
15 АҚПАН — КЕҢЕС ӘСКЕРІНІҢ АУҒАНСТАННАН ШЫҒАРЫЛҒАН КҮНІ
Өткен ғасырдың әрбір белесі қазақ халқы үшін сын мен серттің, қайсарлық пен қасіреттің кезеңі болды. Аштықтың ащы зардабы, зұлмат жылдардың зар-мұңы, Ұлы Отан соғысының жалыны – мұның бәрі ұмытылмайды, ел жадында мәңгі сақталып қалмақ. Сол бір қатігез дәуірлерде қазақтың қаракөз ұл-қыздары ел намысын ту етіп, тағдырдың тәлкегіне тайсалмай жау алдына қарсы тұрды. Олардың қатарында ХХ ғасырдың соңындағы Ауған соғысының ардагерлері де бар. Ол да талай шаңыраққа салмақ салған, талай жүрекке жара салған тарихи кезеңдердің бірі болды.
Биыл сол күнге 37 жыл толды. Осы датаға орай Талдықорған қаласының Орталық саябағындағы Ауған соғысының жауынгерлері ескерткішінің басында салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл – жай ғана күнтізбедегі дата емес, тағдырлы жылдарды еске алып, боздақтардың рухына тағзым ететін, тірілердің бір сәт үнсіз қалып, өткенге ой жүгіртетін сәті.
1979–1989 жылдар аралығындағы Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңнан астам азамат қатысқан. Олардың 761-і елге оралмады, 21 сарбаз хабарсыз кетті. Үш мыңға жуық жауынгер мүгедек болып қайтты. Әрбір санның артында – үзілген үміт, күткен ана, аңсаған жар, жетім қалған бала тұр.
Ескерткіш маңына жиналған ардагерлер мен қала тұрғындары гүл шоқтарын қойып, қаза болған жауынгерлердің рухына құран бағыштады. Көпшіліктің жүзінен толқыныс байқалды. Бірі иығына ауыр жылдардың салмағын арқалап келген, бірі әкесінің, ағасының немесе ауылдасының есімін тасқа қашап жазылған тізімнен іздеген. Жылдар өтсе де, жауынгер жүрегіндегі сол бір кезеңнің табы өшпегені анық сезіледі.
Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келімсейіт бұл күннің мәнін ерекше атап өтті.
– 15 ақпан – ардагерлер үшін жай ғана тарихи дата емес, құрмет пен еске алу күні. Ескерткіш басына келіп, қаза тапқан жандардың аруағына тағзым ету – азаматтық парыз. Ал бүгінгі буынның міндеті – жас мемлекетіміздің іргесін бекітіп, әділетті қоғам құру жолында елге қолдау білдіру. Бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісінде ауған соғысы ардагерлерінің орны бөлек, — екенін айтты.
Салтанатты жиында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев та ардагерлерге құрметін білдірді.
– Ауған соғысына аттанған 22 мың қазақстандықтың әрқайсысы ел тарихында өз орны бар азаматтар. Тәуелсіздік пен бейбітшіліктің қадірін майдан даласын көрген буыннан артық ешкім сезіне алмайды. Бүгінде олардың ең жасы 63-тің асуына жеткен, уақыт алға жылжығанымен, жауынгерлік достық пен ортақ естелік мәңгі сақталады, — деп атап өтті. Сонымен қатар, әлемдегі тұрақсыздықты тілге тиек етіп, бейбіт елде өмір сүріп отырғанымыздың өзі үлкен бақыт екенін еске салды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек да ардагерлердің ерлігі кейінгі ұрпақ үшін тағылым екенін айтты. Ел бірлігі мен тыныштығының қадірін соғысты көрген жандардан артық ешкім түсінбейтінін, олардың әрбір жасаған ерлігі жас буынның жадында сақталуы тиіс екенін жеткізді.
Шараның жалғасы Оқушылар сарайында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Патриоттық әндер шырқалып, сахналық қойылымдар қойылды. Өнер азаматтарының орындауындағы әрбір ән бейбіт өмірге деген алғыс пен құрметтің көрінісіндей әсер қалдырды. Сахна төрінде өрілген өнер – өткенге тағзым, бүгінге шүкіршілік, ертеңге сенім іспетті болды.
Іс-шара барысында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге белсенді үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер марапатталды. Рамиль Утеев, Серік Ермағанбет, Әділбай Қалпебаев қала әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Аманкелді Омаров пен Үсен Жүнісов Алғыс хатпен марапатталды. Бұл марапаттар – олардың майдан даласындағы ғана емес, бейбіт күндегі қоғамдық белсенділігіне берілген баға.
ЕРЛІК КӨРСЕТКЕН ЕРЛЕРДІ БІЛІП ЖҮРЕЙІК
Оқырман қауым, осы мақаланы оқыған әр жан қанды майданды көріп, ажалмен бетпе-бет келген ержүрек азаматтарды танысын, олардың тірі тарих екенін сезінсін деген ниетпен бірнеше Ауған соғысының ардагерлерімен шағын сұхбат жүргізген едік.
Күнғожанов Қасымхан – Еркін ауылының тумасы. Оқуын аяқтаған соң небәрі 20 жасында, 1981 жылы Ауғанстанға аттанып, 1983 жылға дейін әскери борышын өтеген. Алдымен үш айлық дайындықтан өткен. Кейін 50–60 сарбаздан құралған топпен соғыс аймағына жіберілген.
– Соғысқа барған соң қайсысын санап үлгересің? Әр тапсырмадан кейін бір-екі азаматтан айырылып қайтатын кездер болды. Ондай жерде «тірі қаламын» деп ойламайсың. Жаныңдағы жолдастарың кеткен сайын, ертең кезек саған да келетінін сезіп тұрасың. Ұйқы да жоқ. Отырған жеріңде мызғып аласың. Қай жерде отырсаң да, сақтықпен, дайындықпен жүресің, – дейді ол.Қасымхан соғыстың аяқталған сәтін ерекше сезіммен емес, шаршаған, мең-зең күйде қарсы алғанын айтады. «Сол жылдары біз көп нәрсенің қадірін ұқтық. Су таппай қиналған күндер болды. Мұндайды көрмеген адамға түсіндіру қиын. Біз көзімізбен көрген соң ғана білеміз. Соғыстың аты – соғыс. Қан төгіледі, азаматтар бақилық болады. Жас ұрпақ ондайды көрмей-ақ қойсын», – дейді ардагер.
Қаратал ауданының Кәлпе ауылында туып-өскен Калпебаев Әділбай 1981 жылдың күзінде 18 жасында Ауғанстанға аттанған. Жас сарбаз 602-батальон құрамында тасымал қызметінде болған. «Колоннамен авиациялық керосин, құрылыс материалдарын тасыдық. Ауған жерінде әрбір жүк – жауапкершілік. Жолдың әр шақырымы қауіп. Бірақ бұйрық – заң», – деп еске ала отырып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға да тоқталды. 2019 жылы 6-ықшам ауданнан екі бөлмелі пәтер алған. Қоғамдық көлікте тегін жүру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан босатылу, салық жеңілдіктері, ай сайынғы жәрдемақы, мереке қарсаңында жергілікті әкімдік тарапынан берілетін қолдау – мұның бәрі ардагерлерге көрсетілген қамқорлықтың бір көрінісі. «Жыл сайын емделуге барып тұрамыз. Медициналық көмек тегін. Мемлекет бермей жатыр деуге болмайды», – дейді ол.
Көксу ауданы, Қаблиса жырау ауылының тумасы Қажымұқан Жазылбаев та 1981 жылы әскерге шақырылып, Әділбай Калпебаевпен бірге Ауғанстанға жіберілген. Екі жыл бойы майдан даласында болып, жанар-жағармай, керосин тасымалдаумен айналысқан. «Соғыстың аты – соғыс. Ол жерде өлім де, қауіп те қатар жүреді. Бірақ аман-есен елге оралдық. Ең бастысы – елімізде мұндай зұлмат болмасын», – дейді ол.
Ардагерлер үшін 15 ақпан – ерекше күн. Бұл – бір жағынан еске алу күні, екінші жағынан Ауған жерінен аман шыққан күнді еске түсіретін қуаныш сәті. «Біз бірінші кірдік, бізден кейінгі інілеріміз барды. Соңғы сарбаздар 1989 жылы шықты. Соғыс аяқталғанда ерекше қуанышта болдық. Ажалдың ортасынан аман келгенімізге шүкір дедік», – дейді Қажымұқан.
Мақала жазып отырып, олардың сөзінде бір ортақ ой барын аңғардым. Ол – бейбітшіліктің бағамын білу, ол үшін шынайы алаңдау. «Ел болғасын туымыз бар, жеріміз бар. Оны қорғайтын азаматтар керек. Жастардың патриоттық сезімі мықты болуы тиіс. Елін, жерін қорғау – қасиетті борыш. Қазақстанымыз әлемге танылып келеді. Сол елдің тыныштығын сақтау – әр буынның міндеті», – дейді ардагерлер.
Бүгінгі шара барысында олар концерттік бағдарламаны тамашалап, көк туды көкке көтеріп тұрған жас буынды көріп қуанды. «Туды желбіретіп тұрған балаларды көргенде көңіліміз толады. Біз көргенді олар көрмесе екен дейміз. Бейбіт өмірдің қызығын көрсін», – дейді тебірене.
Ауған соғысының ардагерлері – тарихтың тірі куәгерлері. Олар жастық шағын оқ пен оттың ортасында өткізді. Бүгінде ел ішінде патриоттық тәрбиеге үлес қосып, кейінгі буынға соғыстың шындығын айтып жүр. Ерлік – ұранмен емес, іспен дәлелденетін ұғым. Сол ерлікті жасаған азаматтарды танып, құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.
P.S. Ескерткіш басындағы гүлдер солмайды, естеліктер өшпейді. Уақыт жылжыған сайын батырлардың бейнесі биіктей түсетініне біз сенімдіміз. Ерлік – ұмытылмайтын ұғым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көк туымыз биікте желбірей берсін. Бейбітшіліктің бағасын білген халық қана болашағын баянды ете алады.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
