ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР

0
31

Ноқта ағасы», 13 ата Тарақ таңбалы Жалайырға арналған «Жалайыр саңлақтары» атты өмірбаяндық ғұмырнаманы дайындау үстінде деректер жинақтап жүрген тарихшы-өлкетанушы Құлтай Нұрқабылұлы ағамыздың қолынан Тапбергенов ОҚолыма күтпеген жерден бір қызық деректер түсті. Қазақтың аға тайпасы, Ұлы жүздің «раз туралы сарғайған архив қағаздарын көріп қалып, өтініш жасап сұрап алдым. Өйткені біздің жастық шағымызда сол Ораз ағаның отбасымен аз ғана уақыт араласуымыздың өзі біздің өмірімізге өшпестей із қалдырған еді.Тапбергеновтер отбасы ізгі ниетті, жақсылыққа жандары жақын, мәдениетті адамдар болатын.

..Біз Талдықорған қаласының Алматинская деп аталатын көшесінде көрші тұрдық… Ораз аға да, әйелі Дахания Даулетовна Абуталипова да өз заманының саналы, оқыған, көзқарақты, парасатты азаматтары болатын. Біразға дейін мен Ораз ағаны тек үйде отырған зейнеткер деп, әрі үйдің қожайыны ретінде ғана білдім. Кейін жақынырақ таныса келе ол кісінің оқығаны да көп, тоқығаны да көп азамат екеніне көзім жетті. Әңгімелері өте қызық болатын. Жетім өскен балалық шағы, жетілген, оқыған кездері, журналист ретінде, одан кейін партиялық қызметтерде жүрген уақыттарын сағына еске алып отыратын. Әсіресе кіндік қаны тамған қазіргі Көксу ауданындағы Бесқайнар ауылын көп айтушы еді… Менің атымды ұмытып қалып, қайта-қайта Айман дейтін… Маған тарихты біле жүр деп неше түрлі тарихи кітаптар беретін, оқып шық, керек болады кейін – деуші еді. Солардың ішінде есімде қалғаны Садриддин Айнидың «Звезды над Самаркандом» деген кітабы болды. Осы кітапты оқыған соң ба, менің Самарқанды бір көргім келді. Бір емес, кейін осы қалаға бірнеше рет барсам да Самарқанның ежелгі тарихын сол кітаптағыдай елестетем көзіме… Садриддин Айнидың мұражайға айналған үйінде де болып, Самарқанның сан түрлі тарихы жазылған столы мен қаламсаптарына дейін көрдік…

Дүнгене деген жерді
білесіз бе?

Жоғарыда айтып өткенімдей, Құлтай Нұрқабайұлы ағамыздың архивінде Ораз Тапбергеновтың бұдан 58 жыл бұрын жазылған «Біздің ауыл осындай» деген мақаласының газетке шыққан қиындысы бар екен.
Сол мақала бойынша, Киров ауданы жерінің (қазіргі Көксу ауданы) бұрынғы аты — ертедегі аңыздарға сүйенсек — Дүнгене деп аталыпты. Дүнгенені ерте заманда Қойлық деп атаған көрінеді. «Шәкір-Шәкірат» қиссасы да осы көне Дүнгене шаһарында туған деседі.
Сондай-ақ, Дүнгене сол аймақтағы елдің әлеуметтік жиын орталығы болған. Революцияға дейін 12 болыс Жалайырдың бас қосқан топтары (жиындары) осы Дүнгенеде өтіп тұрған.
Ауданда қант зауыты салына бастаған жылдарда жер астынан су ағызатын қыш құбырлар, төрт бұрышты жұқа қызыл кірпіштерді, қыш топатай толы әйелдердің әшекейлері (алтын жүзік, білезіктер) мен болат қанжар табылған. Осы бұйымдарды «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып жүргенімде көрген едім – деп жазады сол мақаласында автор Ораз Тапбергенов.
Октябрь революциясынан кейін еңбек адамының езілген еңсесі көтерілді. Ел де, жер де қайта түледі. Дүнгененің аты да, заты да өзгерді. Заманына қарай Киров ауданы, Кировск — аудан орталығы болып аталды. Социалистік қоғамға тән жоспар бойынша қант зауыты салынған соң оны шикізатпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығында техникалық дақыл өсіру де өркен жая бастады.
«Біздің ауыл осындай» дей келе, автор өзінің туған ауылы Бесқайнарды сол жылдарғы шалқыған шаруашылығын былайша мақтан етеді:
— Менің туып өскен ауылым осы ауданның төрінде, оның даңқына даңқ, ырысына ырыс қосып келе жатқан кеңпейіл бейнетқор ауылдың бірі. Айталық, бұрын суы бетіне шығып іске аспай жатқан Дүнгене мен Бесқайнардың былқылдақ саздары осы күні жапырағы жайқалған мол өнімді қызылша плантациясына айналды. Гектарына 500-550 центнерден тәтті түбір береді. Көк шыбықты ат қып мініп шауып жүрген балаларға әкелері асықтай қантты бөліп беріп, бүкіл ауыл балаларын қуантушы еді. Қазір завод құмшекерді құмша төгеді. Бір қап қанты жоқ үй таба алмассыз, сірә, колхозшының үйінен. 1929 жылы колхоз болып құрылған Бесқайнар бүгінде табысты Еңбекші совхозының атақты бір бөлімшесі, – дейді.
Октябрь революциясының 60 жылдығына орай жазылған сол мақаласында автор Ораз аға Бесқайнар колхозын алғаш ұйымдастырушылардың аттарын құрметпен атап өтеді. Олардың есімдерін бүгінгі ұрпақ та білуі тиіс, өйткені бұл Жетісу өңірі тарихының бір парағы болып саналады. Сонымен, Бесқайнардың алғашқы ұйымдастырушылары, ел арасынан шыққан коммунистер Қиялов Нұрғали, Бектұрғанов Мұғымбет, Төлемісов Бексейіт, Қазыбеков Қалдыбай, Төкеев Сейіт, Батырханов Елғонды, Шақбаев Рахым, Аубаев Тасқынбай аталса, осы мақалада Бесқайнар ауылының бір топ қыз-келіншектерінің де есімдері аталмай қалған жоқ. Өйткені олар да ауылдың ауыр еңбегімен соғыс кезінде-ақ ер адамдардың орнын басып, ерінбей еңбек етті.

Сол талмай еңбек еткен келіншектердің есімдері кейін елге танылды. ЗАКАРИЯ СЕЙІТОВА, БИТАЙ ТАТЕНОВА, ЗЫЛИХА ТАМШЫБАЕВА сол еңбектің арқасында Социалистік Еңбек ері атанып, атақтары әлемге жайылды. Ораз аға өз мақаласында осындай еңбек ері атанғандармен бірге істеген серіктес звеношы қыздардың да есімдерін атауды ұмытпаған. Олар Кербез, Кішім деген жеңгелері, Оразбаева Айтбала, Бектұрғанбаева Нұрбике, Хен Антонина, Бұғыбаева Бижамал сияқты дала жұмыстарында еңбек еткен жандармен қатар ауылдың денсаулық, білім, мәдениет саласында сол жылдары еңбек еткен Ахметбекова Нұрману, Қиялова Зоя, Сегізбаева Шәйгүл, Гүлмайра Шамшудинова сияқты қыз-келіншектерді де мақтанышпен атап өткен.

Өмірін «батрак» болып бастаған…

Мынаны қараңыз. Құлтай Нұрқалбаев ағамыздың жинаған деректерінің ішінде Талдықорған облыстық партия комитетінің мұрағатынан алынған Ораз Тапбергеновтың 1943 жылы өзі жазған кадрлік есеп парақшасында 1917-1922 жылдары ауылда батрак болып істегенін жазады. Ол жылдардың өзінде Ораз ағамыз орысша жетік болғанын маржандай тізіп жазған орысша өмірбаянынан көруге болады.
Кедей отбасында дүниеге келген ағамыз ата-анасынан ерте айырылғандықтан жалшылықпен күн көріп,есейе келе 1924 жылы комсомол қатарына қабылданады.Қызыл әскер қатарында Жетісуда Колчак пен Деникин әскерінен қалған жергілікті «құйыршықтармен» жүргізілген шайқастарға қатысқан.
1927 жылдан 1931 жылға дейін Орынборда рабфакта оқып бітіреді. Одан кейін Алматыда ОГПУ-дың 9 айлық курсын бітіріп, ары қарай 1935 жылға дейін Балхаш аудандық НКВД-да қызмет атқарады. Атынан адам қорқатын мекемеде істеу оңай болмаған тәрізді. Көп ұзамай ауруына байланысты бұл қызметтен босатылып, журналистикалық білім алған соң аты айбарлы партияның «Үгіт және насихат» журналында қызмет атқарады. Бүкіл қызмет сатысына келер болсақ, Тапбергенов ағамыз Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы,аудандық партия комитетінің хатшысы, «Социалистік Қазақстан» газетінің Талдықорған облысындағы меншікті тілшісі, зейтнетке шығар алдында Талдықорған облыстық кітапхана директоры сияқты жауапты қызмет сатыларынан сауаттылығы мен іскерлігі арқасында өсіп–өркендеп, өмірдің талай белестерінен сүрінбей өткен жан. Кеңестер одағы білім саласының үздігі деген атағы бар.

«Әкеміз журналистиканы жан-тәнімен жақсы көруші еді» — дейді балалары өз естеліктерінде. «Мақалаларында ауыл еңбеккерлері туралы, ауыл жастарының проблемалары туралы жиі айтатын. Тың игеру жылдары жіберілген кемшіліктерді де байқап, айтып отыратын. Қазақ елінің салт-дәстүрінің, мәдениетінің жоғала бастағанына күйініп, алаңдап отыратын. Қандай қызметте жүрсе де әміршілдік мінез байқатпайтын өзгені де, өзін де сыйлайтын сыпайылығы жоғары еді» – дейді олар.

Жақсы әйел —
барша жұрттың анасындай…

Ия, ер жігіт ел-жұртының панасындай,Жақсы әйел барша жұрттың анасындай.Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай – деп Сүйінбай Арон айтқандай, Ораз ағамыздың жастай қосылған жан-жары Дахания Дәулетқызы Әбуталипова (1917-1990) туралы да айтар жақсы лебіздер көп-ақ. Ол Қызылжар қаласында көп балалы жанұяда дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, рабфакты бітірген соң еңбек озаты ретінде Алматы медицина институтына оқуға жіберіледі, онда емдеу факультетін оқып бітіреді. Көп жылғы медицина саласындағы еңбегін Бақанаста учаскелік балалар дәрігерлігінен бастаған мейірімді жанның соңғы жұмысы облыстық балалар санаторийінің бас дәрігері, әрі меңгерушісі еді. Өте тәжірибелі балалар дәрігері екендігін ол кісінің баланың тыныс алуын тексергенде байқайсың. Мойнына фонендоскоп іліп, баланың тынысын сол суық құралды кеудесіне тоспай-ақ, өз құлағымен тыңдайтын. Баланың алдымен алдыңғы кеуде тұсын, содан кейін құлағын, баланың артынан жауырын тұсына тосып, диагнозын қоятын. Тура бір рентген аппараты сияқты.
Қарамағындағы мамандармен сөйлесуі, санаторийде емделіп жатқан балалардың ата-аналарымен тілдесе білуі, үлкен бір ұжымның жұмысын дәрігерлік жағына қоса шаруашылығын іскерлікпен басқаруы, талап қоюы жас мамандардың Дахания апайға қызығушылығын тудыратын.
Мен біраз уақыт сол ұжымда жұмыс істеуіме тура келді. Оған да Дахания Дәулетқызы себепші болды.Ол басқарған санаторий балаларды тек сауықтырып қана қоймай, ұзақ уақыт емделіп жатқан соң онда сабақтан қол үзбеуі үшін оқытатын бастауыш мектеп те бар еді. Дахания апамыз уақытша жұмыссыз қалған маған жаны ашып, сол балаларға тәрбиешілік жұмысқа алған еді. Тәрбиешінің жұмысын мен қайдан білейін? Ол жұмысты көріп, үйренуім үшін қаланың бір балабақшасына бір жеті үйренуге жіберді.
-Үйрен! Көр! Өмірде бәрі болады! – деп. Шынымды айтсам, мен тәрбиешілік жұмысты игере алмадым. Өйткені балалардың тілін таба алмадым. Олар қу ғой, менің осалдығымды пайдаланып, далаға қыдыртуға шығарғанымда бір-екеуі топтан бөлініп қашып кететін аула ішінде. Оны көрген Дахания Дәулетқызы өзі жүгіріп, оларды жинап беретін де, маған ұстамды дауыспен: — Сен жоғары білімді адамсың, бұлай бос белбеу болу жарамайды, шира! – деуші еді.Бірақ ұрыспайтын. Қандай қамқорлық десеңізші! Ол кісінің жасаған жақсылығын қалайша ұмытамын! Өнегелі деп осындай жандарды айтса керек.
Қазақ «жақсы әйел-ырыс» деп бекер айтпаса керек. Ораз ағаның шаңырағына ырыс болып келген Дахания Дәулетқызы екі ұл, бір қыздың анасы, немерелерінің сүйікті әжесіне айналған жан. Ғабит Мүсірепов айтқандай, қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді екен, бұл үлкен мағыналы сөз түсіне білсек. Осындай бірін біріне жан жолдас болып, бірін бірі сыйлап өткен екі жақсыдан өрген перзенттері де ата-ана үмітін ақтаған азаматтар болып, Қазақстан мақтан тұтатын тұлғаларға айналған.

Саналы перзент сүю –
өмірдің ғаламаты

Айтып отырған отбасының үлкен перзенті Салауат Оразұлы Тапбергенов 1941 жылдың 22 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Семей мемлекеттік медицина университетінде биохимия факультетінің меңгерушісі, Ресейдің Жаратылыстану Академиясының мүшесі, Қазақстанның ғылым мен білімінің еңбек сіңірген қайраткері, Ғылыми мектептің негізін қалаушы.
2012 жылы өзінің ұлы, медицина ғылымдарының докторы Тимур Салауатұлымен Германияда орыс тілінде монография шығарған, кейін сол монография ағылшын тілінде жарық көрген.
Европа Бизнес ассамблеясының Сократ комитетінің шешімімен Салауатқа «The Name in Sciense» титулымен қоса сол Академияның орденін де берген.Бұл марапаттар Салауат Оразұлының көп жылғы медициналық биохимия және физиология салаларындағы сіңірген еңбектерінің, ғылыми мектеп негізін қалаушы ретінде танылғанының, актуальды оқу-әдістемелік басылымдарды әзірлеп, халықаралық дәрежеде ұлттық ғылым саласына енгізуіне, оған қолдау көрсетуде өзінің қосқан жеке үлесінің нәтижесі болып саналады.
Ұлы Тимур – медицина ғылымдарының докторы, Семейдің медицина институтында, Астанадағы Қазақ медицина Академиясында ректор болып қызмет атқарған, казіргі уақытта «Исток Аудио Казахстан» ЖШС-нің директоры.
Ораз ағаның екінші ұлы Сабыр Тапбергенов 1946 жылы 8 шілдеде дүниеге келген екен. Мамандығы дәрігер-психиатр. Жоғары санаттағы дәрігер. ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі. Жұбайы Дремова Вера аяқ киім модельері. Балалары Рустам – дәрігер-анестезиолог, реаниматолог, Эльдар – жоғары техникалық білімді маман, ТЖД-де инженер.
Тапбергенова Сауле – 1944 жылы туған. Киім модельер-конструкторы.Мәскеудің Жеңіл өнеркәсіп институтын бітірген, бүгінде зейнеткер, Алматыда тұрып жатыр. Қызы Әсел Нью-Йоркте тұрады.
Міне, жапырағы жайқалған терең тамырлы бәйтеректей Тапбергеновтер сияқты мерейлі отбасының қысқаша өмір сүру деректері осындай. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөзге осы отбасындағы тәрбие тұтас сыйып кетеді. Әкесін пана тұтып, ана мейіріміне қанып өскен ұрпақ та өнегелі болатынын көрдік. Өйткені өздері жас шағында білімге қалай ұмтылып, білім нәрімен қалай сусындаса, перзенттерінің бойына да білімге құштарлықты сіңіре біліп, олардың өз саласының терең білімді маманы болуына еңбек сіңіргенін байқадық.
Ата-анасының салып кеткен ізгі тәрбиесінің жемісі қазіргі қоғамға қызмет етіп жатқан Ораз ағаның ұрпағының адаспаған іздерінен байқалады. Қазақтың отаны ауыл десек, сол ауылдан шыққан Ораз ағаның шетел асып жүрген ұрпақтары ата-бабасының шежіресін ешуақытта ұмытқан емес. Мына төмендегі шежіре олардың әрқайсының үйінде сақталған атасынан қалған мұрағат.

 

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ