БІЗГЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК

0
19

Тіл – ұлттың жаны, жүрегі, рухы. Ана тілі – ата-бабамыздан жеткен ең асыл мұра, бізге аманат, ертеңгі ұрпаққа қалдырар еншіміз. Бірақ бүгінде өз елімізде, өз жерімізде сол асылымызға өзіміз бейжай қарап отырғанымыз қалай? Егер біз ана тілімізді құрметтемесек, ол кімге керек болады?..

Қазақтың ана тілі кімге керек? Иә, қазақтың ана тілі қазақтан басқа ешкімге керек емес. Ал біз өз елімізде, өз жерімізде қазақ тілінде сөйлесек, бірақ өз тілімізді өзгелер тұрмақ, өзіміз құрметтемесек, бұл тілді кім қорғайды? Бұл тіл жойылып кетпей ме?
Әрине, басқа тілді білген жақсы. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген дана сөз бекер айтылмаған. Алайда біз құрметтемеген тілді басқа ешкім құрметтемейді. Бүгінде әр елдің тілінде – орысша, ағылшынша сөйлегенімізге мәзбіз. Басқа елде жүрсек бір жөн, ал өз елімізде өзге тілге басымдық беру – ана тілімізге деген опасыздық емес пе?
Қазір күн сайын қанша орысша сөз естимін. Таңертең жұмысқа шыққаннан кешке дейін айналамда көбіне орысша сөйлейді. Қазақ балалары мен қазақ кісілерінің орысша сөйлейтіні көңілге қаяу түсіреді. Иә, бәріне бірдей кінә арту дұрыс емес. Қазақ тілін құрметтейтін, тек қазақша сөйлейтін азаматтар да бар. Бірақ бәріміз бірігіп, жұмылмасақ, бұл мәселені шеше алмаймыз. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Егер барлығымыз бір кісідей болып, қазақ тілін қолдап, күнделікті қарым-қатынасымызда қазақша сөйлесек, өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытады. Ал біз өзіміз ана тілімізде сөйлемесек, бұл тіл біртіндеп ұмыт болады. Тілдің жойылуы – ұлттың жоғалуы. Сондықтан тілімізді сақтау үшін тек қазақша сөйлеу жеткіліксіз. Ана тілге деген құрмет, сенім, жанашырлық болуы керек. Елімізге келген өзге ұлт өкілдеріне тек қазақша жауап беру, соттарда, мемлекеттік қызметте, құжаттарда қазақ тілінің үстем болуын талап ету қажет. Сонда ғана қазақ тілі дамып, әлем танитын тілге айналады.
Неге біз өз тілімізде сөйлеуге ұяламыз? Қазақ тілі – бай тіл, көркем тіл. Осындай тілге біз неге менсінбей қараймыз? Неліктен ана тілімізді құрметтемейміз?
Елестетіңіз: бір үлкен отбасы бар. Ол отбасының өзіне тән дастарханы, тағамдары, салт-дәстүрі және ерекше тілі бар. Бірақ бір күні балалары өз тілін ұмытып, басқа тілде сөйлей бастайды. Уақыт өте келе ата-әжелері сөйлеген тілді ешкім түсінбейтін болады. Сол кезде олар өз тарихын, естеліктерін, әндерін, мақал-мәтелдерін ешкімге жеткізе алмай қалады. Отбасының тамыры үзіледі. Қазақ тілі болмаса, біз кім екенімізді, қайдан шыққанымызды, қандай бай мұрамыз барын да ұмыта бастаймыз. Тіліміз – рухымыз, жүрегіміз, болмысымыз. Қазақ тілін ұмыту – өз тамырыңды қиып тастаумен тең.
Егер мұндай жағдайдың болуын қаламасақ, қазірден бастап ана тілімізді сақтауға, дамытуға бар күшімізді салуымыз керек. Мен бұл істі жас-тардан бастауды жөн санаймын. Себебі болашақ – жастардың қолында. Өзім де жас болған соң, жастардың психологиясын түсінем. Қазіргі буын шет елге еліктеп, басқа тілде сөйлегенді сән көреді. «Қазақша сөйлесем, артта қалғандай боламын» деп ойлайды. Бірақ бұл – қате түсінік. Сондықтан ең алдымен, сөйлейтін ортаны қазақшалаудан бастау керек. Кейін мектеп, колледж, университеттерде тілге байланысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жастарды қызықтыру қажет. Қазақша кітап оқып, сөздік қорын молайту, әдеби сөздерді меңгеру – тіл мәдениетін қалыптастырады. Сол арқылы қазақша сөйлейтін орта кеңейеді.
Назерке ұстаз: «Қазақ тілін үйрету – тек грамматикамен шектелмеуі керек. Баланың бойына тілмен бірге ұлттық сана, рухани байлық та сіңуі тиіс. Балалар тек қазақша сөйлеу керек деген сөзді емес, не үшін сөйлеу керек екенін түсінуі тиіс. Түсінген нәрсе жүрекке жетеді, ал жүрекке жеткен тіл – ұмытылмайды», – дейді.
Қазақ тілінің мәртебесі жайлы көптеген мақалалар жазылды: «Қала халқы неге қазақша сөйлемейді?», «Қазақ тілі қалай қажет тілге айналады?» деген секілді. Бірақ, өкінішке орай, ол мақалаларды оқып, ойланып, әрекет етіп жатқандар аз. Кейде балаға бір нәрсені жәй айтып түсіндіре алмайсың, қаттырақ айтсаң, келесіде тыңдай бастайды. Сол сияқты, бұған дейін жәй сөзбен айтып келдік – енді нақты әрекет уақыты жетті. Әйтпесе, ертең бәріміз үшін кеш болады.
Айдос қала тұрғыны: «Мен дүкенге кірсем, тек қазақша сөйлеймін. Егер қызметкер түсінбеген жағдайда ғана орысша айтамын, достарыммен де қазақша әңгімелесеміз. Тек орыс ортаға барғанда ғана орысша жауап беремін. Басқа кезде орысша сөйлемеймін», – дейді.
2020 жылы «Тіл майданы» қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметов: «Қоғам қазақ тілінде сөйлеуі үшін заң жұмыс істеуі керек. Қазақша нан сұрай алмайтын ұлтқа айналдық. Кез келген адам, ұлтына қарамастан, қазақша сұрап, қазақша жа-уап талап етуі керек. Сол кезде ғана тіл майданы басталады», – деген болатын. Дұрыс айтылған. Бірақ әлі күнге дейін тілге қатысты нақты заң жоқ. «Қазақша білмегендерге айыппұл салынады» деген заң әлі бекітілмеген. Егер осындай немесе басқа нақты заң қабылданса, бұл ана тіліміздің қорғаушысы болар еді.
Қазақ тілі – ұлтымыздың тамыры, тарихымыздың ізі, болмысымыздың өзегі. Біз сол тамырды өз қолымызбен қиып тастамауымыз керек. Өзге тілді білу – артықшылық, бірақ өз тіліңді ұмыту – сор. Бүгінгі таңда әр қазақ өз ана тілінде сөйлеуді мақтаныш етуі тиіс. Жастар ана тілін өмір салтына айналдырса, отбасылар қазақша сөйлесуге мән берсе, мемлекет нақты қадам жасаса – қазақ тілі қайта өркендейді. Бұл жол – қиын жол. Бірақ ол – ұлт ретінде сақталу жолы. Ана тіліміздің болашағы – өз қолымызда. Ендеше, қолымызда тұрғанды қолдан түсірмейік!

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ