Амандық Ғаббасұлына айтарым бар…

271

Қандастар мәселесі әлі күнге күн тәрібінен түскен емес. Жер жүзіне тарыдай шашыраған, «қарға тамырлы» қазақтың көк байрақты мемлекеттің  бауырына жиылып, ұлт болып ұйысқанын әр қазақ қалайды. Алайда, Тәуелсіздік алғалы елге келген ағайындарымыздың, тағдыр-тәлейі бір арнаға түскен жоқ. Әлі күнге дейін «ер тұрманы түгелденбеген» күйі қалуда. Олардың азаматтық алуы, әсіресе, Қытай мемлекетінен келетін қандастардың  сол тұрғылықты мемлекетінен қуғын-сүргін көруі, шекара бұзып, ата-мекенге қашып келгендерің ахуалдары ауыр күйде қалуда. Қазақстанға Монғолия мемлекетінен көшіп келіп, 2001 жылы ҚР-ның азаматтығын алып, Алматы облысы бойынша көші-қон департаментінде зейнетке шыққанша, осы қандастар мәселесімен айналысқан, күні бүгінге дейін қоғамдық ұйым жұмысын жандандырып отырған Құрметбек Сансызбайұлымен тағы бір мәрте сұқбаттасудың сәті түсті.

– Құрметбек  Сансызбайұлы тарихи Отаныңызға оралғаннан соң 10 жыл жеке кәсіпкерлікпен айналысып «Қайрат» ЖШС басқарған кезде де қандастарға қолдау көрсетіп, қаржылай көмектескеніңізді Жетісу жұрты мақтан етеді. Олардың мәселесін БАҚ арқылы жиі-жиі  көтеріп жүрсіз. Қазір зейнеткерлік жаста қоғамдық ұйым жұмысына белсенді араласыз. Бүгінгі таңда қазақ қоғамына, нарықтық жүйеге қатысты өз ой пікір, ұсынымдарыңызды ақпараттық құралдары, әлеуметтік желілерде жариялап халықтың мұң мұқтаждығын билік өкілдеріне айтудай-ақ айтып келесіз. «Әр қазақ менің жалғызым» деп ақын Сабыр Адай айтқандай, Алматы облысы бойынша «Қандастар» қоғамдық бірлестігін ашып,  белді бекем буып, қам-қарекет жасап жатсыз? Түйін тарқатылмай, аш ішектей шұбатыла беретін мәселеден шаршаған жоқсыз ба?

– Айтеке, “шаршадым” деп, қолды бір сілтеп, қаннен қаперсіз жатып алсам болар еді. Бірақ, екі күннің бірінде  қоңырау шалып, болмаса босағамды тоздырып келіп жатқан қандастарды көріп қайтіп тыныш жатамын. Олардың бәрі бірдей сауатты емес, құжат рәсімдеуде алданады, арбалады. «Тозған қазды, топтанған қарға жейді» демекші, құқықтарын білмей сабылып жүргендерге бағыт-бағдар берейін-деп, Алматы облысында тұрақты тұрып жатқан қандастар және де енді ғана келіп жатқан этникалық қазақ ұлт өкілдеріне  заңнамалық кеңес беру желісін құру әрі кешенді сипаттағы қызметтер көрсетуге, оның ішінде психологиялық қолдауға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, жұмыс іздеу саласындағы әлеуеттерін арттыруға келген орталарына тез бейімделіп кетулеріне жан жақты қолдау көрсетіп, қамқорлық таныту мақсатында құрылған ұйым бұл. Ұйымның заңнамалық аясын айтар болсам, «Қандас мәртебесін» алулары, қандастарды уақытша бейімдеу орталығына орналасулары, тұрақты тұруға Қазақстан Республикасының азаматтығын алуларына заңнамалық кеңестер берумен бірге жинақтайтын құжаттар топтамасын әзірлеп, өтініштерін толтырып жазып беруге ақысыз тегін көмек көрсетеміз. Осы бағыттағы облыстық деңгейдегі жұмыстарды мемлекеттік мекемелермен үйлестіруге белсенділікпен араласамыз. Қазірдің өзінде «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі, «Алматы облысының  Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі және Алматы облысы бойынша «Қандастар» қоғамдық  бірлестігі арасындағы өзара үшжақты ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Енді осы Меморандум негізінде жұмыстар жүргізетін боламыз. Ары қарай,  Алматы облысы бойынша көші-қон қызмет көрсету басқармасы, Алматы облысы бойынша  Халыққа Қызмет Көрсету Орталығы мен де үшжақты Меморандум жасасып қандастар және этникалық қазақтар  құжаттамалары заңнамалық шеңберде уақытылы орындалуына ықпалдастық жасамақпыз. Бұл жерде бұрындары делдалдар арқылы жұмыс жасалып уақыты өтіп созылып кеткен құжаттамалары мен ел аралық мәселелерге араласа алмайтынымызды ашық айтқым келеді.

– Қандастар, этникалық қазақтар деген ұғымда не айырмашылық  бар? Делдалдар араласып уақыты созылып өтіп кеткен құжаттамалар, ел аралық мәселе деген ұғымдарға толығырақ тоқтала кетсеңіз?

– Қандастар дегеніміз тұрақты тұру мақсатында көшіп келіп «Қандастар» мәртебесін алған ағайындар. Ал, этникалық қазақтар дегеніміз шетелде тұрып жатқан, Қазақстаннан  «Қандастар» мәртебесін алмаған, Ықтиярхат пен  келіп кетіп жүрген қазақ ұлт өкілдері. Бүгінгі таңда «Қандастар» мәртебесін алған қандастарға үш ай мерзім ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы заң күшіне енген. Яғни біздің негізгі мақсат, мүддеміз Алматы облысына тұрақты тұрамыз, ҚР-ның азаматтығын қабылдаймыз деп келген этникалық қазақ ұлт өкілдеріне қайта-қайта құжат жинаттырмай, қол жетімді жеңілдетілген қызметтерді толыққанды алуларына  ықпал жасау. Осы құжаттамалары бұрындары өздері тікелей мемлекеттік мекемелерге бармай делдалдарға сеніп тапсырғандықтан уақыты созылған, визаларының мерзімі бітіп кеткен тағы сол сияқты келеңсіз жағдайлар орын алған болса мұндай даулы мәселелерге біз араласпаймыз. Біз, тек қана Алматы облысының деңгейінде ғана қандастарға қызмет көрсетеміз. Сондықтан ел аралық яғни қандастардың шет елдегі мәселелеріне араласуға құзырымыз жоқ. Бірақта қандастарымыздың шет елдегі ағайын туыстарының көшіп келуіне заң қағидаларға қатысты толыққанды түсініктеме бере аламыз.

– Соңғы  жылдары көші-қон үрдісі тоқырауға ұшырағаны көшіп келетін ағайындар саны азайғаны жайында статистикалық мәліметтер көп айтылады. Бұның негізгі себебі не деп айтар едіңіз?

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметі  бойынша 2021 жылы 1 шілдеде  8867 адам тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған.

Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 79,2 мың этникалық қазақ оралды деп мәлімдейді. Келген этникалық қазақтардың негізінен (29,9%) Алматы облысына қоныстанғаны республика деңгейінде ең жоғарғы көрсеткіш.

Ал, Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы 15 шілдедегі ресми мәліметі бойынша 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында елге тұру үшін 3662 адам көшіп келген. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға аз.  Қазақстанға қоныстандырылғандардың  84,3 пайызы ТМД елдерінен. Егер иммигранттардың этникалық құрамын қарастыратын болсақ, онда елге тұрақты тұруға көшіп келгендердің үлкен үлесі екі этносқа – қазақтар мен орыстарға тиесілі. Қазақстанға қоныс аударатындардың жалпы санындағы орыстардың үлесі 2021 жылғы қаңтар-мамырдағы 16,9 пайыздан 27,5 пайызға өскен.

Осы статистикалық мәліметтер арқылы айтқым келгені: Жаңа заман, жаңа нарықтық қоғамда адамдардың психологиясы, талғамы мүлдем өзгеріп кетті. Нарықтық қоғам адамдарға әр нәрсенің құны мен құндылығы өмірдегі қажеттіліктеріне тікелей қатысты екенін үйретті. Уақытпен жарыса өзгеріп өркендеп жатқан ғылым-дәуірінде туылған жастардың сана сезімі өткен өмірдің үлгі өнегесімен үйлеспей де жатады. Соңғы жылдары әлемдік дағдарыстар, сан алуан қиындықтар туындап жатыр. Ұлы көште осы үрдіске тап болды. Екінші жағынан қарасаңыз әрбір адамның туып өскен жерінен алған тәлім тәрбиесі мен бойына қалыптасқан болмысы өзгеруі яғни қайта жаңғыруы, тек сол адамның өзін өзі жаңа ортаға бейімдеп тікелей басқаруына қатысты екенін өмір көрсетіп берді. Өкінішке орай осыны сезініп жете түсіне алмай жүргендері қаншама…

Қазақстанда туып өсіп қазақи менталиттетпен қазақ қоғамында қазақ ұлтының құндылық қасиет болмысын өз тұлғаларына қалыптастырған орыс, немістер еліне көшіп кетіп барған жеріне өткен өміріндегідей сіңісе алмай қайтадан Қазақ еліне көшіп келіп жатқандары да содан. Бұл елімізден көшіп кетіп қайтадан көшіп келіп жатқан ұлт өкілдеріне де тиесілі мәселе. Ал, енді өзіміздің қандас ағайындарымызды алып қарасақ та тура осылай. 1991 жылдары алғашқы көшті бастап келген қандас ағайындар арасынан 10-15 жылға дейін туып өскен елі мен жерін аңсап екі ел арасына біразы сан мәрте барып келіп (кейбіреуі көшіп кетті, қайта көшіп келді) жүріп сағыныштары басылған соң тұрақтады, қазақстанның ішінде қаншама облыстарға көшіп қонып жүріп қоныстанып қалды. Ал, күні бүгінге дейін Ықтиярхат пен тұрып жатқан ағайындар қаншама. Бұл біздің қолданыстағы заңдарымыздың шетелдіктер мен қандастарымыз үшін аражігін ажыратуға  тәртіптік қатал қағида қалыптастыра алмауынан. Соңғы жылдары көші-қон үрдісінде жүйе болмай ағыммен ғана әркім өз қажеттілігіне сай құжаттанып ел арасында аласапыран үрдіс қалыптасып кетті. Кесірінен қаншама ағымдар сапырылысқан адамдар ілегінде Қазақ елінде орын алғаны да жасырын емес. Тіптен шетелдіктерге де әсер етті.

Қазақстан Республикасының заң органдары ұзақ жылғы бақылау, зерделеу сараптамалары нәтижесінде кімнің кім екенін, кімдердің қандай мақсат мүдде негізінде екі ел арасына және қазақ қоғамына қандай үлес қосқандарын енді-енді жете парықтап тізгіндеп енді ғана бір жүйеге түсе бастады деуге болады.  Үкімет асықпайды, құрығы ұзын деген де осы шығар.

Отанына келген ағайындар арасынан тұрақты қоныстанып ерен еңбектерімен танылғандары да өте көп. Ал, олардың осында келіп ана тілінде білім алып жоғарғы оқу орындарын үздік бітіріп бүгіндері Президент әкімшілігі, Үкіметте, жоғарғы органдарда, облыс деңгейінде, шетелдік ірі компанияларда абыройлы қызмет атқарып жүрген ұрпақтары да жетіп артылады. Осы ұрпақтар, ата-аналарының шет елде өз болмыстарына қалыптастырған менталиттерін өзгертіп оларды нағыз қазақи  қоғамының үрдісіне көндіріп жатқандары да өмірдің сүбелі шындығы.  Бұл бүгіндері жаңа заман, жаңа қоғамның құндылығымен құндақталған жастардың нана технология үрдісі мен өркениетті ғылым негізіндегі жетістіктері.

Өзін жаңғырта жаңара құлшынғандары жастардан қалыспай тізгінді қолда ұстап адами құндылық рухымен заман көшінен қалыспай келе жатыр. Деседе кейбір қандас ағайындар мен біліксіз кадр-мамандар, ел басқарып отырған кейбір азаматтардың қабілет, ниет, жауапкершіліксіз іс қаракеттері  кейде көшке кері әсерін тигізуде. Біз осы мәселелерді әліде түбегейлі жүйелі жолға қоюға өз үлесімізді қосып ат салысатын боламыз.

– Сонда, нақты қандай жолмен қоғамдық бақылау жүргізіп үлес қоспақ мақсаттарыңыз бар?

– Қазақ қоғамында бос сөз қуған белсенділер, қандастар арасында көптеген келеңсіздіктер туындатып жүргенін журналист сіздер жақсы білесіздер. Шетелдіктердің ақшасына қызығып өздері келеңсіз жағдайға қалған қандастарымыз да жоқ емес. Мемлекетіміздің мерейлі мейірімін жете сезіне алмай өз қарабастарының қамы, жеке бастарының мүддесі үшін бір-бірімен әлеуметтік желілер арқылы дау-дамайға барғандары да аз болмады. Жалпы біреуді қандай бір іске кінәлі деп тауып шешім қабылдау тек соттың құзырындағы мәселе. Ал ағайындар бір-бірінің ісіне араласып кінәлау, тіл тигізу, біреудің сыртынан жалған ақпарат таратып өтірік айта салудың өзі қылмыстық іске апаратынына немқұрайлылықпен қарай береді. Соңы сенімсіздікке жеткізіп  қандастардың атақ абыройына жаппай келеңсіздік  туындатып жатады. Мен  Қазақстанға келгелі, жеке кәсіпкерлік,  мемлекеттік қызметкер, қоғамдық ұйымда отыз жыл еңбектенген тәжірибеме сүйене отырып , қандастарға бұл тұрғыда жақсы жағынан үгіт насихат жүргізе алатыныма қабілет дарын-талантым мен олармен еркін тіл табысатыныма сенімдімін. Сондықтан, біз үшін қиындық туындата қоймасы анық.

– Тағы да қандай мақсат мүддеге қол жеткізетін ойларыңыз бар?

ҚР-сы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген «Солтүстік өңірлерге» ішкі көші-қон бойынша көшулеріне,  Алматы облысы бойынша Жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе нәтижелі жұмыс жүргізе отырып  ШҚО, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Ақмола облыстарына қоныстануларына ықпал жасап бұл істің соңғы нәтижесі шығып олардың жұмыспен қамтылып, жер үлестеріне ие болып толыққанды орныққандарына дейін бақылауда ұстап жұмыс атқаратын боламыз.

– Оған қалай қол жеткізіп орындай аламыз деп айта аласыз?

– Жұмыс, көрсететін қызметтерімізді Қазақстан Республикасының Ата Заңына, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңына, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына, бірлестіктің бекітілген Жарғысының негізінде және басқа да Қазақстан Республикасының құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырамыз. Мен осы заңдармен отыз жыл қызмет істеп келемін.

Бірлестіктің толық атауы, мекенжай, хабарласуға телефон нөмірлеріңіз бен электронды пошталарыңызды қандастарға жеткізсек      

 – Алматы облысы бойынша «Қандастар» қоғамдық бірлестігі. 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Қаратал шағын ауданы № 36А үй. Достық үйі ғимараты. Тел: 8(7282) 41-29-42;

E-mail qurmetbek.s@gmail.com

– Бірлестіктің қызметінің мәні туралы не айтасыз?

– Алматы облысына көшіп келген және олардың шет елден Алматы облысына көшіп келгісі келетін туыстары, этникалық қазақтарды жан-жақты қолдауды қамтамасыз етіп, қандастарды қазақстандық қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру жөніндегі шараларға ақпараттық және анықтамалық нақты қызметтер көрсету арқылы ортаға тез бейімделулеріне ықпал етеміз дер едім. Барлық көрсетілген қызметтеріміз ашық түрде әлеуметтік желілерде, қоғамдық бірлестіктің және мемлекеттік мекемелердің сайттарында, бұқарат ақпарат құралдарында жарияланып түратын болады.

– Қ. Сансызбайұлы көшке кедергі түйткілді мәселелерді жалпыламай ғана айттыңыз. Алматы облысы көлемінде бұл үрдіс қалай жолға қойылған, басшылар тарапынан қолдау қамқорлық барма, жоқ, құрақ уәде, «қысыр сиырдың уызы» сияқты нарселер емес пе?

– Сіз мені тығырыққа тірей бастадыңыз ғой, айтпасыма қоймадыңыз.  Алматы облысында 1991 жылдан бері келген 220 мыңға жуық қандастар тұрақты тұрады. Облыс әкімдігі тарапынан ешқандай қолдау, нақты көмек қамқорлық жасалып жатыр деп айта алмаймын. Баталов Амандық Ғаббасұлы облыс әкімі болған кезде қандастар, жансезім болмыс дүние танымымызды түсінер бір азамат келді деп «бөркімізді аспанға атып едік! Сенім ақталмады. Ол кісі әкім болғалы қандастар мәселесін бірде-бір рет өз деңгейінде қараған емес. Қоғамдық ұйым басшылары қандастар мәселесімен кірейін десе қабылдамайды. Өзі қабылдамаса, орынбасарлары, басқарма басшылары қалай қабылдасын. Көші-қон мәселесіне жауапты орынбасары Байжұманов Батыржан Құлаймергенұлы мені қабылдап көші-қон мәселесін талқылайық  деп уәде бергеніне үш ай асты. Сонда әкім мен тікелей жауапты орынбасары қоғамдық ұйымнан қашқақтаса халықпен қоян қолтық араласып «Қоғам халық пен санасқан» мемлекет құрып жатырмыз деп айтудың мәнісі барма өзі! Ұлттық идеологиямыз құлдырап ұлт құндылығы төмендеп тұрғаны тура осыдан деп білемін. Біздің облыста «Әкімнің» көңілін қалдырмау деген үрдіс өте жоғарғы деңгейде орын алған. Бәрі алдын ала дайындалған жоспар сценари бойынша ғана жүреді. Қысқасы өз қызметтік міндетін атқаратын басшы көп. Сол міндеттерін атқаруда адами азаматтық парызын ұмыт қалдыратындары аз емес. Мұндайды халық «Арбаны сындырмай, көңілді қалдырмай, өгізді өлтірмей» қызмет атқаратындар дейді. Осындай жандардың кесірінен келер ұрпаққа рухани құндылық бере алмай, жан жақты қолдау көрсетілмей, көне қоғамның тозық үлгісінен шыға алмай жүрміз. Қаламыз, облысымыз құлаш жайып көркейіп жаңа құрылыс нысандары салынып, көрген жанның көз жауын алады. Ал, халықтың еліне, жеріне деген сенімі төмендеп күн көріс деңгейі мен адамдық құқық, құндылығы үшін күрес наразылықтары азаймауы ұлттық сана сезіміміз ұлтымыз үшін жаңғыра алмауы рухани ашаршылықтың кеселі. Яғни, идиологиялық тәлім-тәрбие ақасап тұр. Екі жүзді, екі сөйлейтін, құйрығымен ізін жасырған түлкі кейіптегі шенділердің көбеюі осыған дәлел. Қазақта «уәде, Құдай сөзі»-деген тәмсіл бар. Уәде берген шенеуік осыны ойдан шығармауы керек-ақ.

Әгәрәки, облыс әкімі қабылдаса, қандастар туралы толғақты ойларымды ортаға салар едім.Өйткені қандастар мәселесі әкімге тікелей жетіп жатыр-дегенге өзімініңде сенім аз. Егерде қоғамның ортасында, сорпадай қайнап жатқан мәселе,  Амандық мырзаның құлағына нақты жеткен болса, ол кісінің шара қолданбауы мүмкін емес. Кездесулерде, есеп беру жиындарында ол кісі  «мен уәде берсем оны орындаймын» -деп айтады, орындайды да. Мәселе, қол асытындағы нөкерлерде болып тұр.

Қандастар шетелде туып өскендіктен бұл үрдіске жиі тап болады. Жәнеде олар шетелдік болмыс, тәлім қабілет, ілімі негізінде ашық екі айтамыз деп өздері сөзге қалып, елге келеңсіздіктер туындатып жататыны да содан. Оның үйлесімін келтіргісі келетін қоғамдық ұйымдарды әкім, қаралар әлі де менсінбей олармен санаспай жүргені шынайы ұлағатты қазақи қоғам қалыптасуына кері әсер тигізе берері хақ! Ақшаның құлы болып адами қасиет парызыңды ұмыт қалдырғаннан гөрі, ұлтыңның құлы болып адами құндылықты жоғалтпай жүрсең ел алдында еңсең тік болып елің ешқашан есінен шығармасы тарихтан қалған ғұмырнама дер едім!  «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» қанына тартып, қандастар  мәселесін, қоғамық ұйыммен бірлесіп шешуде ағайындар  аманаты Амандық мырза жетер мекен! Әй, Қайдам…..

– Сұхбаттасуға уақыт бөліп, ойыңызды ашық айтқаныңызға көп-көп рахмет! Алла істеріңізге береке берсін!

 

 

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: