ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПАЙДАЛЫ МА,ЗИЯН БА?

Қазіргі заманда ғылыми-техникалық прогресс қарқынды дамып келеді. Соның ішінде ерекше назар аудартып отырған сала – жасанды интеллект (ЖИ). Бұл технология көптеген салаларға еніп, адамның күнделікті өмірін түбегейлі өзгертіп жатыр. Дегенмен, жасанды интеллекттің пайдасы мен зияны туралы пікірлер екіге бөлінеді. Біреулер оны болашақтың кілті деп санаса, енді біреулер қауіп ретінде қарастырады. Ендеше, жасанды интеллект бізге дос па, әлде дұшпан ба?
Жасанды интеллект қоғамға пайдалы ма, зиян ба? Бұл сұрақтың жауабын таппас бұрын жасанды интеллект деген ұғымға тоқталып өтсек. Бұл екі сөздің тіркесуінен құралған, ең негізгісі интеллект. Бұл сөз қазақ тіліне аударылмайтын сандық, цифрлық технология термині. Оны көбінесе зейін немесе ақыл деп түсіндіріп жатады. Жасанды интеллект терминін 1956 жылы АҚШ-тың Дартмут колледжі оқытушысы Джон Маккартни деген ғалым ұсынды. Интеллект- субьекттің қоршаған әлемді қабылдау, түсіну, өңдеу, оқу және шығарым ережелерін даярлау мен шешім қабылдау. Шешім қабылдау арқылы қоғамды басқару деген мағынаға ойысады екен. Субьект адам болса — табиғи интеллект, субьект компьютерлік бағдарлама болса — жасанды интеллект болып ажыратылады. Айырмашылығы да осында болып тұр. Жасанды интеллект жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында пайда болғанымен, соңғы екі-үш жылдың көлемінде үлкен қажеттілікке айналып, қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі әрі бірегейі болып отыр. Неге десек, қоғам қазір жасанды интеллектті жақтаушылар және даттаушылар болып екіге бөлінді. Бірі бұл заманның озық технологиясы десе, екіншісі адам орнын алмастыруға келе жатқан компьютерлік бағдарламалар үлкен қауіп деп санайды. Әрине таяқтың екі ұшы бар десек, жасанды интеллекттің де көл-көсір пайдасымен қатар, тигізер зияны да жоқ емес.
Жасанды интеллекттің
пайдалы жақтары
ЖИ-дің ең басты артықшылығы – оның жылдамдығы мен тиімділігі. Адам бірнеше сағатта орындайтын жұмысты ЖИ бірнеше секундта шеше алады. Мысалы, медицина саласында жасанды интеллект ауруларды ерте кезеңде анықтап, дәл диагноз қоюда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, білім беру жүйесінде ЖИ оқушылар мен студенттерге жеке тәсілмен білім беруге мүмкіндік туғызуда. Өндіріс пен логистика салаларында да ЖИ автоматтандыру арқылы өнімділікті арттырып, адам еңбегін жеңілдетіп келеді. Ақпараттық технологиялар мен қауіпсіздік жүйелерінде ол деректерді сақтау, өңдеу және қорғау жұмыстарын анағұрлым тиімді жүзеге асырады. Жасанды интеллект арқылы уақытты үнемдеп кез келген тапсырманы бірнеше секундта орындауға болады, тақырыбын айтып көлемді мәтінді де жаза аласың. Ол аз десеңіз қазіргі оқушылар үй жұмысын орындатса, студенттер дипломдық жұмысын да осы бір ақылгөй көмекшінің арқасында бітіріп жатыр. Алайда көптеген шет елдік оқу орындарында бұл бағдарламаны қолдануға қатаң тыйым салынып, тіпті дипломдық жұмыстары қабылданбай, жоғары білімнің құжатынсыз қалып жатқан білімгерлер де аз емес. Одан бөлек өлең шығарып, сурет салып, керек кезде сырлас досыңа да айналған бұл бағдарламаның әлі де көрсетер қызығы алда секілді.
Жасанды интеллекттің қаупі бар ма?
Алайда, ЖИ-дің дамуымен бірге бірқатар қауіптер де қатар жүруде. Ең алдымен, бұл жұмыссыздық мәселесі. Көптеген мамандықтар ЖИ-мен алмастырылып, адамдар өз қызметтерінен айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, жеке өмірдің құпиялылығы мен қауіпсіздігі де маңызды сұраққа айналуда. ЖИ арқылы адамның жүріс-тұрысын бақылау, деректерін жинау және оны өз мүддесіне пайдалану мүмкіндігі артып отыр. Тағы бір елеулі мәселе – этикалық және құқықтық сұрақтар. ЖИ шешім қабылдағанда оның негізінде қандай құндылықтар жатыр? Ол әділетті бола ала ма? Кім ЖИ-дің әрекетіне жауапты? Бұл сұрақтар әлі толық шешімін тапқан жоқ. ЖИ-дің маған ұнамайтын тағы бір үлкен кемшілігі бар. Ол адамдардың критикалық және аналитикалық ойлау жүйесінің төмендеуіне алып келетін құрылғы болып табылатыны. Мен педагогикалық бағытты қатар алып жүрген азамат ретінде байқағаным, оқушылар берілген тапсырманы өздері орындамай, ChatGpt арқылы орындайды. Ал үй жұмысы мектепте алынған теорияны практикалық тұрғыда қолдану үшін, ойланып шешім шығару үшін берілетін арнайы педагогикалық әдістердің бірі емес пе?! Университет қабырғасындағы студенттердің де жай-күйі осындай. Өзі орындамайды, ойланбайды, дайынды көшіріп әкеледі. Сонда он бір жылдық орта біліммен, төрт жылдық жоғары білімнің қорытындысы қалай өлшенбек. Бұл өзі де телефонға деген тәуелділіктерінен арыла алмай жүрген балаларымыздың сауатынан да айырылуына әкеліп соқпайды ма? Өздігінен телефонсыз жүре алмайтын ұрпақ, өздігінен ойлану қабілетінен де айырылса болашағымыз не болмақ. Жасанды интеллект – бұл адамзаттың ұлы жетістігі. Дегенмен, оның игілігін көру үшін біз жауапкершілікпен қарап, оны дұрыс бағытта дамытуымыз керек. Егер ЖИ адамға қызмет ету үшін көмекші құрал ретінде пайдаланылса, ол – дос. Ал егер ол бақылау мен адами қасиеттердің жоюлуына әкелетін факторға айналса, онда ол дұшпан болуы мүмкін. ЖИ тек өзіне берілген алгоритм бойынша ғана жұмыс істейді, одан арыға оның қауқары жетпейді. Жасандының аты жасанды ол алысқа шаппайды. Ал адам миы, сана-сезімі шексіз дүние, ал оны шектеп, дамуын тоқтатып алмау әркімнің өз жауапкершілігінде. Сондықтан бұл технологияны ақылмен пайдалану – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Талшын ЕРЛАНҚЫЗЫ