ЖАЯУДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ?

«Жаңбырлы түн, екеумізде бір шатыр.
Қалғандары — сүмірейіп суда тұр…»
/ән-әзіл/
Жылдан жылға Талдықорған қаласы өсіп, өңірі кеңейіп келеді. Қаланың шетінде жаңа ауылдар бой көтеріп жатыр. Өтенай, Жастар – 1, Ынтымақ ауылдарына қаладан қатынайтын 4а, 227 және коттедж қалашығы арқылы жүріп тұратын автобус маршруттары бар. Олардың жүру бағытына келер болсақ, ауыл адамдарына ыңғайлы деп тасымалдаушылардың шешуі болса керек, 4а және 227 автобустары Өтенай ауылынан шығып Жастар – 1 елді мекенді аралап өтіп, АКЛ мен Үштөбе трассасын қосатын айналма жол арқылы жүріп, «Жирен көл» көшесі арқылы ескі Ынтымақ ауылына жетіп, кері айналады. Автобустарды жүргізіп қойғаны дұрыс-ақ. Алайда, жолаушының жағдайы толық жасалмаған. Ол туралы айтар айғақтарымыз баршылық.
Бірінші.
Өкінішке орай, аталған бағыттағы автобуспен жүретін адамдар үшін жол бойындағы автобус аялдамаларының бірде-біреуінде жолаушы үшін жауын-шашыннан қорғанып, жел мен қардан тасаланатын аялдамалық орынның нысаны да жоқ. Жасалынбаған. «Аялдама» деген автобустың суреті салынған жалғыз таяқтан басқа түк жоқ. Неге? Белгісіз…
Екінші.
Аялдамадан түскен соң жолаушы жүретін жол да жоқ, жаяу жүргінші мен көлік жүретін күре жолды бөліп тұратын жолақ белгі де жоқ. Үлкен трасса бойында жоғары жылдамдықпен өтіп жатқан көліктермен баратын бұрылысыңа дейін қапталдаса жаяу жүріп отырасың. Қауіпті. Үлкен жылдамдықпен келе жатқан көлік жаяу адамды қағып кетуі де мүмкін… Кейде бір-біріне жол бермей, екі көліктің жол бойында қатар жарысып қапталдаса жүретін кездері жаяу адам қайда тығыларын білмей қалады.
Үшінші.
Аялдамаларға жақындағанда көліктердің жылдамдығын тежейтін «60, 40» деген жол белгілері де қойылмаған. Ынтымақ ауылының құрылысы басталып, адамдар тұрып жатқалы 8-9 жыл уақыт өтті, ал жол белгілері деген жоқ. Кім қоюы керек мұндай белгілерді? Айып салғыш жол полициясының міндеті емес пе бұл? Әлде біз қателесіп отырмыз ба? Ол белгілерді қою бюджетке көп шығын келтіре қоймас деп ойлаймын. Әлде бұл жолдармен жол полиция қызметкерлері жүрмей ме? Неге мән берілмей келеді?
Төртінші. Бұл енді Жолполдың назарына іліксе деген ниеттеміз.
Шет ауылдардың тар көшесімен кейде бір-біріне қарама-қарсы екі көлік келе жатса, жаяу жүргінші қайда тығыларын білмей қалатын жағдайлар болып тұрады. Өйткені жаяудың жолы да, машинаның жолы да осы бір жол. Неге? Тротуар дегенді түсімізде ғана көрмесек…
Осыған Өтенай ауылындағы «Республика» көшесін мысалға алуға әбден болады. Бұндай көшелерді әр жерде бар. Меніңше, сондай тар жолдарды бір бағытта ғана жүргізіп, жаяу жүргіншіге жағдай жасау керек деп ойлаймын. Сонымен қатар кейбір көшелерде қойылған жол белгілері өскен ағаш бұтақтарынан көрінбейді. Әрине, күнде жүріп жүрген жүргізушілерге таныс. Ал сырттан келген немесе бұл жолдармен жүрмеген жүргізушілерге қиындық туғызады.
Аялдамаларда автобустарды тосып тұратындар көбінесе мектеп оқушылары, студенттер және жасы егде тартқан зейнеткер адамдар. Жауын-шашынды күндері сырт киімдерінінен су өтіп, тоңып қалады. Осы кезде «Жаңбырлы түн, екеумізде бір шатыр…» деген әнді әзілге бұрмалап айтылып жүр…
«Жаңбырлы түн, екеумізде бір шатыр. Қалғандары — сүмірейіп суда тұр…» деген әзіл-өлең жолдары еріксіз еске түседі. Бұл өмірде істеліп жатқан барлық іс-әрекеттер адамдар үшін болғандықтан, ең бірінші адамдарға жағдай жасау абзал. Жол бойында айта берсе әңгіме көп. Алдымен осы кемшіліктерді түзетіп алайық.
Сембек ӘБДІРАХМАНОВ
