ЕРКІНДІКТІҢ ЕКІ ЖАҒЫН ӨЛЕҢІНДЕ САРАПТАҒАН

0
59

Түнде алтын, күндіз күміс болып ағатын Қаратал өзенінің бойында қазақтың Швейцариясы деп аталып кеткен жасыл желектің сан мың түрі өсетін, ал төңірегі ерте тарихтан сыр шертетін бал-бал тастары мен құпияға толы үңгірлері мен артефактары бар Тастөбе ауылының Жазылбек жерінде дүниеге келген Бағила Бейсенбекқызы жастайынан қазақи тәрбиені бойға сіңіріп өсумен қатар, қазіргі кейбір жастар сияқты «диплом үшін ғана оқимын» демей, қазақ тілі мен әдебиетін терең біліп-игеру үшін жоғары білім алуға ұмтылған сан қырлы тұлға. Ұстаздықты таңдаған Бағила апайдың жан-жүрегі поэзияға жақын болды. Мектептен бастап-ақ Абай сияқты алыптардың, Фаризадай өр ақындардың жолына қызығып, қаламын қолынан түсірген емес. Ұстаздық демекші, ол жоғары білім алған соң ұстаз мамандығын мектептен бастап, кейін жоғары білім ордаларында жалғастырды. Тіпті зейнетке шыққан соң да қарап отырмай педагогтық тәжірибесін балабақша ашып, бөбектерді тәрбиелеумен жалғастырып келеді.
«Алатау» газетігің тұрақты оқырманы Бағила Бейсенбекқызы күні кеше ғана мерей жасқа жетті. Ол кісінің екі кітабымен таныспын, ондағы көңіл түкпірінде жатқан сырлы ойлары кімді де болса ойға салып қалары анық.

— Сіздің жаныңызға жақын тақырыптар қандай? Әдетте ақынжанды адамдар табиғат, сезім, адами қарым-қатынастар туралы көбірек жазады ғой…сіздің өлеңдеріңіздің тақырыптары әртүрлі екен…
— Рас айтасың, Зарина. Өзімді ақынмын деп есептемеймін, бірақ ақындардың сезім туралы өлеңдерге жақын болатыны рас. Жас кезімдегі өлеңдерім сондай болған шығар. Менің ойыма келетін шумақтар әртүрлі тақырыпта. Көбіне — әлеуметтік тақырып болып кетеді. Көргенім мен түйгенімді салыстыра отырып, неге олай болды екен? — деп мазасыз күй кешемін. Өзіме сұрақ қоямын. Жауабын іздеймін. Сол тапқан жауабыммен кейде өзім де келіспей қаламын… Кейде бір ойға бір ой қайшы болып тұрады ғой. Қаламымның ұшында сол бір жауабы қиын сұрақтар тұрады. Кейде бір пікірталастан кейін де шумақтар жазылып жатады…
— Жаңа қоғамға көзқарасыңыз туралы білгіміз келеді. Өйткені сіздің жасыңыздағы адамдар екі ғасырдың түйіскен уақытында, екі түрлі қоғамда — «социалистік» деп аталатын, адамдарға коммунистік партия атын жамылып шексіз билік жүргізген қоғамда өмір сүріп, бірден ешқандай төңкеріс-революциясыз тәуелсіздік алып, өз еркін өзі билеген Қазақстанда өмір сүріп жатырсыздар. Екі түрлі қоғамда сіздер өздеріңізді «жоғалтып» алған жоқсыздар ма? Бір даналардың айтқан сөзі бар екен: құдай сені өтпелі кезеңде өмір сүргізбесін – деген. Сіздер содан өттіңіздер ғой. Сіз үшін жаңа қоғамның, яғни Жаңа Қазақстанның жетістігі мен кемшілігі қандай, атай аласыз ба?
— Тәуелсіздік алған соң ескі қоғамнан жаңа қоғамға өту оңай болған жоқ.Біз ашаршылық пен қуғын-сүргінді көп көрген халықпыз ғой. Сондықтан қоғамда атқарылар іс көп әлі. Өзім осы жаңа қоғамды көргеніме қуанамын. Ескі қоғамнан жаңаға ауысу оңай емес. Мен, әрине, саясаткер емеспін. Қарапайым тілмен айтқанда әлеуметтік статусым «қарапайым халық» қатарындамын. Айтайын дегенім, қазір біздің қанатымыз кең жайылып, дөңгеленген дүниенің қай бұрышын барып көріп, тамашалаймын десең өз еркіңіз. Бұл енді қазіргі қоғамның берген мүмкіншілігі. Әрине, қиыншылықтар да болып жатыр, жетістіктерге де жетіп жатыр. Бірақ әлі де жаңа қоғамның қызығын, рахатын көрдік деп айта алмаймыз. Неге дейсіз бе?
Біз өйткені жаңарып үлгермей жатырмыз. Қоғам жақсы жол салып беріп тұр, ал соны біз пайдалана алмай жатырмыз. Мысалы, бізде заң көп деп өкпелейді: ең ақыры түкірсең де, қақырсаң да — айыппұл – дейді. Ал сен олай болса көпшілік жерде қақырмай-түкірмей жүр. Біз соған үйренейік. Үйренуіміз керек. Ол жаман әдетті жақсы әдетке бұрсақ – ешкім ешқандай айыппұл төлемейді. Өйткені тазалық пен мәдениет — басты назарда болуы керек.
Тағы бір айтатыным, бұл ойым кейбіреулерге ұнамаса да айтамын, қазір әркім өзінің қалаған тілінде сөйлесін деп жатыр. Бұл әрине, шағын аудиторияда мінбеге шығып сөйлейтін адамдарға қатысты айтылған шығар. Бірақ, осы пікірдің де жақсы-жаман тұстары бар.Бәріміз өзге тілде сөйлей бастасақ, тілімізді кім қорғайды? Тіл таңдау еркіндігі берілді деп түсінетіндер тілімізге жат жаңа сөздерді енгізіп жатыр, «хайп» деген сөзден бастап. Тіл жойылса — ұлт жойылады дегенді естен шығармау керек. Шет тілін білген жақсы, бірақ оны қажет кезде болмаса, орынды-орынсыз қазақ тілінің сөз қорына пайдаланбағаны дұрыс шығар.
Жалпы, жаңа қоғамға көзқарасым — екіұшты. Жақсы жағы да, көңіл толмайтын тұстары да бар. Дегенмен, бәрі өзімізге де байланысты. Егер әр адам сол өзгеріске немқұрайлы болмай, өз үлесін қосса, қоғам өзгереді деп сенемін.
— Бүгінгі күні көпшіліктің көкейінде жүрген біраз ойларды айттыңыз, десе де, біздің қазіргі кездегі ең өткір, өзекті болып тұрған мәселе не деп ойлайсыз?
— Қазіргі ең өзекті мәселе-халықтың әл-ауқатын арттыру. Мемлекеттің бүтіндігін сақтау. Содан кейін рухани байлығымыз тіліміз бен дінімізді сақтау. Тәрбиеге мән беру. Тағы бір өзекті мәселе: неге бізде қарттар мен жетімдер үйі көбеюде? Бауырмашыл қазақ едік қой, өз балаңа қосып өзге ұлттың баласын асырап өсіруші едік қой, неліктен тас бауыр болып кеттік?..
Одан кейін кейінгі кезде көп айтылып жатқан педофилдер мен бір жыныстылардың байланысы сияқты жиіркенішті жат әдеттердің орын алуы… Ұсақ-түйекке айып салынуы да жұрттың жүйкесіне тиіп жатады. Алайда, менің ойымша, бұл айыппұл жұртты тәртіпке үйретудің бір жолы. Егер әркім заңды бұзбаса, айыппұл да болмайды, қауіп те азаяр ма еді…Мені қуантатын бір мәселе, қазір әйел құқығының сақталуына баса назар аударылып жатқаны. Қаншама әйелдер тұрмыстық зомбылықтың құрбаны болып жатқанын өздеріңіз білесіздер…
— Өлеңдеріңізден байқағаным, институтта бірге оқыған қыздарыңызбен әлі күнге дейін байланыстарыңыз үзілмепті. Дос-тықты бағаламайтындар көп қазір. Қазақстанның әр бұрышында жүріп, достықты соншама жыл жалғастыру үшін не қажет деп ойлайсыз?
— Әрине, өмірде дос деген керек. Ал достықты сақтап қалу үшін ол адамның кемшілігін көрмеу керек. Кемшіліксіз адам болмайды өмірде, әрине. Бірақ, сол кемшіліктен гөрі, сол адамның бойындағы артықшылықтарын, жақсы қасиеттерін көру керек. Өзімшілдікті тастап, досыңның жақсы қасиетін байқағанда ғана сол достық сақталады. Достықты сақтау да өнер. Кейде оны сөзбен емес іспен де дәлелдеу керек.

Бұрын жақсы араласқан құрбым оқу бітіріп жан-жаққа тараған соң біраз жыл өткен соң мені іздеген екен. Сонда біреулер мені қайтыс болып кетті — депті. Шатастырған ғой. Құрбым оған сенбей мені іздестіре берген. Кейін мені тауып алып, екеуміз бір ай бойы сөйлесіп жүрдік. Сонда маған айтқаны: -сен баяғыда өлең жазушы едің, сол өлеңдер қайда? — деді. Олардың қайда қалғанын кім білсін — дегенімде: -сен өзіңнің шығармаларыңнан бір кітап шығармасаң, мен сені кешірмеймін — деп еді… Бір айдан кейін ол ауруханаға түсіп, қайтыс болып кетті. Оның өлімі мен үшін ауыр тиді, өкініш болды. Ол өмірден озған соң сөздері есімнен кетпей қойғасын осы кітапты жазып шықтым. Өлеңдерімнің бәрін емес, керектісін ғана таңдап салдым…» «Дариға дәурен» кітабымның шығу тарихы осылай болды. Бұл менің жүрегімнен шыққан естелік…
— Қазіргі жұмысыңыз — балабақша ғой. Бала тәрбиесі туралы не айтар едіңіз? Қазіргі бала тәрбиесіндегі артықшылықтар мен кемшіліктерге тоқталсаңыз?..
— Ия, қазіргі еңбегім бүлдіршіндер тәрбиесімен байланысты. Ұстаз -тәрбиеші деп бекер айтпаған ғой. Яғни басқаша айтсақ, педагогиканың бұл да дір саласы. Бала тәрбиесі тал бесіктен демекші, ұрпақ тәрбиесін ерте жастан бастау дегенді қолдаймын.Отансүйгіштікті бойына сіңіру мақсатында балабақшада балалармен еліміздің әнұранын күнде таңертең айтамыз. Ең бастысы, балаға «ол дұрыс емес», «олай істеуге болмайды» деген ұғымдарды үйретіп, ескертіп отырамыз, осы арқылы «дұрыс пен болмайдыны» бойына сіңіреміз.Түрлі жолдармен баланы тазалыққа, адалдыққа, ойыншықтарды кетерде орнына қойып кетуге, төсегін жинауға сияқты ұсақ-түйек қылықтармен еңбекке де баулимыз. Жақсы құндылықтар арқылы баланың мінезін қалыптастыруға ықпал етеміз. Әрине, қазіргі балалар озық технологияға бейім. Сондықтан көбінесе еңбекке құлықсыз болады. Ал біздің міндетіміз әр бүлдіршінге сеніммен қарай отырып, оларға тек сөз үйрету емес, оларды өмірге дайындап, бағыттай білу.
— Әңгімеңізге рахмет! Алар асуларыңыз алда болып, әр шумақтарыңыз оқырманыңызға ой салар рухани азығына айналсын! Жаңа жасыңыз құтты болсын!

P.S Бағила апай қоғамдағы өзгерістерге үнсіз қалмай, ішкі жан күйзелісін де, куанышын да өлеңмен бөлісетін тұлға. Ол өмірге шын көзбен қарап, сол шындықты шынайы сөзбен жеткізе отырып, қаламмен қоғамды тәрбиелеп, өлеңмен өмірдің мәнін ұқтырып жүрген тұлға. Бүгін де жеті кітап жазып, ұрпақ тәрбиесін өзінің басты мақсаты деп біледі. Оның шыншыл, ұлтшыл жанашырлығы әр өлеңінің жолының астарынан көрініп тұрады. Жазарыңыз таусылмасын!

Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ