КӨГІЛДІР ОТЫН БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

Соңғы уақытта ел ішінде күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы халықтың алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Әсіресе коммуналдық төлемдерге қатысты сұрақ көп. Соның ішінде газ бағасының өсуі тұрғындардың қалтасына салмақ салғаны жасырын емес. «Бұрын ай сайын 15-18 мың теңге төлеп келсек, соңғы айда 25 мың теңгеге бір-ақ шықты. Баға тағы өсті ме?» деген сауал бүгінде көпшілікке көкейкесті болып тұр.
Осы өзекті сұрақтарға нақты жауап беру, газ тарифіне қатысты түсіндірме беру және өңірдегі газдандыру жұмыстарының қазіргі ахуалын жұртшылыққа жеткізу мақсатында Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Облысты газдандыру және газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметке баға белгілеу мәселелері» тақырыбында брифинг өтті. Жиында Жетісу облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газ бөлімінің басшысы Азамат Шаймерденұлы, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Айбек Ерғалиұлы және аталған филиалдың газбен жабдықтау және өткізу қызметінің бастығы Дәулет Сейітқазыұлы өңірді газдандыру барысы, тариф саясаты, соңғы өзгерістер туралы кеңінен баяндап, журналистер тарапынан қойылған бірнеше сауалға жауап берді.
ОБЛЫСТАҒЫ АХУАЛ
Жетісу облысында табиғи газға қол жеткізу – соңғы жылдары өңір тұрғындары үшін ең өзекті әлеуметтік мәселелердің біріне айналған. Себебі көгілдір отын тек тұрмыстық жайлылықты ғана емес, елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттырып, экология мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осы бағытта облыста жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді дегенді айтты спикерлер.
2030 жылға дейінгі кешенді газдандырудың өңірлік схемасына сәйкес Жетісу облысындағы 356 елді мекеннің 210-ы табиғи газбен қамтылуы тиіс болса, мамандардың сөзінше, қазіргі таңда газдандыру деңгейі 72 пайызды құрап отыр екен. Бүгінде 126 елді мекенге газ жеткізіліп, 500 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көруде. Оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 63 елді мекен газдандырылып, 107,4 мың адам табиғи газға қосылған.
Бұл көрсеткіштер – атқарылған жұмыстың ауқымын аңғартқанымен, алда әлі де шешімін күтіп, ақсап тұрған мәселелер бар екенін жоққа шығармаймыз. Себебі өңірлік схемаға енбеген, бірақ халық саны мен географиялық орналасуына байланысты газға мұқтаж елді мекендер де әлі жеткілікті.
– Қазіргі таңда мұндай 22 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Ескелді – 3, Панфилов – 5, Каратал – 8, Кербұлақ – 6 секілді аудандарда құрылыс-монтаж жұмыстары 2026–2027 жылдарға жоспарланып отыр, — дейді Азамат Шаймерденұлы.
МАГИСТРАЛЬ МЕН МАҚСАТ
Өңірді газдандырудағы ең ірі жобалардың бірі – «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры. Оның ұзындығы 302 шақырымды құрайды. Жалпы құны 124,8 млрд. теңге болған бұл жоба Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, 6 автоматтандырылған газ реттеу станциясы (АГРС) пайдалануға берілген екен.
Аталған аудандардағы 84 елді мекенді газдандыру арқылы 133,9 мың тұрғынды табиғи газға қосу көзделіп, жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы «ҚазЭнергетика және байланыс ғылыми-зерттеу және жобалау институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеуде дейді жиналыс спикерлері.
– Бірінші кезең бойынша Сарқан ауданында құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 8,4 млрд. теңгені, Алакөл ауданында – 11,0 млрд. теңгені, Ақсу ауданында – 12,3 млрд. теңгені құрайды. Бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өтіп, ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім ретінде жолданған. Ал екінші кезең бойынша сараптама қорытындыларын 2026 жылдың ақпан айының соңына дейін кезең-кезеңімен алу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдары жүргізіледі.
Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, облысты газдандыру деңгейі 92,8 пайызға жетіп, 210 елді мекен қамтылады. Нәтижесінде 652 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізбек, — дейді Азамат Кемелов.
Сонымен қатар газ тұтыну көлемінің артуына байланысты «Алматы – Талдықорған» магистральдық газ құбырының лупингін салу жобасы да қолға алыныпты. Қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған көрінеді.
Көгілдір отынға деген сұраныс артқан сайын, газ инфрақұрылымын кеңейту – уақыт талабына айналды. Жетісуда қолға алынған ауқымды жобалар осы сұранысты өтеуге бағытталғанымен, халық үшін ең маңыздысы – газдың қолжетімділігі мен тарифтің тұрақтылығы болып қала бермек.
БАҒА БАҒАМЫ
Газ бағасына қатысты ресми деректерді сараласақ, бәрі заңды әрі түсінікті көрінеді. Уәкілетті орган бекіткен тариф, белгіленген салық мөлшері, есептеу тәртібі – қағаз жүзінде ешқандай қайшылық жоқ. Алайда желтоқсан айында тұрғындардың қолына тиген түбіртек бұл жүйенің халық тұрмысына келгенде қаншалықты ауыр салмақ салатынын айқын көрсетті. Қарапайым тұтынушы үшін тарифтің нақты формуласы емес, ай соңында төлеуге тиіс сома маңызды. Ал ол сома көп жағдайда күтпеген жерден бірнеше есе өсіп шықты.
Қазіргі таңда Жетісу облысында тұрмыстық тұтынушылар үшін табиғи газдың бір текше метрі қосылған құн салығымен бірге 45,37 теңге. Бұл өткен жылыту маусымындағы 38,24 теңгемен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің 16 пайызға дейін ұлғаюына байланысты газдың бағасы тағы да өсіп, 46,99 теңгеге жетпек. Ресми түсіндірмеде бұл өзгерістер салық саясатына байланысты делінеді. Бірақ күнкөрісін әр тиынмен есептейтін тұрғын үшін бұл сандар – тағы да қымбатшылықтың жалғасы болмақ.
Соған қарамастан желтоқсан айындағы дау тек тарифке тіреліп тұрған жоқ. Мәселенің өзегі әлдеқайда тереңде. Көп жағдайда төлемнің күрт өсуіне газ есептегішінің тексеру мерзімінің өтіп кетуі себеп болған. Заң бойынша тұрмыстық газ есептегіштері бес жыл сайын міндетті түрде тексеруден өтуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда газ нақты көрсеткішпен емес, тұтыну нормасы бойынша есептеледі. Мысалы, тұрғын үйдің текше метрімен есептелуде.
Осы талаптың салдары Талдықорған қаласында айқын көрінді. Желтоқсан айында 1 516 газ тұтынушыға норма бойынша есептеу жүргізілген. Нәтижесінде кейбір тұрғындардың түбіртегіндегі сома 26 мың теңгеден бастап, 158 мың теңгеге дейін жеткен көрінеді. Бір айда мұндай төлем жасау көп отбасы үшін ауыр соққы екені сөзсіз. Бұл жерде мәселе заң талаптарының бар-жоғына емес, сол талаптардың халыққа қалай және қаншалықты түсіндіріліп отырғанына тіреледі дейді мамандар.
Иә, ереже бойынша есептегіш тексеруден өтіп, жарамдылығы расталған сертификат ұсынылса, алты айдан аспайтын мерзімге қайта есептеу жасауға мүмкіндік бар. Бірақ бұл мүмкіндік туралы барлық тұрғын біле ме? Ал білмесе, тұтынушының жауапкершілігі қай тұстан басталып, қызмет көрсетушінің міндеті қай жерде аяқталады деген сұрақ туындайды.
Көгілдір отын – тұрмыстық жайлылықтың ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да маңызды тетігі. Сондықтан баға мен есептеу тәртібіне қатысты кез келген өзгеріс тек ресми хабарламалармен шектелмеуі тиіс. Ақпарат қарапайым, түсінікті және алдын ала жеткізілмесе, жыл соңыңдағыдай түсінбеушілік пен наразылықтың қайта орын алуы әбден мүмкін. Түбіртектегі бір санның артында нақты бір отбасының күнделікті тіршілігі тұрғанын ұмытпау бұл саладағы барлық тарап үшін ортақ жауапкершілік деп есептейміз.
САН САУАЛ
Қаңтар айында түбіртектегі сома неге күрт өзгерді, квитанцияның не себепті төлем жасалғаннан кейін ғана қолға тиетіні, төленген қаражаттың дер кезінде есепке алынбай, қарызсыз болса да өсімпұл қосылып кететін жағдайлар неліктен орын алады деген сауал-дар брифинг барысында ең көп қойылған сұрақтардың қатарында болды.
Осы сауалдарға жауап берген «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Айбек Ерғалиұлы төлемнің күрт өсуі көбіне жоғарыда аталып өткен газ есептегішінің тексеру мерзімінің өтіп кетуімен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 934 бұйрығына байланыс-ты екенін айтты. Мұндай жағдайды болдырмау үшін Талдықорған қаласында екі жеке ұйым және «РЦКУ» ЖШС арқылы өтінім беріп, есептегішті үйге келіп тексертуге мүмкіндік бар. Бірақ бригада аз болғандықтан бір қаладағы мыңдаған азамат көтуге тура келеді.
Квитанцияның кешігіп келуіне қатысты да түсініктеме берілді. Айбек Ерғалиұлының айтуынша, газ көрсеткіштері айдың 25-інен келесі айдың 5-іне дейін жиналады. Сол себепті түбіртек көбіне төлем жасалғаннан кейін қолға тиіп жатады. Дегенмен қазіргі таңда бұл ақпараттың барлығы цифрлық форматта қолжетімді. Арнайы мобильді қосымша арқылы тұтынушы күн сайын қанша газ пайдаланғанын, текше метрі үшін белгіленген бағаны және жалпы есепті көре алады. Ал төленген қаражаттың есепке алынбауы немесе өсімпұл қосылуы секілді күмәнді жағдайлар жеке деректер арқылы база бойынша тексеріліп, әр абонентке нақты жауап берілетінін спикер атап өтті.
Жиын барысында газдың енді жеткен аудандардағы халықты алаңдатқан сауалдар да назардан тыс қалмады. Сарқан, Ақсу және Алакөл аудандарының тұрғындарынан «газ магистралі тартылды, енді көгілдір отынды үйімізге қашан кіргіземіз?» деген сұрақтары айтылды. Бұл жөнінде спикерлер «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры жоспарланған мерзімнен 10 ай бұрын аяқталғанын жеткізді.
– Қараша айының басында алғашқы газ беріліп, жалпы ұзындығы 303 шақырымға жуық газ құбыры салынған. Аталған аудандар бойынша алты жоба дайындалып, қазір сараптамалық тексерістен өтуде. Ақпан айының соңына дейін қорытынды алынып, наурыз айында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Жұмыстар басталған жағдайда, 7–8 айдың ішінде аудандардың алғашқы аймақтарына газ жеткізу жоспарланып отыр. Ал жобаларды толық аяқтау мерзімі 2027 жылдың соңына дейін межеленген, — деді спикер.
2024 жылғы 31 желтоқсанда Талдықорған қаласындағы Береке ықшам ауданында газдан шыққан өртке қатысты сұрақ та көтерілді. Бұл жағдайға байланысты «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның да, тұрғындардың да қатысы жоқ екені айтылды. Оқиғаға жеке компания – «Тавиди» ЖШС жауапты болып танылып, мекеме басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жалғасып, алдағы бір–бір жарым айда сот шешімі шығарылады деп күтілуде дегенді айтты мамандар.
Осылайша брифинг барысында газ бағасы, есептеу тәртібі, инфрақұрылымдық жобалар мен төтенше жағдайларға қатысты сан сауалға жауап берілді. Спикерлер газға қатысты сұрақ, арыз немесе шағым туындаған жағдайда тұрғындарды 104 нөміріне хабарласуға шақырды. Жиыннан түйген ой – газ мәселесінде тек тариф емес, ақпараттың уақытылы әрі ашық берілуі халық сенімін қалыптастыратын басты фактор болып қала бермек.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
