Баталов кетті, Бозымбаев келді

99

Ерте көктемнен бастап   облыс әкімі А.Баталов  әне-кетеді,  міне кетеді деген гу-гу әңгіме ел ішінде желдей ескен-ді.  Тіпті, Баталовтың орнына,  «Нұр Отан» партиясын басқарған Бауыржан Байбек келеді екен деген  жорамалдар да айтылған.  Алайда, «кетеді-кетеді» деген гу-гу әңгіме,  қоңыр күздің,  яғни,  қараша айының екінші онкүндігінде шындыққа айналды…

Әкімдік қызметтен жыл аяқталмай жатып кететінін А. Баталовтың  өзі де сезбей қалған сияқты. Себебі,  арқа төсіндегі Ақ Ордада,  Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте экс-әкім биылды қойып, келер жылғы атқарылатын жоспарларымен  ақпарат құралдарын таныстырған болатын.  Алайда,  Амандық Баталовтың айтқаны болмай,  Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқаны болды,  бұйрығы күшіне енді.  Ел құлағын шулатқан  «гу-гу» әңгіме де облыс әкімі жылды аяқтап, халыққа есеп беріп ақпан айында кететін болыпты-мыс деген қауесет те тараған.  Шерхан Мұртазаның  стилімен айтар болсақ,  «Бір кем дүние» деуге болады.

Алматы облысын 2014 жылдың тамыз айынан бастап,  жеті жыл басқарған  Амандық Ғаббасұлы жұрт есінде іскер әкім ретінде қалғаны ақиқат. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әкімдік қызметке тағайындарда  облыста қызылша және сүт өнімдерін өркендету тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Облыс экономикасын қарқындатты.  Құрылыс саласы бойынша Нарынқол ауданынан бастап,  Талдықорған қаласын тотықұстай түрлендірді.  Мәдениет-спорт саласы да кенже қалмады. Спорт демекші,  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов пен волейболдан  «Алтай»  және «Жетісу»  командасы бәсекелес болғанын интернетте,  ақпарат құралдарында  «А.Баталовқа ұзын сирақты қыздар ұнайды»  деген сарказм мақала да жазылды. Жалпы айтқанда,  халыққа жұғымды әкім болды.  Бірақ,  ол да етпен сүйектен жаралған пенде, жетістігі мен кемшілігіде көзге бадырайып көрініп тұрды.  Қызуқанды,  тыным таппайтын әкім өзіне де,  қол астындағы нөкерлеріне де талап қоя білді. Жұмыстарын ақсатқан әкімдерді  кейде этикадан аттап, орысшалап боқтап та алатын.

Иә, А.Баталовтың тұсында,  Панфилов  және  Ұйғыр аудандарында қазақ пен ұйғырлар арасында   бас араздықтар болып,  халық  дүрлікті.  Айғай-шуды басу үшін Ұйғыр ауданының «атын өзгертуге күш саламын, талап-тілектеріңді жоғарыға жеткіземін»  деп уәде берген әкімді  қараша айында  Елордада  өткен брифингте  берген уәде неге орындалмады деген сауалына Амандық Ғаббасұлы ашуланып қалған-ды.  Жетістіктері мен кемшіліктерін сараптайтын болсақ,  Алматы облысы экономика жағынан және өңірге инвестиция тартудан республика бойынша алдыңғы қатарларда болғаны экс-әкімнің елеулі еңбегі.  Ал, идеология саласына келсек,  ол ақсады.  Білім,  денсаулық  саласындағы былық-шылықтар, тағайындаған әкімдері, білім басшылары алты ай қызмет атқармай жатып  жемқорлықпен шатылды.  Алматы облысы  сыбайлас жемқорлық бойынша екі жыл қатарынан республика бойынша бас бәйгені бермеді.  Идеология саласына жауапты екі  бірдей орынбасары  Амандық  Ғаббасұлының  сенім үддесінен шыға алмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев  Амандық  Баталовқа  Алматы облысының әкімі лауазымында көп жыл жемісті қызмет атқарғаны,  өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.  Жетісу жұрты да алғыстарын интернет желісіне жазуда.  Сонымен Баталов кетті,  Бозымбаев келді.

Қанат Бозымбаев − Алматы облысының түлегі.  Саясат сахнасында сүрлеу жолдардан  сүрінбей өткен, айтулы кадрлардың бірі.  Энергетика министрінен бөлек  әкімдік қызметтердің де  Павлодар,  Жамбыл облыстарының тізгінін ұстаған.  Осымен үшінші облысты басқарып отырған Қанат Бозымбаевтың туған өлкесінің  экономикалық, әлеуметтік салаларын өркендетуге сүбелі үлес қосады деп  мәслихат депутаттарының келісімін алған,  Қазақстан  Республикасы  Президенті әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов Президент жарлығымен Алматы облысы әкімі қызметіне тағайындалған Қанат  Бозымбаевқа сәттілік тілеп,  аттанып кетті.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: