ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ КӨЗДЕУІ КЕРЕК

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындағаны белгілі. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағыт беру мақсатында айтқаны есте.
Жақында ғана Қазақстан халқына талқыға ұсынылған жаңа Конституцияның жобасын іздегендер «ол Жобаны қайдан табамыз?» — деп, редакциямызға келгендер саны аз болған жоқ. Соған қарағанда халық Ата заңның жаңа жобасын көзбен көріп, көңілмен оқып, ел жағдайын жақсартатын не бар екен? – деген сұрақтарына жауап іздеумен қатар, өз ұсыныстарын да айтып қалуды жөн көретін сияқты. Бұл — халықтың немқұрайлығы келмеске кеткенін байқатады. Өз болашағының кепілдігін Ата заңда қарастырылғанын қалайтын бүгінгі халық саясатқа белсене араласа бастағандай.
Өйткені Конституция дегеніміз мемлекет қана емес — ол сол мемлекетте тұрып жатқан адамдардың құқығы мен бостандығын айқындайтын Заң! Осыны түсінетін көзі ашық азаматтар үнсіз қалмай, өз пікірлерін білдіріп жатуы соның айғағы. Бұл – еліміздегі қазіргі қоғамның демократиялық бағытқа бет алғанының көрінісі деуге болады. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялағалы ел ішінде алуан түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер жақтаса, біреулер ерін бауырына алып тулап жатыр. Пікір қайшылығы да көп. Бұл да демократияның бір көрінісі. Әрине, көптің көңілінен шығу да оңай емес. Әркім әрқалай топшылайды демекші, әр адамда бір қиялилық бар. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі жазбалар қым-қиғаш пікірлерге толы.
Өңірімізде Ата заңда көрсетілген барлық кепілдіктерді қолдаған актив жиыны өтіп кетсе де халықтың қосар ұсынысы әлі де толастар емес. Осы орайда кейбір азаматтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың «заңда жазылғандар қасиетті кітаптағы жазулар емес қой, халықтың қажетіне қарай өзгертіледі, өңделеді, түзетіледі» деген сөздерін де естерінде сақтап қалыпты. Осы дәйекті келтірген оқырмандарымыз өз ұсыныстарын редакциямызға былайша жеткізіп жатты.
Құлтай Нұрқалбайұлы – тарихшы өлкетанушы: — Мен Ата заңның жобасымен танысып шықтым. Салиқалы жерлері бар – келісетін. Талдау комиссиясы да көп шаруалар атқарып жатыр екен. Ұсыныстар мен өзгерістер көп. Ата заңның 84 пайызы жаңармақ. Мен оқыған кездің өзінде Ата заңның 77 бабына түзету енгізілгенін оқыдым. Қос азаматтыққа жол берілмейді, егер басқа ел азаматы болсаң, Қазақстан азаматтығынан шығарыласың деген бап та дұрыс. Дегенмен, мен келіспеген жерлерді атап айтайын.
Біріншіден, тіл туралы 9-шы бапта «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дейді де мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді – дейді. 9 баптың екінші тармағы бұрынғы Конституциядағыдай өзгеріссіз қалғаны қазақ тілінің жанашыры ретінде маған қатты батты. Қазақ тілінен орыс тілі қалыспай қолданылса — қазақ тілінің мемлекеттік тіл болғанынан не пайда?
Екіншіден, қазақ тілін бұлайша қорғамас болар. Сыртқы саясатқа байланысты ма сонда, орыс тілінің қатар жүруі? Ұлтымыздың еңсесі енді көтеріліп келе жатқанда, мемлекеттік тіл саналатын қазақ тіліне орыс тілін байлап қою не үшін керек, сол дұрыс па? Бұл үлкен қателік, меніңше.
Үшінші, жоғарыдағы пікірлерімнің жалғасы ретіндегі ұсынысым — қазақ тілін білмейтіндер мемлекеттік қызметке қабылданбасын.
Төртінші, телеарналар мен радио хабарларының 70 пайызы қазақша жүргені жөн.
Бесінші, қазақтар көп жиналған жиналыстарды, басқа да шараларды жүргізу тілі қазақ тілі болғанын талап етемін. Ата заңға да осылар жазылуы керек. Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлт тілдерін дамыту ма, қорғау ма – оны мемлекет өз қамқорлығына алсын. Олай болмаған күнде тілдік айқас тоқтамайды.
Конституциялық реформаның аяқталу мерзімі туралы анық белгілі уақыт аталынған жоқ. Себебі қалың жұртшылық жобамен толықтай танысып, оны түсінуге жеткілікті уақыт бөлінген сияқты десек те, саяси сараптаушы Марат Шибұтовтың айтуынша, жобаны халыққа талдау үшін берген мерзімі алысқа бармайтын сияқты. Себебі алдағы уақытта жоба реформасынан кейін алда тұрған маңызды саяси шаралар бар ғой. Оларды атап айтсақ Ата заңның реформасының өзгертулері мен ұсыныстары аяқталған соң оны қабылдау жөнінен елде Референдум өткізу маусымы тұр.
Одан кейінгісі қазіргі қос палаталы парламент сессиясы аяқталған соң, яғни 30 маусымда конституциялық заңдарға сәйкес Бір палаталы парламент туралы заң қабылдануы керек. Ал қыркүйек айында «Халық кеңесі» сияқты жаңа саяси институт пен «Вице-президент» тағайындау сияқты саяси шаралар бар. Сонымен, қоғамымызда жаңа саяси жүйеде өмір сүру үшін қажетті заңдар дүниеге келетін уақыт жақындап, соған дайындық басталып кеткендей.
Баян ТАҢАТАРОВА
