ЖАСТАРДЫҢ ШЕТЕЛГЕ КЕТУІНІҢ БАСТЫ СЕБЕПТЕРІ ҚАНДАЙ?

Соңғы жылдары қазақстандық жастардың шетелге кету үрдісі айтарлықтай күшейді. Бірі сапалы білім алу үшін кетсе, енді бірі жақсы табыс табуды көздейді. Бастапқыда тек уақытша жоспармен аттанғандардың көбі шетелде тұрақтап қалуға шешім қабылдайды. Бұл құбылыс қоғамда жиі талқыланып, алаңдаушылық тудыруда. Жастардың өзге елде қалып қоюының басты себептері қандай?
Ең алдымен, жастардың шетелге кетуінің басты себептерінің бірі – жалақы айырмашылығы. Нақтылап айтқанда – жалақының төмендігі. Қазақстанда көптеген мамандықтар бойынша еңбекақы төмен болғандықтан, білікті кадрлар жоғары жалақы ұсынатын елдерге көшіп жатады. Мысалы, елімізде мұғалімдердің жалақысы 150 мыңнан 600 мың теңгеге дейін барады. Ал Швейцарияда мұғалімдер айына 6 240 доллар алады, бұл шамамен 2,8 миллион теңге. АҚШ-та бұл көрсеткіш 3 900 доллар шамасында. Сондай-ақ, Германия, Норвегия, Жапония сияқты дамыған елдерде де жалақы бірнеше есе жоғары. Бұл тек мұғалімдерге ғана емес, дәрігерлер, инженерлер, ІТ мамандары сияқты басқа да салаларда жұмыс істейтіндерге қатысты. Әрине, жастар өз еңбегінің әділ бағаланғанын қалайды, сол себепті олар жақсы өмір сүру үшін шетелге кетуге мәжбүр.
Жастардың шетелге кетуінің тағы бір маңызды факторы – жұмыссыздық. Ресми статистика бойынша, 2023 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8% болса, 2024 жылы 4,6%-ға төмендеді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,3%-ды құрады. Дегенмен, жұмыс іздеп жүрген жастар әлі де аз емес. Қазақстанда жұмыс бар, бірақ олардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Университет бітірген түлектердің бір бөлігі дипломдарын сандыққа салып қойып, мүлде басқа салада еңбек етуге мәжбүр. Бірі саудаға кетсе, енді бірі қарапайым жұмысшы болып қызмет етеді. Ал өз мамандығы бойынша лайықты жалақысы жоқ, болашағы бұлыңғыр қызметтерден бас тартқан жастар шетелге кетуге тырысады.
Жастардың жұмыс таба алмауының тағы бір себебі – зейнет жасындағы қызметкерлердің орнын босатпауы. Зейнетке шықса да жұмысын жалғастыратын мамандар көп, бұл өз кезегінде жас буынның еңбек нарығына араласуына кедергі келтіреді. Әрине, зейнеткерлер үшін жалақы мен зейнетақыны қатар алу тиімді. Бірақ бұл – жастардың мансап құруына үлкен тосқауыл. Жастарға жаңа жұмыс орындарын ашудың орнына, зейнет жасындағы қызметкерлердің әлі де жұмыс істеуі олардың елден кетуіне әсер етеді.
Жастардың шетелге кетуінің тағы бір себебі – сапалы білімге қол жеткізу. Дамыған елдердің университеттері әлемдік рейтингтерде жоғары орын алады және түлектеріне халықаралық еңбек нарығында сұраныс көп. Қазақстанда да білім сапасын жақсарту бағытында көптеген реформалар жасалуда, бірақ жастардың көбі шетелдік университеттерге түсуге тырысады. Себебі шетелде алған білім оларды әлемдік деңгейдегі компанияларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай жұмыс орындарының тапшылығы жастарды шетелде тұрақтап қалуға итермелейді.
Мұның сыртында, жастардың елден кетуіне әлеуметтік және психологиялық факторлар да әсер етеді.
Олар өз болашағына сенімсіздікпен қарай бастайды, қоғамда шынайы әділеттің жоқтығын сезінеді. Жемқорлық, мансаптық өсу мүмкіндіктерінің аздығы, таныс-тамыр арқылы қызметке тұру сияқты келеңсіз жағдайлар жастарды күйзеліске ұшыратып, өзге ортадан бақыт іздеуге итермелейді.
Шетелде адам құқықтары мен бостандықтары жақсы қорғалған, жастарға арналған бағдарламалар мен гранттар кең таралған. Бұл – оларға өз армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Менің ойымша, осы мәселелерді шешу үшін мемлекет нақты шараларды қолға алуы қажет. Еңбекақы деңгейін көтеру керек. Жалақы әділ бөлінсе, жастар шетелде емес, өз елінде еңбек етуге ынталы болар еді. Зейнетке шығу жасын қысқарту маңызды. Бұл жастардың еңбек нарығына тезірек араласуына мүмкіндік береді. Білім сапасын арттыру қажет. Егер қазақстандық жоғары оқу орындары халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болса, жастар шетелге кетуді емес, елімізде қалуды жөн санайды. Жастарға арналған жұмыс орындарын көбейту және кәсіпкерлікке қолдау көрсету маңызды. Мемлекет жастардың елде өз болашағын құруына жағдай жасаса, олардың шетелге кету қажеттілігі азаяды. Сондай-ақ, мемлекеттік деңгейде жастармен ашық диалог орнату маңызды.
Жастардың идеялары мен ұсыныстары ескеріліп, тыңдалуы тиіс. Оларға сенім артылып, ел ішіндегі жобаларға тарту қажет. Жастардың елге деген сенімі оянса, олар болашақты өз отанында елестетеді.
Ақылды, білімді, шығармашыл жастардың кетуі – ұлттық байлықтың сыртқа ағуы. Мұны тоқтату – бүгінгі биліктің басты міндеттерінің бірі болуы керек.
Қорыта айтқанда, жастардың шетелге кетуінің басты себептері – ол елдердегі жоғары жалақы, біздегі жұмыссыздық және жастардың сапалы білімге ұмтылуы. Бұл мәселенің шешімі – еңбек нарығындағы жағдайды жақсарту, жалақыны көтеру және білім жүйесін жетілдіру. Егер жастар өз елінде де лайықты табыс тауып, мансап құруға мүмкіндік алса, шетелге кетудің қажеттілігі болмайды. Қазақстан үшін ең маңыздысы – білікті мамандарды сақтап, олардың елдің дамуына үлес қосуына жағдай жасау. Жастар – елдің болашағы, сондықтан олардың басқа мемлекеттерге кетуін тоқтатудың тиімді жолдарын қарастыру керек.
2023 жылы шетелге 15 мың қазақстандық көшіп кеткен болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 12 784 адамды құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, шетелге қоныс аударғандар саны айтарлықтай азайған.
Жастардың шетелге кетуі – бұл жай ғана статистика емес, ұлттың стратегиялық ресурсының жоғалуы. Егер бүгін жастарды елде ұстап қалудың нақты амалдарын жүзеге асырмасақ, ертең олардың білім-білігі өзге елдердің экономикасын дамытуға қызмет ететіні анық. Сондықтан жастардың елде қалуы үшін жағдай жасау – ұлттың ертеңіне салынған инвестиция.
Алайда бұл бағыттағы нақты қадамдар көңіл көншітпейді. Мәселен, қаламызда ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысушылар саны аз, ал барғандар өздеріне лайықты жұмыс таба алмайды. Мысалы, Қытай тілі маманы ұзақ уақыттан бері жұмыс таба алмай жүргенін айтады. Кей деректер бойынша, жұмыссыздық деңгейі 14,9%-ды құрап отыр. Олар жұмысты қайдан табады? Жауапсыз сұрақ…
Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ