ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ

0
28

Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Ұлттық домбыра күнін мерекелеуге арналған арнайы брифинг өтті.

Жиынға Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов, Д. Рақышев атындағы облыстық филармония директоры Самат Жанғазыұлы Джексембаев, І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайының директоры Әли Демегенұлы Алпысбаев және Жетісу облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Жомарт Мандатұлы Қаратас қатысты.

Биылғы Ұлттық домбыра күніне арналған шаралар 1 шілдеден басталып, бір апта бойы жалғасады. Мерекелік аптаның алғашқы күнінде Талдықорған қаласының орталық алаңында ерекше өнер туындысы ұйымдастырылады. Бұл шараға домбыра шерту шеберлері, өнер иелері, домбыраға қызығушылығы бар және түрлі салада жүрсе де ұлттық аспапты жанына серік еткен жандар қатысады. Алаңда 5 000 адам бірігіп, «Бақтыбайдың әуені» мен «Ерке сылқым» күйлерін орындайды.

Шараға келе алмаған жандар үшін бұл ерекше орындау әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тікелей эфирде көрсетілетін болады.

Домбыра күні аясында өңірдің мәдени мекемелерінде де түрлі іс-шаралар өтеді. Мәселен, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде түрлі үлгідегі домбыралардың көрмесі ұйымдастырылады. Ал облыстық және қалалық кітапханаларда Домбыра күніне арналған танымдық кештер өткізіліп, домбыраның қазақ халқының тарихына келіп қосылған жолы жайында баяндалады.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ