Індет үдеп барады

0
1196

 Тәжтажалдың елімізде етек жайғанына  бір  жылдан асты.  Осы уақытқа дейін вирусты жұқтырған жандар қаншама.  Тіпті ажалынан бұрын өмір емес өлім құшқан адамдар саны еселенбесе азаймады. Ет жақынан айырылған әрбір адамға ауыр соққы болды. «Денсаулық» атты ұғымның қадірлі екенін ұғындырды.  Адам шығынын көбейткенімен қоса, халық ішіне дағдырыс туғызып келеді.  Тәжтажалдың әлі де істері көп сияқты…

Шілде айы басталысымен Алматы облысы Талғар және Қаратал аудандарында «Дельта» үнді штамын жұқтырудың анықталды. Бұл ақпаратты Талғар аудандық  ауруханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков растады.  «Ауданда «дельта» штамының алғашқы жағдайы тіркелді. Ол бұған дейін анықталған штамдарға қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда бір адам бес-алты адамға ауру жұқтырады. Инкубациялық кезеңінің қысқалығымен ерекшеленеді. Мұны жұқтырған адамның буындары қатты ауырып, жүрегі айниды. Сақ болыңыз, өзіңізге және жақындарыңызға жанашыр болыңыздар», – дейді дәрігер. Сонымен қатар, Хасен Дасибеков жаңа штамды жұқтырған жағдайда салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.

Қазіргі таңда  коронавирустың ушығуына байланысты  вакцина салдыру  талқыға түсіп отырған тақырыптың бірі. Негізі  облысымыз бойынша жыл басынан вакцинаның І компонентінен 519 145 дозасы келіп түсті, оның 468 455 дозасы қолданылып, қазіргі уақытта облыста 50 690 доза вакцина қалды. Бірінші компонентпен 468 455 адам егілді, екіншісінен — 253 784. Вакцинацияланғандардың арасында — мемлекеттік қызметкерлер – 11 481, медицина қызметкерлері – 22 933, педагогтар – 37 123 БАҚ – 186, созылмалы аурулары бар адамдар (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-қантамыр жүйесі) – 3432 және басқа да қызмет салаларының өкілдерінен – 350 245 адам вакцина алып үлгерді. Вакцинаға байланысты күнде заң шығаратын хәлге жеттік. Бірі мәжбүрлемейміз,  адамның өз қалауы десе, бірі «жаппай тексеріс болады. Вакцина салдырмағандарға айыппұл салынады» деген мәмлеге келген.  Халық кімді қалай қолдарын білмей дал болуда.  Сонымен қатар, ақпан айында ғана «Вакцинация 18-ден 64 жасқа дейінгі адамдарға салынады.» делінген еді. Енді «Пандемия басталғанда балалар мен жасөспірімдер коронавируспен ауырмайды, оларда жеңіл өтеді деп айтылған болатын. Қазір керісінше балалардың ауыратыны, тіптен ауыр өтетіні туралы деректер бар. Сондықтан балалардың ағзасына екпе салып, зерттеу мәселесі қолға алынып жатыр. Бұл зерттеу жұмыстары қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Зерттеу кезінде ерікті балалар таңдап алынып, соларға екпе салынады, ол зерттеу жоқ дегенде жарты жыл көлемінде өтуі мүмкін», — деп медицина ғылымдарының докторы Равиля Егембердиева солай мәлімдеме жасады. Бұл алдағы уақытта балаларда вакцина алады деген сөз. Үлкен кісілерге ауыр хәлде әсер етіп жатқан вакцина, жасөспірімдер үшін қалай әсер ететінін бір Құдай біледі?

Бүгінде Алматы облысының қазіргі таңдағы КВИ  симптомдары бойынша қай аймақтың қауіпті екенін білу мақсатында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шагиахметпен байланысқа шыққан едік.

«Шілдедегі жағдай бойынша облыста КВИ зертханалық расталған 28 369 жағдай тіркелген, оның ішінде симптомдармен 17 885 жағдай. Облыс сары аймақта орналасқан. 100 мың тұрғынға шаққанда КВИ сырқаттанушылық көрсеткіші – 1327,3 құрады. Облыс бойынша КВИ өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,2% — дан 0,3% — ға дейін өсті. Соңғы аптада ең жоғары өсу қарқыны Балқаш — 0,6%, Ескелді — 0,5%, Іле – 0,6%, Қарасай – 0,6% (66сл.), Қаратал — 0,5%, Талғар – 0,5% аудандарында байқалды. Соңғы тәулікте КВИ 85 жағдайы тіркелді, өсу қарқыны – 0,3%, оның ішінде 62 симптомдық (72,9%) және 23 симптомсыз (27,1%) жағдайға жетті.

КВИ анықталған 85 адамның  22-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Облыс өңірлері арасында КВИ аурушаңдығы: Алакөл-2, Балқаш-3, Еңбекшіқазақ-2, Ескелді-1, Жамбыл – 3, Іле–20, Қарасай-10, Қаратал-5, Көксу – 1, Райымбек – 1, Сарқан – 1, Талғар–11, Ұйғыр – 1, Талдықорған – 19, Текелі-5 адам тіркелді.

Бүгінде 26 867 адам КВИ-дан жазылып шықты, тәулігіне стационардан 17 пациент шығарылды, 30 адам үйден оқшаулаудан шығарылды.»  деп өңіріміздегі жағдаймен таныстырды. Бұл көрсеткіштің күнде өзгеретінін атап өтті. Себебі, ауыру ушығып тұрғанын тілге тиек етті. Ушығудың соңы жаппай вакцинациялауға әкеліп соғары анық.

Алматы облысы өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша:«Қызыл» аймақта: Қаратал ауданы мен Талдықорған қаласы. «Сары» аймақта: Балхаш, Талғар, Көксу, Ескелді, Іле аудандары мен Текелі қаласы. «Жасыл» аймақта: Райымбек, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Алакөл, Панфилов, Кербұлақ, Ұйғыр, Сарқан аудандары мен Қапшағай қаласы.

Қазіргі таңда да, бұл  тәж тажалға сенбей жүргендерді байқауға болады.  Себебі, сауда орталықтарында, ойын-сауық орталықтарда,  адамдар көп шоғырланатын жерлерде «бетперде тағыңыз» деген жазуды оқыса да бетперде тағушылар қатары көп емес.  Карантиндік талапты ұстанған жерлерде «бетпердесіз сізді кіргізе алмаймыз!» дегендерге қарсылық танытатындарды да кездестіріп жатамыз.  Сол себепті бүгін тәжтажалмен күрескен кейіпкермен пікір  алмастық.

Меруерт Жапарова, Көксу ауданының тұрғыны: «Коронавирус деген өтірік» дегендердің бірі мен едім. Мен былтыр шілде айында осы ауырудың шырмауында болдым. Менімен қатарласып көптеген адамдар терапия бөліміне түсіп жатты.  Вирус алқымымнан алып, өмірдің мәні көз алдыма келді.  Ақ халатты абзал жандардың арқасында, бүгін сізбен байланысып отырмын. Коронавирустан жазылсам да, қазіргі таңда қалдықтары бар. Мәселен, шашымның лезде ағаруы, тершеңдік, психологиялық әсері әлі де жүріп жатыр. Былтырғы жағдаймен биылғы жағдай тіптен бөлек. Себебі, биыл коронавирустың күші екі еселенген сияқты. Жақында ғана жедел жәрдеммен ауруханаға барсам, ерсілі-қарсылы жүгірген дәрігерлердің қарасын көріп, жүрегім ауырды».  

Халықтың жүрісіне қарасақ, қорқыныштың лебі сезінер емес.  Жаз айы қазақ халқы үшін той мен қыдыру мезгілі. Той жасалуға қанша тыйым салынса да, жасырып той жасап жатқандар қанша ма? Суға түсу маусымы болғандықтан,  көлдерге шомылуға баратын жандардың күн ысыған сайын артып келеді.  Шетелге шығуды әдетке айналғандар, амалын тауып, ұшақтармен ұшып жатыр. Бетпердесіз жүретін күннің тезірек келгенін қаласаңыз, сақтық шараларды қатаң түрде ұстаған абзал.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ