ТІЛДЕ ХАЙП БАР, МАҒЫНА ЖОҚ

0
33

Қазіргі уақытта әлеуметтік желі ықпалымен жастар арасында жиі айтылатын жаңа сөздер көбейіп барады. Бір қарасаң, бұл сөздер бәріне түсінікті сияқты. Бірақ тереңірек үңілсек, мағынасы бұлыңғыр. ал кейде тіпті өзіміздің не айтып жүргенімізді білмейміз. Мысалы: хайп, контент, подкаст, блогер, блок, сторис сияқты сөздер бүгінде екінің бірінің аузында жүр.

Селфи түсіріп, сторис салып, рилс арқылы күлкі жинап, челленджге қатысқан жастар бір мезетте фейк ақпаратты хештегпен бөлісіп, пранк жасап жүр. Бірі – вайнер, екіншісі – инфлюенсер, ал енді басқасы – подкаст жазып, стримге кіріп кеткен. Коммент пен лайк – күнделікті тілдің бөлшегі, ал хейтер мен фоловер парақшаның «тұрғылықты халқы». Лайфхак айтып, мотивация беретіндер сторителлинг арқылы ой тарқатып, дайректе сыр ақтарады. Ал био дегеніміз өзің жайлы қысқа мінездеме. Бірақ осы сөздермен сөйлеп жүріп, біз өз сөзімізді, өз тілімізді ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?
Көшеде, дәмханада немесе қонақта отырып-ақ «Сторис салып жіберейін», «Контент дайындап қойдым», «Хайп жинап жүрмін» деген тіркестерді естіп жатамыз. Бірақ бұл сөздердің қазақша баламасы бар ма? Немесе біз оларды дұрыс түсініп жүрміз бе? Осы сұрақтар мені де толғандырды.
Аталған сөздердің ма-ғынасын іздеп, әлеуметтік желіден қарап көрдім. Мәселен, «Блогер» мен «блок» бір мағына ма?» деген сұрақ туындады. Алдымен «блок» деген не? Бұл – біреудің парақшасын жауып тастау, яғни бұғаттау деген сөз. Ал «блогер» ше? Іздестіре келе мынадай анықтама таптым: «Блог – онлайн күнделік. Блогер – жүргізуші». Осыны оқып, өзіме «Сонда онлайн күнделік дегеніміз не? Күнде не істегеніңді жазу ма? Блогер күнделікті не жүргізеді?» деген сұрақ қойдым. Бұл сұрақтар мен сияқты қарапайым көпшілікті де мазалайтыны анық.
Шындығына келгенде, блог – адамның өз өмірі, ой-пікірі, күнделікті тіршілігі, тәжірибесі жайлы интернетте жазып, бөлісіп отыратын парақша. Ал блогер – сол парақшаны жүргізетін адам. Ол тек күнделікті өмірін жазумен шектелмей, түрлі тақырыптарды қозғауы мүмкін: саяхат, сұлулық, спорт, оқу, кәсіп, психология – бәрі де блогтың бөлігіне айнала алады.
Енді «хайп» сөзіне тоқталайық. Жастар арасында бұл сөз де тым кең таралған. «Мен хайп жасап жүрмін», «Ол хайп арқылы танылды» деген тіркестерді жиі естиміз. Іздеп көрсем, «Хайп» ағылшын тіліндегі High Yield Investment Program деген сөздердің қысқартылған түрі екен. Ол бастапқыда «Табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағынада қолданылған. Бірақ уақыт өте келе бұл сөз мағынасын өзгертіп, қазіргі тілмен айтқанда «танымал болу», «ел назарына ілігу», «дабыра жасау» деген мағынада қолданыла бастады. Сонда қазіргі жастардың «хайп жасаймын» дегені, шын мәнінде, «елдің назарын өзіме аударамын» деген сөз болып шығады.
Ал «контент» сөзі ше? Бұл сөздің нақты мағынасы сіздің парақшаңыздағы бүкіл мазмұн: фото, видео, жазба, сторис бәрі контент. Қысқаша айтқанда, парақшаның ішкі көрінісі. Мысалы, біреу әзіл видеолар салады – бұл да контент. Біреу оқырманға пайдалы кеңес береді – ол да контент. Контент неғұрлым сапалы, қызықты болса, парақша соғұрлым танымал болады.
Алайда осы бір сөздердің мағынасын іздеймін деп, жаңа тағы басқа түсініксіз сөздерге тап болып отырамын. Қазақ тілі сонда кірме, жаңа, қысқартылған, түсініксіз сөздерге толып кетсе, ертең «ана тіліміз не болады?» деген ой туындайды. Бір сөздің мағынасын білгім келсе, тағы бір бейтаныс сөздер шығады. Бұл да қазіргі заманның шындығы. Сол себепті бұл сөздердің мағынасын өз түсінігім бойынша қарапайым түсіндіріп көрейін.
Селфи – өзіңді өзің суретке түсіру.
Сторис – 24 сағаттан кейін өшіп кететін қысқа фото не видео (Instagram, WhatsApp-та).
Рилс (Reels) – Instagram желісіндегі музыкалық, әсерлі қысқа видеолар.
Тренд – көп адам қайталап жатқан ән, би немесе әрекет.
Челлендж – бір тапсырманы орындап, оны өзгелерге жолдау (мысалы: «10 кітап оқы» челленджі).
Пранк – біреуді алдап, оның реакциясын видеоға түсіру.
Лайфхак – өмірді жеңілдететін пайдалы кеңес.
Флешмоб – көп адам бірге, бір уақытта бірдей әрекет жасайтын топтық іс-шара.
Фейк – жалған ақпарат немесе өтірік контент.
Хейтер – біреуді үнемі сынайтын, теріс пікір жазатын адам.
Фоловер – сіздің парақшаңызға жазылған, сізді бақылап отыратын адам.
Подкаст – интернетте таралатын аудио-сұхбат немесе бағдарлама.
Стрим – тікелей эфир.
Вайнер – қысқа әзіл видеолар түсіретін адам.
Мотиватор – шабыт беретін, адамдарды алға жетелейтін адам.
Инфлюенсер – әлеуметтік желіде ықпалы бар, көп оқырман жинаған адам.
Сторителлинг – әңгімелеу, оқиғаны әсерлі етіп баяндау өнері.
Био (Bio) – парақшадағы қысқаша өзің жайлы мәлімет.
Хайп — дау-дамай тудырып, елдің назарын өзіне әдейі аударту.
Қызметі танымал болу үшін елді қызықтыратын, кейде даулы нәрселер жасау.
Мысалы, біреу әдейі біреумен ұрысып, видеосын салып, халықтың назарын өзіне аударады. Бұл хайп.


Контент — мазмұн, яғни интернетте жарияланған сурет, видео, жазба.
Қызметі адамдарға қызықты, пайдалы ақпарат жеткізу.
Мысалы, біреу саяхат туралы видео түсіріп, парақшасына жүктесе – бұл контент.
Подкаст — интернет арқылы таратылатын әңгіме, сұхбат немесе бағдарлама (әдетте аудио түрде).
Қызметі түрлі тақырыпта ой бөлісу, пікір айту, тыңдаушылармен сырласу.
Мысалы, журналистер жастар мәселесі туралы подкаст жазып, интернетке жүктейді.
Блогер — интернетте өз парақшасына тұрақты түрде жазба, видео, пікір салып отыратын адам.
Қызметі адамдармен ой бөлісу, кеңес беру, жарнама жасау.
Мысалы, ас дайындауды үйрететін блогер өз тағамдарының видеосын бөліседі.
Блок — біреуді әлеуметтік желіде шектеу, оған жазуға, парақшаңызды көруге тыйым салу.
Қызметі мазалаған, ұнамайтын адамдардан қорғану.
Мысалы: Біреу көп мазаласа, оны «блоктап» тастауға болады.
Пост — Әлеуметтік желіге салынған жазба, сурет не видео.
Қызметі: Қандай да бір ойыңды, жаңалығыңды көпшілікке жеткізу.
Мысалы: «Бүгін алғаш жұмысқа тұрдым» деп жазғаның – пост болады.
Бұл сөздердің бәрі күнделікті тілімізге еніп кеткен. Бірақ мағынасын түсінбей тұрып қолдану – өзімізге де, тілімізге де зиян. Ең бастысы – не айтсақ та, нені қолдансақ та, оның мәні мен мазмұнын түсініп барып сөйлеуіміз керек. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ұлттың жаны. Бүгінде жастардың тілінде қалыптасқан жаңа сөздер күн санап көбейіп келеді. Біз олардың кейбірін қолданғанымызбен, нақты мағынасын, қайдан шыққанын, қандай жағдайда қолданылатынын біле бермейміз. Кейде сол сөзді сөйлемге қосып сөйлегенмен, түпкі мәнін түсінбей, тек естіп алғанымыздай қайталай саламыз.
«Челлендж», «Фейк», «Рилс», «Стрим», «Вайнер», «Сторителлинг», «чат», «хобби» тағысын тағы. Бұл тізім шексіз жалғаса береді. Сөздердің дені ағылшын тілінен енген, яғни біздің ана тілімізде баламасы жоқ емес, бірақ біз өз тіліміздің сөзін емес, жат тілдің нұсқасын қолдануды сән көреміз.
Сөздің мағынасын білмей тұрып, оны күнделікті сөйлеу тілімізге енгізу жай ғана жаңашылдық емес, бұл тіліміздің негізін, құрылымын бұзатын әрекет. Осылай жалғаса берсе, бірте-бірте жастар өз ана тілін түсінбей, аралас тілмен сөйлейтін ұрпақ боламыз. Қазір қалжыңдап «жастар қазақша, орысша, арабша, ағылшынша қосып сөйлейді» деп қуанамыз, бірақ – үлкен қауіп емес пе?
Сырттан келген әрбір сөз тіліміздің байлығын толықтырмаса, онда ол қажетсіз жүк. Біз әрбір сөзді екшеп, ойланып қабылдауға тиіспіз. Қазір заманмен бірге ілесіп, жаңа ұғымдарды қабылдауға дайынбыз. Бірақ жаңа сөздің бәрін сіңіре беру дұрыс па? Әуелі оның мағынасын түсініп, мүмкін болса, өз тілімізде синонимін қолдануымыз керек.

Зарина БЫЖЫБЕК 


ПІКІР ЖАЗУ