ЖӘЛМЕНДЕ ПЫШАН — ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ БІР ПАРАҒЫ

0
16

Жақында Жетісу жұрты ақын-сазгердің туғанына 140 жыл толуын атап өтті. Тартымды ұйымдастырылып, мағыналы өткен шара көрермендер мен қоғам белсенділері арасында өте жоғары баға алды. Өйткені мұндай шаралар қазіргі жас ұрпақты қазақтың қилы тағдырының өткен күндерінде орын алған оқиғалар мен есімдері аңызға айналған адамдармен таныстырады. Пышан ән мен күй шығару өнерімен, әуезді әндерімен, домбыра, сазсырнай, қобыз сияқты музыкалық аспаптарда шебер орындаушы, сал-серілер қатарында аталатын өнерімен ғана емес, ол елінің есінде ел билеу ерекшелігімен де есте қалды. Төмендегі мақаламызды «Пышан деген кім еді?» деген сұрақ қойған оқырмандарымыздың, сондай-ақ Жетісу жерінде өмір сүрген тарихи есімдерді біле жүрсін деген ниетпен жастар аудиториясының назарына ұсынғанды жөн көрдік. Мақала «Алаш» сыйлығының иегері Әміре Әріннің жинаған деректері негізінде жазылды.

Өршіл, өрелі, тектінің ұрпағы Пышан Жетісу аймағының аға сұлтаны болған әкесі Жәлмендеден жас кезінен қалмай еріп жүріп биліктің қыр-сырын меңгерген. Ол кейін ел арасынан болыс болып сайланып, өңірдегі елін басқарады. Ел билеген Пышан болыс ақ пен қараны ажырата алатын, әділдік пен қысастықты таразылай алатын еліне адал тұлға бола білген.
— Патша үкіметі қазақ жеріне демократия кіргіземіз деп, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Жетісу уезінде аға сұлтан сайлауын өткізгені белгілі. Аға сұлтан сайлауына осы Жетісу өңірін қоныстанған рулардан 16 адам дауысқа түскен. Сонда бірінші айналымның өзінде Жәлменде би бәрінен озып шығып, Жетісу уезінің аға сұлтаны болып сайланған. Ол кездегі Жетісу жерінің генерал губернаторы – Колпаковский. Губернатордың ордасы Қапалда орналасқан-ды. Жәлменде аға сұлтан болып сайланғаннан кейін Қапалға көшіп келген. (Көбес Ақылбаев, мемлекет және қоғам қайраткерінің естелігінен)Тарихшы Талдыбек Нұрпейістің айтуынша, «Жәлменде де, Пышан да ел басқару жағынан әйгілі Ескелді, Балпық, Қаблиса жыраудың ел билеу әділетті жолын жалғастырған. Пышан болыс бола тұра, ақ патшаның да, Советтің де бұйрығын орындауға міндетті байлаулы болысы болса да, ол ақтар мен қызылдардың елді шапқанын көріп, өкімет саясатына қарсы шыққан. Пышан 1916 жылғы ақ патшаның «Маусым жарлығына» наразылық білдіріп, ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан және 1918-1919 жылғы өкімет қажеттілігіне мал жинау науқаны кезінде өктемшілердің әрекеттеріне қарсы күрескен азамат. Осындай қанды оқиғаларға тікелей араласқан Пышан болыс – жай шайқастардың құрбаны емес, саяси қоғамның құрбаны.
Ел ардақтысы болған Пышанның есімін атауға болмаған Кеңес заманында Пышанның шығарған әндері «халықтікі» болып кеткен, «халықтікі» болып ел арасында орындалып жүрді. Қазір таңда, кейінгі мұрагерлер, өнер зерттеушілері сол әндер, шешендік сөздері мен өлеңдері, әндері, күйлерін қайтадан жарыққа шығаруда.»
Пышан туралы естеліктер не дейді?
— «Пышанның бір әні – «Ақ шәйнек, сары самаурын». Әнші ақынның жасырақ, әлі қайғы-қапаға ұрынбай тұрған хошшуақ шағында, дүниеге көзқарасын жастың жалыны билеп тұрған кезінде шығарылған деу керек. Мұны біз әннің ойнақы әуезінен де, қалжың-әзілге бейімдеу ән өлеңінен де айқын байқаймыз. Әннің әуездік өнебойы жеңіл, көтеріңкі көңілмен басталады да, аяғына дейін сол ырғақ ықпалды сақтайды. Бұл ән ірілі-ұсақты әншілер аузынан естіліп қалып жүретін. Бірақ кеңес өкіметі кезінде Пышан ақынның атын атауға тыйым салынған. Аты сыбырлап айтылатын. Дүниеде ондай адам болмағандай. Авторы ұмыт қалғандай. «Пышанның әнін айтыңызшы? », – деп өтініш жасағаны үшін ғана Шолақ Қарғалы ауылының азаматы, колхоздың төрағасы Әміре Шырымбаев 1937 жылы атылып кеткен!» .
Мұң мен шерге толы «Дүние, шіркін, өтеді бір күн» әні Ораз Жандосов аузынан естіліп, Алматы өңіріне тарады. Біздің үйде Евгений Брусиловский мен Қанабек Байсейіт осы әнді тура жарты күн жазды. Осы жылдың күзінде мені ағам Иса алды да жөнелді. Алматыға келдік. «Жалбыр» операсын тыңдадық. Менің ағамды әдейі шақырған екен. Нақ сол операдан таныс ән тағы да құлағыма шалына кетті. Ал «Сұңқар едім шөлдегі» — Пышанның ең соңғы сөзі, лебізі әнмен естілген. Ондай адам дүниеде сирек болар. Кемпірбайдың Әсетке айтқаны да осындай деуге болады — дейді Балғабек Қыдырбекұлы, Қазақстанның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi», «Социалистік Қазақстан» газетінің сексенінші жылдардағы бас редакторы.


— «Менің әкем Ыбырайым Құдайқұл баласы Пышан болыспен кездесіп, ол кісімен дастарқандас болған екен. Пышан болыстың ірі тұлғасы, кескін-келбеті, үстіне киген киімінің сәнділігі мен жүріс-тұрысындағы кербез де керім іс-қимылдары, адамды өзіне еріксіз үйіріп әкетер ашық-жарқын мінезі әкемнің мәңгі есінде қалған. Сондықтан өзі қызметтес болған, көзімен керген қазақтың игі жақсылары жөнінде әңгіме бола қалса, алдымен осы Пышан болысты ауызға алар еді. Ол Пышанның сан қырлы өнер иесі, әрі ақын, әрі сері, саяткер, сол сияқты ел басқарған көсем, сөз ақтарған шешен болыс екендігін айтқанда арқасы қозып ерекше шабыттанатын. Ол кісі Пышан өлеңдерін жатқа айтатын – дейді Тұрдақын Ыбырайымұлы.
— «Жәлменденің баласы Пышанның саз туындыларын сонау бір елі ауызға екі елі қақпақ қойып, тыйым салған кесірлі кезеңде батылдықпен облыстық радио эфиріне шығарып, дүйім елге жеткізгенім үшін бүгінде дән ризамын өзіме. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кәден Балғынбаевтай сұңғыланың орындауындағы күйлердің үнтаспаға түсірілген нұсқасы «тәркіленіп», жоғалып кетуі қазір қазақ өнері үшін үлкен кемістік. Пышанның халық әні ретінде қазақ еліне тарап кеткен келбетті де мәнді әндері қаншама?! Осындай көсем десе көсем, ғажайып композитор Пышан Жәлмендеұлының алтын мұрасының күні бүгінге дейін тиісті мемлекеттік мекемелер тарапынан құпталып, бағасын алмай келе жатқандығы олқылық қана емес, аруақ алдында күнә деп есептеймін.
Пышан күйлерінің эфирден берілуіне байланысты, авторы мен туралы айғай-шу көтеріп, оны обком бюросына ұсынды. Қазақты қазақ алқымынан алып жатқанда басқаға не лаж. «Белсендінің» бел шешіп көтерген мәселесі екінші хатшы Ливенцов пен сала бойынша хатшы Людмила Тихоновна Андреевадан қолдау табады. Мәселе еңбек демалысынан енді оралған бірінші хатшы Шәкір Қарсыбаевқа жетеді. Жалпы ел аузында айтылып жүргендей, бұл кісі өмір тәжірибесі мол, әпербақандыққа жол бермейтін, темірдей қатаң тәртіптің адамы еді. Мәселені бюроға қарауды тежеп бөлімге жібереді» — деп еске алады Хабдышар Әміренов, жазушы-журналист.
Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның «Халық қаһарманы», композитор:
— «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің әнінің негізіне Пышан сазгер-ақынның әнін алғанбыз. Мақамын батыстың әуендік екпін-иіріміне бұрдық».
КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова:
— «Әкемнің ең сүйіп айтатын әні ­­­– «Сұңқар едім шөлдегі» еді. Өмір бойы аузынан тастамайтын. Кейін өзім өнер жолына түскенде осы әннің авторын іздестірдім, ешкім білмейді. Бірді-екілі адамдар ғана «халық жауы» деп атылып кеткен адамның әні» дейтін сыбырлап».
— Илья Жақанов, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор:
«Ақан сері не үшін панисламист атанды? Бір ғана «Гәккуі» «Қыз Жібек» операсына ерекше көрік берген Үкілі Ыбырай не үшін атылды? Жәлменденің Пышаны деп аталған қайталанбас тамаша композитордың мерт болуы да дәл солай! Бұл тұңғиық азалы сырдың кей кілти­панын, бәлкім, біз көрсете алар­мыз…».
— Қанабек Байсейітов, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
«Пышанды көзіммен көрдім. Жігіттің сұлтаны деп халқымыз осындай келбетті де, еңселі, талантты перзенттерін атаған ғой. Үнемі өзінің төл әндерін шырқайды екен. Сөзі ірі, өзі тірі, айналасындағыларды мысы басып тұратын. Менімше, жаңа билікке ел ішіндегі осындай асқан бедел-құрметі ұнамады. Әттең, жазықсыз құрбан болды!
— Бексұлтан Нұржеке-ұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы: «Атам Еш­мұ­қам­бет, әсіресе Жәлменде баласы Пышан туралы көп айтатын. Пышан – 1921 жылы аты­лып кеткен ақын-сазгер. Бейнелеп айтқанда, ол – жалайырлардың Сегіз серісі».
Пышан Жәлмендеұлы дария-ғұмырының соңы қаншалықты трагедиялы тұйықталғанымен. артына қалдырған мол рухани мұрасы сом алтындай түзілді! Кеңестік қызылдар нақақтан-нақақ атып тастаса да, қос дәптер өлең-жырларын өртеп жіберсе де, халық жүрегіндегі әуезді де тәлейлі әндері мен абақтыда ауызба-ауыз айтқан жырларын өшіре алмады! Асылын ардақтаған жұрт қызылдар қылышы жалаңдап тұрған шақтың өзінде ән-жырын бірден-бірге жалғады, өмірдің әріне, өнердің сәніне ұластырды!
Пышан ақын жұмысшылар мен шаруалар өкіметі — Кеңестік жаңа биліктің құрбандығына алдымен шалынды. Өйткені ол болыс еді. Еліне беделді еді. Ел ішіндегі аса бедел-құрметті тұлғаларды тізгіндеу арқылы жалпы жұрттың зәре-құтын қашыру саясаты Пышанды да айналып өтпеді. Басқыншылар қазақтың бірін бірі қызғану, көре алмау, жақсының артынан сөз ерту секілді ескілікті ғадеттерін де жымысқы пайдалана білді. Төменнен түскен дәйексіз, жасанды шағымның дүмпуімен Пышанды Талдықорғанның абақтысына жабады. Содан екі ай өтер-өтпестен Шайқорған түбінде арысымызды атып тынады. Іле-шала екі сағат шамасында  «Пышан Жәлмендеұлы атылмасын!» деген губерния басшысының бұйрығы да жеткен дейді. Кім біледі, қандай қитұрқылықтары екендігін, қызылдардың қулығына құрық бойлаған ба?
Жәлменденің баласы Пышан едім,
Заманында мен-дағы кісі-ақ едім.
Абақ, Тарақ бас қосып жиылғанда,
Түйіндерін қиятын пышақ едім.
Бас қосқанда жиылып Абақ, Тарақ,
Не десем де аузыма тұрды қарап.
Ердің құны екі ауыз сөзбен бітіп,
Дауы бітіп алдымнан кетті тарап, – деп тебіренер текті тұяқ осылайша бар-жоғы 37 жасында өмірі өшті.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иесі Әміре Әрін: —
— «Абақтыда бірге отырған жігіттер қашуды ұйымдастырып, Пышанды құтқармақ та болған екен. Қайша зайыбы да осылай деп өтініш білдіргенде де иілмейді! «Қашып, өлермен боп жүргенше, қашпай, қасқая өлгенім артық!» дейді. Сол сертінде тұрды да! Кешегі Кенесары, Махамбеттердей асыл тегімізге кіршік түсірмей, жауыздар төрт атқанда да селт етпеген!
Қазақтың ақсұңқар перзентінің есімі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың шоғырында аталатын атақты композитор, ақын, сері, ел қорғаны Пышан Жәлмендеұлы 1921 жылы Талдықорған түбіндегі Шайқорған мекенінде қызыл империя қолшоқпарларының қолынан «халық жауы» деген жаламен жазықсыз атып өлтірілді. Сол уақытта Шайқорған басында кейбір күндері 7 адамға дейін атылған! Шайқорғанда жазықсыз оққа ілінген ондаған асылдарымыз жерленген. Бұдан асқан зұлымдық бар ма екен?
Айтулы асыл мұрасы халқымыздың әдеби, музыкалық алтын қорына қосылған Алаш ардағының аты-жөні Азаттық таңы атқалы бергі кезеңде ғана үрку-қорқусыз атала бастады.
Адамзатта өлім жоқ өнерліге! Біріншіден, ұлт бүтіндігі мен халық өнеріне өлшеусіз үлес қосқан бар қазақтың ардағы, пырақ болып ұшқан Пышан Жәлмендеұлына Талдықорған шаһарының өзі атылған Шайқорған елді мекенінен толымды бір көшені атау – ең алдымен елдік парыз дер едік!
Екіншіден, қоғамдық көпшіліктің еліміз бостан күйге жеткелі бермен алдыға тартып келе жатқан ұсынысына сай, Шайқорғанда қуғын-сүргін құрбандарына арналған Ескерткіш-мемориал орнатылуы керек деп есептейміз!».
Редакциядан: Қала басшылығы Пышан атына көше беру туралы аталған өтінішке құлақ түріп, оң нәтиже шығарады деген үміттеміз. Өйткені бұл атасының атына көше беру туралы өтініш емес, қазақ тарихында өшпес орны бар адамға деген көпшіліктің өтініші деп түсіндік.

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ