Балаңыз ана тілінен қуат алсын десеңіз..

0
980

Талдықорған  қаласында  ашылған «Мейірім» шығармашылық орталығында  200-ден астам бала өнерлерін ұштауда.  Төрт бағытта жұмыс істейтін орталықта өз ісін жетік меңгерген ұстаздар тәлім беріп келеді.  Орталықтағы  кез-келген істің ілгерілеуіне  әр  маманның қосып жатқан үлесі зор.  Солардың бірі  шешендік өнер, мәнерлеп оқу сабақтарынан беретін  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, әдебиеттанушы, «Отқарақ», «Бірдеңе» поэзиялық  жинақтарының  авторы, тележүргізуші,  «Жетісу» радиосының бас редакторы қызметін атқаратын Айнұр Төлеумен   әңгімелескен едік.

Айнұр Төлеудің сөзінше, «Көркемсөз оқу»  мен «Шешендік өнер»  үйірмелерінде әр баланың қабілетін шыңдап, сөз өнерін жіті түсінуге мән беріледі. Бір топқа он баладан артық бала  алынбайтындықтан, оқушының қабылдауы, қызығушылығын зерделеу, соған лайық жұмыс жасау мүмкіндігі бар.

– Ең бастысы бұл қос үйірмеде бала өзінің жеке тұлға екенін, кез келген ортада қысылмай өз ой-пікірін ашық айту керектігін түйсінеді. Ал, ата-аналар көбіне томаға тұйық, көп адаммен тілдесе бермейтін балаларын осы үйірмеден ашылса екен, жарқырап сөйлесе екен деп армандайды. Әрине, ұяң әрі тұйық балалардың әрқайсысымен бөлек-бөлек жұмыс жасауға тура келеді. Ол неге ұялшақ, бәлкім оның сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асатын орта бұрын болмаған шығар. Мүмкін баланы осы уақытқа дейін үлкендер тойтарып, сөзден тиып тастап отырған шығар. Міне, осы фактордың бәрімен жұмыс жасауға тура келеді. Енді бір ата-ана баласының қазақ тіліне жатық болғанын қалайды. Үйінде орыс тілінде сөйлейтін қазақтар да осы үйірмеге баласын жіберіп жатыр. Әрқайсысына  әдіс тауып, тіл ұстартып жатқан жайымыз бар. Қандай үйірмеге берсеңіз де, ең бастысы – тәртіп. Нәтиже шыққанын қалайсыз ба? Онда баланың сабақты жіберіп алмай, өз уақытында қатысқанын қамтамасыз етсеңіз болғаны,  – дейді  ол.

Бүгінде балалардың кітап оқуына алаңдайтын әке-шеше көп. Ал, кітап оқитын бала ойын жүйелі түрде жеткізіп, ана тіліндегі мәйекті сөздердің мағынасын бірден ұғып отырады.

– «Көркемсөз оқу» үйірмесінде бала мәтінді өзгеге түсінікті көркем оқуға дағдыланады. Алайда,  кітапты аз оқитын, ойын қысқа қайыра салатын бала әдеби мәтінді  көркем оқи алмауы мүмкін. Оның үстіне көркем мәтіндегі қазақ сөздерінің көбін түсінбейтін балалар да кездеседі. Бірақ  сөзді түсінбеу, кітапты аз оқу – екінші тұрған мәселе. Ең бастысы баланың сөз мәдениетіне деген қызығушылығы болса – сол  үлкен олжа.  Мұндай қызығушылығы бар баланы «Мейірім» шығармашылық орталығындағы «Көркемсөз оқу» мен «Шешендік өнер» сабақтарында дамытуға, қанаттандыруға, кітапқа қызықтыруға, сөйлеу өнеріне тәрбиелеуге болады.  Бір-біріне ұқсас, мәндес пәндер болғанымен бұл екі үйірменің айтарлықтай айырмашылығы бар. Мысалы, «Шешендік өнерде» баланың топ алдына шығып, өзін еркін ұстап, ойын жүйелі түрде жеткізуі –  басты мақсат. Ал, топ алдында сөйлеу – үлкен өнер. «Көре-көре көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, бұл үйірмеде баланы сөйлеуге үйретеміз. Енді осы жерде сұрақ туындайды. Қандай бала топ алдында, үлкендердің арасында өз ойын қысылмай  жеткізеді. Әрине, өзіне сенімді бала. Бала көкірегіне сенімділік орнату – оңай шаруа емес. «Шешендік өнер»  үйірмесінің әдістемесін дайындағанда ең алдымен  бала психологиясын зерделеуге тура келді. Әр бала өзінің  жеке тұлға екенін, сондықтан мына әлемге өз пікірі мен ойын айтуға хақылы екенін түсінген сәтте одан шешен дайындап шығуға болады. Қазақ  тарихына үңілсеңіз, би-шешендердің бала жастан топты аузына қаратып, үлкен дауға араласып, ақыл тауып кеткенін байқауға болады.  Сондықтан «Шешендік өнер»  үйірмесі осы бағытта жұмыс жасайды. Кіші топтағы балалар жаңылтпаш, жұмбақтар, тұрақты тіркестерді жаттай отырып, анасының, құрбысы мен үйдегі  жақындарының туған күніне тілек айтып үйренеді. Бүгін ерекше тілек айта алатын бала, ертең елді аузына қаратқан шешен боларына сеніңіз. Ойды жүйелі жеткізу, ұтқыр, әрі байқампаздықты дамыту үшін хат танымаған, кіші топтағы балалармен суретті кітаптар арқылы жұмыс жүргізіледі. Бала түрлі суреттердегі кейіпкерлерге ат қояды, олардың эмоциясын бағалайды, суретті әңгімелеп береді.

Ал, «Көркемсөз оқу» өнерінің жөні бөлек. Мектеп бағдарламасында балаларды минутпен жарыстырып оқуға дағдыландырады. Жарысып оқыған бала мәтінді түсінуді, көркем оқуды мұрат санамайды. Су сіміргендей мәтін оқитын баланың, әрине, кітап оқуға да құлшынысы бола бермейді. Бұл өнерде мәтінді аудитория да, оқыған адамның өзі де түсінуі тиіс. Ең бастысы,  аудитория мәтінді соңына дейін жалықпай тыңдауы керек. Адамдардың зейіні әртүрлі ақпаратқа ауып отырады. Тез жалыққыш келеді. Көркем мәтінді оқитын бала аудиторияны жалықтырмаудың қыр-сырын үйренеді. Мәтін оқығандағы дауыс ырғақтары, кідірістер мен үндестік, үйлесім мен ым-ишара – міне осының барлығын игерген бала мәнерлеп өлең оқып, мәтінді көркемдеп жеткізе алады. «Сөз өнері»  – үлкен бір сала болса,  «Көркемсөз оқу» мен «Шешендік өнер» сол сөз өнерінің кішкене ғана  саласы.  Сүйегіне  сөз қонған, аталы сөзге тоқтап, ана тілінің нәрінен  қуат алған бала  өсіргіңіз келсе «Мейірім орталығындағы»  қос үйірменің біріне беріңіз,  – дейді  Айнұр Төлеу. Сондай-ақ  ол сөйлей алатын адам жетістікке тез жететінін,  бала өскенде саясаткер, саудагер, өнерпаз, дәрігер болса да, өз ойын қысылмай жеткізетін мықты маманға айналуы тиіс деген пікірде.

Ұстаздарға мың алғыс

Нұрлыгүл ШАХАРОВА: «Милана бастауышта орыс сыныбында оқыды, бірақ қазақша өте жақсы білетін. Орыс тілінен гөрі қазақ тіліне жақындығын байқаған соң 4-ші сыныпта қазақ сыныбына ауыстырдық. Бұған қуанғаннан өзге  еш өкінген жоқпыз. Себебі  қазақ сыныбында оқу үлгерімі бірден жақсарды.

Ол өте ашық, адамдармен  бірден тіл табысып кетеді. Үйде  көп қолғабыс жасайды, ас үйде жүргенді ұнатады, түрлі дәмді тағамдар дайындап, бәрімізді қуантады. Кітапты да көп  оқиды. Сурет те  салады және өлеңдер жаттағанды жаны сүйеді.  Осы өлең оқуда  түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда,  Ұлы Абай атамыздың 175-жылдығы қарсаңында өткізілген іс-шараға  қатысып, Талдықорғандағы Оқушылар сарайы ұйымдастырған «Бала әлемі-2020»  байқауында жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін 1-ші орынды жеңіп алды. Сонымен бірге «Самғау» орталығы ұйымдастырған Республикалық «Абай дара – Абай дана» байқауында  1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Абай атындағы ҚазҰПУ-да өткен «Абай үміті»  шығармашылық байқауында 3-ші орынды иеленді. Осы  жылы Талдықорған қаласы әкімінің аппараты ұйымдастырған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты байқауына қатысып,  20 000 теңгенің сертификатымен марапатталды. Бұл байқаудың ерекшелігі –  40 шумақ өлеңді мәнерлеп жатқа айту болатын.  Милана бұған  қатысуға да ерекше   белсенділік танытып, еңбектенді.

Бүгінде қаламыздағы № 15 орта  мектепте оқиды. Білім ошағында өтетін  байқауларға да қатысады. Оның қазақ тілін жетік білуіне  қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері  Данагүл  мен Әлия апайларының қосып келетін үлестері зор. Әр  байқауға осы ұстаздары жол көрсетіп, қатыстырып отырады.

Қазіргі таңда Милана «Мейірім» шығармашылық орталығындағы көркемсөз, актёрлік шеберлік үйірмелеріне қатысып жүр. Ол жерде Дәулеткерей ағайынан, Айнұр Төлеу  және  Жұматай Оспанұлы сияқты майталман өнер адамдарынан дәріс алып  келеді.  Демалыс күні де уақытты бос өткізбей, ағылшын тілін үйреніп жүр.  Аллаға шүкір, Милананың  біраз нәрсеге қабілеті бар, енді осы бойындағы бар қасиетін, өнерін ары қарай дамыта берсе,еңбектене берсе екен деймін. Алда әлі де талай байқауға қатысады деген үміттеміз. Оған тек  ақ жол тілейміз. Қызымды өнерге  баулыған  орталықтың   ұстаздарына мың алғыс!».

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ