӘНСІЗ МЕНТАЛИТЕТ

«Өзім үшін емес, өзгенің қамы үшін өмір сүру» ұлттың ұраны іспеттес. Қазақ қоғамында бала мен немеренің тәрбиесі, отбасының бүтіндігі ең басты құндылықтардың бірі. «Баланы өскенше, немерені өлгенше бағасын» деген сөз – жай мақал емес, бұл ұрпақтан-ұрпаққа берілген тәрбие жүйесінің өзегі. Яғни, ата-ана өмір бойы өз өмірін емес, баласы мен немересінің болашағын бірінші орынға қояды. Мұндай көзқарас – құрметке лайық, әрине. Бірақ бұл қағида адамның өзін ұмытуына, жеке дамуына, еркін демалуына кедергі болмауы мүмкін. Бір қазақ апамыздың әзілі бар:
«Орыстарды түсінбеймін. «Я тебя люблю, ты моя единственная» деп, үйлене сала екі-ақ бала табады. Біз болсақ, күйеуімізге «Ары жатшы» деп жүріп, он бала тауып тастаймыз», — дейді. Ары қарай өмірлерін сол он балаға арнайды. Сәйкесінше көбіне мынандай түсініктер қалыптасады «балаларға көмектесу керек», «несие жауып беру керек», «үйлендіріп, тойын жасап беру керек», «немереге қараймын» деген секілді өмірлік міндеттер тізбегі үзілмейді. Мұндай көзқарас демалу түгілі, өз арманыңды кейінге қалдырып, үнемі үзілмейтін қарыздар үшін өмір сүруге итермелейді.

ҚАРЖЫЛЫҚ ЕРКІНДІК ПЕ, ӘЛДЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚҰРБАНДЫҚ ПА?

Дубайға сапар – арзан демалыс емес. Бұл – белгілі. Бірақ дәл сол Дубайда жүрген орыстар мен шетелдіктер де қарапайым орта тап өкілдері. Айлық табысы 200-300 мың теңгеге пара-пар. Олар неге келеді де, біз неге келе алмаймыз?
Мәселе қаржыда ғана емес. Мәселе қаржыны қалай және не үшін жұмсайтынымызда. Бізде көбіне үй алу, той жасау, келін түсіру, көлік жаңарту – өмірдің басты мақсатына айналады. Ал жеке бастың рахаты, саяхат, психологиялық демалыс – екінші кезекке ысырылып қала береді.
Тағы бір маңызды фактор – қазақ қоғамындағы «ел не дейді?» синдромы бар. Егер біреу шетелге демалуға жалғыз немесе достарымен барса, «еріккен», «үйінде бала-шағасы отырғанда шетел асып кеткен» деген көзқарас қалыптасуы мүмкін. Бұл – әсіресе әйел адамдарға қатысты жиі кездесетін әлеуметтік қысым. Ал бұл қысым адамдарды ішкі еркіндігінен айырып, «ақталу үшін» өмір сүруге итермелейді. Дубай тым қымбат делік, ал бағасы қолжетімді, мәдениеті жақын Түркия ше? Әрине Түркияға сапар – тек теңіз бен күнге қыздырыну емес. Бұл – мәдениет, тарих, рухани тынығу, ішкі серпіліс. Бірақ көп қазақ үшін Түркия да арман. «Қымбат», «уақыт жоқ», «басқа шаруалар көп» деген сылтаулар көбейіп кетеді. Ал дәл сол Түркияда демалып жүрген адамдардың біразы – бізбен бірдей табыс табатын, кейде тіпті аз жалақы алатын шетел азаматтары. Сонда олар қалай барады? Біз неге бара алмаймыз?
Мәселе тек табыста емес. Мәселе — өмірге деген көзқараста. Түріктер үшін сапар шегу, өзіне уақыт бөлу – қалыпты нәрсе. Олар баламен де, жалғыз да, құрбыларымен де жиі саяхаттайды. Мұны «байлықтың белгісі» емес, өмірдің ажырамас бөлігі деп түсінеді.
Ал бізде ше? «Үй салмай, шетелге бару – ақымақтық», «демалысқа ақша шашқанша, соған бір көлік жаңартуға болады» деген пікірлер тамыр жайған. Мұндай ұстаным адамды бір орнында ұстап тұрады. Жыл сайын бір жаңадан алынған жиһаз, бір той, бір көлік… Бірақ не рухани жаңару, не көкжиегін кеңейтетін сапар жоқ. Түркияда сол 5 күндік жолда адамның көзқарасы өзгеріп, өмірге деген талғамы жаңарып келуі мүмкін.
Түркия – қонақжай ел. Онда арзан хостел де бар, көше тағамдары да дәмді әрі қолжетімді, қоғамдық көлік жүйесі дамыған. Яғни дұрыс жоспарлап, артық шығынсыз да барып келуге болады. Тек ниет керек. Тек өзіңе рұқсат беру керек. Өз қажеттілігіңді бірінші орынға қою керек.
«Ел не дейді?» деген оймен өмір сүру – ішкі еркіндіктің жауы. Ал еркін адам ғана шынымен бақытты бола алады. Өз өміріне жауапкершілікпен қарап, бір сапар арқылы өзіне жаңа тыныс ашқан адам – өзгеге де дем береді.
Мүмкін дәл қазір ойланып көретін сәт келген шығар: бір тойдан бас тартып, бір киім алмай, бір несиеге кірмей — бір жолға ақша жинау. Бір ғана Түркия – жаңа әлемнің есігі болуы мүмкін. Тек сен соны қаласаң болғаны.

ЖЕКЕ ӨМІР МЕН ӘЛЕУМЕТТІК РӨЛ

Қазақтың салт-дәстүрі – ұлттың байлығы. Бірақ кейде сол дәстүр адамды шектей бастайды. Әсіресе үлкен жастағы кісілер «баланы оқыту – парыз», «үйлендіру – міндет», «немереге қарау – борыш» деп, өз уақытын сарп етіп жібереді. Бұның барлығы шын жүректен жасалады. Бірақ бір мезетте өз-өзіңе мына сұрақты қою керек:
Мен өз өмірімді өмір сүріп жатырмын ба, әлде біреудің өмірін қамтамасыз етумен ғана айналысып жүрмін бе?
Бұл сұрақ көпшілікті ойландыруы керек. Себебі бізде отбасылық міндет пен жеке бастың дамуы арасындағы тепе-теңдік жиі бұзылады. Шын мәнінде, жеке тұлға ретінде дамыған адам – отбасына да, ұрпағына да көбірек пайда әкеледі. Осы тақырып туралы орыс ұлт өкіліне сұрақ қойдық. Жауабы бізді орыс менталитеті ашып бергендей.
– Не үшін өмір сүресіз?
– Знаете, я живу, прежде всего, для себя. Чтобы чувствовать себя живым, свободным, настоящим. Если ты сам несчастлив, если ты всё время жертвуешь собой ради других — ты теряешь себя. А я не хочу теряться. Я хочу жить так, как чувствую, как считаю правильным, дегеніммен.
Менің бұл ойым ешкімді ойламаймын деуім емес. Тек менің түсінгенім — ең алдымен адам өзімен өзі тату, ішкі жан-дүниесімен үйлесімде болуы керек. Сонда ғана ол басқаға да жақсы нәрсе бере алады. Сол себепті өзімді бірінші орынға қоямын. Бұл — өзімшілдік емес, бұл — саналы көзқарас.
Мен өз өмірімді өзімді табу үшін, сүйікті ісіммен айналысып, қалаған адамым болу үшін өткізіп жатырмын. Балалар үшін өмір сүру емес, оларды өмірге бейімдеп өсіру — менің міндетім. Оларды кішкентай кезінде бағып-қағып, дұрыс жолды көрсетеміз. Бірақ өсе келе, өз жолдарын табуы керек. Мен олардың орнына өмір сүрмеймін. Балаларымның өз өмірі бар, менің өз өмірім. Менің міндетім — оларға жақсы тәрбие беру, білім беру, өмірді түсінуге жол сілтеу. Ал ары қарай олар өздері шешім қабылдауы керек: кіммен өмір сүреді, қайда жұмыс істейді оны мен шешпеймін. Қажет болса, ақыл-кеңес берем. Бірақ өмірлерін басқармаймын. Өзім де ата-анам үшін өмір сүрген жоқпын, олар да менің жолыма бөгет болған жоқ. Сол сияқты мен де балаларыма кедергі болмаймын. Себебі егер үнемі біреулер үшін өмір сүре берсең, өзіңді жоғалтып аласың. Ал мен балаларым өзін-өзі бағалайтын, еркін өмір сүретін адамды көріп өссін деймін. Сонда олар да сондай болып қалыптасады, — дейді орыс азаматшасы.
Қызық әрине. Өзге ұлт өкілдері жылдап қарызға кіріп ипотекаға үй алмайды, олар жинаған ақшасын өз рахатына жұмсайды. Олардың түсінігінде өмір бір ақ рет беріледі, ал сол өмірді үй алуға жұмсап, кейін өзің жан тапсырсаң, ол – ақымақтық.

САЯХАТ – ЭГОИЗМ ЕМЕС,
ӨЗІҢДІ БАҒАЛАУ

Кейбір қазақтар шетелге шығуды, өзіне уақыт бөлуді эгоизм деп қабылдайды. «Өзің үшін өмір сүріп кеттің бе?» деген мысқыл да бар. Бірақ егер тереңінен қарасақ, бұл – өзін бағалаудың, өзіне деген қамқорлықтың белгісі. Адам психологиясы мен денсаулығы үшін тынығу, жаңа әсер алу, орта ауыстыру – өте маңызды.
Шетелге саяхаттау тек байлықтың емес, өмір сүру салтының көрінісі. Бұл – таңдау. Ал біздегі «тек отбасы үшін өмір сүру керек» деген ұстаным сол таңдау еркіндігін шектейді.
Қазақтың менталитеті – өзінің отбасы мен болашағы үшін жанын беруге дайын халықтың көрінісі. Ұрпаққа қамқорлық жасау мен өзіңді бағалау арасында тепе теңдік болмаса, қоғамда ішкі күйзеліс, қажу, шектелу күшейе береді.
Сондықтан бізге менталитетті түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ. Бірақ оны заманға бейімдеу, қоғамдық қысымнан босау және ең бастысы өзіңді де жақсы көруді үйрену керек.
Мүмкін, келесі жолы Дубайдың жағалауында бір емес, он қазақ отбасын көріп қалармыз. Өйткені демалу – еріккеннің емес, өмірді бағалайтынның таңдауы.

Мұрат КҮМІСБЕК


ПІКІР ЖАЗУ