Амандық Ақордада есеп берді

464

Облыс әкімі Амандық Баталов Нұр-сұлтан қаласындағы президент жанындағы ОКҚ алаңында баспасөз-мәслихатын өткізді. Облыстар арасында алғаш болып өткен брифингте өңір басшысы аймақтағы экономикалық ахуалды сараптап, 9 айдың қорытындысын жариялады. Әлемді әуре-сарсаңға салған COVID-19 індетінің өршуіне байланысты ғаламда экономикалық құлдыраулар болды. Осыған қарамастан Алматы облысы алға қойған үдеден шықты деген әкімге журналистер қауымы Жетісу аймағындағы болған оқиғаларға байланысты сан түрлі сауал қойды.

Ақордаға арқаланып барып, өзі жетекшілік еткен өңірдің тыныс-тіршілігін жіпке тізген, моншақтай жарқыратқан әкімнің есеп-қисабында 9 айдың қорытындысы айтылды. Онда өңірдегі өнеркәсіпте өсім 3,1 пайызды көрсетіп, түсім 846,7 млрд.теңгеге жеткенін, ауыл шаруашылығындағы өнімділік үлесі 2,4%-ға артқанын айтқан Амандық Ғаббасұлы жұмыстарды жүйелі атқарудың арқасында қазынаға түскен қаржы 634,6 млрд. теңгеге жеткенін жеткізді. Құрылыс саласында өсім 1,6%-ға артып, нәтижесінде 208,2 млрд.теңге пайда түскенін де тілге тиек етті.
– Коронавирус індетіне байла-нысты 2020 жыл оңай болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсыр-масына сәйкес үкімет дер кезінде халықты әлеуметтік қорғау және бизнесті қолдау ша-раларын қабылдады. Осының арқасында экономиканың негізгі салаларында өсім қар-қынын сақтай алдық,– деген өңір басшысы тоғыз айда өңірлерге 437,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 8,8% құрағанын айтты. Бұл облыс экономикасының дамуына үлкен үлес қосты. Жетісу жерінде инвестицияға иек артудың арқасында 517 жоба жолға қойылған. Олардың жалпы құны 5 триллион теңгеден асып, осы жобалардың арқасында 45 мың жұмыс орны ашылған. Ал, аграрлық бағыттан бірте-бірте аграрлық-индустриалдық бағытқа өтуде, қазір өңдеу өнеркәсібінің үлесі 87%-ға жетті.
– Біздің бүгінгі міндетіміз – Мемлекет басшысының жол-дауындағы тапсырмаға сәйкес әртараптандырылған және технологияланған экономиканы қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізуде Трансұлттық компаниялар маңызды рөлге ие. Трансұлттық компаниялардың жалпы сомасы 165 млрд. теңге болатын, төрт мың жұмыс орнын құратын 9 жобасы жүзеге асырылуда. Оның үшеуі – «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» іске қосылды, жыл соңына дейін тағы бір нысан – қуаттылығы жылына 60 мың тонналық «SSA Фид Миллс» құрама жем зауыты пайдалануға беріледі деп күтілуде. Алдағы уақытта қуаттылығы жылына 1,2 млн. тонна болатын облыстағы алғашқы цемент зауыты «Алацем» іске қосылмақ.
Биыл жалпы құны 153 млрд. теңге болатын барлығы 71 жоба жүзеге асырылады. Жыл қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6%-ға өсіп, түсетін пайда көлемі 406 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында,қол жеткізген межелерді баяндады. Аграрлық аймақта ауыл шаруашылығының өнімділігінің өңірге тиесілі үлесі-17%. Бұл көрсеткішпен тоқтап қалмай, одан әрі дамуға бағыт алудамыз,– деген Амандық Баталов облыста ірі қара мал басы 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі 4,2 млн. бастан асқанын атап өтті.

Өңірде сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрылған. «Алайда ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небары 4%-ға өсіп, 66%-ті құраса, сүт зауыттарының жүктемесі – 73,4%. Сондықтан біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыру күтілуде. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына орай, суармалы жерді ұлғайтуға қатысты облыста жалпы 138 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған.
Өткен жылы 20 мың гектар жер қалпына келтірілсе, биылғы жылы тағы 20 мың гектар айналымға қосылады. Бұл АӨК өндірісінің көлемін арттыруға және оның экспорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал етеді. Қазірдің өзінде көрсеткіш жаман емес. Өткен 9 айда АӨК өнімі экспортының көлемі 1,3 есеге өсіп, 93 млн. АҚШ долларын құрады. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығында жалпы өнім 2,2%-ға өсіп, пайда 900 млрд. теңгеден асады, ал еңбек өнімділігі 2,5 млн. теңгеге жетеді. Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бизнестің 119 мың субъектісі салықтық ынталандыруға қол жеткізді, 641 субъектіге 24 млрд. теңге несие бойынша төлемді кейінге шегеруге жағдай жасалды. Өңірдегі 6,5 мың жалгерлер үшін жеке секторда жалға алу құны 30%-дан 90%-ға дейін төмендетіліп, бизнестің 690 субъектісі коммуналдық меншік мүліктерін жалға алу төлемінен толық босатылды. Кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 16,2 млрд. теңге бөлінді.
– Осы айтылған шаралардың барлығы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін өткен жылдың деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Соған сәйкес шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн. теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34% жетеді. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 %-ға жеткізу тапсырылған болатын, біз бұл межеге келесі жылы жете аламыз,– деді А. Баталов.
Аймақ бойынша 12,9 млрд. теңгеге денсаулық сақтау саласының 17 нысаны салынуда, 7 нысанның күрделі жөндеуіне 3млрд. теңге қаржы қарастырылған. COVID-19 індеті ден-саулық сақтау саласы үшін үлкен сын болды. Қабылданған шараларға қарамастан кадр жетіспеушілігі, құрал-жабдықтар жеткіліксіздігі әлі бар. Сондықтан жалпы пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінді, соның 8,8 млрд. теңгесі екінші толқынына дайындыққа қарастырылған. Атап айтсақ, Талдықорған қаласында қысқа мерзім ішінде 200 төсектік модульді инфекциялық аурухана салынып, ол барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және штатпен қамтылды. Ал материалдық қолдау көрсету шеңберінде 5362 медицина қызметкеріне 4,7 млрд. теңге көлемінде үстемақы төленсе, 1123 медицина маманына жергілікті бюджеттен 137 млн. теңге сыйақы берілген. Өңір басшысының мәліметінше, баспана мәселесі бойынша 9 айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 7,6%-ды құрады. Ал жылдық жоспар – 938,8 мың шаршы метр. Елбасының «Нұрлы жер» бағдар-ламасы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымдардың құры-лысына 38,3 млрд. теңге қарастырылған.
– Жетісу жерінде барлығы 2843 пәтерлік 566 тұрғын үй салынуда, оның 1020-сы көп балалы отбасыларына беріледі. 1533 отбасы «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» жеңілдетілген бағ-дарламалары бойынша пәтер алады. Облыс орталығы Талдықорғанда 670 үйлік коттедж қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы 345-ін қолданысқа береміз. Мұнда мектеп, балабақша, балалар және спорт алаңдары салынуда», – деген А. Ғаббасұлы табиғи газға қосылу жұмыстары туралы да мәлімдеді.
Айтуынша, бүгінгі таңда ай-мақтағы 144 елді мекенге газ тартылып үлгерген. Талдықорғанда IV кезегі аяқталуда, Балқаш, Қаратал, Көксу, Кербұлақ және Ескелді аудандарында ауылішілік желілердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына қарай облыстың 1,2 млн. тұрғыны немесе 57% газға қосылуға мүмкіндік алады.
«Бүгінгі күні бес ауданға көгілдір отын жеткізілмеген. Ол үшін «Ақсу – Сарқан – Үшарал», «Шелек – Кеген – Нарынқол» бағытындағы газ құбырлары құрылысының құжаттамалары дайындалуда. Соның нәтижесінде тағы 300 мың адам газбен қамтылатын болады» деген Амандық Ғаббасұлы ауылішілік жолдардың жөнделуіне көп көңіл бөініп жатқанын, әрі үш аусымда білім алу ордаларын азайту жұмыстары жайлы кеңінен баяндады. Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан Ұйғыр ауданындағы спорт кешенінің құлап қалуы мен аудан атын өзгертудің кешіктірілуі төңірегінде сауалдар қойып, оған өңір басшысы жан-жақты әрі нақты жауаптар берді.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: