Автожол және қасқалдақтың қанына айналған ауыз су

575

Енді, міне, облыс аралық маңызы бар Қаратал ауданындағы Бәйшегір, Көпбірлік ауылына қатынайтын жолдың сапасы сын көтермейтіні туралы бейне үндеу жасап, сапасыз жолға облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі бақылауға алуын өтінеді. Одан бөлек ауылдағы ауыз суға қасқалдақтың қанындай зәру болғандарын, өркениет елінен жырақта қалғандарын айтуда.
«Желге ұшып жатқан мемлекеттің қайран қаржысы» деген, құм үстіне асфальт төсеп жатқан, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарата сын айтқан ауыл тұрғындары. Айдақ- сайдақ, ойлы-шұңқыр жолдың азабын тартқандар, бүйрегіміз түсті, бауырымыз істі, облыс орталығы Талдықорғанды есептемегенде Қараталдан Көпбірлікке дейін үш-төрт сағатта жолдың азабын тартып әрең келетіндерін айтуда. Бұл бірінші рет көтеріліп тұрған ағай-шу емес. Кенен Әзірбаевтың «Базар, Назар» әніне салған, Көпбірліктердің күре жол мен ауыз су туралы шерлерімен қайғы қасыретін тыңдасаң, сай сүйегің сырқырайды.

Жолды дұрыс салыңдар Көпбірлікке,
ой, дүние-ай,
Бүйрегіміз түсті ғой, секіріп те
ой, дүние-ай,
Естірмекен Амандық әкіміміз
ой, дүние-ай,
Ауыл болып зарласақ өкіріп те
ой, дүние-ай.
Ахай дүние-ай,
Көрсек, сізді-ай,
Қандай күйге,
Салдың бізді-ай.
Күре жолға зарықтырдың,
Ауыз суға тарықтырдың.
Құмдағы елді құса қылып,
Қысыр сөзге қарық қылдың ой, дүние-ай, – деп, зарлаған ауыл жұрты жолдың сапасын, қолдарына күрек алып өздері тексеріп жүр.

Әлқисса, әңгімені әріден таратып айтсақ, салынып жатқан жолдың сапасы сын көтермейді деген ауыл жолы Алмалы мен Көпбірлік арасындағы 28 шақырым жайлы болып тұр. Бұл туралы облыстық «Жетісу», республикалық «Жас Алаш» басылымдарында мақалалар жарық көрді. Тіпті, облыстың бас газеті бұл жол туралы зерттеу жасағандарын мақалада жариялаған болатын. Сын садағына ілінгеннен кейін кемшіліктері анықталған жол салушылар жолға тас төгіп іске кіріскен-ді. Алайда, күре жолды үнемі бақылауда ұстап отырған ауыл тұрғындары, жол салушылар көз бояушылыққа баруда деп қайтадан дабыл қағуда. Жол сапасын видеоға түсіріп, оның қалыңдығы 2 сантиметрден аспайды. «Біз жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд. теңге қаражат бөлінгенін анықтадық» дейді. «Жас Алаш» газетінің №52 29 маусымда жарық көрген «Жол азабы азая ма?» атты мақалада жол салушылар жол төсемінің жұқа қабатын тікелей құмға төсеп жатыр және оның қалыңдығы 2-сантиметрден аспайды деп күрекпен құмды жолды қазып көрсеткен видеолары әлем желіге тарады.
Біз осы істің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында «Алматы облысының жолаушы көлігі және Автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі басқарма басшысының орынбасары Серік Зейнноллаұлына жолығып, ауыл тұрғындарының наразылығы туралы ой-пікірін білдік.
«Былтыр құмға қиыршық тас цемент бетон қосып, жасағанбыз. Оған 409 миллиондай қаржы жұмсадық. 28 шақырымның барлығына қиыршық тас төселіп, цементпен бетондалып құйылды. Биыл сол қатқан цементтің үстіне асфальт төсеп жатырмыз. Асфальттің қалыңдығы 4 сантиметр», – дейді ол.
Бас маман Айдос Досжановтың айтуынша жұмыстарды толығымен аяқтау үшін қаражат жеткіліксіз болып тұр. «Былтыр ғана тегістеу жұмыстары жүргізіліп, тас, бетон бәрі төселді. Халықтың дүрлігуі орынсыз. Себебі, Қаратал ауданына қарасты Қожбан ауылын дәл осы тәсілмен жасалған болатын. Үштөбемен Көпбірлік арасындағы 175 киллометр жол бесінші санатқа жатады. Көліктер ағынының аздығына байланысты 4,5 см асфальт төселуде. Біз ештеңені ойдан шығармаймыз. Заңда категорияда жазылған. Бізді «Жол сапа» орталығы ай сайын бақылауда ұстап тексеріп тұрады. 200 млн. теңгеге сұраныс бойынша өтініш дайындап қойдық. Негізі жол 2019 жылы басталған, 2021 жылы аяқталу керек болған. Егер 200 млн. теңге бөлінсе, биыл бітіреміз» – деген ол алдыңғы жылы Көпбірлік халқының өтінішіне сәйкес министрлік пен комитетке хат жазғандарын, аталған жобалық сметаға түзету мен өзгерту енгізіп, асфальт қоспасын қосып беруді өтінгендерін айтты. «Биылғы жылы, асфальт қосындысы халықтың өтінішімен салынуда. Ал, екі көлік қатар сыймайды деген әңгімеге келсек, мұнда, мемлекеттік сараптаманы министрлік пен комитет береді. Ол көлік ағынына байланысты».
Зерттеу кезінде Бәйшегір мен Көпбірлікке баратын көлік ағыны күніне 65 көлік. Соған сәйкес, жолдың ені төрт жарым болып салынды. Екі көлік емін-еркін сыяды. «Сапа жол орталығы» келісім шарт бойынша нысанды көріп тұрады. Барып, сынақ жұмыстарын өткізеді. Олардың өздерінің зертханасы бар. Бұл жұмысты атқарып жатқан мердігер «Талдықорған жолдары» компаниясы. Аяқталу мерзімі осы жылға жоспарланған. Егер 200 миллион қаражатты осы кезекті мәслихаттың отырысында қаралып, қаражат бөлінген жағдайда мерзімді уақытында аяқталады. Қаражат бөлінбесе, келер жылға қалады. Бұл жол негізі 2019 жылы басталған. 2020 жылы бітіру жоспарланған. Сөз басында айтқандай, ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес қосымша жобалық сметаға өзгерістер енгізілген.
«Домбырам менің не дейді, қобызың сенің не дейді» дегендей, ауыл тұрғындары мен «Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі берген мәліметке сәйкес келмейді. Жұма күні арнайы журналистерді апарып көрсететін боламыз, бірге жүріңіз деді. Былтырғы жылы да ақпарат құралдарын шулатып, дау-дамайы министрілікке дейін жеткен жолдың жыры қиса-дастанға айналатын түрі бар. Себебі ауыл тұрғындары құм астында еш нәрсе төселмеген десе, жолға жауапты мекеме бәрі талапқа сай-деп екіге жарылып тұр. Енді, бір гәп, 2-шілде күні ауыл тұрғындарымен «Алматы облысы жолаушы көлігі және Автомобиль жолдары басқармасы» және жол салып жатқан «Талдықорған жолдары компаниясы» мен ақпарат құралдары бас қосқан рейдте істің шын өтірігі айқындалатын болады.
Біз төменде жолға қатысты «Алматы облсының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі берген мәліметті қоса жариялауды жөн көрдік.
«Үштөбе – Алматы – Көпбірлік» автомобиль жолдарының 147,26 – 175,45 км бойынша «Үштөбе -Алматы – Көпбірлік» автомобиль жолдарының 147,26 – 175,45 км – V-техникалық санатқа жатады.
(Жалпы ұзындығы – 28,2 км, жабынының ені – 4,5 м. Жиегінің ені- 1,75 м.)
Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Үштөбе – Алматы – Көпбірлік» автомобиль жолдарының 147,26 – 175,45 км бойынша 2019 жылы орташа жөндеуге техникалық құжаттама әзірледі.
2020 жылдан бастап, Көпбірлік және Бәйшегір ауылдарының арасындағы 147,26 км – 175,45 км аралығын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бас мердігер: «Талдықорған жолдары» фирмасы.
Жобалаушы ұйым: «Проектдорстрой» ЖШС.
Техникалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан оң қорытындыға ие болып, жөндеу жұмыстары техникалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуде.
Негізінің құрылымы Ресайклирлеу тәсілімен құм-қиыршақ тас қоспасынан.
Нысан басталатын көпір алдындағы 147-км-ге жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдар жеткізілген және күні бүгінге дейін тасымалдануда.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің «Жол активтері сапасы ұлттық орталығының» Алматы облыстық филиалы өкілдері материалдар сапасын жүйелі түрде тексеріп отырады.
КОВИД-19 короновирус індетінің әсерінен туындаған карантиндік режімге және 2020 жылгы 16 наурыздан бастап 11 мамырға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының таралуына байланысты «төтенше жағдай режімін енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылгы 15 наурыздагы №285, 2020 жылгы 29 сәуірдегі №310 Жарлықтарына байланысты жұмыстар тоқтатылып, іске асыру мерзімі ұзартылған болатын.
«2019 жылғы әзірленген техникалық құжаттамасына қиыршақ тас пен құм негізінде асфальт жабынын төсеу туралы» 2020 жылғы Қаратал ауданы әкімдігінің хатының және Көпбірлік ауылы тұрғындарының арызы негізінде жұртшылықпен бірнеше рет жиындар өткізіліп, Жетісу өлкесінің қоғамдық саяси газеттерінде мақалалар басылды. Жоғарыда баяндалғанның негізінде 2020 жылы 2019 жылы әзірленген техникалық құжаттамаға өзгерістер енгізілді. Техникалық құжаттаманы түзету нәтижесінде ол қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтіп, 381 534,498 мың теңге сметалық құнымен оң қорытындыға ие болды.
Қазіргі уақытта асфальт бетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың аяқталу мерзімі үстіміздегі жылдың қараша айының соңына белгіленген. 2021 жылға белгіленген сома 182 164,007 мың теңге.
Жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтап шығу үшін қосымша 200 млн. теңгедей қажет етіледі. Бұл мәселе басқарманың бақылауында.
2019 жылғы техникалық құжаттама сомасы: 351,8 млн.теңге.
ХБМС-тан асфальт бетон жабынының қалыңдығын 4 см-ге төсеу жөніндегі техникалық құжаттаманың құны – 381 534, 498 мын тенге.
Жобаның жалпы құны: 732,6 млн.тенге.
Сондай-ақ, басқарма үстіміздегі жылы жоғарыда аталған автомобиль жолының 146-км-дегі көпірді күрделі жөндеудің 8395,2 мың теңге сомасындағы жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеу үстінде екенін айта кету керек.
Аталған жұмыстардың жо-балаушылары «Қазақ промтранспроект» ЖШС болып табылады.
Мұның сыртында үстіміздегі жылы «Үштөбе – Алматы – Көпбірлік» автомобиль жолдарының 5 – 35-км-не жалпы ұзындығы 30 км жолға жалпы сомасы 2880,7 мын теңгені құрайтын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге техникалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланды.
Неге екенін қайдам, Көпбірлікке 2-ші шілде күні ақпарат құралдарының өкілдерін апарамыз деген. Алайда, Алматы облысы жолаушы көлігі және Автомобиль жолдары басқармасы 1-ші шілде күні аяқасты жолға шығыпты. Алдын- ала бізге жеткен ақпарат бойынша, Көпбірлікке облыс әкімі Амандық Баталов баратын болыпты деген ұзын құлақтың хабары жеткен-ді. Содан болар «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, бір күн бұрын жүгірген жол мекемесі бізге берген ақпаратында ауыл халқының дүрлігуі орынсыз-деген-ді. Алайда, жол сапасына қатысты 10 бірдей кемшілікті ауыл халқы дәлелдеп беріпті. Оны сонда барған әріптестеріміз хабарлады. Ал, құм бетіне асфальт төселіп жатыр деген ақпаратты арнайы комисия тексермекші. Тек содан кейін ғана тиісті қорытынды жасалады. Сонда, ауыл халқының дүрлігуі орынсыз деген «Алматы облысы жолаушы көлігі және Автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Бізді ай сайын «Сапа жол орталығы» келісім шарт бойынша нысанды барып көріп, тексеріп тұрады» деген ақпараттың өзі жалған болып шыққаны ма? Егер тексеріп тұрғандары рас болса, ауыл халқы көрсетіп берген 10 бірдей кемшілікті «Сапа жол орталығы» неге анықтамаған?! Әлде, «қарға – қарғаның көзін шұқымайды» деген тәмсілге салынып кемшіліктерге көзжұмбайлықпен қарады ма екен. Әгәрәки, құм үстіне асфальт төселіп жатыр деп көреген көздердің айтқаны шындыққа айналса, кімді Алдаркөсе дейміз.?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекет қаржысы тиімді жұмалуы тиіс, талан-таржаға түспесін деп ұдайы айтылып келеді. Егер, Көпбірілік ауылының тұрғындары дау-дамай шығармай, үнсіз қалса, бұған дейін де болған кемшіліктер және бүгінгі 1-шілдедегі жолға қатысты 10 кемшілікке жол салушылар мен бақылаушылар елеп-ескермей қала берсе, не болмақ. Міндетті түрде ауыл тұрғындары араласуы керек пе? Ауылдан шығатын 8 шақырым жолға шағыл бетон төселмеген деп ел шулап отыр.

Image converted to PDF format.

Қызылбалық ауылдық округіне қарасты Көпбірлік ауылының тағы бір мұңы – ауыз су. 188 үй, 925 адам тұратын елдімекенге 2010-2013 жылдары 108 миллионға су тартылған. Әу, баста ауылға су келді деп, қуанып, үйді-үйге тартып алған көпірліктердің қуанышы ұзаққа бармапты. Себебі, ауылға тартылған судың сапасы сын көтермейді. Ащы судың көзіне қондырғы қойып, фильтр арқылы сүзгіден өтетін су, халық қажетіне жарамай қалған. «Бақсам бақа екен» демекші, ауылға тартылған ащы судың қондырғысына орналасқан фильтрді екі ай ай сайын ауыстырып тұру қажет екен. «Фильтрлерді АҚШ, Арап және Қытай мемлекеттерінің өнімі деп үшке бөлсек , ең арзаны қытайдікі. Оның бір данасының өзі төрт мың теңгеден астам баға тұрады», – дейді аудан әкімінің орынбасары Ермек Омаров.
Бір ғана Көпбірлікке қойылған қондырғыда 6 фильтр бар, енді оның әрқайсына 4 жүз 75 мыңнан есептей беріңіз. Егер қойылған қондырғының талабына сай екі ай сайын ауыстыруды ескерсек, қаншама қаражат шығындалады. Ал, оны ауыл тұрғындарының қалтасы көтермейді. Ал, мемлекет қайта-қайта ақша бөле бермейді. Онсызда ауыл әкімінің айтуынша, қондырғылардың фильтрі 2015-2018 жылдары ауыстырылыпты. Одан бөлек, оған қосатын түрлі химиялық затарды есептесеңіз, аудан бюджетіне әжептеуір салмақ салуда. Бұл бір ғана Көпбірлік аулына ғана тән мәселе емес маңайындағы ауылдардың да бас ауруына айналған Әу баста бұл системаны түсінбеген жергілікті билік енді бастарын шайқап, сандарын соғып отыр. Әлгі «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында жұмсалған мемлекеттің қаржысы желге ұшты деген сөз. Қондырғы арқылы ауыз суға жарымадық, ащ су қайнаған шәугімінің түбін теседі-дейді, ауыл тұрғындары. Кезінде ауылға ауыз су тартыларда, жіті зерттеу жүргізілмегендіктен, ХIХ ғасырға қайта оралған ауылдықтар қазір құдықтан көнекпен су тартып ішіп, баяғы таз кепештерін қайта киіпті. Енді аудан әкімдігі ЖШС «Abiroy group» қондырғылардың фильтірін ауыстыруға қыруар қаржы бөлуде. Сондай-ақ, ЖШС

«Казгидробурпроепен» жер асты суына барлаудың жобасын жасап, тәтті су көздерін зертеу үшін мемлекеттен тағыда қаржы сұрамақ. Сонда кім ұтты, кім ұтылды. Өзін-өзі ақтамаған бұл су қоныдырғыларын қоятын кезде, жері құм, сор, суы ащы екенін біле тұра, неге көзжұмбайлыққа барғандарын ауыл халқы түсінбей дал долуда. «Қондырғыдағы фильтрлер ауыспаған жағдайда, оларды химиялық тәсілмен жуып-шайып қайта салған боламыз, сонда елу тонна судың 20 тоннасы таза суға қалған 30 тоннасы отхотқа кетеді», – дейді Қызылбалық ауылдық окургінің әкімі Мақсат Төлегенов.
Жолының жыры бітпей, ауыз суы Қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналған ауылдың күйі міне осындай. Бұл бір ғана Қаратал ауданында болып тұрған жағдай емес, Алматы облысының Алматы қаласы іргесіндегі және шалғай аудандарда әлі күнге дейін қалыпқа келмеген жол, ауыз су, мектеп мәселелері жиі айтып та, жазылып та, ауыл тұрғындары даурығып эфирлерге жиі шығып тұратын, әрі жергілікті биліктегілердің тынысын тарылтатын тұмаудай, табандарына қадалған тіккендей, бадырайып тұратын болды. Әйтпесе, ауылға қыруар қаржы шығарып су тартып, енді бұл жарамыз екен, тәтті су көздерін іздеу керек деп тағы да мемлекетке алақан жайып, жылу сұраған шенділер кімнің мүддесін ойлап жүр?!

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ