ТІЛСІЗ ЖАУ ТИЫЛМАЙ ТҰР

0
57

2025 жылдың жазында Жетісу облысы жиі түтінге оранып, қызыл жалынмен күреске шыққан өрт сөндірушілердің дабылы жиі естіліп жүр. Биыл еліміз бойынша өрт оқиғалары едәуір жиілеген. Оған себеп – аптап ыстық пен адам қолымен жасалған немқұрайдылық. Тек Жетісу облысының өзінде ғана жыл басынан бері 218 өрт тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқан. Жағдайдың ушығуына не себеп, қауіптен қалай қорғану керек? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға жауап алу мақсатында біз Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Гүлден Әбілмажынқызы Ықыласбаевамен сұхбаттасқан едік.

 

– Көбінесе өрттің шығуына не себеп болады?
– Өрттің шығуына әр түрлі факторлар себеп болады. Соның ішінде ең көп таралғаны – адам факторы. Шамамен өрттердің 70-80%-ы адамдардың салғырттығынан, яғни темекі шегу, отты қараусыз қалдыру, балалардың отпен ойнауы, пеш жағу ережелерін бұзу және т.б. жағдайлардан туындайды.
Ал техникалық ақаулар – ескі электр сымдарының тұйықталуы, қызып кетуі және электр қондырғыларын дұрыс қолданбаудан болады. Табиғи өрттер сирек кездеседі, мысалы найзағай түсіп орман жанса, ол – табиғи себеп.
– Қасақана өрт қою деректері тіркеле ме?
– Иә, өкінішке орай, мұндай оқиғалар да кездесіп жатыр. Жыл басынан облыс аумағында қасақана өрт қоюдың 10 фактісі тіркелді. Оның үшеуі Талдықорған, екеуі Панфилов, біреуі Ақсу, Ескелді, Кербұлақ, Қаратал, Сарқан. Бұл – қылмыстық әрекетке ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы бойынша бұған қылмыстық жауапкершілік қарастырылған…
– Ауылдық жерлер мен қала шетіндегі үйлер үшін қандай қауіп бар?
– Ауылдық аймақтар мен қала шетінде тұратын тұрғындар жаз келмей жатып аулаларындағы құрғақ шөптер мен қоқыстарды тазартып қоюы керек. Тек қана тазалықпен шектелмей, электр жүйелерін де тексеру маңызды.
Көп адам түнде ұйықтарда телефонын тоққа қосып қояды. Бұл – өте қауіпті. Тоққа қосылған телефон, әсіресе арзан немесе сапасыз зарядтағыштар өртке себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, бір тоқ көзіне бірнеше құрылғыны қосып қою – ұзартқышқа шамадан тыс жүктеме түсіріп, сымдардың қызып, тұтанып кетуіне әкеп соғады.
– Мектептер мен қоғамдық мекемелерде өрт қауіпсіздігі қалай бақыланады?
– Облысымыздағы 8 аудан мен 2 қаладағы барлық мектептер мен балабақшаларда профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Балаларға арналған интерактивті сабақтар, ашық сабақтар, өрт сөндіру бөлімдеріне экскурсиялар ұйымдастырылады. Жыл басынан бері 780 интерактивті және ашық сабақ, 705 экскурсия, 2869 нұсқама мен 2474 дәріс өткізілді. Сонымен қатар, мектептер арасында 10 «Жас құтқарушы» атты ойын-жарыс өткізілді. Бұл балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен әсер етеді.
– Өрт кезінде адамдар қандай қателіктер жібереді?
– Өрт – санаулы минуттарда бүкіл мүлікті күлге айналдыратын апат. Өрт кезінде адамдар көбіне дүрбелеңге салынып, не істеу керектігін білмей қалады. Ал бұл жағдай өрттің салдарын одан әрі ушықтыра түседі. Сондықтан әр адам өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін білуі тиіс. Бұл – тек өз өміріңді ғана емес, айналаңдағы жандардың да өмірін сақтап қалу жолы.
– Өрт болған жағдайда адамдар не істеуі керек?
– Ең алдымен, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалып, өрт туралы нақты ақпарат беру қажет: мекенжай, не жанып жатқаны, зардап шеккендер бар ма – бәрі нақты айтылуы керек.
Қазір халықтың көбі қауіпсіздік бойынша хабардар, бірақ әлі де үйренетін дүниелер жетерлік. Сондықтан, өрт қауіпсіздігін күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналдыру қажет.
Қауіп қайдан келетінін алдын ала білмейміз. Бірақ соған қарсы тұра алатын бір-ақ қару бар ол сақтық. «Сақтансаң – сақтайды» деген халық даналығы жай айтылмаған. Тілсіз жау – өрт, адамның өмірі мен еңбегін әп-сәтте жалмап, арты орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Әсіресе күн ысыған жаз мезгілінде қауіп арта түседі. Қарапайым ғана ережелерді орындау арқылы біз үлкен апаттың алдын алуға толықтай мүмкіндігіміз бар.

P.S Біз кейде ұсақ-түйек көрінетін нәрселерді елемейміз бір темекі тұқылы, бір бос қуаттағыш, бір отқа тасталған қоқыс секілді ұсақ сәттер апаттың басы болуы мүмкін. Өрт сөндіріледі, әрине. Бірақ өрт салдарынан келетін шығын қаншама?.. Дүние. Мүлік. Ғимарат. Бәрінен өкініштісі – адам тағдыры… Сондықтан осы апаттан аман болайықшы, ағайын!

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ