Құдыққа қараған күн

0
1512

 Тіршілік көзі судың да қат болуы  адамзат үшін  үлкен трагедия. Биылғы қуаңшылықта сан соғып  қалған шаруалардың малдарына жұт келді. Азық жоқ, мыңдап қырылды. Батыстағы аймақтарда жейтін азық таппағандар  «Ойсылқара  мен  Қамбар ата тұқымы  қағаз кемірді. Диқандардың еңбегі еш болуда. Себеп –  су тапшы. Құдайдың  көктен беретін жаңбыры  қажет кезінде жаумады. Есесіне, базарлардағы азық-түліктің бағасы  шарықтап, шіліңгір шілдеде сусап отырған елді мекендегі тұрғындар «ауыз суға жарымадық»  деп  автожолдарды  жауып әлек.

Әлі күнге дейін құдықтан көнекпен су тартып, тұндырып ішіп отырған ауылдар бар. 2011 жылдан бастау алған «Ақбұлақ» және «Ұлттық қор», «Нұрлы жер», «Ауыл бесігі» арқылы жүзеге асып жатқан бағдарламалар әлі шегіне жетпеді.
Бұл сонда көшіп-қонып жүрген көшпенді елдің ұрпақтары, құдық қазып, көнек тартып, қам-қарекет жасаған бабалар үрдісінен жаңылмаған дағдысы ма? Олай емес қой дейін десең, ХХI ғасырда өмір сүріп жатқан ауылдардың тыныс-тіршілігін көріп, замана көшінен қалып қойған, Қазақстан озық деген «отыз елдің» құрамына қалай кіреміз деп таңданасың. Елді мекендерді ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету бағдарламасы 2011 жылы бастау алғанда, бөріктерін аспанға атып қуанған ауыл халқы болатын. Рас, көзді жұмып, түк жасалмады десек күнәһар боламыз. Ауыз су тартылған ауылдар бар. Алайда, кейбір ауылдарға тартылған ауыз су сапасы сын көтермейтінін жасыруға болмас. Мәселен, бір ғана Қаратал ауданындағы Көпбірлік ауылына тартылған ауыз су, тұщы болып шықты. Оны фильтрден сүзіп өткізу үшін қыруар қаражат қажет, ал оны жиі-жиі ауыстырып тұру аудан бюджетіне ауыр салмақ болуда. Кезінде, дұрыстап сараптама жасамай, тәтті су көздерін іздемей, қыруар қаржы шығарып тарта салған ащы су енді ішуге жарамай, ауыл халқы баяғы құдыққа күндері қарап қалғандарын айтуда.
Құдыққа шелек тастап, су тартып жүрген тек қана Көпбірлік ауылы емес. Он жыл бұрын су құбыры тарту басталған Ақсу ауданы, Арасан ауылында халық дүрлікті. «Бюджет қаржысы дер кезінде игерілмей желге ұшты» деп ашынған ауыл тұрғындары, былтыр тағы 106 млн теңге бөлініп, ауыл ішілік құбыр жүргізу жұмыстары басталды» деп налиды. Сапалы суға он жылдан бері қол жеткізе алмай келе жатқан Арасан ауылыда құдыққа телміріп отыр. «Ақбұлақ» бағдарламасынан бөлек, кейбір елді мекендерге несиеге (кредитке) ауыз су тартылған. Алайда оның да арты у-шуға айналды. Мәселен, Панфилов ауданындағы төрт елді мекенге ауыз су жүйесін ретке келтіруге Ұлттық қордан 1,2 миллиард теңге бөлініп, соның 178 миллионна «Ақжазық» ауылына ауыз су тартылып, пайдалануға берілген. Ауыз судың несиеге тартылғанын кеш білген тұрғындар мұны төлей алмаймыз деп даурыққан болатын.
«Судың бір куббына 170 теңгеден төлейміз. Ауыз судың өзі таза емес. Шамалары жеткендер үш шақырым жердегі «Аққұдық аулындағы скважинадан» ағып жатқан судан тасымалдап ішіп отырмыз. Орталық көшеден басқа ауылда үш үлкен және бір кішкене көше бар. Құбыр тартылғанға дейін ауыл тұрғындары өз қалталарынан қаражат шығарып, көшелерге құм төккенбіз. Орталық көшеден басқа көшелердің ені тар, құбыр тартылғанда тура көше ортасынан қазылды. Іс бітті, мердігер кетті. Ал, әлі күнге дейін көшеде асфальт жоқ» –деген судың сапасына көңілі толмағандар судың өлшемін де үш-төрт айда бір тексеріп келетінін айтады.
Шынында жұмыссыз, зейнетақыға күндері қарап отырған жанұяларға айына 10-15000 суға төлеу оңай емес қой. Ақпарат құралдарында және интернетте жиі-жиі дүрлігіп тұратын ауданның бірі Талғар ауданының халқы жол, су, электр жарығы бойынша ұлардай шулап жатады. Осы аптада тағы да Бесағаш ауылындағы «Алматау» және «Нұрия» кешенінің тұрғындары ауыз судың жоқтығына байланысты наразылық білдіріп, автожолдарды жауып ереуілдетті.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, ауыз су тұрмақ, әжетхананың ахуалын айтып наразылықтарын білдірген-ді. Қараша қауым дүрлікпесе, өз беттерімен ел ішіне етене кіре қоймайтын шенділер су құбыры жарылғандықтан, тұрғын үй кешендеріне су жетпей жатқандарын айтып, су таситын көлік жібергендерін айтып ақталды. Көктемде саяжайларда тұратын тұрғындар шулады. «Тау самалы» саяжайының тұрғындары, ауыз судың тапшылығын әрі бағасының қымбаттылығын айтып, аудан әкіміне мұңдарын шақты. Кезінде су жүйелерінің жекешеленіп кетуі, біреулерге қыруар пайда әкелсе, суға тәуелді саяжай тұрғындарын шығынға батыруда. «Өзім өлейін деп жатсам, өлген әкем түсіме кіріпті» демекші, азық-түлік бағасы шарықтап, қалт-құл етіп күнін әрең көріп отырған ауыл халқы, «Дәдәң дәді үндемедім, анаң дәді деді үндемедім, қатының дәгенде, қаным басыма шауып өре түрегелдім» деп ұйғыр дәдәм айтыпты демекші, ауыз су бағасы 50 пайызға көтеріледі дегенде Талғар ауданындағы Қайнар ауылдық округіне қарасты «Еламан» ауылының халқы қарсылықтарын білдірген-ді. Себеп, «Ақбұлақ бағдарламасын күте-күте жалыққан ауыл тұрғындары ауыз суды ауылға өз күштерімен кіргізіп алған-ды. Еламан елді мекенінде 2500-ден астам халық тұрады. Ауыз су мәселесі 8 жыл бойы шешілмей келеді. Су қыста мұз болып қатса, жазда оны қолдану тіпті мүмкін емес. Себебі, судың ағысы өте нашар болғанына қарамастан тарифі жыл сайын өсетінін, әр куб үшін 104 теңгеден қаражат жинайтынын айтқан-ды.. Ұлардай шулаған жұртпен жүздесіп, аудандағы ауыз су мәселесіне қаныққан ауданның жаңа әкімі Рыскелді Сәтпаев 8 шақырымдық құбыр мен бір ұңғыма қазу үшін республикалық бюджжеттен 1 миллиард 18 миллион теңге сұраған. Ауыз судың басты себебі, ауыр құбырлардың көбі ескіргендіктен, көктемгі тасқында лайға лық толса, қыста мүлдем сусыз қалады. Себебі, таудан тартылған құбыр қатып қалатын болған.
Міне, ауыз судың, жолдың, электр желісінің мұңы мен жыры. Жеті өзеннің сағасында отырған, өзендер өрнектелген өлкеде, әлі күнге дейін құдық қазып күнелтіп отырғандар қатарында Сарқан ау-данындағы Екіаша ау-ылы бар. Осы ауыз су мәселесіне орай, талай ауыл әкімдерімен мердігер компаниялар істі болғанын сан мәрте жазғанбыз. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсамай, жымқырғандар әлі де тыйыла қойған жоқ. Көгілдір экранның түймесін басып, жаңалықтарды көре қал-саңыз, шелектерін даңғырлатып, «күші адал, еті харам» есекке бөшкелерін байлап алып, болмаса, тәшкілерін сүйретіп бұлақ бастаулардан және өзендердің аяғындағы ағын сулардың етегіннен су тасып бара жатқандарды көресің. Одан қалса, ауылға тартылған судың ащысын айтып, құдықтан тартылған суды тұндырып ішкендер, «мына су ішу былай тұрсын кір жууға жарамайды» деп шүмектен аққан сап-сары суды көрсетіп жатады. Даурыққан ауылдардың жанайқайына орай біз, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы №570 қаулысына сәйкес 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасына орай Алматы облысының елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаға анықтама беруді өтініп, Алматы облысының Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына өтініш жасадық. Онда, 2011-2015 және 2016-2020 жылдары екі кезеңде іске асырылған мәліметтерді алдық.
2011 – 2014 жылдары облыс аумағында сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау және салу бойынша 36,5 млрд.теңгеге 155 жоба іске асырылып (РБ – 20,4 млрд. теңге, ЖБ-16,1 млрд. теңге) жұмсалған.. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 52 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіліп, 103 елді мекен үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарған.
Елді мекендерді орталықтан-дырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 65,9% — дан (488 елді мекен) 72,3% — ға (540 елді мекенге) дейін ұлғайған. 2015 жылдан бастап халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобалар «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен бекітілген.Жалпы 2015-2019 жылдар аралығында облыста бағдарлама шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру бойынша 287 жобаны іске асыруға жалпы 41,4 млрд.теңге (РБ – 20,7 млрд. теңге, ОБ – 20,7 млрд. теңге) бөлінген.Нәтижесінде 153 елді мекен үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарып, 134 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізген.Елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 2019 жылы 72,3% — дан 90,8% — ға(674 елді мекенге ) дейін ұлғайса,.2020 жылы Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде сумен жабдықтау жүйелерін дамыту бойынша 24,7 млрд.теңгеге 108 жоба іске асырылған. (Нұрлы жер – 7,1 млрд. теңгеге 35 жоба, ЖҚЖК – 16,4 млрд. теңгеге 69 жоба, Ауыл — ел бесігі – 1,2 млрд. теңгеге 4 жоба). 2021жылға 84 нысанның құрылысы аяқталған. Нәтижесінде 80 елді мекенде көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарыпты. Орталықтандырылған сумен халқының саны 3,0 мың адамнан асатын 4 елді мекен қамтамасыз етіліп, 844 шақырым желі салынып және қайта жаңартылған. Іс-шаралар нәтижесінде қалалар мен ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 98,3% – ды құрайды. Бүгінгі күнге облыстың 678 (91,4%) елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, 55 (7,4%) елді мекен орталықтандырылмаған және 9 (1,2%) ауыл тасымалды сумен қамтылуда. 2021 жылға 23 нысанды іске асыруға 7,9 млрд. теңге қаражат қарастырылған. (РБ – 4,8 млрд.теңге, ЖБ – 1,7 млрд. теңге, Ауыл – ел бесіги – 1,5 млрд. теңге). 320 км су құбыры мен кәріз желілерін салу және қайта жаңарту жоспарлануда. Елді мекендерді перспективалық дамыту мақсатында іске асыру мерзімдері мен басымдылығын көрсете отырып, орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілмеген халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кесте әзірленіп, бекітілді. Кестеге сәйкес 2023 жылға дейін орталықтандырылған сумен 709 елді мекен қамтамасыз етіледі деп күтілуде-дейді. Анықтама берген Алматы облысының Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашлық басқармасы. Берілген мәліметке көз сүзсек, 2023 жылға дейін орталықтандырылмаған сумен қамтуға 709 елді мекен бары айтылуда. Ал, құбыр тартылып, суы ащы деп айғайлаған ауылдар қайтпек. Орталықтандырылмаған және тасымалды сумен қамтылып отырған кішігірім ауылдар әлі де екі-үш жыл құдық пен болмаса «ағын судың арамы жоқ» деп тұндырып ішуге мәжбүр. Сондай-ақ, су құбыры мен кәріз жүйелеріндегі ақаулар, оларды қайта жаңғыртуда қыруар шаруа. Былтырдан бері ушығып тұрған эпидахуалды ойлақасақ, тұндырып су ішіп отырған ауыл халқының жаны сірі екен-ау деген ойға шомасың. «Ауру астан»деген тәмсілді ескерсек, кәріздегі тазармаған және ағынды тұмбаларды, құдықтағы сор суды ішіп отырған ауыл тұрғындарының денсаулығы алаңдатады. Өзен жағалап отырып өзегі талған, құдыққа күндері қарап қалған ауылдар, яғни 709 елді мекен 2023 жылға дейін бекітілген кестеге сай сапалы ауыз суды күтуге тура келеді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ