ЖЕТІСУДА АЛҒАШ РЕТ ЖУРНАЛИСТЕР СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ
Жетісу облысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған алғашқы Журналистер спартакиадасы басталды. Бұл туралы ресми мәлімдеме Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте айтылды.
Ауқымды спорттық шараны облыстық Қоғамдық даму басқармасы, Спорт басқармасы және «Спортты дамыту дирекциясы» КММ бірлесіп ұйымдастырып отыр. Спартакиадаға облыстық, аудандық және қалалық деңгейдегі БАҚ қызметкерлері қатысуда.
Жарыс бағдарламасына 7 спорт түрі енгізілген: футзал, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат, дойбы және бильярд. Алғашқы күндері өткен футбол мен волейбол бәсекелері тартысты өтіп, футболдан «Jetisy» газеті 1-орын иеленсе, волейболдан «Jetisy» телеарнасы бас жүлдеге ие болды.
23–25 маусым аралығында тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, дойбы және бильярд ойындары бойынша жарыстар жалғасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спартакиада алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналып, өңір журналистерінің өзара байланысын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға серпін бермек.
Мұрат КҮМІСБЕК