БРЕСТ ҚАМАЛЫН ҚОРҒАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР
Мұздай қаруланып «еліңді де, жеріңді же жаулап аламын» деп еңселеген жаудың алғашқы соққысы — жер мен көкті төпелей жаудырған найзағайдай оқтары, бомбалары мен жерді жаншыған танктері аты аңызғы айналған Брест қорғанысындағы жауынгерлердің теңдесі жоқ ерлік пен асқан батылдықтың үлгісіне айналған жанкешті қарсылықтары тарихтың ұмытылмас беттеріне айналып, бізге жетті. Брест қамалы туралы көптеген фильмдер шықты, зерттеулер, әдеби, публицистикалық кітаптар жазылды.
Қолыма Жетісудың айтулы тарихшы-өлкетанушысы Құлтай Нұрқалбайұлының жеке кітапханасынан өзінен оқуға сұрап алған екі кітабы тиді.
Бірі орыс жазушысы Сергей Смирновтың сол еңбегі үшін Ленин атындағы сыйлықты алған «Брестская крепость» кітабы, екіншісі қазақстандық ғалым Ляйла Ахметованың «1941 Брестская крепость Казахстан» деген ізденістерге толы Брест қамалын қорғаған қазақстандық жауынгерлер туралы жазылған таңдаулы тарихи публицистикалық кітап.
Брест қамалы туралы кітап жазған Сергей Смирнов өмірдің шынайы тарихи уақытын жазды. Бұл кітап шындықты талмай ізденудің, сол іздену жолында кездескен кедергілерді, қиындықтарды жеңудің үлгісі саналады. Осы тарихи ізденуге автор алғашқылардың алды болып кіріскен дейді – автор туралы жазғандар. Автордың ізденулер, зерттеулер жұмысы СОКП-ның 20 съезінен кейін барып келген «жылымық жылдарынан» соң басталады. Он жылдан астам уақыт ішінде ол Москва мен Брест төңірегінен шықпай тарихи материалдарды жинаумен, Брестті қорғаған жауынгерлерді, тұтқыннан босап шықандарды іздеумен айналысты.
Тұтқынға түсіп немесе тұтқынға алынғандардың арасында отанын сатқандардың болғаны рас. Бірақ, тұтқындардың көбісі қолында қаруы болса да өте ауыр сын сағаттарында қалың қаруланған неміс фашистеріне төтеп бере алмағаны үшін, сөйтіп тұтқынға алынған Брест бекінісің жауынгерлерінің жаудан көрген азаптарына қоса, тұтқыннан босағаннан кейін Сталиннің саясатынан көрген азаптары адам айтқысыз. «Олар тұтқында болған!» деген сөздің өзі «сатқын» деген мағынада олардың жанкешті ерлігін жоққа шығарғандай еді.Осындай жағдайда кітап авторы сондай жаладан жаны жүдеген Брест жауынгерлерін іздеп тауып, олардан соғыстың алғашқы күндері Брест бекінісіндегі жағдайды тәптіштеп сұрап, фактілерді, әр күнгі соғыс суретін тізіп жазып жатты. Брест қорғаушыларының тірі қалған жауынгерлеріне Сергей Смирнов өз көмегін аямады. Олардың ақталуына, адалдығына сеніммен кірісті. Брест бекінісін қорғаған өлісінің ерлігін айтып, есімінің ақталуына, сондай-ақ тірісіне де қолдау көрсетіп, сатқын деген атақтан ақталуы үшін құзырлы орындарды шарлады. Басты міндет — олардың есімі мен ерлігін паш ету болды.
Оқып шықтым кітапты, оқуға өте ауыр. Жаумен айқасқан біздің әскердің Брестті қорғаған шайқасы ерен ерліктің үлгісі.
Көлеңкеде қалған шындықтар
Дейтұрғанмен, С. Смир-новтың 490 беттік кітабында Брест бекінісін қорғаған жауынгерлер арасында қазақстандық жауынгерлер болғанына қарамастан автор олардың тек біреуін ғана, онда да партизан деп Нұрым Садықов (дұрысы Сыдықов) деп, жалғыз қазақ жауынгерінің суретін салған…
1961 жылы 25 маусымда Брестте қамалды қорғаудың 20 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Оған жан-жақтан Брестті қорғаған, тірі қалған жауынгерлер шақырылып, Қазақстаннан алматылық Владимир Фурсов қатысты… Ол жылдары Брестті қорғаған, ерліктері елге белгілі екі алматылық жауынгерлер Ғаббас Жұматов пен Қажымұрат Сыздықов тірі болатын…
Тоқталып кетпеуге болмас тағы бір жайт, деректер бойынша Бресттегі мемориалды кешеннің гранит тақтайының астында 1020 солдаттың сүйегі жатыр, олардың 127-сінің есімдері ғана ойып жазылыпты.
Брест қамалын қорғаған қазақстандықтар туралы жазып жүрген Тілеу Көлбаев «Брест қаласындағы «Ерлік» деп аталатын монументте бар-жоғы 4 қазақтың есімі жазылған. Олар: Ыдырыс Күренкеев (1919-1941ж.ж.), Талдықорған облысынан; Нұрым Сыдықов (1919-1941 ж.ж.), Орал облысы; Ботабай Сүлейменов (1921-1941 ж.ж.), Павлодар облысы; Ұлықтымбаев, аты және туған жылы белгісіз. Семей облысының тумасы. 22.06.1941 жылы оққа ұшқан» — деп жазады.
Мен өзімді ұлтшыл санамаймын, дегенмен, Брест қамалы туралы сөз болғанда қамалды қорғаған батырлардың ерлігі толық бағаланбай, көп қазақстандық жауынгерлердің көзсіз қаһармандығы ескерусіз қалғаны ойлантады… Брест қамалында жауынгерлік борышын өтеп жүріп, жаумен алғашқы шайқасқандар арасында, жоғарыда айтып өткеніміздей, мыңдаған қазақстандықтардың ерлікпен мерт болғанын қалайша ұмытарсың!
Брест гарнизонының құрамында жауынгерлік борышын өтеп жүргендермен қоса, әскери қызмет атқарып жүргендер де болды. Кейбір деректер бойынша олардың жалпы саны 3 мыңдай болса, жартысынан астамы 1918-1920 жылдары туған, тепсе темір үзетін, кең байтақ Қазақстанның барлық облыстарынан шақырылған қазақ жігіттері еді. Қызыл тулы 6-шы атқыштар дивизиясындағы 44-ші, 125-ші, 333-ші инженерлік, 455-ші атқыштар полкі мен 204-ші, 131-ші гаубицалық артиллерия полкінде 2 мың қазақстандықтар болса, 42-ші атқыштар дивизиясының құрамында мыңнан аса қазақстандық жауынгерлер сапта тұрды – дейді, «Тенге монитор» газетінде автор Тілеу Көлбаев.
«1941 –Брестская крепость. Казахстан»
Жоғарыда айтылған олқылықтар-дың орнын, Бресттегі қазақстандық жауынгерлердің жанкешті ерліктерін қазақстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ляйла Ахметова толтырып, талмай ізденудің арқасында қазақстандық жауынгерлердің есімін «1941 – Брестская крепость. Казахстан » деген кітабында жариялаған. Қазақстандықтар үшін бұл қастерлі де таптырмас — ең абыройлы еңбек.
2015 жылдан бастап Брест қамалында бірнеше рет болып, оның соғыстан кейінгі қирандыларын көзбен көрген, Брест архивтері мен Орталық архивтерінен деректер анықтаған тарихшы, зерттеуші – сарапшы Ләйлә ғалымның архивтік ізденістерінің, қалған тірілердің әңгімесінен, өзі сияқты зерттеушілердің құжаттарынан қалай тапқанын кітапты оқып отырып сезінесіз. Ғалым осы еңбекті жазбастан бұрын осы мәселеге мемлекет басында отырған адамдардың назарын аударды. Автор қаншама архивтерді ақтарып, Брест қамалын қорғаған қазақстандық қаншама жауынгердің есімін қайта тірілтті! Есімі белгісіздердің суреттерін жариялады. Олардың ерлігін елге танытты. Қазақстанның барлық облыстарынан Брестті қорғаған қазақстандықтардың есімдерін, олардың қаһармандығын елге жария етті.
Соғыс басталған кезде Брест қаласында болған әскерилердің анық саны әлі де нақты емес.
Кейбір деректерде олардың саны 7-8 мың болған дейді. Ал олардың ішіндегі қазақстандық жауынгерлердің нақты санын анықтауда тарихшылар әлі күнге дейін бір пікірге тоқтай алмай отыр. Олар ұсынған Брест қамалын қорғаған қазақстандықтардың ұзын саны 400 бен 4000 адам аралығында десе, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ләйлә Ахметова қаланы жаудан қорғауға 556 қазақстандықтың, оған Брест бағытындағы шайқастарға қатысқан тағы 200-дей жауынгердің тізімін қосты. Бұл «Брест 1941 Қазақстан» кітабында жазылды.
Әр облыстан Брест қамалын қорғауға қатысқан жауынгерлердің қатарында Талдықорған облысынан соғыс басталған кезде 66 адам Брест қамалында жауынгерлік міндетін өтеп жатқан екен. Олардың тізімі бүгінгі нөмірімізде жарияланып отыр.
Қамалдың әр шаршы метрін жанымен-қанымен қорғаған жауынгерлер туралы жазылған Ләйлә Ахметованың кітабын оқысаңыз, тарихтың тұңғиығында жатқан Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен талай деректерді білесіз. Жауынгерлердің кейбіреуі әскери міндетін аяқтап, 22 маусым күні елге қайтпақшы болған кезде жаумен айқасқан сұрапыл соғыс басталған…
Брест қамалын қорғаған жауынгерлерді Гитлер әскерінің генералдарының өзі неміс әскерлеріне үлгі ретінде атап, «міне, туған жерді қалай қорғау керек – олар қасық қаны қалғанша бізбен арпалысты» – деп неміс жауынгерлеріне үлгі еткен. Брестті қорғаған жауынгерлердің ішінде қазақстандық жігіттердің болуы біз үшін зор мақтаныш. Батырлар ерлігі болашақ ұрпаққа әрқашан үлгі болып қала бермек!
P.S. Брест Қазақстан 1941-дің зертеулері әлі де жүргізілетін сияқты…
Баян Таңатарова